Дініміз салауатты өмір салтын арттыратын дүниелерді құптайтыны мәлім. Ендеше, спорт түрлеріне де оң көзбен қарауы заңдылық. Мұсылмандарды күшті, қуатты болуға шақырған[1] Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен қазіргі кездегі спорт түрлеріне ұқсас бірнеше мысалдар бере кетелік.
1. Жүгіру. Сахаба Абдулла ибн әл-Харис былай дейді: «Алла елшісі Аббастың ұлдары Абдулланы, Убайдулланы және Кәсирді қатар қойып: «Кім маған бірінші келеді, соған мына, мына нәрселерді беремін», – дейтін. Олар жарыса жүгіріп келіп, Оның арқасына, көкірегіне отыратын. Ал, Ол (с.ғ.с) оларды құшақтап, беттерінен сүйетін»[2]. Айша анамыз да былай дейді: «Пайғамбар екеуміз жүгіріп жарысқанымызда мен Оны оздым. Кейін салмақ қосқанымнан соң Оны тағы оздым, артынша Мұхаммед (ғ.с.) менен озды. Ол: «Бұл алдыңғы озғаныңның ақысы», – деді.»[3]
2. Ат жарысы. Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі»[4], – деген.
3. Күрес. Мекке қаласының атақты палуаны Руқанә ибн Абдязид деген кісіні Пайғамбарымыз дінге шақырады. Палуан діннің ақиқаттығын дәлелдеуін сұрайды. Сонда Алла елшісі оған: «Егер мен сені күресте жеңсем, менің айтқандарымның ақиқаттылығына сенесің бе?», – деп сұрайды. Әлгі палуан келіседі. Пайғамбарымыз бірнеше рет оның жауырынын жер иіскетеді…»[5]
4. Мергендік. Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі»[6], – деген.
5. Суда жүзу. Пайғамбарымыз (с.а.у) алты жасында бір айдай нағашыларында болғандығын еске ала отырып былай дейді: «Мына жерге анам мені қалдырған еді. Әкемнің қабірі де осы жерде. Мен сол кездері Ади ибн Нәжжар ұлдарының суында жақсы жүзетінмін»[7].
Жоғарыдағы мысалдардан Алла елшісі өзінің үмметіне салауатты өмір салтын насихаттап, соны дамытуға шақырғанын байқаймыз. Ендеше, мұсылман кісі деннің саулығына септігін тигізетін және оны шынықтыратын спорт түрлеріне әуестенгені жөн.
Абдусамат Қасым
[1]Сахих Муслим, Тағдыр – 34
[2]Һәйсәми – 5/342 бет, №9352 хадис.
[3]Әбу Дәуід – №2578 хадис.
[4]Әбу Дәуід – №2574 хадис.
[5]Ибн Хишам
[6]Әбу Дәуід – №2574 хадис.
[7]Әл-Мунтазам фи тарихил умәм.