– Яссауитанушы ретінде сізбен әңгімемізді Яссауи іліміне қатысты сауалдан бастағымыз келіп отыр. Елбасымыз Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында Түркістанда өткен кездесуінде: «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет» деп атап көрсетті. Яссауи ілімінің ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің тарихындағы маңызы қандай?
– Ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт – біздің рухани тарихымыз дер едік.
Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды. Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи ілімі.
Яссауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды емес. Яссауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Яссауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Яссауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Яссауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Яссауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Яссауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Яссауи ілімі тікелей әсер етті деп біз сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Яссауи ілімінің маңызы да сондай ерекше» деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым.
–Яссауи ілімі өзге рухани ілімдерден несімен ерекшеленеді? Оның ұлттық ұстанымдарымызбен қабысатын тұстары қандай?
– Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Яссауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған.
Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі – мәмілегерлік, яғни толеранттылық. «Бөгде дін өкіліне де азар бермеу – Пайғамбар сүннеті» («Сүннет ерміш кафир олса берма азар») деп жазған Яссауи кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды насихат еткен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөздері де осы ақиқатқа тіреледі. Яссауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеуге, өзін де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. Халқымыз бұл қағиданы: «Еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес, Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деген мақалмен түйіндеген.
Яссауи ілімі ағартушылыққа, ғылым-білімге шақырады. Яссауи: «Адамды ақиқатқа жеткізетін бірден-бір жол – ғылым жолы» деп жазған. Яссауи еңбектерінде ғылымға ұмтылу, надандықтан қашу мәселелері жиі көтеріледі, шынайы ғалымдар ерекше құрметтеледі. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ақыл – азбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен», «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп мақалдаған ұлтымыздың ұстанымдары да осы қағидалардан қиыс кетпейді.
Яссауи ілімінде «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету» деген ұстаным бар. Бұл қағида қоғамға адал қызмет етуді насихаттайды, отаншылдыққа, елді сүюге, бауырмалдық пен жанашырлыққа, өзара құрмет пен сыйластыққа тәрбиелейді. Осы бір қағида өзгеге қол ұшын беруге қашанда құлшынып тұратын біздің халқымыздың болмысына сіңген деуге болады. «Өз үйінде ою оймағанның кісі үйінде сырмақ сыратыны» да осыдан болса керек.
Қожа Ахмет Яссауи көшпелі түркі халықтарының ағайындық, бауырмалдық сезімдерді басты орынға қоятын ізгі дүниетанымымен, туыстық қатынастарға негізделген рулық-тайпалық құрылымымен етене таныс болған. Сондықтан ол ашық зікір тәжірибесін қолданып, әйелдер мен ерлердің зікірге бірге қатысуына мүмкіндік берген. Осы әрекеті үшін өзімен замандас дін ғұламалары Яссауиді «бүлікшіл», «дінсіз» деп қатаң айыптады. Бірақ Яссауи олармен күрес барысында өз ілімінің дұрыстығын дәлелдеп, сол арқылы халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын қорғап қалды. Яссауи ілімінің осындай ерекшеліктері жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ қауымындағы әйелдер мен қыздарды хижаб пен пәренжі киюден қорғауға бір себеп болды.
Яссауи ілімінде қонақжайлық дәстүрі адамды рухани кемелдікке бастайтын ерекше дәстүр саналады. Яссауи ілімін таратушылар барған жерлерінде «суфра тұту», яғни «дастархан жаю» дәстүрін ұстанған. Көпшілікке, келімді-кетімді жолаушыларға арнап жайылған дастархан басындағы сұхбатқа рухани ілім иесі – Қызыр келіп қатысады деп саналған. Қазақ халқының «Қонақ келсе, Қыдыр келеді», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақалдары осы дәстүрден туындаған. Осындай қағидалар арқылы Яссауи ілімі халықтың болмысына сіңіп, қазақ дүниетанымының, ұлт менталитетінің негізіне айналды. Дұрысы, Яссауи өз ілімі арқылы тарих тереңінен бастау алатын ұлт құндылықтарын ислами сүзгіден өткізіп берді.
Біз Яссауи ілімін ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі ретінде қабылдауға тиіспіз. Қазақ халқы ислам діні аясында ұлт болып қалыптасса, қазақы исламның бітім-болмысы, қазақ мұсылмандығы Яссауи ілімі арқылы қалыптасты.
– Яссауи ілімінің тарихи ролі талас тудырмайды. Ал қазіргі қоғам үшін ол несімен маңызды? Бұл ілімді бүгінгі күннің кәдесіне асыратын тетіктер қандай?
– Яссауи ілімі тек тарихи роль атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті иделогиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Яссауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Яссауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Яссауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар.
Яссауи ілімін ел игілігіне жаратып, ақыл-ойының өзегіне айналдыратын тетіктерді жүйелі, мақсатты түрде жүзеге асырсақ, ұтарымыз көп болмақ. Ең алдымен Яссауи ілімі өзінің кең мазмұндылығымен қазіргі өскелең буынның рухани сұраныстарын жан-жақты қанағаттандыра алатынын ескеруіміз керек. Аталмыш ілімінің негізгі қағидаларын заманауи өмірге бейімдеп қайта жаңғырту арқылы қазіргі қазақ қоғамындағы көптеген рухани проблемалардың алдын алуға болады. Бұл әсіресе идеологиялық бос кеңістікті жаппай толтырып жатқан экстремистік жат ағымдар мен деструктивті діни қозғалыстар идеологиясының ықпалын сөзсіз төмендетеді.
Осы орайда алғашқы кезекте Яссауи еңбектерін аудару, жариялау, қайта жариялау жұмыстарын жүзеге асыру қажет. Яссауи шығармашылығы поэзиялық туындылардан, яғни хикметтерден ғана тұрмайды. Яссауи ілімінің негіздерін танытатын «Жүректің айнасы», «Пақырнама» секілді трактаттар да шәкірттері арқылы хатқа түскен ақынның өз шығармалары болып табылады. Соңғы кездері ғалымдар Яссауидің «Рисала-и дәр әдәби тариқат» атты еңбегін ғылыми айналымға қосты. Яссауидің ататегіне қатысты шежірелер мен Яссауи шәкірттерінің еңбектерінде де осы ілімнің негіздерін танытатын тағылымды дүниелер мол. Аталған еңбектердің барлығын аудару, қайта жариялау, Яссауи ілімі мен шығармашылығына қатысты отандық және шетелдік ғалымдардың таңдамалы зерттеулерінің жинағын жарыққа шығару, жаңа танымдық басылымдардың жарық көруіне, таралуына жағдай туғызу қажет.
Түркістан қаласында жиі өткізіліп, дәстүрге айналып үлгерген «Яссауитану» байқауына, «Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қолдау көрсету, «Яссауи әлемі» деген атпен жарық көріп отырған ғылыми-көпшілік, тарихи-танымдық журналдың таралымын көбейту керек. Яссауи ілімін халыққа кеңінен таратып, түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар, бағдарламалар ашуға болады. Жоғарғы оқу орындарында Яссауи атындағы арнайы шәкіртақы, руханият саласына еңбек сіңіргендерге Яссауи атындағы сыйлық тағайындаған жөн.
Адамды парасатты азамат, кемел тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған Яссауи ілімі мектеп бағдарламасына жүйелі түрде енгізіліп, әр сынып сайын тереңдете оқытылып отыруға болады. Жоғарғы оқу орындарында да Яссауи ілімін үйретудің осындай жүйесі жолға қойылуы керек.
Халқымыздың рухани мәдениетінің барлық саласында терең із қалдырған Яссауи ілімін зерттеу – ұлтымыздың түп негізін тану болып табылады. Яссауитану ілімі – қазақтану, түркітану ілімі. Яссауи ілімі тарихи дәуірлерде түбі бір түркі халықтарын ортақ дүниетанымға ұйыстыра білді. Қазіргі татар, түркімен, қарақалпақ, қырғыз, түрік халықтарының қазақ жұртымен рухани тұтастығы – аталған халықтарға да Яссауи ілімінің кеңінен тарағандығының нәтижесі. Сондықтан Яссауи ілімінің бүгінгі әлемдік қауымдастықта түркі халықтарын ынтымақтастырушы басты факторға айнала алатынын да ұмытпауға тиіспіз. Осы бағыттарда арнаулы ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, кең көлемде жұмыс жүргізу қажет.
– Енді осы айтылған мәселелерге соңғы кездері жиі ауызға алынып жүрген «дәстүрлі ислам» деген түсінік тұрғысынан көз салсақ. Жалпы дәстүрлі исламның қазақ даласындағы тарихи негіздері қандай?
– «Дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі сала қайнар көз бар: Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары).
Бірінші салаға кеңірек тоқталсақ, қазақ даласында сонау Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі бар. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен әл-Фараби түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы болып табылады. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан туған өлкесінде сусындағаны, негізгі көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет» («тәңірлік даналық») ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Осы ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің жоғарыда сөз етілген еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық ойшыл қаламгерлер туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін екі қағида құрады деуге болады: біріншісі – ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау; екіншісі – ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту.
Осындай орныққан көзқарастар қазақ жыраулар поэзиясы арқылы ХІХ ғасырдағы ірі ақындық мектепке жалғасты. Сол ақындық мектептің көрнекті өкілі Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қарасөздері» де қазақ топырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заңды жалғасы болып табылады. Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Ш.Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», М.Ж.Көпейұлы мен Ғ.Қараштың туындылары дәстүрлі қазақы мұсылмандық қағидалары негізінде дүниеге келген. Кеңестік кезеңде өмір сүрген ірі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани өзінің діни еңбектеріне қазақ жерінде жазылған «Файзул арифин» туындысын негіз еткен. С.Ғылманидің «Дін педагогикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Махмуд Шалтут тафсирінің аудармасы» атты еңбектері өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де аса маңызды болып табылады (өкінішке орай, аталған еңбектер әлі қолжазба күйінде жатыр).
Қазақ топырағынан шыққан жүздеген ғалымдар жайлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» еңбегінде айтылды. Сол ғұламалардың іргелі еңбектерінің басым бөлігі әлі күнге қазақ оқырманына таныс емес. Сондықтан біздің рухани тарихымыз үзілмелі (фрагментарлық) сипат алып отыр. Ал осындай ақтаңдақтардың орнын толтырған екінші сала – жалпыхалықтық шығармашылық мұра болды.
Қазақтың жазба және ауызша шежірелері, жыр-аңыздары рухани тарихты бейнелі түрде жеткізді. «Насабнама», «Манақиб-и Хожа Ахмад Яссауи», «Садр-ад-дин шайх рисаласы», «Тәзкира-и Бұғрахан» секілді авторлы жазба шежірелермен қатар ауызекі сақталған шежірелерде қазақ даласына келген ислам таратушылар, олар ұстанған ілімнің мәні мен негізгі қағидалары, осы ілімнің кейінгі таратушылары жөнінде кеңінен мәліметтер беріледі. Діни тақырыптағы қазақтың жыр-аңыздары, қисса-дастандары ислам дінінің негізгі ұстанымдары, танымал тұлғалары, шариғат заңдары жайлы мол мағлұмат береді. Мұндай арнаулы туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың ролін қоса атқарғаны белгілі.
Қазақ мақал-мәтелдері де тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде исламның негізгі қағидаларын тұрмыстық санаға лайықтап беріп отырды. «Алла деген ар болмас, Алланың жолы тар болмас», «Құдайға сенген құстай ұшар, Адамға сенген мұрттай ұшар», «Жақсылық көрсем – Құдайдан, Жамандық көрсем – өзімнен», «Сабыр түбі – сары алтын», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Алтын алма, алғыс ал», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа», «Сабақты ине сәтімен», «Тәуекел түбі – жел қайық, Мінесің де өтесің, Қайғының түбі – тұңғиық, Түсесің де кетесің» секілді әрбір мақал-мәтелдің астарында ислами қағидалар қоса көрініс тапқан. Олардың ұлт дүниетанымына ажырамастай болып сіңіп кетуінің ең басты себебі қазақы менталитетке бұрыннан тән ұстанымдармен сәйкес келгендігінде болып табылады. Қазақтың көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары да ислам қағидаларына, Құран үкімдері мен Пайғамбар сүннетіне сәйкес орныққан.
Сондықтан дәстүрлі исламды, дәстүрлі қазақ мұсылмандығын біз халқымыздың дүниетанымында ежелден негізі қаланған, ғасырлар бойы қолданыста болған, заманалар сынынан сүрінбей өткен рухани қағидалар мен ілімдер негізінде танимыз. «Дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» түсінігінің аясында ұлтымыздың біртұтас рухани тәжірибесі толығымен қамтылады деп білген жөн.
– Осы ұлттық болмысымызбен үйлесім тапқан дәстүрлі исламды дамытудың қандай жолдары бар?
– Дәстүрлі ислам насихатын күшейтудегі маңызды тетіктердің бірі –стратегиялық зерттеулерді жүзеге асыру. Мұндай зерттеулердің бір бөлігі ретроспективті сипатта жүргізілуі тиіс. Бұл біз жоғарыда атап көрсеткен мәселелерден туындайды. Яғни қазақы болмысқа тән бірегей рухани ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері мен халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтарын танытатын ауызекі шығармашылық мұралары (шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар) дінтанулық зерттеулер негізіне айналуға тиіс. Бұған дейін аталған мұралар көбіне тарихи, филологиялық, мәдениеттанулық, философиялық зерттеулер нысаны ретінде қарастырылды. Теологиялық және дінтанулық тұрғыдан біршама талданғанымен, бұл мұралар қазақы мұсылмандық көзқарас, дәстүрлі ислам қағидалары тұрғысынан мүлде дерлік зерттелген жоқ. Ендігі кезекте осы бағыттағы зерттеулерді жолға қойып, рухани-діни мұраларымызды толық игеруге, «дәстүрлі ислам» түсінігін ғылыми тұрғыдан орнықтыруға күш салу қажет.
Дәстүрлі исламды дамытудағы екінші бір бағыт баспа жұмыстарымен байланысты болмақ. Жоғарыда аталған Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Йүгінеки еңбектерін, Хусамеддин Сығнақи, Жамал әл-Қарши секілді ортағасырлық ойшылдар туындыларын, Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген діндар ақындар мен тарихшы ғалымдар еңбектерін, Шағатай кезеңінің төл тарихымызбен, танымымызбен тамырлас туындыларын аудару және жариялау жұмыстарын жүзеге асыру қажет.
Діни мазмұндағы еңбектерді қайта жариялау барысында әдеби шығармаларға да назар аударған жөн. Қазақ ақын-жазушылары дін тақырыбын үнемі назарда ұстап, діни-этикалық ойларын, дін-ислам жөніндегі негізгі таным-түсініктерін әдеби туындылар арқылы жеткізіп отырған. Ұлтымыздың ағартушы-ұстаздары ретінде танылған ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қаламгерлері шығармашылығын қайта қарап, олардың дін мәселелеріне арналған таңдаулы әдеби туындыларын іріктеп, екі томдық ретінде құрастырыпшығаруға толық негіз бар. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген 6 томдық «Қазақтың діни дастандарын» дінтанулық сараптама бойынша іріктеп, таңдаулы екі томдық құрастырып, қайта жариялаған жөн. Абай, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпейұлының діни-философиялық мұраларын біріктіріп, жеке жинақ ретінде жариялау қажет. Сәдуақас Ғылманидің қолжазба күйінде қалған дін педагогикасына, Құран тафсиріне арналған еңбектерін жарыққа шығару отандық дінтану ғылымына үлкен серпін берері сөзсіз.
Сонымен қатар халқымыздың ислами түсініктерінің қалыптасуында маңызды роль атқарған ислам ғұламаларының, соның ішінде ханафи мазхабындағы дін ғалымдарының, ортағасырлық және заманауи дін қайраткерлерінің еңбектерін аудару, жариялау және қайта жариялау мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ортағасырлық мұсылман ойшылдарының еңбектерінен ханафи мазхабының негізін салушы Әбу Ханифа имам Ағзамның еңбектерін, оның шәкірттерінің шығармаларын, ханафи мазхабындағы негізгі еңбектерді, ақидамыздың негізін қалаушы Әбу Мансур әл-Матуридидің, хадис ғылымының білгірі Имам Бұхаридің, мұсылман құқықтануының беделді тұлғасы Бурханаддин Әли әл-Марғинанидің, «І мыңжылдықтың реформаторы» атанған ғұлама Имам Ғазалидің маңызды еңбектерін қазақ тіліне аударып, жариялау қажет.
Үшінші бағыт ретінде отандық зайырлы және діни білім беру жүйесінің барлық деңгейіне «Ұлттану» пәні мен «Абайтану» курсын енгізуді ұсынар едік. «Ұлттану» курсының оқу бағдарламасы біз жоғарыда айтып өткен дәстүрлі қазақ мұсылмандығына негіз болған дерек көздері мен соларға қатысты зерттеулерге сүйеніп жасалуы қажет. Бұл бағыттағы оқу-хрестоматиялық материалдар қазірдің өзінде кемінде үш сыныптық немесе курстық бағдарламаны түзуге толығымен жеткілікті. Болашақта жаңа аудармалар, басылымдар мен зерттеулер негізінде оқу бағдарламасын үздіксіз толықтырып отыру қажет. Бұл пән арқылы қазақстандық білімгерлер ең алдымен туған топырақта қалыптасқан дүниетаныммен, соның ішінде діни таныммен тереңірек танысуға, ұлттық рухани ілімдерді қалыптастырған ғұламалар еңбектерін зерттеп, білуге, қазақ тарихының көркем шежіресі болған ауызекі туындылар арқылы халқымыздың діни танымын жақынырақ тануға, қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің ислам қағидаларымен табиғи үйлесімін танып-білуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде дәстүрлі исламның қазақы негіздерін тану арқылы діни кадрлардың біліктілігін арттыруға, адасқан ағымдар мен жат идеологияларға қарсы насихат жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашады.
Ал «Абайтану» курсын отандық білім беру жүйесінің барлық деңгейінде бір курстық бағдарлама ретінде енгізуге болар еді. Абайдың «Қарасөздеріне» тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды ретінде емес, өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан, қорытылған бірегей ілімді ХІХ ғасыр кемеңгерінің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп берген танымдық мәні зор туынды ретінде қараған жөн. Басқаша айтқанда, «Қарасөздерде» Абай ақынның сыншыл да сыршыл көзқарастарымен қатар қазақы исламның негізгі қағидалары да жинақталып, қазақ халқының рухани көзқарастары жүйелі түрде танытылған. «Абайтану» курсын зайырлы оқу орындарының оқу бағдарламасына «Ұлттану» пәнінің құрамдас бөлігі ретінде енгізуге де болады. Ал аталмыш курсты діни білім беру жүйесіне енгізу барысында «Қарасөздерге» теологиялық тұрғыдан толық талдау жасап, талдау қорытындысын курстың кіріспесі ретінде ұсынған жөн.
– Дәстүрлі ислам жайлы сөз қозғалғанда қазіргі ислами ағымдар туралы да айтпай кету мүмкін емес тәрізді. Еліміздегі радикалды ислам ағымдарының ең кең таралғаны – уаххабилік пен одан келетін қауіп-қатер жайлы айтып өтсеңіз.
– Радикалды көзқарастың өзі исламға тән емес нәрсе. Дегенмен радикалды идеологияны ұстанушылар өз көзқарастарын ислам негіздерінен таратады. Салафилер, уаххабилер (жихадшылар), такфирші-хижратшылар, мадхалилер, сурурилер секілді радикалды бағыттар XIV ғасырда Сауд Арабиясында Ибн Таймия негізін қалаған «таза ислам» ұстанымы жайлы салафилік көзқарастарды ұстанушылар болып табылады. ХVІІІ ғасырдан бастап бұл идеологияны саудиялық Мухаммад ибн Абд ал-Уаххаб дамытты. Салафилік ағым өкілдері өздерін Пайғамбар дәуіріндегідей таза исламды ұстанып жүрміз деп есептейді, өз ұстанымдарынан басқа барлық көзқарастарды теріске шығарады, исламның өз заңдылықтарынан туындап жатқан жаңашылдықтарды қабылдамайды. Құран мен Суннада көрсетілмеген кез келген құбылысты, соның ішінде мазхабпен жүруді де «бидғат» деп санайды. Құран мен Сунна тура мағынасында қабылдануы керек, оларға салыстырмалы түсіндірме беруге болмайды деп есептейді. Осындай қасаң көзқарастардың салдарынан салафилер мазхаб ұстануды, мазхаб ғұламаларының еңбектерін жоққа шығарады, «дәстүрлі ислам» түсінігін, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін терістейді. Көптеген ұлттық дәстүрлерді «бидғат» деп, оны ұстанушыларды «бидғатшы», «мүшрик» деп қабылдайды. Олар «ұлт» деген ұғым мен құндылықты есепке алмайды, өз көзқарастарына ортақ болғандарды ғана «мұсылман бауырлар» деп санайды.
Уаххабилер мұсылмандарды «дінсіздер» мен «жолдан адасқандарға» (яғни уаххаби еместерге) қарсы жихадқа шақырады, өздеріне қолдау көрсетпегендердің барлығын діннен безгендер деп есептейді.Бірқатарзерттеушілердің пікірінше, уаххабилік діни доктринаға негізделген, сопылыққа (яғни сопылықты тереңдей дамытқан түркі халықтарына) және шиизмге (парсыларға) қарсы бағытталған араб ұлттық идеологиясы болып табылады.
Такфирилер өз жамағатының мүшелерінен басқа барлық адамдарды кәпірлер (дінсіздер) деп санайды, қоғамнан оқшауланып, сол қоғамға қарсы қарулы көтеріліске дейін барады.Такфирилер «Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен олардың үкімдерін разылықпен қабылдайтын жұрт – кәпір. Оларды кәпір демейтін дін ғалымдары да кәпір» деп санайды. Құран Кәрімнен басқа ислам тарихының мұсылмандар үшін ешқандай мәні жоқ, ислам ғұламаларының сөздерінің, тафсир және ақаид кітаптарының ешбір құндылығы жоқ деп есептейді. «Мекке мен Мәдина, Қуба мен Ақса мешітінен басқа мешіттерде жұма намазы оқылмауы керек, өйткені басқа барлық мешіттер мен білім ошақтары – шайтанның мекені» деп санайды.
Жинақтай айтқанда, радикалды ағым өкілдері сенім мәселесінде шектен шыққан көзқарастарды, ымырасыз пікірлерді ұстанады, сол арқылы исламның ең мәмілегер дін ретіндегі болмысына көлеңке түсіреді. Бұл жағдай Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған» деген хадисін еске салады. «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…» деген қасиетті Құран Кәрімнің аяты да бар. Ал шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеологиялық ағымның кез келген көрінісі ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт тұтастығына, мемлекет тұрақтылығына, дәстүрлі діни құндылықтарға үлкен қатер төндіреді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ләйлә Еділқызы