Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Бала күнімізден әрқайсымыз Рамазан айы келді, ораза басталды дегенді естіп, ата – әжелеріміздің ораза ұстағандарын көріп өстік. Қазір де, Аллаға шүкір, Рамазан айының келуіне қуанып, ораза ұстағандардың саны күннен күнге артуда. Аса мейірімді Алла Тағала сіз бен бізге жылдағы басқа айлардан артық етіп Рамазан айын таңдады. Бұл ай береке мен жақсылық айы. Қарап отырсақ осы айды адамдар әр түрлі қабылдап, әр түрлі өткізеді. Осылайша рамазан айындағы адамдардың ахуалын төмендегідей топтарға бөлуге болады.
Бірінші топ: Қасиетті рамазанда сабырлықпен ораза ұстап, жақсылықта болады. Күнделікті оқып жүрген намаздарынан басқа артық намаз оқып, садақа беру және тағы басқа құлшылықтарға аса назар аударады. Мұқтаж жандар мен жетімдерге мейірімді болады. Рамазаннан басқа кезде де бес уақыт намазды қаза етпей, жаманшылықтан аулақ болады. Рамазан айында Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) істеген жақсы амалдарына амал етеді. Алланың құлдарының іштеріндегілердің ең қайырлылары міне осылар деп айта аламыз.
Екінші топ: Кейбір адамдарға рамазан айының келуі еш әсер етпейді. Басқа айлардан айырмашылығы жоқ. Жақсылыққа ұмтылмайды, жаманшылықтан бас тартпайды. Сөйтіп екі дүниенің жақсылығынан мақрұм болады.
Үшінші топ: Енді біреулер бар, тек рамазан айында ғана Алланы танып, намаз оқиды. Ораза тұтып жақсылықта болады. Бірақ рамазаннан кейін сол бәз қалпына түседі. Бұлар жайында құранда былай делінген: «Шынында өздеріне туралық айқындалғаннан кейін арттарына қайтқандардікін шайтан жақсы көрсетіп, оларға үміт береді». (Мұхаммед: 25)
Бұндай адамдар өзіне үй салып, содан кейін өз үйін өзі құлатқан секілді болады. Жақсылықтан кейін жаманшылыққа қайту өкінішті, оған тәубе етпеу қайғы – қасырет. Бұл тығырықтан шығу жол тек біреу, ол тәубе етіп тура жолда болу. Алла Тағала құранда былай деген: «Өйткені; Мен, кім тәубе етіп, иман айтып, игілік істеп, тура жолда болса; әлбетте жарылқаймын». (Таһа: 82)
Төртінші топ: Кейбір адамдар оразаны тек ішіп – жеуден тыйылу деп қана ұғады. Шындығында олай емес. Ораза жеп – ішумен қатар жаманшылықтан және бос сөз бен өтірік, ғайбаттан тыйылу. Бұл жайында Алланың елшісі (с.ғ.с.) хадисінде былай деген: «Кімде – кім өтірік айтып, жаман амалдардан өзін тыймаса, Аллаға оның тамақ пен сусыннан тиылғаны керек емес». (Сахих әл – Бухари, әт – Тирмизи мен Абу Дәуідтің сүнәндерінде риуаят етілген). Ал Ибн Хаббаннің сүнәнінде келтірілген келесі хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай айтқан: «Ораза тамақ пен сусыннан ғана тыйылу емес, ораза бос сөз бен жаман сөзден тыйылу».
Бесінші топ: Бағзы бір адамдар ораза кезінде күндіз ұзақ күнге ораза тұттым деп тек ұйқымен өткізсе, түнде ауыз ашқаннан кейін уақытын нәпсісін қанағаттандырумен болады. Күндіз тиылған жаманшылықтарға түнде бой алдырады. Күндізінде намаз, құлшылықтарына салғырт қараса, түнде Алланы зікір қылудан да мақрұм болады.
Алтыншы топ: Кейбір жандар ораза кезінде де, басқа айларда да Аллланы танымайды. Ақыл есі мен денсаулығы сау бола тұра намаз, ораза және тағы басқа құлшылық пен мінәжәттарға бет бұрмайды. Дүниенің артында, нәпсісінің айдауында жүреді. Сөйтіп осы дүниенің жақсылығы мен ол дүниенің нығметтерінен біле тұра, әтей бас тартады. Бұл неткен өкініш, қандай қасірет. Оразаны Алла Тағала адамға екі дүниеде жақсылыққа жетсін деп, өзінің рахымды мейірімімен жүктеді. Байқап қарасақ ораза ұстау дүние өміріміз бен діндарлығымыз үшін орасан пайдасы бар. Осы екі пайдасына жеке-жеке тоқтала кетсек:
Дүниәуи пайдасы: Дүниеде адам баласы алдына қандай мақсат койса, мейлі байлыққа жету немесе көздегені мансап болсын, егер Алла денсаулық бермесе бәрі бекер болады, жетістікке жетуі де екі талай. Ораза ұстаған адамның денсаулығы түзеледі. Іш – құрылысы мен психалогиясына да пайда береді. Казіргі кездегі ауыру-сырқаттардың басым көпшілігі артық тамақ жеуден екендігіне медицина куә. Асқазан, бауыр, бүйрек аурулары мен қандағы қанттың көбейуі, қан қысымының мөлшерден тыс артуы мен азайуына да, адамның артық салмағы немесе дұрыс тамақтанбауы себепкер болып жатады. Осы аурулардың алдын алуға оразаның септігі орасан зор. Ат – Табаранидың Мұғжаматул аусат деген кітабында риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсарады», – деген болса, Ибн Мажаның сүнәнінде келтірілген хадисте: «Барлық нәрсенің зекеті бар. Дененің зекеті ораза. Ораза сабырлықтың жартысы», – деп айтқан.
Діни пайдасы: Яғни рухани пайдасы. Ораза ұстаған адам Алланың әмірін орындап, өз міндетінен құтылады. Адам баласы екі нәрседен жаратылған; рух пен дене. Өзімізді рухани азықпен азықтандырмасақ адами қасиетімізді жоғалтып алуымыз мүмкік. Кейбір кезде адам істеген жаман амалдары мен хайуанға ұқсаса ал, кейбір кезде одан да сорақысы шайтанға ұқсап та кетеді. Алла тағала оразаны парыз ете отырып біздің адами қасиетімізді тәрбиелеуге жол көрсетті және жаманшылықтан құтылуға мүмкіндік берді. Ораза ұстаған адам өз еркімен күндіз дайын тұрған тамақ пен сусыннан бас тартады. Алла қосқан жұбайымен күндіз бірге болудан өз еркімен тыйылады. Бұның бәрін Алладан қорқып істемейді. Өстіп өзін тәрбиелеген мұсылман баласын зина қылу мен біреудің хақысын жеу, жаман харамдардан бас тартуы Алланың құдіретімен оңай болады. Осылайша ол адамның жүрегіне Алладан қорқу сезімі келеді. Ал, Алладан қорыққан адам намазын оқып, зекетін беріп шектен шықпай, жақсылықта өмір сүреді. Аманатқа берік болады. Әлбетте мұсылманнның оразасы кәміл болуы керек. Яғни; бүкіл дене мүшелері мен рухы толық оразада болады. Көзін жаманнан, тиым салынғаннан сақтап, қолдарымен тек жақсы амалдарды атқаруы ләзім. Тіліне ие болуымен қатар жаман нәрселерді естуден де алыс болғаны жөн. Өсек, өтірік, бос сөз бен мақтаншақтық мұсылманға жараспайтын істер. Бұндай жаман қылықтардан құтылуға септігін тигізетін нәрсе, ол – ораза.
Жан – тәнімізбен ораза ұстау нәсіп болсын. Рамазан айында бәрімізге Алланың нұры жауып, берекесі мол болсын!
Екібастұз мешітінің бас имамы:
Ахметов Мәди Айдарханұлы