Ассалаумағалейкум! Үйленуге ниет етіп жүрген едім. Бірақ жақында туберкулез індетімен ауыратыным анықталды. Осы ауруымды қалыңдығыма айтуым керек пе әлде жасырсам ба екен? Науқасымды айтайын десем, қалыңдығым маған тұрмысқа шығудан бас тартады ма деп қорқам. Не істесем болады? Ер.М.
Уағалейкумуссалам, Ер.! Бойыңыздағы сырқатыңыз жайлы қалыңдығыңызға айтқаныңыз дұрыс. Өйткені, араларыңызда неке емес, тек уәделесу бар. Ал, үйленуге уәдесін берген қыз өз райынан қайтуына құқылы.
Сондықтан, оған мән-жайды түсіндіріп өз қалауына қалдырғаныңыз абзал. Бұлай істеуіңіз, бір шетінен, қыздың құқығын құрметтеу болса, екіншіден болашақта болуы ықтимал түсініспеушіліктердің алдын алады. Үйленгеннен кейін хабардар етуден гөрі, қазірден мәселенің басын ашып алсаңыз, қалыңдығыңыздың сізге деген бауырмалдығы мен сенімі артады деп ойлаймыз. Дегенмен, бұл жағдай екеуіңіз үшін де Алланың берген үлкен бір сынағы.
Абдсамат Қасым