Мұсылманның Алла тағаланы танып біліп, құлшылық етуден кейінгі ең маңызды міндеті, ең ұлық парызы – күніне бес уақыт намаз оқу. Мұсылман деген сөз айтылғанда, бірден намаздың еске түсетіні сондықтан. Намаз – ата дініміздің негізгі тірегі. Олай болса намаз – пенденің мұсылман екендігін дәлелдейтін бірден-бір құлшылық. Алла тағала Құранда:
«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер, сондай-ақ иілушілермен бірге иіліңдер», – деп бұйырған (Бақара, 43).
Алла елшісінің бір хадисінде: «Біліп алыңдар, сендердің ең қайырлы істерің – намаз» – делінген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Намаз менің көз қуанышым» дейтін. Кәдімгі біздің бала-шағамыз бен дүниелік қызықтарымыз қалай көз қуаныш болса, намаз Алла елшісінің сондай көзайымы болды.
Намаз оқыған адам Құранды оқиды, Алланы ұлықтап, пәктейді, дұға жасайды. Бұл жағынан алғанда, намаз – Алланы барынша мол еске алуға мүмкіндік беретін ғибадат.
Сондықтан Алла Тағала пендесінің бір тәуліктің бес бөлігінде құзырына келіп, мінәжат жасауын, тегін берілген бүкіл нығметтер мен ырыс-берекені, ұлы Алланың шексіз құдіретін еске алуын, сол арқылы дәйім шүкіршілікте болуын қалаған. Алайда бүгінгі таңда адамдардың көпшілігі бес уақыт намаз оқыса, бүкіл уақытынан айырылып қалатындай қорқады. Ал шындығында бұл қате тұжырым. Өйткені Алла Тағала адамдарға бір тәулікте 24 сағат берген. Ал бес уақыт намазға тәулігіне шамамен бір сағат қана уақыт қажет. Қалған уақыт еркімізде. Олай болса, Алла берген 24 сағаттың бір сағатын Жаратушымыздың мойнымызға жүктеген міндетін орындауға жұмсасақ, одан қалғаны да дүние тіршілігіміз үшін жетіп артылады.
Бұқар жыраудың әйгілі «Тілек» толғауында «Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақыт бес намаз, Бірі қаза болмасқа» деп, негізгі өмірлік тілектердің бірі етіп осы бес уақыт бес намазды ұсынуы осыдан.
Бес уақыт намаз барысында адам 40 рет иіліп-түрегелумен қатар, 80 мәрте маңдайын жерге тигізіп сәжде жасалады. Ешбір спортшы күнделікті мұндай жаттығу жасамайды. Ал намаз оқушының бұл қимыл-қозғалыстары адамның қан айналым жүйесін реттеп, жүрек қызметін жеңілдетеді. Сексен рет сәжде жасау, адамның басына сексен рет қан баруына, ми қабыршықтары қанмен тазарып тұруына септігін тигізеді. Бұл алжасу, ұмыту ауруларының болмауына, көру, иіскеу, есту, дәм сезу орталықтарының дұрыс жұмыс жасауына жәрдемдеседі. Намаздың адам денсаулығына бұдан да өзге біз білетін және білмейтін мың сан пайдалары бар. Мәселенки, Алла тағала құлдарына ешбір құлшылықты бекерге жүктемейді. Адамның өзіне пайдасы болғандықтан міндеттейді. Болмаса, Ұлы Жаппар иеміз ешбір адамның құлшылық жасауына мұқтаж емес.
Ал рухани жағынан алғанда, намаз – мұсылман адам күніне бес мәрте ішіне түсіп тазаланатын үздіксіз ағып жатқан тәубе өзені іспеттес. Мұсылман адам осы өзенге күніне бес рет түсіп көңілін кірбіңнен, жанын жамандықтан арылтып отырады. Бүгінге дейін жер бетіне келіп кеткен пайғамбарлар мен небір тақуа, әулие құлдар намазға, әсіресе, көп көңіл бөлген. Олар тіпті тек міндетті болған намазды ғана орындауды өздеріне жеткіліксіз санап, жүздеген рәкат қосымша нәпіл намаз қосып оқуды да әдетке айналдырған. Және әр намазды шынайы ықыласпен, терең тебіреніспен, бұл құлшылықтың әрбір сәтін бүкіл сезімімен түйсініп орындаған.
Мәселен, рухани әлемнің қайталанбас тұлғасы Омар Фаруқтың жамағатпен намаз оқып тұрғанда жылаған даусы соңғы қатардағыларға дейін естіліп, көбіне солығын баса алмай аяттарды соңына дейін оқуға дәрмені қалмайтын. Тіпті кейде оқыған Құран аяттарының мәніне терең бойлаған сәтте талықсып та кететін. Намазды шын ықыласпен оқу жайлы мынадай хикметті сөз бар. Бір кісі мәзһаб имамымыз Әбу Ханифаға келіп: «Уа, Имам, мен намазымды шынайы ықыласпен оқи алмаймын. Намаз оқыған сәтімде түйелерімді жайлауға жаюды, оларға жем-шөп беруді ойлаймын да тұрамын. Ал сіз менен асқан бай бола тұрып құлшылығыңызды қалайша ықыласпен оқисыз?» деп сұрапты. Сонда ұлық имам: «Мен түйелерімді жүрегіме емес түйе тұратын қораға байлаймын ғой» деп жауап берген екен.
Жалпы, намаз – Алла тағаланың әрбір мұсылманның мойнына жүктеген парызы. Сондықтан оны тек имам молдалар ғана емес, өзін мұсылман санайтын әрбір жан орындауы керек. Намазды оқымауға ешбір жеңілдік жоқ. Тіпті айықпас аурудан бүкіл дене мүшесі сал болып, мүлдем қозғала алмай, тек кірпігін ғана қимылдата алатын адамның өзі, кірпігімен ишара жасап болса да намаз оқуы тиіс. Намаз оқығанның уақыты да, күнделікті өмірі де тәртіпке келеді.
Сондықтан сөз соңында айтарымыз, намаз оқып, жан түршігерлік азаптан құтылып, мәңгілік жұмақтан өзімізге лайық орын алуға тырысайық ағайын!
А.Ноғаев, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы