Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің сипаттамасы«Қарасай батыр» мешіті 2000 жылы маусым айында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен және қолдауымен салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. «Қарасай батыр» мешіті елбасымыздың кіндік қаны тамған жер, Шамалған ауылының батыс бөлігінде, Қаскелең-Ұзынағаш тас жолының сол жағында «Үш қоңыр» тауының баурайында орналасқан. «Қарасай батыр» мешітінің жалпы жер аумағы 3 га, 29 соттықты құрайды. Мешіт аумағының 2 га жерінде 400 түп алма, өрік ағаштары отырғызылған. Мешіттің әсем де сұлу келбетіне көрік беріп тұрған 4500 түп роза гүлдері мен шырша ағаштары мешіттің айналасына тізбектеліп, өзінің реттік көркем стилінде отырғызылған. Және де мешіт айналасы газонмен көгалдандырылып, адам жүруге арналған жердің барлығына дерлік тас кілемдер төселген. Мешіт алдында мешітке келушілерге қолайлы болу үшін 100 көлік еркін сиятын автотұрақ жасалған. Автотұрақ айналасында да 70-ге жуық шырша ағашы егілген. Мешіттің ауласы толығымен өрнектеліп жасалған темір қоршаумен қоршалып, 2 жерінен мешітке кіру үшін қақпа орнатылған. Мешіттің сырты Финляндия мемлекетінен арнайы тапсырыспен алдырылған әсем де көрікті әрі сапалы ақ кірпіштен өріліп тұрғызылған. Түнде мешіттің айналасына жарық түсіріп тұратын 75 шам және мешіттің алдыңғы тарапынан мешітке түнгі уақытта көрік беріп тұратын 6 прожектор шамдары орналасқан. Мешіттің биіктігі 18,5 метр, күмбезінің биіктігі 22,6 метр. Диаметрі 9 метр. Алтынмен көмкерілген айшығының биіктігі 3 метр. Мешіттің 4 бұрышында мешіттің көркіне кірік беріп тұрған 15 метрлік 4 мұнаралар орналасқан. Мешіттің ерлер және әйел кісілерге арналған 2 бөлек есіктері бар. Әйелдерге арналған есік мешіттің шығыс жақ қабырғасында орналасқан. Әйел кісілерге арналған есіктен кіре берестің екі жағында екі бөлме орналасқан. Оң жақтағы есепшіге арналған, сол жағындағысы шаруашылық бөлмесі. Ал негізгі кіретін есік ерлерге арналған. Бұл есіктер емен ағашынан ою-өрнектеніп безендіріле жасалған. Негізгі есіктен кіре бере дәліз аяқ киім қоятын сөрелерімен жабдықталған. Дәліздің едені мәрмәр тастарымен қапталып, оң қабырғасында намаз уақыттарын көрсететін уақыт белгілері ілінген. Дәліздің оң қапталында өкіл имамның, ал сол қапталында ниет етушілерді қабылдауға арналған бөлме орналасқан. Онда найб имамдар келген жамағатқа қызмет көрсетеді. Мешітте бір мезгілде 1200 адам еркін құлшылық жасай алады. Мешіттің шығыс жақ беткейінде әйелдерге арналған намазхана орналасқан. Ер кісілер мен әйел кісілердің намаз оқитын залын ою-өрнектермен безендірілген құран аяттары жазылған еңселі қабырға бөліп тұрады. Мешіт ішіне қою көк түсті біркелкі жайнамаз-кілем төселген. Мешіт қазіргі заман талабына сай еден асты жылуымен қамтамасыз етілген. Мешіттің батыс жағында қызыл ағаштан ойылып жасалған биіктігі 7 метрлік еңселі де көрікті мінбар орналасқан. Мешіт михрабы алтын жалатылып оюланған және де қасиетті Құран аяттарымен әсемделіп жасалған кафельдермен көмкерілген. Мешіт төбесінде 6 метрлік шынжырға ілінген салмағы 600 кг келетін 55 лампалы оюлармен өрнектелген, Австриялық хрустальдардан жасалынған жарық бергіш шамшырақ( люстра ) ілінген. Мешіттің намаз оқитын үлкен залының оң жақ қабырғасында 5, ал сол жақ қабырғасында 2 мешітке күннің сәулесін молынан түсіретін үлкен пластикалық терезелер орнатылған. Әр терезенің екі жақ қапталында, қабырғаға кіргізілген ұзынша келген күндізгі жарық шамдары орналасқан. Мешіттің орта тұсында күмбезді жағалай орнатылған төрт баған тірек қызметін атқарып тұр. Күмбездің ішіне жағалай 8 кішігірім терезелер орнатылған. Күмбездің ішкі шеңберіне көркемделіп фатиха сүресі жазылған. Мешіттің солтүстік жағында жалпы көлемі 1030 шаршы метр болатын 90 балаға арналған медресе орналасқан. Медресе арнайы шәкірттерге арналған жатақхана, оқу сыныптары, кітапхана, дәретхана мен ғұсылхана және күрес залы тағы осыған ұқсаған қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Мешіт пен медресенің ара қашықтығы шәкірттерге қолайлы болып салынған, шамамен 70 метрдей болады. Медреседен бөлек мешіттің шығыс жақ қапталында Асхана орналасқан. Бұл асханада ас дайындайтын бөлме , наубайхана, қойма бөлмелері бар және бір мезгілде 90 адам еркін тамақтана алады. Осы асханаға қосарлана орналасқан бөлмеде жылу қазандығы орналасқан. Мешіт пен медресенің, дәретхананың жылу көздері автономды бір жерден, жылу қазандығынан жылиды. Мешіттің жылу көзі газ арқылы және салярка арқылы жұмыс істейтін 2 пеш арқылы жүргізіледі. Бұл 2 пеш мешіт, асхана және медресені және дәретханаларды жылы сумен де қамтамасыз етеді. Асханаға қарама-қарсы тұста дәретхана орналасқан. Ерлер бөлімінде 5 орындық әжетхана, 16 кісілік дәрет алатын орын бар. Әйелдер бөлімі де ерлердің бөліміне ұқсас етіп салынған. Бұл мешіт қазіргі таңда ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша орталық мешіті болып саналады.
|