Жихад мәселелеріне қатысты дұрыс түсініктемелер беру қазіргі дәуірдің ең көкейкесті мәселелерінің біріне айналды. Өйткені, бұл мәселелерді дұрыс түсінбеудің салдарынан мұсылмандардың арасында түрлі бүліктер шығуы мүмкін. Сондықтан, бұл мақалада қысқаша болса да, «Жихад» мәселелерінің негіздік шарттары туралы түсініктемелер беру мақсат етілді. Жихад сөзінің тілдік мағынасы – бір істі ынта-жігермен орындау, орындауға барынша тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.
Ал, шарғи мағынасы «Аллаһ тағала (Құран арқылы) бұйырған нәрселерды орындауға шақыру (дағуат ету) және қайтаруға бұйырған (Құран тыйым салған) нәрселерден қайтаруға шамасы жеткенінше күш-қуатын, бар жігерін салып әрекеттену. Бұл айтылғандар жихад сөзінің қысқаша мағынасы ғана. Ендеше, бір амалдың жихад болып табылуы үшін, оған қойылатын бірқатар шарттар бар болып, сол шарттардың барлығы табылған жағдайда ғана ислами жихад болып табылады, әйтпесе жоқ. Ал енді, жихадты «шамасы жеткенінше» орындауға міндеттелудің себебі, пендеге оның шамасы жетпейтін нәрсе (іс, амал) бұйырылмайды.
Бұған Бақара сүресінің 286– аятындағы: «Аллаһ ешбір жанға оның шамасы келмейтінді (қиын істі құлшылық амалы ретінде) міндеттемейді (бұйырмайды)»- деген үкім дәлел. Осы үкімге байланысты біздің ақиданың ғұламалары: «Пенде өзінің шамасы жетпейтін—оған міндеттелмеген амалды өзіне-өзі міндеттеп алуы дұрыс емес»- деп фәтуа берген. Демек, жихад дегеніміз әрбір пенде өзінің шамасы жеткенінше «Аллаһ тағала бұйырған нәрселерге шақыруға, үгіт-насихат жасауға және қайтаруға бұйырған нәрселерден қайтаруға (үгіт-насихат, ескерту жасауға) күш-қуатын салып әрекеттенетін құлшылықтың бір түрі.
Мұндай әрекет тек Аллаһ ризалығы үшін болған да ғана ислами жихад болып табылады. Мұндай күрес ешқашан пенденің жеке мүддесін көздемейді.Ал егер, пенденің әрекеті адамдардың жеке мүдделері үшін, мал-дүние арттыру, атағын шығару, өзгелердің жер-суын тартып алу, өзгелерді өзіне бағындыру немесе өзінің саяси мақсаттарын іске асыру, тағы да осылар сияқты адамдардың немесе топтардың жеке мүдделерін амалға асыру үшін болса, ол күрес ислами жихад емес, керісінше шайтани күрес болып табылады.
Ислами жихад Аллаһ тағаланың ризалығын табу үшін атқарылатын құлшылық амалдарының бір түрі болғандықтан намаз, ораза, қажылық және басқа да құлшылық амалдары сияқты оның да өзіндік қағидалары мен шарттары бар. Міне осындай қағидалар мен шарттары түсінуде түрлі мазһабтардың ғұламалары арасында пікір қайшылықтары болған, әрине бұл заңды жағдай. Сондықтан, бұл мақалада өз мазһабымыздың ұстанымын келтіруден бастадым. Негізінде, жихадтың ең бірінші шарты ел аумағына жау әскері басқыншылық шасап келген жағдайда, оған қарсы күреске аттану.
Жихадтің бұл түрі – әрбір бәлиғат жасына толған ер кісіге парыз болатын міндет (парыз айн). Ал бейбітшілік кездегі жихад – бұл Аллаһтың дінін тәрғиб ету (бейбіт жолмен үгіт-насихат жүргізу) арқылы адамдарға жеткізу. Егер осы – ұлық істі атқаруға қандайда қарулы қарсылық болмаса, онда қылышпен хихад жасауға қажеттілік болмайды, өйткені бұған себеп жоқ. Ал егер, осы – ұлық істі атқаруға белгілі бір қарулы қарсылық пайда болса, онда қылышпен жихад жасау қажеттілігі туындайды (егер бұған құдірет жететін болса), өйткені бұған нақтылы себеп бой көрсетті. Бірақ, мұндай жағдай қалыптасқанның өзінде де, дереу қылышқа жүгінуге рұқсат етілмейді.
Себебі, қылышпен жихад жасауды парыз ететін бірнеше қосымша шарттар бар, әне сол шарттардың барлығы түгел табылған жағдайда ғана қылышқа жүгіну парыз болады. Ал егер қосымша шарттардың барлығы немесе біреуі түгел болмаған жағдайда қылышқа жүгінуге рұқсат етілмейді. Енді осы шарттарды қысқаша атап өтеміз: Демек: Мұсылмандар Аллаһтың діні үстем болуы үшін Құранды (Ислам дінін) бейбіт жолмен тарғиб ету (уағыздап-насихаттау) кезінде қарулы қарсылыққа ұшыраса, сол қарулы қарсылықты тоқтату үшін, (жиһадқа қатысты барлық шарттар болған жағдайда) оның баламалында қарсы күш қолданулары – қорғаныс мақсатында қылышпен жиһад жасау болып табылады.
Жиһадтың бұл түрі төменде көрсетілген шарттардың барлығы түгел қамтылған жағдайда ғана парыз кифая болып саналады. Ал егер аталған шарттардың небәрі біреуі жоқ болса немесе біреуіне қайшы келсе, онда ол Аллаһтың жолындағы жиһад болып есептелмейді. Ол шарттар мыналар: 1) Ел аумағына жау әскері шабуыл жасаған кезде, елді қорғау парыз айн болатындығы туралы пікір қайшылығы жоқ.
Ал екінші жағдайда, жиһад мұсылмандардың әміршісінің (патшасының мейлі ол салиқалы болсын немесе пасық болсын) басшылығымен, яки ол тағайындаған қолбасшының басшылығымен жүргізілуі шарт. 2) Жихад жүргізілетін ел аумағының шекаралас болуы. Бұл туралы аяттарда дәлелдер келген. 3) Екі арада соғыспау туралы келісім-шарттың жоқ болуы. Егер екі арада соғыспау туралы келісім-шарт жасалған болса, ол елге қарсы қылышпен жихад жасау шариғат тұрғысынан заңсыз болып есептеледі. Қазіргі дәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болған барлық елдер бір-біріне қарсы соғыспау туралы келісім-шарт жасаған елдер болып саналады. Міне осы тұрғыдан қарағанда, бір елдің екінші бір елге соғыс бастауы шариғат тұрғысындағы ислами жихадтың қатарына (санатына) жатпайды.
4) Жихад жүргізілетін елдің аумағында бірде-бір азан айтылатын мешіттің болмауы. Бұл шарт сахих риуаяттарға негізделген. Сондықтан, қайсы бір елдің аумағында азан айтылатын небәрі бір ғана мешіттің болуы – ол елге қарсы қылышпен жихад жасауды шариғат тұрғысынан заңсыз етеді. 5) Мұсылмандардың күш-құдіреті (қару-жарақ, азық-түлік және басқа да қажетті жабдықтардың) жихад жүргізуге жеткілікті болуы. 6) Жүргізілетін жихад жалпы мұсылмандарға тек қана игілік әкелетін және ешқандай зиян келтірмейтін болуы.
7) Осы аталған шарттардың барлығы түгел болған кездің өзінде, қарсылас жақпен келіс-сөз жүргізу шарт болады. Егер келіссөздер ешқандай нәтиже бермеген жағдайда ғана қылышқа жүгінуге (күш қолдануға) рұқсат беріледі. Сөйтіп, осы аталған шарттар түгел болған жағдайда ғана Ислам дінін тарғиб ету кезіндегі қарулы қарсылықты жою үшін, сол қарсылықтың баламалында қарсы күш қолдану – парыз кифая болып табылады.
Сондай-ақ, бұл аталғандарға қоса жихадтың әдептеріне де қатысты шарттары болып, жихад ислами әділеттілік негізінде жүргізіліп, өшпенділік пен зұлымдыққа жол берілмеуі шарт, яғни: 1) Өзіңе қарсы шабуыл жасайтындығы анық-айқын болған дұшпанға ғана қарсы соғыс тәсілдерінің заңдылығына байланысты бірінші болып шабуылға шығуға рұқсат беріледі. 2) Зұлымдық жасауға жол бермеу, яғни жауынгерлік жасынан өткен қарттарды, әйелдерді, жас балаларды, құлшылық орындарында (шіркеулер мен синагогаларда) тұрған басқа дін өкілдерін (діни қызметшілерін) өлтіруден қатаң тыйылу. 3) Тұтқынға түскендерді азапқа салмау.
4) Өліктердің денелерін, тіпті ол дұшпан әскерінің денесі болса да оны қорламау, яғни көздерін ойып, мұрындарын кесіп, денелерін тілгілеп қорлауға жол бермеу. 5) Өсіп тұрған ағаштарды қырқудан, егін алқаптарын өртеуден-жойқандаудан, шаруа малдарын өлтіруден, тұрғын үйлерді, ғибадатханаларды қиратудан тыйылу. Қорытынды түсінік: Оқырманымызға жихад мәселесі одан әрі түсінікті болуы үшін, жоғарыда аталған шарттарды қазіргі кездегі жағдайларға салыстырып қорытынды шығарамыз: Алдымен ең басты шарттарға қатысты бірінші сұрақ: Біздің еліміздің аумағына жау әскері басқыншылық шасап келген жағдай бар ма? Жауап: Аллаға шүкір, ондай жағдайдан аулақпыз.
2. Біздің елде немесе бізбен шекаралас көрші елдерде Құранды, яғни Ислам дінін тарғиб етуге (бейбіт жолмен кеңінен уағыздап дағуат жасап жұртқа жаюға) қарсы қарулы қарсылық бар ма? Жауап: Ондай қарсылық біздің елде де, бізбен шекаралас көрші елдерде де жоқ. Қорытынды: Олай болса, біздің елде де, бізбен шекаралас көрші елдерде де қылышпен жихад жасауды парыз ететін негіз жоқ. Сондықтан, бұл елдерде тек бейбіт жолмен уағыз-насихаттар жүргізу арқылы бейбіт түрде жихад жасау ғана парыз айн.
Міне, осыдан соң, жоғарыда аталған қосымша шарттарды қарастырып отыруға орын қалмайды, өйткені басты шарттар болмағаннан соң қосымша шарттар да болмайды. Енді осы мәселеге қатысты туындаған тағы бір қайшылықты, яғни «мұсылмандардың әміршісі» туралы мәселені түсінудегі қайшылықты қарастырып көреміз: 1) Біздің мазхабымыздың ұстанымы бойынша: Жихад мұсылмандардың әміршісінің (ел патшасының мейлі ол салиқалы болсын немесе пасық болсын) басшылығында, яки ол тағайындаған қолбасшының басшылығында ғана жүргізілуі шарт. Бұлардан басқа ешкім қылышпен жихад жасауға бұйрық та, рұқсат та бере алмайды.
Бұл дегені, ел тізгіні қолында болмаған адамның қылышпен жихад жасауға шақыруы шариғат тұрғысынан заңсыз болып табылады. 2) Енді осы мәселеге қатысты сәләфилердің ұстанымын келтірер болсақ, олар былай деген (дәйек сөз): «Сондай-ақ, әмір дегенде бүкіл мұсылмандардың патшасы немесе халифасы туралы сөз болып тұрған жоқтығын атап өту кажет. Шейхул-Ислам Мухаммад ибн Абдул-Уаххаб: «Барлық мазхабтың имамдары қаланы немесе қалаларды алған адам барлық нәрседе әмір (билеуші) болатынына бір ауызды келіседі.
Егер осылай болмағанда дүниеде тәртіп болмас еді, өйткені имам Әхмәдтің кезінен бері бүгіңгі күнге дейінгі ұзақ уақыт ішінде адамдар бір әмірдің (патшаның) қоластында біріккен жоқ. Және қандай да бір бұйрық тек қана жалпыға ортақ әмір арқылы күшінде болатындығы туралы қандай да бір ғалым айтып өткені белгісіз»- деген (дәйек сөз аяқталды).
Түсінік: Мухаммад ибн Абдул-Уаххабтың: «Барлық мазхабтың имамдары қаланы немесе қалаларды алған адам барлық нәрседе әмір болатынына бір ауызды келіседі» деген сөзінде кемшілік бар, яғни біздің мазһаб ғұламаларының ұстанымы бойынша «әмір» дегенде ел патшасын немесе ол тағайындаған қолбасшыны түсінеміз. Ал Мухаммад ибн Абдул-Уаххабтің түсінігі бойынша кезкелген топ бір қаланы алса болғаны, топтың серкесі «әмір» саналып барлық нәрседе әмір (билеуші) болады. Бұл ұстаным кезкелген топтардың өз қалаулары бойынша қарулы әрекеттерге бара берулеріне даңғыл жол ашады.
Сондықтан, мұндай ұстаным Мухаммад ибн Абдул-Уаххабтің өзі айтқан: «Егер осылай болмағанда дүниеде тәртіп болмас еді»- деген сөзіне мүлдем қайшы екендігін көрсетеді. Өйткені, егер кезкелген топтар өз қалаулары бойынша қарулы әрекеттерге бара беретін болса, қалайша дүниеде тәртіп болуы мүмкін? Расында бұл кезкелген елде бүлік шығуына соқтыратын ұстаным. Сондықтан да, қайбір елге сәләфилік жетіп барса сол елде міндетті түрде бүлік шығады. Қазіргі кездегі жер бетінде мұсылмандар тарапынан болып жатқан террорлық әрекеттердің барлығы Мухаммад ибн Абдул-Уаххабтің осы ұстанымының жемісі.
Сондай-ақ, ол өзінің сөзін дәлелдеу үшін, Исламның алтын дәуірі деп танылған әйгілі төрт Халифаның дәуірінен кейінгі дәуірге қиястап: «имам Әхмәдтің кезінен бері бүгіңгі күнге дейінгі ұзақ уақыт ішінде адамдар бір әмірдің (патшаның) қоластында біріккен жоқ»- деп уәж айтқан. Мұндай тәсілді біздің ғұламаларымыз өрескел қателік деп санайды. Себебі, бұл мәселеге қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде нақты шешімдер бар, сөйтіп Хулафа Рашидиндер де соған орай амал еткен. Осыған байланысты ел патшасы өзі «әмір» болып табылады, сондай-ақ оның жорыққа әскер атандыруға және сол әскерге қолбасшы етіп «әмір» тағайындауға құқығы бар. Сондықтан, ел патшасынан басқа кезкелген адамның өзбетімен өзін-өзі «әмір» деп жариялауға құқық берілмейді.
Сондай-ақ, заңды патшалардың өзіне де, жоғарыда келтірілген шарттардың барлығы түгел болмаған жағдайда жихад бастауына рұқсат берілмейді. Міне осыдан, бұл аталған шарттар кейбір экстремистік ұстанымдарды алға тартатындардың: «үнемі, үзіліссіз түрде жихад жүргізу қажет» деген пікірлерінің мүлдем қате екендігін, сондай-ақ олардың сөздеріне еріп лаңкестік әрекеттерге қол ұрған кейбір жастардың алданып қалғандықтарын көрсетеді. Олардың «жихад жасадық» деп ұрынған лаңкестік әрекеттері жоғарыда келтірілген ислами жихадтың бірде-бір шартына сай келмейді, керісінше олардың бәріне қайшы.
Сондықтан, олардың «жихад жасадық» дегендері – жихад емес, керісінше бейбіт елге қарсы жасалған қарақшылық әрекеті болып табылады. Ал, шариғатта қарақшылық амалына қатысты қатаң жазалар белгіленгендігі мәлім. Өкінішке орай, кейбір жастарымыз шариғаттың осындай қағидаларын білмегендіктерінің салдарынан, шеттен сұғылып келген адастырушы топтардың ықпалына түсіп қалып, өзері де адасып, өзгелердің де адасуларына себеп болуда.
Сөзімнің соңында, сондай жастарымызға, сондай-ақ барша бауырларымызға, шеттен келген түрлі адастырушы топтардың үгіттерінен алыс болу, әрбір адамның өзіне – бұл дүниесі үшін де, ахиреті үшін де қайырлы болатындығын айтқым келеді. Лайым, Жаратқанның өзі сол адасқан топтардың жамандықтарынан аман сақтағай, әмин.
Оразбай Зәріпбай Жұманұлы.