Рамазан – ораза айы. Ал оразаның не екені, оның қайдан пайда болып, нендей себепке байланысты шыққаны мұсылмандыққа бет бұрған кез келген адамға белгілі. Оған қоса, тек бұл айда ғана орындалатын діни рәсімдердің барлығы да мұсылман жамағатына жақсы таныс. Десек те, осы ораза кезінде орындалатын көп ғұрыптардың бірінің шығу тегі мен оның дұрыс аталуы туралы ой қозғау орынды. Ол – жарамазан сөзінің түп-төркіні.
Бәрімізге белгілі, жарамазан айту – тек ораза айында орындалатын үрдістердің бірі. Осы жарамазанды біреулер «жарапазан» деп айтып та, жазып та жүр. Тіпті бір кездері «Арқас» ансамблінің әншісі Б. Құсайынов шырқайтын осы аттас ән де бар еді. Ал «жарапазан» деген сөздің қайдан шыққанын, оның не мағына беретінін түсіндіріп берші десек, толыққанды жауап таба алмайтынына мен кепіл. Өйткені «жарапазан» деген мағынасыз атау – исламдық ғұрыптар мен ұстанымдардың барлығын аяқасты еткен кешегі кеңес идеологиясы тұсында пайда болған.
Анығын айтқанда, әу бастағы аталуы кемсітіліп, айтылуы өзгеріске ұшыраған сөз. Сол кездегі атеистер кеңестік әдебиеттерде жарамазанды жұртқа жағымсыз әрі түк мағынасыз тұрғыда көрсетпек ниетпен – оны ораза уақытында кедейлер кеш түсе байлардың үйлеріне барып, ән-жырмен қайыр сұрайтын дағдының бір түрі болған деп көрсеткені аздай, оның атын да өзгертіп жіберген.
Ілкідегі ата-бабаларымыз ап-анық әрі түсінікті тілмен жарамазан деп атаған осы бір ораза кезінде айтылатын әуеннің аты неліктен «жарапазанға» ауысып кеткенін көп жылдар бойы зерттедім. Мәселен, «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сияқты ескілікті яғни ұлы қазан төңкерісінен бұрын шығып тұрған газеттерде бұл әннің атын «жарамазан» деп жазған.
Ал «жарапазан» деген бұрма атауды алғаш рет «Советская степь» газетінің 1928 жылы шыққан 136-нөмірінен кездестірдім. 1932-33 жылдары дін тақырыбын оқтын-оқтын көтеріп, молда-ишандарды есекке теріс мінгізген «Социалды Қазақстан» газеті де солай жазады. Содан кейінгі мен ақтарған кеңестік басылымдардың барлығы да «Советская степь» салып берген жаңа әрі тұрпайы атауды қайталайды. Демек, жарамазанның ортасындағы «м» әрпін «п»-ға ауыстырып, «жарапазан» деген кемсітпе атауды кеңес идеологтары қалыптастырған.
Негізінде жарамазанның бастапқы түбір атауы – жә-ә рамазан. «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген сөз шығады. Сонда «жә-ә рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» – «рамазан келді», «рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Осыған қарасақ, бұл сөздің пайда болуы рамазан айына байланысты болып тұр.
Ал оның шығу тегіне келсек, ертеде кедей арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: «Тұрыңдар. Сәресі ішетін ұлы айдың тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар «жә-ә рамазан» деп атаған. Сол «жә-ә рамазан» ( жарамазан) ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да, исламмен еріп, қазақ даласына келген.
Бір ғажабы, ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Тек арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Бірақ қайыр сұрау түрінде емес. Жарамазан айту ежелгі қазақтардың ақынжандылық қасиетіне дөп келген.
Қазақтар оны шырқау барысында ақ пейілді көңілмен сәлемдесудің, таза ниетпен тілек арнаудың жарқын үлгілерін өлеңмен құрап, сондай-ақ дінге, исламға қатысты да небір өнегелі сөз шумақтарын жинақтап әуезді әуенге салған. Сөйтіп дос-жарандардың, түтіні бөлек ағайын-туыстардың, тіпті бейтаныс қазақтардың үйлеріне түнде барып айтқан. Оның неше түрлі мақамы бар, бірақ өлең жолдарында біреуден қайыр сұрайтындай сөздер болмайды.
Ертедегі ата-бабаларымыз арнайы бір халықтық мерекелер мен жөн-жоралғыларға, өмірлік құбылыстарға байланысты да ән-жырлар шығарып отырғаны белгілі. Мұндай ән-жырлардың басқалардан ерекшелігі – кез келген той-жиындарда айтылмайды немесе жапанда жалғыз жүріп қой баққан малшы көңіл көтеру үшін шырқайтын әуендердің қатарына жатпайды. Өйткені олар, жаңа айтқанымыздай, сөзі мен әуені бір-біріне өте сәйкес келетін әлдебір мейрамға, болмаса белгілі бір ғұрыптарға ғана арналып шығарылған ән-жырлар.
Бұлардың қатарына жігіт пен қыз отау құрғанда шырқалатын – жар-жар, туысы өлгенде көбіне әйелдер салатын – жоқтау, ұзатылып бара жатқанда қыз арман-тілегін мұңды әуенмен білдіріп, туған-туыстарымен қоштасатын – сыңсу және т. б тәріздес ән-жырлар жатады. Исламмен бірге ілесіп келген жарамазан да бұлардың қатарын толықтырған.
Жырға құмар, әуен-сазға жаны құштар халқымыздың жарамазанды басқалардан ерек қастерлеп, оған арнайы әуен шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғанының сыры осында болса керек. Өкінішке орай діндік қалпымыз өз орнына келіп жатқан мынадай заманда, осындай мағынасы бар жарамазанды – кешегі кеңестік атеистер тәрізді «жарапазан» деген тексіз сөзге айналдырып айту, болмаса жазу тыйылмай тұр. Ешкім рамазан айын «рапазан айы» демейді ғой. Ендеше, жарамазанды жарапазан деу – өте орынсыз һәм тұрпайы болмақ.
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы