Қос мұнаралы мешіт. Құрылысы 1858 жылы Сүлейменов, Әбдешов, Рафиқов, Халитов деген сол кездегі атақты көпестер қаражатымен басталып, 1862 жылы біткен. Ол туралы Санкт-Петербург мемлекеттік тарихи мұрағатында осы мешіт жайында Семей қаласы мұсылмандарының бұрынғы өртеніп кеткен мешіт орнына жаңа мешіт салуды өтінген хаттары сақталған. Онда бұл мешіт «қалаға көрік берер еді, діни орталық болар еді» деп көрсетілген. 1897 жылы Василий Халитов деген көпес өз қаржысына ағаштан жасалған қос мұнараны кірпішке ауыстырып, мешітті жаңалайды. Осы мешіт ХІХ ғасыр басында-ақ бірте-бірте Тас мешіт деп аталып кеткен. Кеңес өкіметі кезінде ол жұмыс істеген жоқ. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ғана қайта іске қосылды. Жалпы, Қазақстан бойынша мұндай сәулетті архитектурамен салынған қос мұнаралы мешіт біреу-ақ. 1999 жылы мешітке Әнет баба Кішікұлы аты берілді. 2002 жылы қалалық әкімшілік, жергілікті кәсіпкерлер мен жұртшылық қолдауымен Қос мұнаралы мешіт күрделі жөндеуден өтті. Бастапқы архитектуралық үлгісін сақтай отырып жаңарған бұл ғимарат Семей қаласындағы тарихи көрікті орындардың біріне айналды.