Ассалаумағалейкум! Алла разы болсын Сіздерге! Сіздерге қояр сұрағым бар еді: өткенде бір кітапты оқып отырып, «миғражда Пайғамбарымыз Алла тағаламен дидарласқан», яғни жүздескен дегенін оқыдым. Бұл деген – ең үлкен бақыт қой. Бірақ осы оқиғаны кейбір кісілерге айтсам, келіспейді. Пайғамбарымыз Алланы көрмеген, араларында бір перде болғандығын, Алланың дидарын әлі ешкім көрмегендігін алға тартады. «Бұл ешқандай дәлелсіз жазылған» деп, мені ынғайсыз жағдайға қалдырды. Ендеше, миғраж оқиғасында Пайғамбарымыз Алланың дидарын көргені жайында нақты хадистермен келтіріп беріңіздерші! STALKER
Уағалейкумуссалам! Адам баласы бұл дүниеде Алланы көре алмайтыны жайында ғалымдар арасында талас жоқ. Себебі, Құранда: «Адамның жанары Оны көрмейді, Ол жанарларды көруші…»[1], – делінген . Бұл аятты сахаба Аббас: «Мүмин-мұсылмандар Оны бұл дүниеде көрмейді. Бірақ ахіретте көреді. Өйткені, Алла тағала: «Сол күні кейбір жүздер жарқырап, Раббысына қарайды»[2], – деген [3].
Талас – Пайғамбарымыздың миғражға көтерілгенде Алланы көруінде болып отыр [4]. Абдулла ибн Аббас, Әбу Зәр, Әнәс сынды (р.а.) сахабалардың айтуынша Пайғамбарымыз (с.а.у) миғражда Алланы көрді. Бірақ, «Менің көргенім нұр еді»[5] деген Алла Елшісінің сөзіне сүйеніп Әбу Зәр (р.а): «Алланы жүрегімен (көкірек көзімен) көрген», – десе, Абдулла ибн Аббас Нәжм сүресіндегі: «Тіпті садақтың екі басындай, әлде одан да жақынырақ келіп», – деген аятпен «Пайғамбар Алланы көрді»[6] деп түсіндірген. Ол (р.а.) сол сүренің «Оның көргенін жүрегі жалғанға шығармады» деген келесіаятына байланысты «Алланы жүрегімен көрді»[7], – дейді.
Ал, сахабалардың ішінен Әбу Һурайра, Абдулла ибн Мәсғуд, Әзірет Айша анамыз іспетті сахабалар болса, «Миғражда Жаратушыны емес, Жәбірейіл періштені көрген еді»[8] деп отыр. Әсіресе, Айша анамыз «Миғражда Алланы көрді» дегендерді қатты сынға алған. Масруқтың айтуы бойынша, Мүминдердің анасы былай дейді: «…Кімде-кім Мұхаммед (с.а.у) Раббысын көрді деген болса, ол Аллаға қосқан өтіріктің ең ауыры… Бұл мәселені Пайғамбардан алғаш рет сұраған кісі мен едім. Сонда Ол (с.а.у.): «(Миғражда көргенім) Шынында Жебрейіл еді. Оны өзінің табиғи бейнесінде тек Миғражда екі жерде көрдім…», – деген еді. (Одан кейін Айша анамыз Мәсруққа): «Адамның жанары Оны көрмейді, Ол жанарларды көруші» және «Алла тағала адам баласымен тек уахи арқылы немесе перденің артынан сөйлеседі не бір елші жіберіп, Өз қалауымен уахи етеді. Күдіксіз Ол өте жоғары, хикмет Иесі»[9] деген Алланың сөзін естімеп пе едің…», – дейді [10].
Ал, кейінгі буын ғұламалар ішінен Имам Ахмед ибн Ханбаль және Имам Әбул Хасан әл-Әшғари (р.а) бірінші топтағы сахабалардың тұжырымын қолдаса, Имам Мәлик ибн Әнәс [11] және Имам Әбу Мансур Матуриди (р.а.) екінші топ сахабалардың пікірін хош көрген.
Имам Матуриди өзінің «Тә’уиләту әһлис сүннә» атты Құран тәпсір кітабында Нәжм сүресіндегі аятқа түсіндірме беру барысында былай дейді: «…Сахабалардың кейбіреуі, Пайғамбардың Алланы өз көзімен ашық көргендігін айтқан. Дегенмен бұл сөз Құран аяттары мен Мүтәуатыр (бұлтартпас дәлел) хадистердегі «Алланы тек ахыретте көру» уәдесіне қайшы. Және де Раббысын көзімен көрген болса, қосымша Жаратушының үлкен белгілерін көруіне қажеттілік де қалмас еді (өйткені, сүренің 18-аятында «Ол Раббысының үлкен белгілерін көрді» делінген). Шындығында Алланың белгілерін қашан керек етеді: егер бір нәрсені көзбен көрмеген болса. Ал, көз пердесі ашылып, көзбен көрген кезде «белгілерге» қажеттілік туындамайды (демек Ол Раббысын көзімен көрмеген)…»[12]
Қорытындылай келе айтарымыз, бұл мәселеге байланысты нақты риуаят келмегендіктен, оның нақты жауабы Аллаға мәлім. Біздің міндетіміз мұндай мәселелер төңірегінде көп таласқа түспей, ғұламалардың бекіткен тұжырымына тоқтау. Осы орайда, ең дұрысы – Құранның өзге аяттарымен үндескендіктен екінші топ ғұламалардың айтқанын көкейге түю.
[1] Әнғам сүресі – 103 аят.
[2] Қиямет сүресі – 22,23 аят.
[3] Құртуби тәпсірі, Әнғам сүресі – 103 аят тәпсірі.
[4] Ибн Әби әл-Ғиз әл-Ханафи, Шарху әт-Тахауия – 162 бет.
[5] Сахих Муслим – 78 баб/(179) – 291 хадис.
[6] Тирмизи сүнәні, Китабут Тафсир – №3280 . (хасан)
[7] Сахих Муслим – 77 баб/ (176) – 284 хадис; Тирмизи сүнәні, Китабут Тафсир – №3281. (хасан)
[8] Сахих Муслим – (174) – 280, (175) – 283-хадистер.
[9] Шура сүресі – 51 аят.
[10]Әнғам сүресі – 103 аят.
[11]Тафсиру Құртуби, 7/56 бет, Әнғам сүресі – 103 аятының тәпсірі.
[12]Имам Матуриди, Тәуиләту Әһлис Сүннә – 9/423 бет, Нәжм сүресі 9-18 аяттар түсіндірмесі.
Абдсамат Қасым