Ислам – бейбітшілік пен қауіпсіздік діні. Исламды терроризммен тең санау тарихи қателік әрі исламға жасалған ең үлкен қиянат болып табылады.
Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде ең соңғы, кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – Ислам діні. Сөздеріміз жалаң ойдың шетінде жар тіреп қалмас үшін Ислам бұл мәселеге қаншалықты мән бергенін білу мақсатында Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, PhD докторы Алау Әділбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Жасырын емес, соңғы кездері әлемдегі адамзатқа қарсы жасалатын қиянатты Исламмен байланыстырушылар көбейді. Хақ дінімізге қара күйе жағуға не себеп?
– Қазіргі таңда Исламды терроризммен байланыстыруға жол ашқан себептердің бірі Исламдағы «жиһад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі болып табылады. Ол – әрі кейбір мұсылмандар, әрі басқа дін өкілдері тарапынан бұрмаланып, бұрыс түсініліп жүрген басты ұғымдардың бірі. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды. Жиһад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Ал бұндай ұғым Исламда жоқ. Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен жиһад және кіші жиһад деп екіге бөледі. Үлкен жиһад деп адамның кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нәпсімен күресіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды. Қысқаша қайтарсақ, мұсылманның адамдармен қатынасында барлық амалдарын Аллаһ тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар аса көп. Сол тұрғыдан қарастырсақ қолға қару алып соғысу мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген және оның басты мақсаты зұлымдыққа қарсы тұру.
Исламда тек белгілі қағидалар шеңберінде қорғануға рұқсат етіледі. Ислам соғысты мейлінше шектеп, әділдік пен бейбітшіліктің болғанын қалайды.
– «Дінімізді қорғаймыз», «жиһадқа шығамыз» деуші азаматтар мен топтарды жиі естиміз. Осылардың әрекетіне дінімізде қандай пәтуалар бар?
– Жеке адамдар мен кейбір топтардың өз бетінше жиһад жариялауға ешқандай құқы жоқ. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Міне, қазіргі таңда ат төбеліндей кейбір лаңкес керітартпалардың жасап жүргендері Исламға мүлдем үйлеспейтініне бүкіл ислам ғұламалары бір ауыздан келіседі.
Кейбір мұсылмандар мен «исламдық ұйымдардың» Исламды лаңкестік діні ретінде түсінулерін Исламнан емес адамдардың қате пайымдарынан және басқа да себептерден іздеу керек.
Ислам діні бойынша«Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Бейкүнә адамды өлтіру – үлкен күнә. Тіпті барлық ережелер мен тепе-теңдіктердің астаң-кестеңі шығатын соғыс кезеңінің өзінде жазықсыз адамдарды өлтіруге тыйым салынған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасаған: «Аллаһтың атымен жолға шығыңдар. Аллаһ жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер».Тіпті жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған. Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен басшылар қатаң ұстанып отырды.Бұл ерекше мән берерлік жәйт.
– Тек Ислам дінін ғана террормен байланыстыруға не себеп?
– Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қарамастан батыстық бұқаралық ақпарат құралдары Исламды терроризммен байланыстыруға құмартып тұрады. Мұндай лаң әкелетін лас әрекеттерді жасап жатқан тек мұсылмандар ғана ма? Мысалы, Токиода метрода улы газ шашып, қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Сенрике» сектасынының жасағандарын ешкім «Будда терроризмі» деп атаған жоқ. 2000-2004 жылдар арасында Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ оны ешкім сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды. Аборт жасату клиникаларын жарып жіберген христиан фанатиктерін немесе Изак Рабинді және «әл-Хиләл» мешітінде жұма намазын оқып жатқан мұсылмандарды өлтірген Др. Браус Голдстейн тәрізді яһуди фундаменталистерінің жасағандарын да ешкім олардың діндерімен байланыстырған жоқ. Бұл Батыстың мұсылман әлемінің тыныштығы мен берекесін шайқалту үшін ойлап тапқан қаруы десек те болады. Әлемдегі бар байлық, рухани құндылықтар мұсылман елдеріне тән. Байлыққа көзін алартқан Батыс осы қаруды «тиімді» пайдаланып келеді.
– Нақтырақ айтсаңыз, терроризмді тудыратын негізгі факторлар мұсылман әлеміне қызығушылықтан туындап отыр ғой? Жалпы, терроризмді тудырған себептерге тоқталсаңыз?
– Терроризмнің исламдық санамен ешқандай байланысы жоқ. Діни сана терроризм тудыра алмайды. Өйткені Ислам дінінің қоғамда беделі күшті болған кезде лаңкестік деген орын алмаған. Терроризмді тудырған модернистік сана деп айтсақ қателеспейміз (фашизм, атеизм мен әсіре коммунизмді де тудырғаны сияқты). Қазіргі таңда Ислам атына жабылып жатқан жала қай жағынан алып қарағанда да оның рухына жат. Әсіресе, «11-қыркүйек» оқиғасынан кейін батыс бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар Ислам мен терроризмді бір етіп көрсетіп, адам санасына сіңіруге тырысуда.
Лондонның мэрі Кен Ливингстон: «Батыс әлемінің мұнайға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 80 жылдан бері Араб елдерінің істеріне араласудамыз. Егер І дүние жүзілік соғыстан кейін Орта Шығыстағы мұнай қойнауларын басқарып-қадағалаудың орнына уәде еткеніміздей бұл жердің басшылықтарына бостандық беріп, тек қана мұнайды сатып алып отырсақ, қазіргі қайғылы оқиғалар болмас еді», – деп қазіргі болып жатқан оқиғалардың себептеріне ишарат жасайды. Соныман қатар Ливингстон ағылшын жастарының көпшілігінің АҚШ-тың Израилді қолдауы және Гуантанамодағы ешқандай қылмыстары анықталмаған жүздеген кісінің тұтқында ұсталуы ретінде пайда болған Батыстық екі ұшты саясатты жақтамайтындығын айтуда. Бұған Әбу Гирейб және басқа да түрмелердегі зорлық-зомбылықтармен қатар АҚШ қорғаныс министирлігінің ресми түрде мойындаған Құран-Кәрімге қарсы жасалған масқаралық әрекетті де қосады. Әрине, бұл себептердің ешқайсысы бейбіт адамдардың өліміне жол ашқан оқиғаларды ақтап ала алмайды. Бірақ бұл лаңкестікке бастайтын факторлар екендігі шындық.
Мұсылман елдеріндегі қарапайым халық арасында мұсылман ғалымдарының беделінен гөрі исламнан терең ілімі жоқ, өзін «Исламның қорғаушысы» санаған кейбір адамдар мен топтардың сөзінің өтімдірек болуы да террорлық актілердің күшеюіне өзіндік ықпалын тигізуде.Олар Ислам ілімдерінің негізін білмегендіктен әлемдегі оқиғаларға саяси призмадан қарап, баға береді. Сондықтан олардың пікірлері Батыс пен Шығыс арасына іріткі тастап, арандатып, араздық отына май құйып, маздата түседі.
Сонымен қатар қандыбалақ террорлық әрекеттерге итермелеген негізі факторларға мұсылман әлемінің соңғы бір ғасырдағы басынан өткерген бөлінушілік, Батыс әлемінің өзгелерден оларды төмен санауы, алалау, отарлау саясаты, мемлекеттік террор, геноцид, жаппай қырып-жою сияқты себептерді де қосу керек.
1980-2004 жылдар арасында болған өзін-өзі өлтіру акцияларын зерттеген Роберт А. Пейп (Раре) бұл оқиғаларды алғаш бастаушылардың марксистік ұйым болған Тамил жолбарыстары қолданғандығын, ұлтшыл марксист палестиналық ұйымдарбұл дәстүрді Шри-Ланкадағы терроршыл Тамил ұйымдарынан үйренгендігін және әлемде болып жатқан бүкіл осындай жанкештілік оқиғаларының негізгі себебінің діни сенімдер емес, өз отандарының азат болуы үшін жасалып жатқандығын соңғы 20 жылдың тәжірибесіне сүйене отырып, басқыншы әскерлер кеткен кезде бұл лаңкестік акциялардың пышақкесті сап тыйылғанын айтады.
Кейбір аздаған топтардың әрекеттері жаңылыстықпен жалпы мұсылмандарға телініп, Ислам діні терроризм ретінде көрсетілуде. Исламды құбыжық етіп, тероризммен қатар қойып, қаралау Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында қарқынды жүріп жатыр. Тіпті жағдай мүшкіл дәрежеге жеткені соншалықты исламдық қозғалыстарды жамандамау да дұшпан жағында болумен бірдей саналатын болды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрсерік Жолбарыс,
арнайы http://e-islam.kz сайты үшін