Шын мәнінде Ислам дінінің өзіндік бір ерекшелігі бар және тартымды дін болып табылады. Ислам, басқа дін өкілдерін өзінің сенім негіздерін берік ұстануға көркемді түрде шақырып, адамдарға деген рахымдылықтың өзегі.
Ислам дінінің кеңдігі соншалық, күнә жасаушы мұсылманның өзі Алла рахымынан құр қалмайды. Әрбір адам күнәсінің кешіріліп, Алланың рахымына бөленемін десе тәубе етуі керек. Ал, тәубе есігі қиямет күні келгенше ашық болмақ.
Иман – сөз бен іс-әрекет арқылы құрылады, артады және кемиді, сондықтан Ислам негіздерін толық орындаған адамның иманы артады, керісінше, орындамағанның иманы кемиді.
Бүгінгі таңда мұсылман мұсылманды немесе өзге дін өкілін кәпір деп айыптау кеңінен етек алып барады. Өзін Ислам дінін ұстанушы санап жүрген адам бір мұсылманды кәпір деп айыптау өте қатерлі әрекет.
Бұл өз кезегінде, азаматты азаматтығынан айырумен тең. Өйткені, мұндай әрекетке барған адам үшін екі дүниеде де үкімі ауыр болмақ.
Қандай-да бір Алланың жаратылысын құрметтеу хақында «Ахли сүнна» ғалымдары өз ұрандарында «ақиқатты біліп жаратылғанды құрметтеу» дегенді алға тартып келеді.
Қасиетті Құранда Алла ақиқат, білім іздену туралы «өз тарапымыздан игілік беріп, өз қасымыздан ғылым үйреткен құлдарымыздан бірін тапты» деген.
Кез-келген нақты дәлел, ақиқатпен Алланың кең рахымы бірге жүретіні сөзсіз. Алла Қасиетті Құранда Нұх пайғамбарды мысал етіп былай дейді: «Нұх: “Әй елім! Көрдіңдер ме? Раббым тарапынан ашық бір дәлел үстінде болсам және Ол, өз қасынан бір рахым берген болса, ал ол, сендерге көрінбесе, сондай-ақ сендер оны жек көрсеңдер де сендерге оны зорлап қабылдата аламыз ба?” деді», сондай-ақ, Иса пайғамбар туралы «Мен тараптан адам баласына бір үлгі әрі бір рахым».
Сонымен қатар, Алла Тәуратты өз рахымымен тура жол көрсету үшін түсірді: «Сонан соң Мұсаға игілік істегенге; толық, әр нәрсені айыратын, жетекшілік ететін рахым түрінде Кітап бердік» (Анъам 154). Бұған қоса Алла Қасиетті Құранды да рахым етіп тура жол көрсету үшін түсірді: «Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және Мұсылмандар үшін тура жол, игілік, қуаныш түрінде Құранды түсірдік» (Нахл, 89), «Бұл Құран адамдар үшін көрнеу дәлелдер және нақ сенген елге жетекші әрі рахым» (Жасия, 20).
Егер қандай-да бір ғылым, насихат Алланың мейірімі мен рахымысыз болған болса, онда адамдар арасында бір-біріне деген өшпенділіп артып, арсыздық, әділетсіздік орын алар еді.
Расында әрбір мұсылман діни сауатсыздықтың салдарынан діни материалдың негізгі мағынасын толық ұғынбай оны халыққа жеткізу, насихаттау нәтижесінде бүгінде Ислам дініне деген теріс пікірдің қалыптасуына алып келуде.
Осыған байланысты қазіргі кейбір мұсылмандар Исламды насихаттаймыз деп, өзге дін өкілдерін кәпірге шығарып жүргендердің салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың өмірі қиылды, үйлер қирады және қаншама қаражат жұмсалғанын көз көріп жүр.
Ислам ғалымдарының ескеруі бойынша бүгінгі таңда Ислам шариғатына қайшы келетін және дінге енгізген ең сорақы бидағаттың (жаңалықтың) бірі ол кәпір деп айыптау болып отыр.
Осыған байланысты Имам Тахауй (беделді Ислам ғалымы) айтады: Құбылаға бет бұрып намаз оқыған және Алла тарапынан Мұхаммед пайғамбарға түскен барша нәрселерге сенген адам – мұсылман.
Мұхаммед пайғамбар айтады: «Кімде-кім құбылаға бет бұрып намаз оқыса, біздің асымызды ішіп-жесе ол – мұсылман».
Егер де, біз ежелгі ғалымдардың ілімдеріне бір сәт терең үңіліп қарайтын болсақ, «тәкфир»-ге шығарушылардың қандай ауыр күнә жасап жатқандығын ұғынып, олардың жамандықты насихаттағанын көрер едік:
1 Ислам дінінің барлық ерекшеліктерін жоққа шығарып, құбыжық дін етіп көрсетті;
2 олардың санасында қалыптасқан теріс пікірлермен басқа жұртты адастырып келеді;
3 олар тәкфир үкімінің екі дүниеде де ауыр екенін сезбейді және оқыған-шоқыған ілімдерінің өздеріне зияны тиіп жатқандығын байқамайды.
Мұндай көрініс әртүрлі зерттеулер мен сараптауларды қажет етеді:
1 шариғат үкімі жағынан және ғұламалардың көз-қарасы тарапынан;
2 бұл көріністің шығу тегін зерттеу арқылы;
3 көріністің тигізетін зардабын сараптау;
4 көріністің алдын алу, күресу жолдарын қарастыру;
5 көріністің алдын алу жолдарымен халықты таныстыру, тәкфирдің негізгі ұғымы шариғатқа қарсы келетінін елге түсіндіру.
Тәкфирге байланысты шариғат үкімі
Ислам шариғатында тәкфир үкімінде басқа да үкімдер секілді өзіндік себептері, шарттары және тыйымдары бар.
Имам Сабки айтады: «Алланың бар екендігін жоққа шығарған, оның жіберген елшілеріне сенбеген адам шариғат үкімі бойынша кәпір, ал, Алланың барлығына, оның пайғамбарларына сенген болса кәпір емес».
Имам ибн Тәймия айтады: «тәкфир – шариғат үкімі. Оған тек шариғат үкімдеріне байланысты нақты дәлелдермен ғана үкім беріледі», сондай-ақ, «Ахли сүнна ғалымдары өздеріне қарсы Ислам шариғатына байланысты талас-тартысқан адамды шариғат шеңберінен шықпайынша кәпір деп айыптамайды, өйткені, кәпір деп айыптау тек Аллаға ғана тән, адам баласы надандықпен Ислам дініне бір жамандық істеп қойса ешкім оны кәпір деуге рұқсат жоқ».
Себебі, кез-келген мұсылманды ешқандай нақты дәлелсіз оны кәпірге шығару өте ауыр да қате түсінік болып табылатыны жайында Алла Қасиетті Құранда «Ей иман келтіргендер! Алла жолында (соғысқа) шықсаңдар, қарсыластарыңды ажырата біліңдер. Егерде олар сендерге татулық пен бейбіт тілесе оларға “сен мұсылман емессің” демеңдер» (Ниса 94).
Имам Ғазали өзінің «Иман мен күпірліктің айырмашылы» атты кітабында: «Қандай-да бір мұсылманды күпірлікпен айыптайтын амалдардан сақтану керек, себебі, Алланы бір деп таныған, бойында намазы барды кәпір деу үлкен қателік. Сондай-ақ, бір мұсылманның қаны мың кәпірдің қанынан артық» деген. Өйткені, кімде-кім Ислам дініне шынайы болған сеніммен кірген болса оны тек сол сенім ғана шығара алады.
Ибн Әлуазир Әлимани біреуді кәпір деуден сақтануға байланысты: «Кәпір деп айту – Алланың құлы болған мұсылмандарға жасалған ең үлкен қылмыс».
Айша мен Әлидің жеткізген риуаяты бойынша Мұхаммед пайғамбар былай дейді: «Зұлымдықтың үш түрі бар, 1)Алла тағалаға қарсы жасалатын зұлымдық (ширк амалы, яғни Алла тағалаға сенбеу, яғни Алла мұны жасағанды еш уақытта кешірмейді), 2)адамдарға қарсы жасалатын зұлымдық (жазықсыз адам өлтіру, нахақ қан төгу, бүлік шығару, 3) адамның өз өзіне жасайтын зұлымдығы (Алла тағаланың әмірлеріне мойынұсынбау, т.б.).
Алланың бір екеніне сеніп, оның жіберген барша пайғамбарларына, кітаптарына шүбәсіз иман келтірген мұсылманды күпірлікпен айыптау арқылы, оның құқығын бұзып оған зұлымдық жасап, оны Ислам дінінен шығарып жіберумен тең. Ислам кеңінен тарап жатқан дәуірде күнә жасаған мұсылмандарды осылай күпірлікпен айыптаған хауариждер (Ислам дінінен ең алғашқы бөлініп шыққан бұзақы тайпа) Алланың қаһарына ұшыраған болатын және олардың өздері осы әрекеттерінің салдарынан күнахар болып жатқандарынан хабарсыз еді.
Фиқһ ғалымдары: «тәкфир – өте ауыр сөз, ешқандай мұсылман күпірлікке алып баратын амал істегенін нақты көрмейінше ешкімді кәпір деуге рұқсат жоқ» деген.
Әбу Ханифа өзінің «Қорытынды» кітабында: «Егер де мүфтидің қолында бір адамды күпірлікпен айыптау үшін барлық шариғат үкіміне сай дәлелдер болса, ал, ол адамды ақтайтын бір ғана дәлел болса сол дәлел бойынша үкім шығарсын, бұл мұсылманға деген жақсы қатынастың белгісі» деген.
Тахауй өз сөзінде: «Мұсылман өздігінен бойындағы иманынан бас тартпайынша діннен шыққан болып есептелмейді» деген.
Әладад Әлижи айтты: «Ешкім тәкфир үкімін шығаруға құқығы жоқ, расында ол өте қауіпті». Осындай қауіпті үкімге байланысты Мұхаммед пайғамбардың хадистері бар.
– «Кімде-кім мұсылманға: «Ей, Кәпір!», – десе, ал ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады». Осы хадистің мағынасынан білуге болады тәкфир үкімі өте ауыр және қауіпті;
– «Кімде-кім мұсылманға: «Ей, Кәпір немесе Ей, Алланың дұшпаны!», – десе ол адам шынында кәпір болмаса, айыптаушының өзіне оралады»;
– «Кімде-кім мұсылман бауырына кәпір деген болса, демек оны өлтіргенмен тең»;
– Имам ибн Дақиқ әл-Абд айтады: «Қандай-да бір мұсылманды кәпір деп айыптау ауыр күнә. Бүгінгі таңда кейбір хадис жеткізуші ғалымдардың арасында ақида мәселесіне келгенде талас-тартыс орын алып жататыны белгілі. Осының салдарынан бір-бірлерін күпірлікке шығарып, бір-біріне деген құрмет жоғалып, алауыздық пайда болып жатады»;
– «Менен кейін бір-бірлеріңді күпірлікке шығарып жауласпаңдар»
Әбу Мансур Әзһари осы хадистегі күпірлік сөзін екі мағынада түсіндіреді:
1. Қаруланып, соғысқа, талас-тартысқа дайын болу;
2. Хауариждер секілді өзіне қарсы келгендерді кәпір деу.
Осы келтірілген пайғамбар хадистерін ескере отырып барша мұсылмандарға күпірлікпен айыптау қате екеніне дәлел ретінде жеткілікті болар. Алайда, кімде-кім күпірліктен тыйылмайтын болса Алла елшісінің сөзіне құлақ аспай, бас тарқан болып есептеледі.
Тәкфир үкімінің салдары
1. Осы өмірдегі салдары:
Такфир – шариғат бойынша харам болған барша мұсылмандардың қантөгістеріне себепкер болады. Өйткені, күпірлік арқылы сана-сезімі теріс қалыптасып, өзгелерді адам ретінде мойындамай олардың мал-мүлкін халал деп иелік ете бастайды.
Сонымен қатар, ғимараттар мен мемлекеттік мекемелерді жарып жіберу әрекетіне әкеліп соғады. Мұндай әрекеттер Ислам шариғаты бойынша үзілді-кесілді тыйым салынған. Нәтижесінде жазықсыз адамдар жапа шегіп, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келіп, халық арасында тыныштық жоғалады.
Шын мәнінде Ислам барша мұсылмандар мәртебесін, мал-мүлкін және жандарын сақтауға басты көңіл бөледі. Мұхаммед пайғамбардың «Қоштасу хұтбасында» біздерге жеткізген соңғы насихаты: «Бүгінгі күн, осы ай, мына қала (Мекке) қаншалықты қасиетті болса, мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалық қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған».
«Уа, жамағат! Мен туралы сауалға қалай жауап бересіңдер?» – деді. Барша жиналғандар бір ауыздан: «Сен Алланың елшісісің, бізге өсиет насихат айттың, міндетіңді адал атқарғандығыңа куәміз», – деді».
«Зұлымдықтан сақтаныңдар, расында ол қиямет күнінде зұлымдықтарға ұшыратады».
Сондай-ақ, Алла тағала Қасиетті Құранда жазықсыз адамды өлтіруге байланысты өзінің азабымен қатты ескертеді: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мүлде қалатын тозак болады. Сондай-ақ, Аллаһ оған ызаланады, лағнеттейді және зор қинау әзірлеп қояды» (Ниса, 93). Егер бір мұсылман емес адамды қателікпен өлтіріп қойған жағдайда «егер өлтірілген сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құл азат етуі керек» (Ниса, 92).
Ал, егер де әдейі өлтірген болса, оның күнәсі өте ауыр болып саналады. Бұл жайында пайғамбар: «Кім біреуді әдейі өлтірген болса жәннәттың иісінде иіскемейді».
1) Мұсылман емес ер мен мұсылман әйелдің арасын ажырату.
Кім біреуді кәпір десе бұл үкім екеуінің біреуіне қайтатыны хадисте айылғандай Ислам шариғатында өзге дін өкілі мұсылман әйелмен некелесуге тыйым салынған. Бұл жайында Қасиетті Құранда: «егер олардың мүмін әйел екендігін білсеңдер, онда оларды кәпірлерге қайтармаңдар (некелестірмеңдер). Бұл әйелдер, оларға халал емес, олар да бұларға халал емес» (Мумтәхинә, 10).
2) Мұсылман емес ата-ананың мұсылман балаларына шариғатқа қайшы келетін амалдарды бұйыруға құқығы болмайды. Сол сияқты кім біреуді кәпір десе кәпір болған адамның мұсылманға үстемдігі жүрмейді. Қасиетті Құранда «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші» (Тәбе, 71), «сондай-ақ Алла кәпірлер үшін мүміндерге үстемдік етуге жол бермейді» (Ниса 141).
3) Кім біреуді кәпір санаса ол қайта мұсылман болмайынша оған деген жақсы қатынаста болып, қол ұшын беруден бас тартылады.
Яғни, кәпір деп айыптаушы мен айыпталған адам арасында алауыздық, дұшпандық пайда болады. Бұл жайлы Қасиетті Құранда «Әй мүміндер! Менің дұшпандарымды да өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар. Олар, сендерге келген шындыққа қарсы келсе де оларға сүйіспеншілік көрсетесіңдер», (Мумтәхинә, 1), «Аллаға, ақырет күніне иман келтірген бір елдің аталары не балалары яки туыстары немесе ағайындары Аллаға және оның Елшісіне қарсы келгендерді сүйгенін көрмейсің» (Мужәдәлә, 22).
4) Мұсылман кәпір күйінде қаза болған адамның тәнін жумайды, жаназасын шығармайды, ол үшін Алладан кешірім сұрамайды, мұсылмандар мазарына жерлемейді және оның артынан қалған мирас қабылданбайды.
Себебі Пайғамбар: «Мұсылман кәпірге, кәпір мұсылманға мирасын қалдырмайды» деген, сондай-ақ, Қасиетті Құранда «Олардан біреу өлсе, әсте жаназа намазын оқымаңдар да қабырының басында бармаңдар! Өйткені, олар Аллаға, Пайғамбарға қарсы келді. Сондай-ақ олар пасық күйінде өлді» (Тәуба 84).
5) Ислам дінінен шыққанға дейінгі ізгі амалдардың барлығы жойылады. Бұд жайында Алла: «Расында саған да сенен бұрынғыларға да: “Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың” деп уахи етілді» (Зумар 65). Яғни, қандай да бір сауабы мол амал жасап жүрген мұсылман бір белгілі жағдайда кәпір болатын болса сол жасалған сауапты амалдары зая кетеді.
2. Өлімнен кейінгі өмірдегі (арғы дүниедегі) салдары:
Кім кәпір күйінде өмірден өткен болса оның бұл дүниеде істеген барлық ізгі амалдары жойылып, ақырет күнінде оған Алланың азабы, лағниеті болады. Сондай-ақ, тозақта мәңгі болады және Алланың рахымынан тыс қалады. Құранда Алла: «Сендерден кім Ислам дінінен шығып, кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақыретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады» (Бақара 217).
Осы секілді Алланың ақиреттегі үкімі кәпір болмаған бірақ зұлымдық жасап, мұсылманға немесе Аллаға қарсы келген мұсылманның да басына төнуі мүмкін. Бұл жайында Пайғамбар екі мұсылман адам туралы хадисінде былай дейді: «Бір Исрайл қауымында екі бауыр болған екен. Оның біріншісі күнәхар ал, екіншісі әрдайым құлшылық жасайды.
Бір күні екінші адам күнә жасап жатқан бауырын көреді да: «Тоқтат, тыйыл енді күнәдан!» деп ескертеді, келесі күні тағы күнәхарды көріп оған ескерту жасайды, сонда бірінші адам: «Мені өз жайыма қалдыр, сен мені бақылап жүру үшін жаратылдыңба?!» дейді, сонда екінші адам: «Алланың атымен ант етейін, Алла сенің бұл күнәларынды кешірмейді және жаннәтқа кіргізбейді» дейді. Ол екеуі өмірден өтіп Алланың алдына барған сәтте, Алла тағала құлшылық жасаушы адамға «сен менен артық біліп қойдыңба немесе менің құзырымдағы нәрсеге құдіреттісіңбе?! Бұны тозаққа тастаңдар» деді, содан кейін екінші күнә жасаушыға қарап «Менің рахымыма бөленген күйде жәннәтқа кір» деді».
Тәкфир ұғымының пайда болуы
Қазіргі таңда тәкфир ұғымы кең тараған құбылыс. Өкінішке орай, көптеген жазушылар, мәдениет қайраткерлері Ислам дініне күйе жағып, адамдарды үрейлету мақсатында тәкфир туралы ұғымды асыра сілтеп, оны Ислам шариғатымен байланыстырып, нағыз Ислам діні осы деп жазып жатқандары аз емес. Расында мұндай әсіре сілтейтін қауымдар ертеде де болған. Осындай теріс пікірлердің қалыптасу салдары:
1. Ислам шариғатын терең бойламаған діни сауатсыздық. Көптеген адамдар бір-бірінің білімсіздіктен айтқан сөздеріне нақты дәлелсіз ілесу арқылы пайда болады.
Сол себепті тәкфиршілер жамағаты өз қатарындағы адамдардан басқа адамнан білім алуды жөн көрмейді және оған жек көрінішпен қарайды. Сондай-ақ, тәкфиршілер өздерінің сауатсыз жетекшілеріне ғана құлақ асады.
2. Көптеген қоғамдарда тәкфир жамағаты қадағалаусыз өз ілімдерін еркін насихаттап жүр. Белгілі діни орындарда ғалымдармен талас-тартысқа түсіп, өздерінікін алға тартып жүр. Осы арқылы олар тек ілімді ғана емес сонымен қатар қоғамның тыныштығында бұзып жатыр.
3. Шектен тыс әрі ретсіз дінге берілу.
4. Ғалымдарының өзіне деген сенімділіктің, батылдықтың жоқтығы. Олар Ислам дініндегі беделі жоғары ғалымдардан білім алмайды және оларға бой сұнбайды.
Осы құбылыстың алдын алу жолдары:
1. Тәкфир ұғымына байланысты үкімді сенімді ғалымдардың жазған еңбектерінен алу қажет;
2. Тәкфир үкімін шариғат үкімдерімен үйлестіріп, нақты дәлелдермен БАҚ беттерінде жариалау керек;
3. Қоғамда жастар арасында тәкфир ұғымына қатысты форум немесе іс-шараларды жиі өткізіп, оған беделі жоғары ғалымдарды тартып жастарға дұрыс діни сауат көзін көрсету қажет;
4. Тәкфир ұғымына ымырашылдық таныту. Ислам дінін ұстанушы дінді толығымен қабылдау керек. Яғни, егер ол мұсылманмын деп бірақ, Исламдағы маңызды сенімдерді (Мұхаммед пайғамбар, ақырет күні, бес уақыт намаз, ораза және қажылықты жоққа шығарса) тәрк етсе, ол мұсылман бола алмайды. Егер де тәкфир жамағатының идеологиясы (күнә жасаған адамды кәпір санамай) осындай болғанда орынды болар еді.
5. Ислам дінін дұрыс насихаттаушы білімді адамды халық арасында беделін көтеру.
6. Тәкфиршілер салдарынан қоғамға тиіп жатқан теріс әрекеттерге қарсы тұру үшін, әр адам өзінің сана-сезімін, психологиясын мықты тәрбиелеу қажет.
Осы жазған еңбегімде қажетті болған мәселелерді айтып кеттім деп ойлаймын. Алла Тағаладан барша үмбетті тура жолға бастауын сұраймын. Расында Ол барлық нәрсеге құдіретті.
Әл-Азхар университеті шариғат
факультетінің ұстазы, Ислам істері
жөніндегі жоғарғы кеңестің жетекшісі
Махмуд Әбдел Рахман