Тарих деректеріне сүйенсек, Қазақстан әрқашанда Шығыс пен Батыстың түрлі діни дәстүрлерінің, мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысу және үйлесу торабы болды әрі күні бүгінге дейін болып келеді.
Егемендігін алғаннан бері жиырма жыл ішінде елімізде барлық конфессия өкілдеріне белгілі бір дінді тұтуға толық еркіндік қамтамасыз етілді. Діни институттардың сандық және сапалық тұрғыда айтарлықтай өсуі орын алды.
Бүгінгі таңда Қазақстан – аумағында 130-ға жуық ұлт пен этникалық топ, 46 конфессия және деноминация өкілдері тұрып жатқан көп ұлтты мемлекет.
Соңғы кездерде қазақстандық қоғамның өсіп келе жатқан діндарлығы байқалады. Осылайша, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ұйымдастырған 2011 жылғы социологиялық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес соңғы 3 жыл ішінде әр оныншы адам діндарлау бола түсіп, бұрын өздерін дінсіздер қатарына жатқызған адамдардың тағы 4,5% Құдайға сене бастаған.
Қазақстандықтардың көпшілігі елдегі этносаралық қатынастар тұрақты оң сипатқа ие деп есептейді, және олардың басым бөлігі түрлі дінді ұстанатын адамдармен тұрғанды өздері үшін тиімді деп санайды – 79,6%, бұл, әлбетте, қазақстандық қауымның жоғары діни толеранттылығын дәлелдейді.
Соңғы статистикалық деректерге қарағанда діни бірлестіктердің жалпы саны 3975 құрап отыр. Діни бірлестіктердің қарамағында 3423 культтық ғимарат бар, олардың ішінде 2495 – мұсылман мешіттері, 260 – православиелік және 100 – католик шіркеулері, 7 – синагога, және бес жүзден астам протестант шіркеулері мен ғибадат үйлері.
Ел халқының 90% астамы өздерін Қазақстандағы екі негізгі діни конфессияның біреуіне жатқызады – ислам (54,7%) және православиелік христиандық (36,2%).
Құрбан айт пен Рождество Христово Қазақстанда демалыс күндері етіп жарияланған ресми түрде діни мейрам болып табылады.
Осылайша, мәдени, этникалық және діни алуан-түрлілікте мәдениетаралық және дінаралық диалогты қолдау, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, бейбітшілік пен келісімді, рух бірлігі мен өзара түсініспеншілікті сақтау жас мемлекет үшін таптырмас тәжірибе болып табылады.
Дәстүрлердің мирасқорлығын жалғастырып, қазіргі замандағы діннің артқан рөлін ескере отырып, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасын ұсынды. Мемлекет қолдауымен өткізілген дінаралық кездесулердің әлемде бұрын соңды болып көрмегендігін атап айтқан жөн.
Ежелден дін рухани мәдениеттің негізгі нысандарының бірі болып табылады. Адам тарихы кезеңінде дін адамзат қызметінің барлық салаларына ықпалын тигізіп келуде, ол қоғамның рухани әрі әлеуметтік өміріндегі негізін қалаушы фактор болып табылады.
Бүкіләлемдік жаһанданудың заманауи реалияларында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бас қосуы өзара ынтымақтастыққа жаңа жол ашып, зорлық, діни фанатизм, экстремизм және лаңкестіктен арылуға септігін тигізеді.
Астана қаласында 2003 жылдың қыркүйек айында өткен 12-ден астам елдің өкілдері қатысқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі заманалық оқиға болды.
Диалог жүргізу, барлық кезеңдер мен халықтарды толғандыратын сұрақтарға жауап іздестіру, конфессия аралық және ұлт аралық қатынастардағы дауларды шешу мүмкіндігі Форумның басты идеялары болып табылды.
I Съездің мақсаттарының бірі – кездесулер өткізу және байламды шешім қабылдауға арналған тұрақты қызмет ететін дінаралық институт құру.
Съез жұмысы барысында діни-саяси экстремизм мен лаңкестік, діни негіздегі шиеленістер мен кемсітушілік, заңсыздық пен зорлық мәселелері қозғалды.
Форум қорытындылары бойынша діни лидерлер дінаралық келісушілік, өзара түсіністікті жетілдіру, өшпенділік, қастық, есептеспеушілік пен ксенофобияны болдырмау, діндер мен мәдениеттерге жағымды көзқарастарды таратуға арналған білім алу бағдарламалары мен әлеуметтік қатынасу құралдарын құру қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Әлемнің сақталуын, келешекте адамзатқа тұрақтылық пен прогрессті қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекет ету туралы Декларацияның қабылдануы Съез қорытындысы болды.
I Съез дүниежүзі адамдары бейбіт және лайықты өмір сүру үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірігу идеяларын жүзеге асыру уақтылығы мен қажеттілігін әлемге паш еткен бірегей әрі есте қаларлық оқиға болды. Съез идеясы К. Аннан, Дж. Буш, М. Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н: Манделла, Ж.д’Эстен және т.б. сияқты көрнекті қайраткерлер мен саясаткерлердің қолдауын тапты.
I Съез діндер арасындағы келісімді нығайту және конструктивтік диалог орнату жолындағы трамплин болып табылғандығы сөзсіз. Ойдағыдай өткізілген іс-шара нәтижелері дінаралық форумды жүйелі түрде – кемінде 3 жылда 1 рет өткізу туралы I Съездің Шешімінде бекітілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II Съезі осы форумды өткізуге арнайы салынған жаңа «Бейбітшілік пен келісім сарайы» ғимаратында 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде өтті.
Бас қосу «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбы бойынша өтті. Съезде қатысушылар ұстанатын «Дінаралық диалог қағидалары» қабылданды.
Съезде айтылған бастамалардың бірі ретінде Елбасының діни лидерлерді Бейбітшілік пен келісім сарайында дәріс беруге шақыруы болды. Шақыру өз қолдауын тапты – Қазақстан атақты ғылыми қайраткерлер, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер қатысқан дәрістермен қатар діни бірлестіктердің өкілдерін қабылдады.
Екінші Съездің қорытынды құжатында «қарсы тұру идеологиясын» «әлем мәдениетіне» ауыстырудың жаһандық қажеттілігі ауқымды түрде көрініс тапты.
Қазақстан Республикасының Басшысы Н.Ә. Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II Съезінде айтылған бастамаларды іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспарына сәйкес төмендегідей міндеттерді жүзеге асыратын Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды:
– мәдениет пен дін саласындағы қоғамдық қатынастарды үндестірудің халықаралық тәжірибесін зерттеп білу және қолдану;
– азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың этника аралық және конфессия аралық қатынастар саласында тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету;
– этника аралық және конфессия аралық қатынастар призмасы арқылы қазақстандық отаншылдықты нығайту;
– халықты рухани ағарту және конфессия аралық келісімді нығайтуды көздейтін іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу.
Орталықтың басты міндеттерінің бірі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізу болып табылады.
Сонымен қатар Орталық зайырлы және діни БАҚ, әйелдер мен жастар бірлестіктерінің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерін Съез қызметіне тарту арқылы түрлі мәдениет пен дін өкілдерінің диалогын кеңейтуге ат салысады.
III Съез 2009 жылдың 1-2 шілдесінде БҰҰ жүйесі тарапының қатысуымен және техникалық көмегімен өтті, оның жұмысына әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысты.
Форум аяқталысымен III Съез қатысушылары Үндеу ұсынды, онда дінаралық келісім мен ынтымақтастық мәдениетін қолдағаны және таратқаны үшін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың атына және Қазақстан Республикасының барша халқына алғыс білдірілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің өткізілуі конфессия аралық ынтымақтастықтың теңдесі жоқ қазақстандық үлгінің тиімділігінің куәсі атанды.
Конфессиялар арасындағы өзара қарым-қатынастарды нығайтудағы келесі қадам әрі өркениеттердің жаһандық диалогына Қазақстанның қосқан үлесі ретінде қалыптасқан дәстүр бойынша 2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Төртінші Съезінің өткізілуі болады – мұндай шешімді Съез хатшылығы өзінің X отырысында бекітті.
31 мамыр Қазақстанда – саяси репрессиялар құрбандарын, соның ішінде – репрессияға ұшыраған діни қызметкерлерді еске алу күні екендігін атап өткен жөн.
Осылайша, халықаралық конференциялар мен дінаралық форумдар қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуде діндердің нәтижелі диалогы мен тиімді ынтымақтастығының, қауіпсіздік, өзара құрметтеу, тең құқықтылық қағидаларын бекіту, рухани-адамгершілік негіздері басымдықтарының маңыздылығын ашық дәлелдейді. Қазақстанның тәжірибесі әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің конструктивтік пікір алмасу және бірлесіп күш салысу жолы адамдарды бөлетін тосқауылдардан өтуге, мәдениеттердің жақындасуына, бейбітшілік пен келісім идеяларын ойдағыдай алға қарай жылжытуға септігін тигізеді.
Диляра Дарыбаева,
Дін істері жөніндегі ҚР Агенттігі
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
Конфессия аралық ынтымақтастық бөлімінің
ғылыми қызметкері