Құдайға шүкір, қасиетті рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.
Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.
Алланың Елшісі (с.а.с.) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмет жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.
Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Ұлы Рахманнан ұлық рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.
Енді Алланың Елшісі (с.а.с.) осынау қасиетті де берекелі ай рамазан айында қалай ғибадат қылды, соған оралайық. Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Алланың Елшісі (с.а.с.) өте жомарт болатын. Ал рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни Пайғамбар (с.а.с.) рамазан айында ғибадатта болсын, садақа беруде болсын, ерекше жомарттық танытатын. Құлшылықта ерекше ижтиһад жасайтын.
Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі (с.а.с.) рамазан айының соңғы онкүндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын» – дейді.
Пайғамбардың (с.а.с.) оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Оларда осынау парыздың қыр-сырын, дәрежесін тәптіштеп түсіндірген. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.
Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес».(Ахмет, Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен). Ендеше ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет.
Ибн Мәже жеткізген басқа бір риуаятта: «Қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқаны пайдасы – шөлдеу ғана», – деп ораза ережелерін дұрыс сақтамаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екендігін ескерткен.
Сондықтан ораза ұстаушы мұсылман өзін өсек-аяңнан, өтірік, балағат сөздерден, ұрыс-керістен аулақ ұстауы тиіс. Ондай ортада үндемегеннің өзі сауап іс. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең», – деген. (Бәйһақи риуаят еткен).
Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз. Бұхари мен Мүслімнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілейді.
Алланың Елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисінде таң алдындағы сәрелікті қалдырмауға үндеп былай дейді: «Сәрелік ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан әрі басқаларды да солай істеуге үндеген.
Сонымен қатар ораза тұтушы жеке бас тазалығына да мән беруі керек. Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ораза тұтушының ең қайырлы қасиеті – аузын мисуакпен тазалауы», – деген. (Ибн Мәже риуаят еткен).
Кімде-кім оразаны себепсіз ұстамаса үлкен күнә жасаған болып есептеледі. Сахих әт-Тарғиб кітабында риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.) түс көреді. Онда өздерінің қан тамырларына ілініп, ауыздары тілініп азапталып жатқан адамдарды көреді. Пайғамбар (с.а.с.): «Бұлар кімдер еді?» – деп сұрағанда, періштелер: «Бұлар өздерінің оразаларын бұзған адамдар», – деп жауап береді.
Сондықтан үмбетіміздің кейбір ғұламалары парыз екендігін біле тұра ораза тұтпаған мұсылманның күнәсін үлкен күнәға жатқызған.
Ораза тұтушыға берілген бес қасиет
Имам Ахметтің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.а.с.) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:
1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;
2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;
3. Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;
4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.
5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».
Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.с.): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген».
Бейіш қақпасы күтіп тұр
Жұмақта тек ораза ұстағандар ғана кіретін ерекше қақпа бар. Оның ішінде қандай нығметтер бары бір Аллаға ғана аян. Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Расында, жұмақта ар-Раййан атты қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіріп өтеді де, олардан басқа ешкім кіргізілмейді. Олар кіріп болған кезде ол қақпа жабылады». (Бұхари риуаяты). Раййан қақпасынан кіруіміз үшін рамазандағы оразаны лайықты түрде орындауымыз қажет.
Алла тағала баршамыздың оразамазды қабыл, иманымызды кәміл, екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілікке баянды болғай!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.