Алматы Орталық мешіті. Қазақстанның оңтүстік астанасының көркіне айналған қазіргі зәулім мешіт сөйтіп бұрынғы ескі мешіт орнына жайғасқан. Ол – әлі әзір республикамыздағы ең үлкен мешіт. Жоба авторлары сәулетші С.Баймағамбетов, Ш.Шарапиев және К.Жарылғапов. Мешіт құрылысын «Алматыжилстрой» тресі жүргізді. Қаражатын Алматы қаласының әкімшілігі көтердi. Мешіттің бітуіне ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев көп үлес қосты.
Мешіттiң жалпы ауданы – 3594,5 шаршы м., пайдалы көлемі – 3264,5 шаршы м., үлкен залдағы люстраның салмағы – 1750 кг, диаметрі – 5, ұзындығы – 7 метр, 365 шамы бар. Мешіт бес мың адамға арналған үлкен төрт залдан тұрады: негізгі зал, бес уақыт намаз оқитын зал, әйелдер залы және иътиқаф (мұсылманның өзімен-өзі Аллаға құлшылық ететін) бөлмесі. Барлық бөлмелерге «Алматы кілем» фабрикасы тоқыған кілемдер төселген. Әр бөлменің нақышы да, бояуы да бірін-бірі қайталамайды.
Мешіт қабырғасының биіктігі он екі метр. Есік маңдайшаларының жоғары жағы батырлар дулығасы іспетті.
Мешiттiң төрт мұнарасы бар. Бас мұнараның биіктігі – 40 метр. Бұл хазреті Мұхаммедке (с.а.ғ.с.) пайғамбарлықтың қырық жаста қонғандығын, ал төрт мұнара төрт халифаны білдіреді.
Мінбердің биіктігі – 7,77 м, яғни ол жеті қат аспан, жеті қабат жер дегенді білдіреді. Ол сүйек қолдана отырып самырсын ағашынан жасалған. Үлкен күмбездің диаметрі 20, қалған төрт кіші күмбездердің биіктігі 27 метр.
Мешіттің төменгi қабатын өзінше бір қалашық десе де болады. Онда жылу жүйесі мен арнайы автоматты қондырғы бар. Қыста киім шешетін орын да сонда.
Алматыдағы өзге де мешіттер осы Бас мешітпен байланыста жұмыс жасайды.
Мешіт балалар мен қарттар үйлері, зағиптар қоғамына материалдық жәрдем беріп отырады. Оларға Ислам негіздерін, әдептілік, адалдық, еңбекқорлық секілді жақсы қасиеттерді үйренуге ықпал етіп, рухани психологиялық көмек көрсетеді. Ауруханаларға барып та осындай бағытта жұмыс атқарады.
Алматыда сондай-ақ 1990-2003 жылдары «Мекке», «Тастақ», «Сұлтан Қорған», «Заря Востока», «Вайнах» мешіттерімен қатар, Орбита, Жетісу және Әуезов ықшамаудандарында да осы заманғы сәулет өнері үлгісімен салынған мешіттер ашылып, халықты имандылыққа ұйытуда.
[img src=”http://azan.kz/upload/Photo/water/Photo-1347183176-42970.jpg” alt=”” width=”500″ height=”331″ >
|