Бүгінгі жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды шара. Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі аясында өтіп жатқан пленарлық мәжілісте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе аталмыш жиынға осындай баға берді.
«Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – діни келісім саласында бүгін, ертең белгілі бір шешім қабылдау емес. Әлемдегі көптеген жағдайлар адамдардың бір-бірін түсінбеуінен, бір-бірінің мәселелерін, тарихы мен мәдениетін білмеуінен туындап жатады. Оның аяғы кейде үлкен проблемаларға ұласады. БҰҰ мұндай әрекеттердің барынша алдын алуға тырысуда. Дегенмен мұндай жағдайлар арамызда бар», дейді Бас хатшының орынбасары.
Оның пікірінше, бұндай жағдайдың алдын алу үшін бірінші кезекте білімді жетілдіру керек. Бұл мәселені жоғары оқу орындарынан, тіпті мектептен бастаған жөн. «Біз өзіміздің тарихымызбен жақсы таныс емеспіз. Кейінгі ұрпақ та солай. Ал өзге елдердің мәдениеті мен діндері жөнінде мүлдем білмейміз десек те болады. Ал дін халықтардың тарихының айнымас бөлігі. Бүгінде әлемді жайлаған жаһандану экономикалық тұрғыдан алғанда тиімді құбылыс. Ал мәдени, діни мәселелер тұрғысында ол біреулерді жоқ етуге бар. Біздің әрқайсымыздың өзіміздің ерекшеліктеріміз болуы қажет. Сонымен қатар біз өзгелердің де ерекшеліктерімен таныс болғанымыз абзал. Ал білім өзгелерді жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді», деді С.Орджоникидзе.
Біріккен ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзенің ІІІ съездегі сөз сөйлеуінен