Әлемнің жаратылысының негізі – сүйіспеншілік, рақымдылық пен шапағат. Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне сүйіспеншілік пен мейірім-шапағаттың ұрығын сепкен. Сондықтан ғаламзаттың да, жер бетіндегі жанды-жансыздың да арасында сиқырлы әуендей бір-бірлерінің арасында ғажайып бір үндестік, татулық, өзара тығыз қатынас бар. Табиғат заңдылықтары осы татулықтың арқасында тепе-теңдігін сақтап тұр. Алайда соңғы ғасырлардағы адамзаттың қолымен жасалған өз тума қасиетіне жараспайтын қылықтары мен іс-әрекеттері сол тепе-теңдікке, экологияға кері әсерін тигізіп, әлемдегі симфониялық әуеннің ырғағы мен нотасын бұзуда. Соңғы кездері жер бетінде болып жатқан әр түрлі табиғи апаттар сол бұзылған нотаның белгісіндей. Бұл – жұмыр жердің өз бетінде қырғи-қабақ болып соғысу, қырқысу емес, тек қана өзара үндестікті, татулықты қалайтындығының айғағындай. Негізі, адамзаттың бір-біріне өшпенділікпен қарау арқылы діттеген мақсаттарына жете алмайтыны айдан анық.
Ендеше, бесіктей ырғақпен тербеліп ғарасатқа қарай кемедей бет түзеген жұмыр жердің бетінде қамшының сабындай келте ғұмыр сүруге келген адамзатқа өзара түсіністік аса қажет. Бұл үш түрлі болмақ. Ең бастысы – адамзат жаралғалы дінсіз ғұмыр кешкен емес. Тарих сахнасындағы болған барлық саясаттың да, мәдениеттің де астарында сол дін, сенім жатыр. Демек, әлемдегі татулықтың ең басты белгісі – дінаралық үнқатысу. Екіншісі – ұлтаралық үнқатысу мен жарасымдылық. Ақырғысы – еларалық үнқатысу мен ымырашылдық.
Қандай қоғам болса да ол бес негіз арқылы өзін сақтай алады. Ол – діннің, жанның, нәсілдің, мал-мүліктің және ақылдың сақталуы. Ал осы бес негіздің ең бастысы – діннің сақталуы. Дінаралық келісім, үндестік және татулық өзін сақтауымен қатар, қалған төрт негіздің де сақталуына арқау болады.
Соңғы жылдары әлемде кейбір алпауыт елдердің өздері бір-біріне татулық пен ымырашылдықтың жолдарын іздеп дағдарған шақта Отанымыздың «дінаралық үнқатысу, өзара үндестік» деп әлемді татулыққа шақыруы әлемді елең еткізген үлкен жаңалық болды. Алғашқыда көптеген елдер және дін өкілдері осы съезге күмәнмен қарады. Содан бері әлемдік және дәстүрлі діндердің елордамыз – Астанада үш съезі болып өтіп, дінаралық үнқатысу арқылы әр түрлі адамдардың бір-бірімен түсінісе алатындығына көз жеткізілді. Иә, соңғы ғасырларда дін өкілдерінің арасында осы бағытта іс-әрекет байқалған. Бірақ әр түрлі дін өкілдерінің басын қосып, «Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануымыз керек», – деп татулыққа шақыру соңғы тарих сахнасында болған емес.
Әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы осындай келісім мен үнқатысуға сол діндердің өзі қалай қарайды? Әсіресе, әр түрлі дін өкілдеріне қонақжайлық танытқан Қазақ елі бұған қандай баға береді? Кейбір тұстарда «Ислам дінінде өзге дінмен үнқатысуға тыйым салынған» деген сөздер де айтылады. Ендеше, осыған талдау жасап көрелік.
Адамзатты махаббатымен жаратқан Жаппар Иенің түсірген діні де сүйіспеншілік пен бейбітшілікке толы еді. Сондықтан әр мұсылманның өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас жасап, татулыққа шақыруы, үнқатысуы – оның басты міндеті. Әсіресе, «әһлі кітап» саналған яһудей мен христиан дінімен үнқатысу, оларды татулыққа шақыру Ислам дінінде баса айтылған. Тіпті Ислам дінінде сол екі дін өкілдерімен дінаралық келісім жасап, татулыққа шақырған ең алғашқы адам – хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өзі.
Алдымен Пайғамбардың христиандармен үнқатысуына көз салайық. Әз Мұхаммед (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық келген шақта Меккеде христиандар болатын. Сол христиандардың арасында қолында Інжілдің қолжазбалары бар Уарақа ибн Нәуфәл еді. Міне, Әз пайғамбарға алғаш рет Хира тауында «оқы!» деген аяттар түскен кезде ол осының мән-жайын біле алмайды. Сонда ол Уарақаға барып, жағдайды баяндайды. Сонда әлгі христиан ғалымы оған: «Сен көп ұзамай пайғамбар боласың. Әттең! Мен сол күнге жетіп саған көмекші болсам ғой, шіркін», деп оған демеу беріп, пайғамбарлығын растайды. Ендеше, Ислам мен Христиан арасындағы үнқатысу Құранның алғашқы аяты түскеннен бастау алған. Пайғамбар қатты қысылған шақта христиан ғалымы демеу болған.
Меккедегі Ислам дінінің алғашқы жылдарында мұсылмандар меккелік мүшріктерден қатты қысым көрді. Сол кезде Әз пайғамбар көп жапа шеккен көптеген мұсылмандарды Эфиопияға, яғни христиан еліне жіберіп: «Сол жерге барыңдар. Өйткені, ол жер татулық пен бейбітшіліктің мекені», дейді. Тіпті Әз пайғамбар сол жердің патшасына хат та жазып, хатында: «Мәриямның ұлы Иса – Алланың Рухул-Қудусы (қасиетті рух) және пәк Мәриямға берілген сөзі екенін растаймын», дейді. Бұл хат мұсылман пайғамбары мен христиан елінің басшысы арасындағы ең алғашқы жазбаша түрдегі үнқатысу еді. Елімізде өтіп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі де сол кездегі қасиетті бастаманың жалғасы деуге болады. Тіпті кейіннен сол елдің патшасы қайтыс болғаны туралы ғайыптан хабар алған Әз пайғамбар сахабалармен бірге тұрып сырттай соның жаназасын шығарып, дұға жасайды.
Хақ пайғамбар қашан да христиандарды өзіне жақын тартты. Сол Мекке кезеңінде бірде Византия әскері Иран әскерімен соғыста жеңіліп қалады. Олардың жеңілгенін естіген Меккедегі бүкіл мұсылман аза тұтып, олардың қайғысына ортақтасады. Сол жеңілістен кейін Византияның қайта бас көтеруі мүмкін емес болатын. Сол кезде Алладан Әз пайғамбарға уахи-аян түсіп, көп ұзамай үш жыл мен тоғыз жыл аралығында қайта жеңіске жететінін айтып сүйіншілейді. Тіпті бұл аяттар «Рум» (Рим) сүресінде айтылады. Бұл христиан дін өкілдеріне деген ең жақын үнқатысудың бірі еді. Кейіннен Бәдір соғысында мұсылмандар жеңіске жеткен күні римдіктер де қайта жеңіске жетіп, басып алынған жерлерін азат етеді. Сол күні мұсылмандар олардың да жеңісіне қатты қуанып, олардың қайғысына да, қуанышына да ортақтығын дәлелдейді.
Әз пайғамбар Мединеге қоныс аударған шақта христиандармен үнқатысуын бұрынғыдан да арттыра түседі. Ол Мединеде елдік құрған соң дереу христиан елдерінің патшаларына хат жазып, дінаралық үнқатысуға, мұсылман болуға шақырады. Бірде сол шақыруды қабылдап Араб түбегіндегі ең көп христиандар тұратын аймақтан бір топ нәжрандық христиандар Мединеге келіп, Пайғамбармен үнқатысады. Сол топты христиандардың діни көсемі – Әбу Хәрисә бастап келеді. Сол кезде христиандардың Құдайға құлшылық ету уақыттары келеді. Әз пайғамбар сол кезде Мединедегі өз мешітін босатып, христиандар сол жерде Құдайға мінәжат жасайды. Міне, осы көрініс те мұсылман мен христиан арасындағы үнқатысудың ең биік шыңы деуге болады.
Тіпті осы христиандар тобын Әз пайғамбар өзі қарсы алып, төріне шығарып үстіндегі жүннен тоқылған сырт киімін шешіп, жерге жайып соның үстіне отырғызады. Сондай-ақ Әз пайғамбар христиан мен яһудейлердің астары мен жаназаларына қатысқаны, тіпті науқастарына зиярат жасап көңіл-күйлерін сұрағаны, оларға ас бергені кейбір деректерде айтылады.
Һәм хазіреті Пайғамбар яһудей дінінің өкілдерімен де үнқатысу жасап, олармен қарым-қатынаста болған. Әз пайғамбар Мединеге келіп мемлекет құрған шақта, қаланың беделді кісілерін шақырып, елдің негізгі заңын жазған. Ол тарихтағы ең алғашқы ата заң болып есептеледі. Оның 2 және 25-бабында яһудейлер туралы: «Олар мұсылмандармен бірге бір халық», 16-бабында: «Бізге ерген яһудейлер ешбір әділетсіздік көрмейді. Оларға бізден әрдайым жәрдем етіледі», ал 36-бапта: «Мұсылмандарға яһудейлер арасында қолұшын беріп көмектесу, насихат және жақсылық жасалады», деп жазылған.
Әрі Құранда яһудей мен христиандарды дінаралық татулыққа шақырған аяттар көп. Мысалы, Әз пайғамбарға екі дін өкілдерін дінаралық татулыққа шақыруын Алла тағала бұйырып оған: «Ей, кітап иелері! Біздің арамыз бен сендердің араларың бірдей сөзге келіңдер. Жалғыз Аллаға құлшылық қылайық. Оған ешбір нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт», дейді.
Алла тағала Құранда «Фатиха» сүресінен кейінгі «Бақара» сүресінің басым көпшілігі яһудейлерге бағытталып, оларды татулыққа шақырса, «Әли Имран» сүресінде христиандар туралы көп айтылады. Тіпті «Әли Имран» (Имран отбасы) сүресі бибі Мәриямның әкесінің аты және соның отбасымен аталған.
Сондай-ақ, Алла тағала мұсылмандарға яһудей мен христиандардың сойған малын «арамсынбай» жеуге шақырады. Құранның «Маида» сүресінде: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Әһлі кітаптардың да тамағы (бауыздағандары) сендерге, сендердің де тамақтарың оларға халал етілді» деп айтылады. Яғни, мұсылмандар жейтін малды олар өз сенімдері бойынша соятын болса, мұсылмандар да жей алады. Алланың осылай олардың сойғандарын мұсылмандарға адал етуінің астарында дінаралық татулық, үнқатысу және жылы қарым-қатынас жатыр.
Әрі Алла тағала мұсылмандардың яһудей мен христианнан қыз алып, олармен жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда болуына да рұқсат етеді. «Маида» сүресінде: «…әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де маһрлерін беріп, абыройлы әйелдермен бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді…», деп айтылады. Бір мұсылман сол екі діннің бірінен қыз алып, үйленетін болса, сол әйелінің мұсылман болуы да шарт емес. Бір шаңырақта тұрып, әйел өз діні бойынша Құдайға құлшылық жасайды. Міне, ендеше, осы аят та мұсылмандарды сол екі дәстүрлі дінмен тығыз қарым-қатынаста болуға үндейді. Сондықтан Әз пайғамбар сахабаларына: «Мен сендерге әһлі кітапты аманат етемін. Кімде-кім олардың біріне жамандық жасаса, ақыретте алдынан мен шығып, есеп сұраймын», деп қатаң ескертіп кеткен.
Хазіреті Пайғамбар әһлі кітап қана емес, айналасындағы барлық дін өкілдерімен қарым-қатынас құрып, татулыққа шақырған. «Һұд» сүресіндегі: «(Мұхаммед) Егер Раббың қаласа, адамдарды (зорлықпен дінге бет бұрғызып, бәрін бір дінді ұстанған) бір ел қылар еді», деп айтылады. Ендеше, бұл аятта да дінаралық қатынасқа қатысты көп сыр жатыр.
Әз пайғамбардан соң халифа Әбу Бәкір де сол екі дін өкілдеріне аманат көзімен қараған. Мысалы, мұсылмандар Табария қаласын алғанда Әбу Бәкір ондағы христиандарға: «Шіркеулеріңе ешкім тиіспейді», деп кепілдік берген.
Хазіреті Осман да халифа болып тұрған кезінде армяндардың қаласы Дәбилді алғанда христиан, яһудей және мәжуси секілді басқа да әр түрлі дін өкілдерінің мінәжатханаларына тиіспейтіндігіне кепілдік берген. Тіпті кейбір өртенген монастырьларды қайта салдырған. Омияттар заманында Урфа шіркеуі қайта күрделі жөндеуден өтіп, Александрияда Маркос шіркеуі салдырылған. Тіпті, дінаралық татулықтың белгісі ретінде мынадай тарихтағы мысалда айта кету жөн болар. Бірде халифа Абдулмәлик Дамаск мешітін кеңейту мақсатымен Юханна шіркеуін құлаттырады. Бірақ Омар ибн Абдулазиз халифа болғанда сол қателікті түзеу мақсатымен мешіттің кеңейтілген жерін құлатып, орнына бұрынғы шіркеуді қайта салдыруға жарлық береді. Бірақ бұған христиандар ризалық танытпай, бұрынғыша қалуын қалайды. Әйткенмен Омар ибн Абдулазиз өз жарлығынан бас тартпайды.
Египеттегі III ғасырда салынған Тұр тауының басындағы Сина монастырі мен дәл қасындағы мешіт ғасырлар бойы христиан мен мұсылмандар арасындағы дінаралық келісімнің рәмізі болып келді деп айтуға болады. Әлі осы күнге дейін үш дін өкілдері (яһудей, христиан, мұсылман) сол таудың басына түнделетіп шығып, таңның атқаны мен батқанын бәрі бірге отырып тамашалайды. Үш дін өкілдерінің мыңдаған жылдар бойы хазіреті Мұса пайғамбар шыққан ұшар таудың басында бәрі бірге бейбітшілік таңын қарсы алуларын дінаралық үнқатысу мен татулықтың ең биік шыңы деуге негіз бар. Бұл күнде осындай ғажайып дінаралық келісім кездесуін елордамыз – Астанада көру тарихи оқиға. Пирамида үш бұрышының бір нүктеге тоғысып, бірігуі де осындай татулықтың айқын нышаны.
Дінаралық үнқатысу Исламның алғашқы тарихында ғана емес, Османлы кезінде де жалғасын тапқан. Мысалы, Фатих Ыстамбұлды алған кезде Ортодокс патриархының орны бос екендігін білген кезде дереу христиандарға жаңа діни басшы сайлауларына бұйрық береді. Христиан халқы, шіркеу басшылары бәрі жиналып, Георгий (Kortesios) – «Геннадий» деген атпен жаңа діни басшы етіп сайлайды. Осылайша Геннадий түріктің қол астындағы алғашқы Ыстамбұл дін басшысы болады. Осыдан кейін Фатих христианның жаңа дін басшысын өзіне қонақ етіп шақырады. Оны қарсы алуға өзінің ақсақал уәзірлерін жіберіп, ресми және салтанатты түрде қарсы алады. Ол келген кезде Фатих орнынан тұрып, оған қарай жүріп оның қолынан ұстап қасына отырғызады. Онымен ұзақ уақыт сұхбаттасқан Фатих оған «Ұлт басы» деген лауазым ұсынып, елдегі барлық дін өкілдерінің ісіне араласа алатын билік береді. Сосын қайтарда өзі сарайдың қақпасына дейін шығарып салып, сол жерде ақбоз атқа мінгізіп, шіркеуге дейін салтанатты түрде жеткізуге уәзірлеріне әмір береді.
Фатих сұлтан Ыстамбұлды алғанда тек Аясофияны ғана мешіт етті. Ыстамбұлдағы барлық шіркеулерге тиіспей, қарамағына алды. Аясофия мешіт болса да ондағы христиандардың киелі санаған суреттерін өшірмеді. Тек намаз уақытында ғана пердемен жауып тастап тұрды. Кейіннен Мимар Синан Аясофияның төрт бұрышына төрт мұнара тұрғызып, оның бүгінгі күнге дейін сақталуына мүмкіндік жасады.
Осындай дінаралық үнқатысу Османлы тарихының соңына дейін жалғасты. Османлылар тек христиандарға ғана емес, сондай-ақ яһудей дінінің өкілдеріне де осындай көзбен қарады. Мысалы, бірде Испания өмір сүрген яһудейлер сол елдің королі Фердинандтан қатты қысым көреді. Тіпті, Фердинанд олардың көздерін жоймақ болады. Міне осы кезде шалғайдағы Османлы елінің сол кездегі сұлтаны II Баязит оның бұл ісін кінәлап, дереу заң шығарып, Испанияда өмір сүрген барлық яһудей дінінің өкілдерін Ыстамбұлға көшіртіп алып, оларға қаланың ең шұрайлы жерлеріне орын беріп, барлық құқықтарын сақтайды.
Қазақ елінің басшылығы да бүгінгі әлемнің жаңа тарихында бұрынғы халифалар мен сұлтандардай бір басшы, бір жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасап келеді. Біз Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістіктерімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз. Жаңа мыңжылдықта толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу – еліміздің осындай табанды ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табуы ісінде айтарлықтай рөл атқарады деп есептейміз.
Құранда: «Ей, кітап иелері! Біздің арамыз бен сендердің араларыңа бірдей сөзге келіңдер», деп айтылады. Бұл жердегі «кітап иелері» деген сөзді «ғылым, мәдениет және өркениет иелері» деп тәпсірлегендер де бар. Ендеше, Ислам дінінде тек қана әһлі кітапты шақырып тұрған жоқ. Сонымен қатар, жер бетіндегі барлық өркениетті елдерді бірлікке, татулыққа шақырады. Олай болса, еліміздегі дінаралық, ұлтаралық және еларалық үнқатысулардың өзі де жүздеген жылдар бойы қазақ халқының сенген қасиетті кітабынан алынған өнеге екендігінің белгісі. Біз тегіміз – түркі, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауымыз керек. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашып, ІХ ғасырда ашылған әл-Әзһар университетімен тікелей байланыс орнатуымыз да ғылымның бейбітшілікке қызмет етуі тиіс екендігіне негіз.
Бұл идея дінаралық келісім съезінде ғана басталған жоқ. Бұл сонау еліміз егемендік алып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан кезде басталған. Кейбір елдер ядрорлық қару жасауға жанталасып жатқанда Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту пікірін білдіруі әлемді бейбітшілікке шақыруға жасаған алғашқы қадам болатын. «Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу – адамның өз міндеті» деген идея сол кезде қалыптасқан болатын. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де осы тың идеяның жалғасы іспетті. Алдағы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуімізде де мұсылмандардың үмбетаралық келісімінде жаңаша бір үрдіс, ерекше бір серпіліс болады деген үлкен сенім жатыр.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ, теология ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ректорының ғылыми кеңесшісі.