Уағалейкумуссалам! Жандар мырза, аукционмен тауар сату шариғатқа қайшы емес. Себебі, Пайғамбарымыздың тауарды саудаға салғаны туралы бірнеше хадис бар. Айталық, Тирмизидің сүнәнында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) садақа сұрап келген жағдайы нашар бір кісіге олжа болсын деп қолындағы ердің тоқымы мен су ішетін ыдысын көпшілік алдында саудаға салады. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім мына тоқым мен су ішетін ыдысты сатып алады?», – дейді. Бір кісі: «Ол екеуін бір дирхамға аламын», – дейді. Сонда Алланың Елшісі : «Бір дирхамнан артық беретін кісі бар ма?», – деп сұрады. Сонда басқа бір адам оны екі дирхамға алатынын айтты. Пайғамбарымыз соған сатты»[1]. Міне, осы оқиғадан біз аукционға дініміз рұқсат ететінін байқаймыз.
Тек тауарды аукционға қоюшы бір нәрсені ескеруі керек: бәссауда әділ өтуі қажет. Яғни, тауар бағасын қолдан өсіру үшін, сауданы әдейі жандандыру үшін өздерінің адамын қатыстыру секілді арам ниеттен алшақ болуы керек.[2] Мұндай айладан дініміз тыйған.[3]
[1] Тухфатуль Әхуази, Тирмизи сүнәні шархы, Китабуль буйюғ: әлбайғу мән иязид – 3/12, 1218-хадис.
[2] Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 7/214 бет.
[3] Ибн Мәжә, Китабут Тижара, 2173-хадис.
Абдсамат Қасым