Кеңес үкіметінің ыдырауымен қатар, әлемде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстың желісінде радикалданған түрлі діни-экстремистік және «джиһадистік» ұйымдардың қозғалыстары пайда болды. Олардың өздерінің террористік әрекеттерін көбіне Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Кавказ аймақтарында кеңінен жүзеге асыра бастағандығы белгілі.
Бүгінде халықаралық террористік ұйымдар өзіндік жеткілікті материалды-қаржылық және адами ресурстарға ие, құрылымы тұрақты, әрі кең таралған жүйеге айналды. Заманауи қарулар мен технологияларды иемденген терроризм қазіргі жаһандану кезеңінде әлемнің кез-келген аймағында тұрақтылықтың бұзылуына септігін тигізбек. Қару-жарақ пен түрлі жарылғыш заттар қолдану, әрі адам ұрлап, кепілге алу арқылы жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері экстремизм мен терроризмді жеке тұлға өміріне, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қауіп төндіретін кең масштабты құбылыс екендігін айқындайды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік ең соңғы монотеистік дін – ислам, әлем жұртшылығының назарына өзінің ерекше динамизмімен таныла бастады. Өткен жүзжылдықтың басында мұсылман әлемінің даму бағыты бір-бірімен бәсекелескен дүниежүзілік екі саяси жүйенің – социализм және демократиялық капитализмнің арасынан жол салып, олардың ықпалдарынан шетте қала алмады. Сондықтан болар, сол уақыттағы мұсылман ойшылдары тарапынан сан-алуан, әр түрлі діни-саяси тұжырымдамалар жарық көрді.
Бұл концепциялар бір жағынан ислам қағидаларына негізделсе, екінші жағынан аталмыш саяси жүйелердің бірқатар идеяларын қамтыған болатын. Батыстың отарында болған мұсылман елдеріндегі ішкі және сыртқы саяси құлдырау үдерістерінің салдарынан ресми үкіметке қарсы болған түрлі оппозициялық топтардың арасында діни-саяси бағыттағы радикалды көзқарастар мен идеологиялар тарала бастады.
Өткен ғасырдың соңғы тоқсанында исламның саяси тұрғыдан қайта жаңғыруы мен оның ішкі динамизмі бірнеше бағытта көрініс тапқандығын байқауға болады.
Ең алдымен, мұсылман үмметінің басым бөлігі исламнан «әлеуметтік әділдік» идеясын көріп, соған қарай ұмтыла жөнелді. Әсіресе «әл-Уатан әл-Араби» – 22 араб елдерінің заманауи тарихына назар салсақ, онда орын алған халық көтерілістері мен үкіметке қарсы бағытталған наразылық акциялар елдегі әлеуметтік проблемалардың негізінде өршігендігін көреміз. Алайда, осындай тұрақсыз жағдайларда діни-экстремистік қозғалыстардың идеологтары исламды «әлеуметтік әділдікті орнатуға» арналған саяси құрал ретінде пайдаланып, өздерінің жеке мүдделерін іске асыруға жұмылдырған.
Екінші бағыт бойынша көз жүгіртсек, әсіресе мұсылман елдерінде шиеленіскен немесе соғыс аймақтарында ислам жиі террористік топтардың идеологтары тарапынан «үкіметке қарсылық көрсету» идеологиясын негіздеуге пайдаланылмақ. Мұны Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Ауғанстан мен соңғы кездегі Сирия аумағында әр түрлі діни-милитаристік мазмұндағы үндеулердің аясында өршіген қарулы қақтығыстардан көруіміз мүмкін.
Исламның қарсылық көрсету идеологиясы рөліндегі тарихы мың құбылмалы. Араб елдерімен қатар, Ауғанстан мен Пәкістанда, 2001 жылдың 11-қыркүйек айында орын алған оқиғаларда исламды жамылып, қарсылық көрсетудің негізгі формасы ретінде «жиһадизм» феномені алға шықты. Айта кететіні, өткен ғасырдың соңғы кезеңдерде «жиһад» жеке саяси-философиялық ағымның толыққанды идеологиялық ұстанымына айналды.
Қазіргі таңдағы ислам атын жамылған «жиһадистік» және террористік топтардың идеологиясының басты идеологиялық қаруы – «жиһад» ұғымын түсіндіру әдістерінде жатыр. Исламдағы джиһад тұжырымдамасының кең ауқымды басты мағыналары ескерілмей, бұл сөздің діни-милитаристік, яғни «кәпірлерге қарсы қарулы күрес жүргізу» мағынасы экстремистік ағымдардардың идеологтары тарапынан кеңінен насихатталынып, қасиетті Құран аяттары мен хадистердің мәтіндері бұрмаланып түсіндірілуі арқылы дәйектелінуде.
«Жиһадизм» проблемасын шешудің басты жолдарының бірі – жиһад тұжырымдамасының дұрыс мағыналарын әлем жұртшылығына, соның ішінде, мұсылман жастарына ашып түсіндіру болып табылады. Бұл тақырып мұсылман үмметінің өткен тарихында маңызды орын алған, қазіргі таңда өзекті орындағы, әрі келешекте де өзектілігі жоғала қоймайтын мәселе екендігі белгілі.
Осыған орай, «жиһад» тұжырымдамасын дұрыс түсінуіміз үшін, ең алдымен, оның тілдік әрі терминологиялық мағыналарына қарай үңілсек. Жиһад сөзі араб тіліндегі «джахада – юджахиду – джиһадан», яғни «күш-жігер салу» мағынасындағы етістіктен шығады. Араб тілінде «әл-джахд» сөзі – машақат, қиыншылық деген мағыналарды берсе, «әл-джухд» сөзі күш-қуат дегенді білдіреді. Осы екі сөздік мағыналардан «жиһад» ұғымы келіп шығады.
Әйгілі ғалым Ар-Рағиб әл-Исфахани өзінің «Муфрадат әл-Қуран» атты еңбегінде: «әл-джахд пен әл-джухд – машақат пен төзімділік. Мұндағы әл-джахд сөзі – машақат мағынасын білдірсе, ал джухд – жігер мағынасын білдіреді» деп жазған.
Құран және сүннет терминологиясында «жиһад» сөзі бұлардан да кеңірек әрі тереңірек, тіпті адам мен қоғам өмірінің барлық аспектілеріне қатысты ұғымдарды қамтиды. Сондықтан да оны «Үлкен жиһад» деп атайды. Сонымен бірге, оның жеке бір мағынасы – Алланың сөзін ұлықтауға және қорғауға бағытталған күрес. Бұл ұғымның пайдаланылу аясы шағын болғандықтан «Кіші жиһад» деп аталады. Осы тәртіп бойынша «үлкен» және «кіші» жиһадтың айырмашылығы айқындалады.
Сондай-ақ, осы айырмашылық негізінде жиһадтың белгілі бір ұғыммен шектелмейтіндігін байқауға болады. Жиһадтың кез-келген жағдайға қатысты өз дәрежелері мен деңгейлері, әрі оның толыққанды тұжырымдамасы, қағидалары, ережелері мен нормалары, ахлақтары бар.
Ислам дінінде «жиһад» сөзінің көптеген мағынасы бар. Жиһад дұшпандарға қарсы қару қолдану, олармен соғыс жүргізу ұғымымен шектелмейді. Тіпті исламның алғашқы кезеңдерінде бейбіт жиһадты жүргізу міндеттелетін. Оған Аллаға бойұсынуға бағытталған рухани жиһадты да қоссақ болады. Бұл жайында Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың «ата-анаға мейірімділік таныту – жиһад», «әке-шешеге қызмет ету – жиһад» сияқты хадистері айғақ.
Үлкен жиһад басты екі жолмен жүзеге асады: біріншісі – жеке тұлғаның діни сауаттылығын арттыру, салиқалылық пен парасаттылыққа баулу, яғни, дұрыс тәрбие жұмыстарын жүргізу арқылы болса, екіншісі – қоғам ішінде ізгілік пен адамгершілікті, көркем ахлақты, игі әдептерді, имандылықты, рақымшыл қасиеттерді таратумен жүзеге асады.
Ал Кіші жиһадқа қатысты қысқа қайырар болсақ, қанаушыларға қарсы жиһадтың орын алуы өте маңызды екі шартпен байланысты: бұл соғысты жеңу мүмкіншілігінің жоғары болуы және қоғамдық пайданың сол соғыстың салдарынан артық болуы. Мұсылмандар ешқашан жиһадты соғыс үшін бастамаған. Белгілі болғаныдай, қарулы жиһад әдетте мемлекетке қауіп төнген жағдайда мұсылмандар үшін жаны мен дінін қорғауда қолданылатын ең соңғы әрекет болып табылатын. Жиһад – жоғары мақсаттар мен үміттерге жетелейтін көптеген құралдардың бірі ретінде танылған.
Жиһад шынайы мағынасында адамзатты тура жолға, Құдайдың ризалығына жетелейтін басты құрал болып табылады. Имам әл-Қарафи өзінің «аз-Захира» атты еңбегінде жиһадты мақсат емес, құрал деп түсіндірген: «Шариғаттың қағидаларында әрекеттің екі жағы айтылған: әрекеттің мақсаттары (ниеттері) және оны жүзеге асыруға арналған жолдары (құралдары). Мақсатқа қажылық жатқызылса, оны орындау – сапар, жол болып табылады. Дінді қорғау, әйтпесе дін тарату – мақсат болса, ал жиһад – соны орындаудың жолы».
Бүгінде радикалды топтар мен ағымдар мақсат пен соған жетудің жолын шатастырып түсінуде. Жиһад олардың басты мақсатына айналған. Яғни, мұнан жиһадты жиһадқа жету үшін жасау сияқты түсінік пайда болады. Сонымен қатар, экстремисттердің жүргізіп жатқан жиһады саяси сипатты қамтып кеткен. Осыған орай, бұл мәселеде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетіне тереңірек назар салу қажеттігі айқындалады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі мемлекетінің өзге елдермен майдандасқанда, бір жағдайда олармен соғысқан болса, екінші бір жағдайда олармен бейбітшіл бітім жасасқан, ал кей кезде сол елдермен одақтасқан, басқа бір жағдайда еш бір қарулы қақтығыстарсыз шешім тапқан.
Тарихқа назар салсақ, ислам ғұламалары әр кезең мен мекеннің әлеуметтік-саяси жағдайына байланысты жиһадқа қатысты түрлі түсіндірмелер берген. Мысалы, ислами ғалымдардың қатарында әйгілі болған Әл-Бағдади (429/1037 ж.ө.) өзінің «Дін негіздері» (усуль ад-дин) еңбегінде жиһад ұғымын «исламды қабылдамайынша немесе «джизьяны», яғни, өзге діннің өкілінен алынатын салықты төлемейінше, дін дұшпандарымен күресті жүргізу» деп түсіндірген.
Қандай да бір мемлекетке немесе тайпаға арнайы салық төлету үдерісі әдетте мемлекеттік деңгейдегі үкімдердің нәтижесінде жүзеге асады. Мұнан біз, жиһадтың әскери салада жүргізілуі тек қана үкімет басшылығымен орындалатындығын байқауымыз мүмкін.
Ал шафиғи мазхабының танымал өкілі, сопылық ілімнің дамуына үлкен ықпал жасаған дін ғалымы Абу Хамид Әл-Ғазали (1111 ж.ө.) жиһадты адамның рухани дүниесін дамыту деп түсіндірген.
Орталық Азия аумағында жиһад мәселесі «дінсіздерге қарсы күрес жүргізу» мазмұнымен соңғы рет Кеңес үкіметінің құлауының қарсаңында қайта тарала бастады. Мұны өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы көршілес Өзбекстанда орын алған шиеленістер мен Тәжікстанда болған азаматтық соғыстан айқын байқауымыз мүмкін. Өзбекстанның сол кездегі үкіметіне қарсы шығып, билікті өз қолдарына алуға мүдделенген «Өзбекстан ислам қозғалысы» террористік ұйымы әйгілі «Ғураба» (оқшауланған, бөтенделген) идеологиясын дамытты. Мемлекет және басқа да мұсылмандармен қақтығысқан «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымы, Өзбекстан Республикасын «Дар-уль-харб» яғни «соғыс аумағы» деп танып, елден мәжбүрлі көшу – «хиджрат» идеясын таратқан. Мұндағы «хиджрат» жиһадтың алдындағы кезең деп танылды.
Қазіргі кезде «жиһадистік» күштер діни радикалдану үдерісін қоғамның ең белсенді бөлігі – жастардың арасында жүргізе бастағаны рас. Экстремистік және террористік топтардың идеологтары жастарымызды ұлттық бірегейлігі мен руханиятынан айыру мақсатында ұлттық құндылықтар мен мәдениетті, діни-рухани ұстанымдар мен тәрбиені «күпірлік», «адасушылық» деп айыптай келе, жастар назарына жат идеологияны енгізуге түрлі ақпарат құралдары арқылы әрекет жасауда.
Осыған орай, олар ата-бабаларымыз ұстанған дінге «ширк» (Құдайға серік қосу), «куфр» (дінсіздік), «бидғат» (діндегі жаңашылдық) элементтері араласқан деп иландыру жұмыстарын жүргізуде. Мұның мысалын олардың өлгендерге Құран оқып бағыштауға, қабірді зиярат етуге, батада қол жаюға болмайтындығы жөнінде, әрі мазхабтарды мойындауға қарсы болуларынан, сондай-ақ «таза ислам» туралы бұрмаланған үндеулерінен көруге болады.
Сонымен қатар, радикалды ағымдардың идеологтары терең негізделген діни ілімге ие емес, әрі өздері сырттан бекітілген арнайы бағдарламаларды орындайды.
Жаңа замандағы қалыптасқан күрделі жағдайларды ескере келе, беделді ислам ғұламалары жиһадизм мен терроризм проблемасын бүгінде жиі көтеріп, террористік әрекеттерге баратындарды қатаң кінәраттайды. Осыған орай, 2004 жылдың қараша айында Иордан Хашимиттік Корольдігінің патшасы Абдулла ІІ бин аль-Хусейннің «Аммандық Жолдау» атымен белгілі үндеуінде: «Зұлымдыққа қарсы тұру және әділдікті қайта орнату тек заңды әдістер арқылы жүзеге асырылса ғана заңды болып табылады», деп айтылған.
Сондай-ақ, құжаттың мазмұнында адам өміріне қастандық жасау, бейкүнәларға қауіп төндіру, бейбіт тұрғындарға қарсы шабуыл ұйымдастыру, жаралылар мен тұтқындағыларды өлтіру, әрі ғимараттарды бұзу, тонаушылық пен зорлық-зомбылықтарды көрсету сияқты кез-келген террорлық әрекеттер қатаң сынға ұшыраған. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – экстремистердің өздерінің қатарларына қосылмағандарды күпірлікпен айыптап, олардың қанын төгуге болатындығы жөніндегі сенімдерін жоққа шығару болып табылады.
Тағы сол сияқты 2010 жылы наурыз айында Туркиядағы Мардин қаласында өткен халықаралық діни конференциясында «Мардин декларациясы» қабылданып, онда дүниежүзінен жиналған ислам ғалымдары діни-милитаристік мазмұндағы «жиһадқа» қатысты таралған пәтуаларды қазіргі заманның қалыптасқан жағдайына сәйкес еместігін жариялады. Аталмыш конференцияда ислам ғалымдары «Дар-уль-харб» (соғыс аймағы) және «Дар-уль-ислам» (мұсылман ел) ұғымдарын талқылап, 13 ғасырда өмір сүрген Ибн Таймияның жиһадқа қатысты шығарған пәтуалардың қолданылуы дұрыс еместігі туралы шешім қабылдаған.
Жиһадистік күштердің Кавказ елдерінде белсенді әрекет етуіне орай, 2012 жылы Мәскеуде өткен халықаралық діни конференцияда «Жиһад, такфир және халифат мәселелері жөніндегі діни декларация» қабылданды. Әлемдік деңгейдегі беделді ислам ғалымдары жиналған бұл конференцияда жиһадқа қатысты дұрыс әрі толыққанды түсіндірмелер жасады.
Декларацияның мазмұны «Жиһад халықтарды көпшілік болып Аллаға сыйынуға үндеген. Жиһад еш уақытта халықтарды қанауға немесе табиғи байлықтарды тонауға бағытталмаған» деген сөздермен басталған. Бұл құжат діни-экстремистік және террористік ұйымдар таратып жатқан бұрмаланған идеяларға қарсы, діни тақырыптағы әр түрлі даулы сұрақтарға бағытталған беделді ғұламалардың жауабы болып табылады.
Қазіргі таңда халықаралық терроризмге қарсы тұру, әрі экстремистік идеологияның таралуына тосқауыл қою мәселесінде дәстүрлі дін өкілдері, дінбасылардың өздері белсенділік танытып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған басты күшке айналып жатқандығына куәміз.
Бүгінгі таңдағы жихадизм мен терроризм проблемаларына қарсы тұруға еліміздің әрекеті мол. Қазақстан елінің діни жағдайы қарқынды түрде реттеліп келе жатқан бұл заманда, ұлттық мұрамыз бен дәстүрлі дінімізді ұстану арқылы халқымыз ішінде ынтымақты сақтау мақсатында ҚР Дін істері агенттігі ағымдағы жылдың өзінде 6 ірі республикалық форум өткізіп үлгерді. Әйгілі ислам ғұламалары мен әлемнің түрлі елдерінен келген дін саласындағы белсенді де беделді сарапшылар қатысқан бұл форумдар:
– «Дін және әйел» тақырыбында – Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларында;
– «Таблиғи жамағат – елге жат ағым» тақырыбында Жамбыл облысында;
– «Жастар және дін» конференциясы мен «Жастар экстремизмге қарсы» жастар акциясы Атырау қаласында;
– «Ислам терроризмге қарсы» атты республикалық конференция Көкшетау қаласында;
– «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің бірі» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция Жезқазған қаласында өткізілді.
Ал Ақтау қаласында үстіміздегі жылдың 21-маусымында «Ислам және жиһадизм» атты конференция өтіп, аталмыш тақырыпқа қатысты тиісті қарар қабылданды.
Аталмыш тақырыптарда өткізілген бұл іс-шаралардың мақсаты сол аймақтардағы туындалған діни негіздегі проблемаларға тосқауыл қоюға бағытталған. Сондықтан да, соңғы уақытта Жезқазған қаласында тарала бастаған такфирші ағымдардың, сондай-ақ еліміздің батыс аймағында пайда болған «жихадистік» топтардың көбеюіне жол бермей, жалған діни ағымдардың идеологиясын сынға ұшыратып, халыққа зиян екендігін айқын түрде көрсету үшін бұл конференцияларға әлемдік деңгейдегі дін ғалымдары арнайы шақыртылып, олардың көзқарастары отандық ақпарат арналарында таратылды.
Ақтауда өткен «Ислам және жиһадизм» атты конференцияда Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф үстіміздегі жылдың аяғына дейін еліміздің басқа аймақтарында да Қазақстан қоғамын нығайтуға, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеуге, қоғам мен жеке тұлғалардың жалған діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған бұқаралық және саяси маңызы зор іс-шараларды өткізу көзделіп отыр, дей келе, сөзінің соңында Мемлекет басшымыздың діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізу бойынша біздің алдымызға қойған міндеттерін тиімді түрде орындау үшін Дін істері агенттігі қызметінің алдағы уақытта бұрынғыдан да жоғары қарқынмен жалғаса беретінін атап өтті.
Қазақстан халқы көпұлтты және поликонфессиялы ерекшеліктеріне қарамай, діни негізде төзімділік танытып, бір-бірімен бейбіт өмір сүрген халық. Ол өз келешегінің жарқын болуына, әлбетте, сеніммен қарайды.
М.Ж. Муслимов
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы
Abai.kz
http://abai.kz/node/40103