Осы орайда террор мен жиһад түсініктерінің ара-жігін ажыратып алған жөн болар. Соңғы кезде соғыс деген нәрсе дүние жүзінде азайды. Адамдар осы тажалдан құтылып, бүкіл әлемде бейбіт өмірдің болуын меңзейді. Алайда, оның есесіне лаңкестік, яғни баршаға мәлім террор пайда болды.
Бір жерде жарылыс, лаңкестік әрекеттер орын алса, ең алдымен Батыс, содан соң Еуропа елдері “ислам экстремизмі!”, деп дүр ете түседі. Оны ұйымдастырған Хизб-ут-Тахрир немесе әл-Қаида болса, барлығын жасаған мұсылмандар деп жала жабады. Осы орайда террор мен жиһад түсініктерінің ара-жігін ажыратып алған жөн болар.
Террор сөзі – “қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қаймықтыру” дегенді білдіреді. Террор – жұртты қорқыту арқылы қоғам мен тұлғалардың психологиясына соққы беру әрекеті. Кейінгі кезде бұл сөз қоғамда көп қолданылатын болды. Бірақ мамандар әлі күнге дейін террорға ортақ түсінік бере алмай келеді. Террордың ең басты ерекшеліктерінің бірі нысанасын кездейсоқ таңдап алатыны. Бұл үрейдің шапшаң таралуына мүмкіндік береді.
Терроризмнің пайда болу уақытын кейбіреулер б.з.д. 44 жылы Цезарьды өлтірген жыл деп есептейді. Ал ислам мен түрік тарихында терроризмнің алғашқы пайда болуын түрік қағандары мен хандарының заманына, пайғамбарымыздың өлімінен кейінгі уақытқа жатқызуға болады. Түрік қағандары мен төрт халифаның үшеуі (Омар, Осман және
Әли) террористердің қолынан қаза тапқан.
Терроризмнің, яғни лаңкестіктің басқа қылмыстардан айырмашылығы – оның мейірімсіздігі, қатыгездігі және қиратушы күшінің шексіздігі. Лаңкестік – саяси-идеологиялық мақсаттарға жету үшін жүйелі түрде халықты қасақана, жасырын түрде өлтіру арқылы қорқыту. Басқаша көзқараспен қарағанда, ол – дәстүрлі саяси қылмыстардан өзгеше, соғыс қағидасына бағынбайтын, жүйелі және ұйымдасқан түрде бейкүнә, жазықсыз кісілерді тектен текке өлтіру, тұтқындау, үркіту.
Лаңкесші ұйымдардың мақсаты – мемлекеттік жүйені құлатып, өз биліктерін орнату.
Лаңкесшілер өздерін белгілі бір елді, халықты қорғайтын қаһармандар деп санайды. Сондықтан олар өздерінің “әділетті” биліктерін орнатуды мақсат етеді. Алайда, жазықсыз адамдарды, оның ішінде ешкімге де жамандығы жоқ пәк сәбилерді өлтіру арқылы билікке жеткен ұйымдар қалайша әділ бола алады? Билік басында лаңкесші адам отырса, оның Гитлерден, Сталиннен, Мусоллиниден қандай айырмашылығы бар? Әлбетте, ондай елдің халқын қорқыныш пен үрей жаулап алады.
Экстремизм – өте күрделі қоғамдық-саяси құбылыс
Экстремизмнің негізгі объектілері – өмір, денсаулық және адамдардың бостандығы. Ол бүкіл адамзатқа және қоғамға қауіпті. Экстремизмнің философиялық және саяси әдебиеттерде анықтамасы жоқ.
Жиһадтың сөздіктегі аудармасы күрес деп берілген. Аталмыш сөздің түбірі болатын жәһәдә етістігі белгілі бір нәтижеге жету үшін қажыр-қайратыңды салу, күш-жігеріңді сарп ету, тырысу, күресу деген мағыналарды береді. Осыдан жиһәд сөзі пайда болады, оның мағынасы жоғарыда айтылды. Жиһадты көбінесе “ислам жолындағы кәпірлерге қарсы ұлы соғыс” деп түсіндіреді. Әлбетте бұл толық түсінік емес, сөздікте ұлы соғыс “жиһәд фи сәбилиллә” деп берілген. Оны сөзбе-сөз аударғанда Алла жолында күш-жігеріңді салу, тырысу деген мағынаға ие болады. Арапша соғыс сөзі “харб”, “мухәрәбә”, “мәғрәқә”, “қитәл” болады.
Шын мәнінде жиһад сөзінің ауқымы кең. Жиһад, ең алдымен, күресу мағынасында келгендіктен, бұл күрес мұсылман үшін Алла жолындағы, Алланы тануға бөгет болатын нәрселермен күресті білдіреді. Көріп отырғанымыздай, “жиһад” ешбір жерде соғыс мағынасын бермейді. Тек қана күрес.
Алланың разылығы үшін жасалған игі істердің барлығын жиһадтың қатарына қосуға болады.
Күн сайын бес уақыт намаз оқу, күннің қақаған суығы мен шыжыған ыстығына қарамастан ауыз бекіту, жауыңмен адал болу, исламды насихаттау, әділетті болу, өтірік айтпау, сабырлы болу, таңның атып келе жатқан кезінде ең тәтті ұйқыны бөліп, таң намазын оқу, т.б. Өйткені, адамның Алла жолында игі іс істеуіне әрдайым шайтан бөгет болады. Ал шайтанның жетегінде кетпей, Алланың бұйырғанын істеу – тырысу, шайтанға төтеп беру – күресу. Жоғарыда айтылғандай, тырысу және күресу сөздерінің арабшасы – жиһәд.
Пайғамбарымыз (с.а.с) бір уақытта соғыстан келіп, сахабаларына “біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық” деген екен. Сол кезде сахабалары “Уа, Расулулла, “үлкен жиһад” деген не?” – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с) “ол – өз нәпсіңмен күрес”, – деп жауап беріпті.
Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: “Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші” деген.
Жиһад – қару алып соғысқа шығу ғана емес. Әр мұсылман жиһадты өз басынан бастауы керек. Бұл күрес – нәпсіңді тыю, сауатсыздықпен күресу, тәкаппар болмау, дөрекіліктен ажырау және адамның басқа да исламға тұрпайы келетін мінез-құлқымен күресу, яғни оны жою, керісінше көркем мінезді болу. Пайғамбарымызға (с.а.с) еліктеу.
Осы орайда бір мысал келтірейік. Кімде-кім жерден ақша немесе бір бағалы зат тауып алса, оны тығып, өзінің игілігіне жаратуға тырысады. Ал оның орнына иесін тауып алып, жоғалтқан затын қайтарып беруге екінің бірі бара бермейді. Өйткені, адамды осы амалға шайтан азғырады. Ал Алла тағала болса, тауып алған нәрсені иесіне қайтарып беруді бұйырады. Осы игі істі Алла тағаланың разылығы үшін жасаған адам шайтанға тойтарыс беріп, нәпсісімен күреседі.
Жиһад – Алла тағаланың жолындағы күрес. Ал күрес кезінде қан төгілмесе, нұр үстіне нұр болады. Өйткені, Алла тағала адам өлімін қаламайды. Құран Кәрімде адам өлтіру туралы былай делінген: “Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін харам еткен (тыйым салған) кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады. Қиямет күні еселеніп азап болады.
Олар онда зар болып, мүлде қалады”. Фурқан сүресі, 68-69-аяттар.
Раббымыздың жіберген соңғы діні исламның өзі арабшадан аударғанда мойынсұну, құдайға табыну деген мағыналарды береді. Оның түбірі “салам” – бейбітшілік, қауіпсіздік, сәттілік. Яғни, исламның негізі – бейбіт өмір, қауіпсіздік, Алла тағалаға мойынсұну.
Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистерінде әрдайым зұлымдық еткен болса да, туыспен, мушрик туыспен де жақсы қарым-қатынаста болып, оған сыйлық беруді, басқа дінде болған адамдармен де жақсы араласуды, олармен мәдениетті болудың маңыздылығын айтқан.
Алла тағала адамға қиянат жасамауды бұйырады. Басқа дін өкілдерінен немесе кәпірлерден қауіп төнбесе, мұсылман адам бірінші болып оларға қарсы қару қолданбақ былай тұрсын, балағат, лағынет сөйлемеуі керек. Ондай әрекетке барған адам күнәға батады. Алла тағала жақсылыққа жақсылықпен жауап беруді, кешірімді болуды бұйырады. Адам мұсылман болмаса да, онымен адал болу – әр мұсылманның парызы. Алла тағала себепсіз қан төгуге, адам өлтіруге тыйым салған. Адам тұрмақ, жан-жануарды, тіпті жәндіктерді себепсіз өлтіруге тыйым салынған.
Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай өзгеріп тұрады. Хазіреті Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарлығының алғашқы үш жылдығында исламды жасырын насихаттады. Өйткені, ол кезде жаңа дінді ашықтан-ашық насихаттаған жағдайда халық оны қабылдамақ түгіл жаңа дінді насихаттаушы адамды өлтіріп тастаушы еді. Осы кездегі мұсылмандардың жиһады Пайғамбарымызбен (с.а.с)жасырын кездесіп тұру еді.
Мұсылмандардың қатары көбейіп, пайғамбарлықтың төртінші жылынан бастап ислам ашық насихаттала бастады. Осы уақытта мүшріктер мұсылмандарды келекелеп, мазақтап, қиындықтарға душар қылды. Пайғамбарымыздың (с.а.с) үстіне түйенің нәжісін төкті. Осы қиындықтарға төзген Пайғамбарымыз (с.а.с) бен сахабалар оларға қарсы соғыс жариялаудың орнына сабыр етіп, Алла тағаладан олардың күнәларының кешірілуін сұрады.
Мүшріктерден азап көрген мұсылмандарға пайғамбарымыз (с.а.с) Эфиопияға көшуді бұйырды. Осы кезде мүшріктер айлаларын асырып, мұсылмандарға сауда-саттық жасауға тыйым салды, оларды қоғамнан бөлектеді. Аш-жалаңаш қалған мұсылмандар сабыр сақтап, табандылық көрсетті. Осы уақытта Пайғамбарымыздың (с.а.с) алғашқы жары Хадиша анамыз мұсылмандарға көмек көрсетіп, өз байлығын бөліп беріп, яғни Алла жолында жиһад жасады.
Күннен күнге азып бара жатқан мүшріктер мұсылмандардың жүріп-тұруына, құлшылық-ғибадаттарын еркін атқаруға тосқауыл болған кезде мұсылмандар Медине қаласына көшіп кетті. Мүшріктер олардың мүліктерін тонады. Медине қаласының маңынан өтіп бара жатқан мүшріктерден мұсылмандар өз мал-мүліктерін алуға ниет қылды, бірақ мүшріктер олармен соғысуды қалады. Сол кезде Алла тағала соғысуға рұқсат беріп, мына аят жолдарын жіберді: “Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға (мүшріктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте Алла тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек “Раббымыз – Алла” дегендері үшін отандарынан қудаланды…” Хаж сүресі, 39-40-аяттар.
Яғни, мұсылмандарды әбден азаптап, мал-мүліктерін тонап, отандарынан қудалаған мүшріктерге қарсы соғысуға Алла тағала он бес жылдан кейін ғана рұқсат берді.
Алла тағала мүшріктерге тәубеге келуге осыншама мол уақыт берді, ал мұсылмандардың сабыр етулерін қалады. Ұлы Раббымыз мүшріктердің азғындығына қарамастан, оларға мейірімін төкті, жаман пейілдерінен қайтуға мүмкіндік берді. Алла тағала мұсылмандарға қылыш алып, мүшріктерді өлтіруді қалаған жоқ.
Өйткені, оларды өлтірген жағдайда кәпірлер тозаққа түсер еді, ал тәубеге келіп, исламды қабылдаған кәпірдің күнәсін Алла кешіріп, шапағатына бөлер еді. Әлбетте, осының екіншісі абзал, себебі, ондай жағдайда мұсылмандардың қатары көбейеді.
Қару алып жиһадқа шығу тек отаныңа, отбасыңа және басқаға қауіп төніп тұрған кезде ғана болады. Исламда қару алып соғысуға мынадай жағдайда ғана рұқсат етіледі:
1. Отбасын, отанын, елін-жерін қорғау үшін. Бұл жайында Құран Кәрімде мынадай аят жолдары бар: “Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Алла тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді”.
2. Өзіңе қарсы шабуыл жасамақшы болғандарға қарсы бірінші соғысу.
3. Жазалау мақсатында соғысу.
4. Зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында соғысу.
Хазреті Пайғамбарымыз (с.а.с) барлық соғыстарында осы жағдайларға ғана бағынып отырған.
Ел аман, жұрт тынышта болсын, соғыс жағдайында болсын, исламда жас балаларды, соғысқа қатыспаған қарттарды, дін өкілдерін өлтіруге жол берілмейді. Әйелдерді зорлап, мал-мүлікті талан-таражға салып елді тонау, үйлерді, кітапханаларды, өзге дін ғибадатханаларын өртеп, қиратып кетуге, малдарды өлтіруге, өлі әскерлердің денесін кесіп, көзін ойып тастау сияқты жабайы әрекеттерге баруға да қатал тыйым салынады.
Пайғамбарымыз (с.а.с) өзіне қарсы соғысып жатқан жауды ешқашан қарғаған емес, керісінше Алладан олардың күнәларының кешірілуін сұраған.
Ислам діні ұлтқа, нәсілге бөлінбейді, тіпті басқа дін өкілдері мен кәпірлерді де татулыққа, бірлікке үндейді. Ислам діні қатыгездік, имансыздық, қорлық сияқты нәрселермен күреседі. Жиһадтың негізі осында.
Терроризм мен жиһадты салыстыратын болсақ, ол екеуінің айырмашылығы жер мен көктей екенін көреміз. Терроризм – бейкүнә адамдарды өлтіру, қорқыту. Оның ішінде кішкентай сәбилер де, ешкімде жазығы жоқ дін өкілдері де, қарттар да бар. Яғни, бұл –адамдарды жаппай өлтіру. Лаңкестік қатыгездіктің қайнар көзі, мәселелерді сауатты, дипломатиялық жолмен шеше алмаудың жолы. Мәселені шеше алмау – білімсіздік.
Ислам – бейбіт өмірдің, достықтың, адамгершіліктің, ынтымақтастықтың, адамдарға деген сүйіспеншіліктің, сый-сыяпат пен құрметтің, білімге құштарлықтың, қараңғылыққа қарсы күрестің қайнар көзі. Лаңкестік – қатыгездік, ал оның пайда болу себебі – білімсіздік болса, жиһад – қатыгездікпен, білімсіздікпен күрес. Сондықтан жиһад пен лаңкестікті бір нәрсе деп қарастыру дұрыс емес. Өйткені, қатыгездік пен онымен күрес екі түрлі нәрсе. Сондықтан ислам терроризмі, ислам экстремизмі деген түсінік мүлдем дұрыс емес. Ислам террор мен экстремизм ұғымдарына жат нәрсе. Олар ешқашан қатар айтыла алмайды. Ал ислам атын жамылған Хизб-ут-Тахрир, әл-Қаида сияқты ұйымдар мұсылмандық бола алмайды.
Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: “Кімде-кім біздің қарамағымыздағы зиммиді өлтірсе, жәннаттың иісін де татпайды” деген. Зимми деген мұсылман өлкесінде келісім бойынша тұрған басқа дін өкілдері. Бұл хадистен анық болатыны сол – адамды Алланың рұқсатынсыз өлтірген мұсылманның орны – тозақ, яғни ол адам мұсылман емес. Олай болса, олардың ұйымдарын да исламға қатысты айту қате.
Алла тағала Құранда: “Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!” деген. Ниса сүресі, 29-аят. Исламда өзіне-өзі қол жұмсау – үлкен күнә. Ондай күнәні жасаған адам тікелей тозаққа түседі. Оның жаназасы шығарылмайды. Ал терроршылар өздерімен қоса жазығы жоқ адамдарды да өлтіреді. Оның ішінде кішкентай балалар да болуы мүмкін. Сондықтан бұл адамдар өте үлкен күнәға батады. Жиһадтың мақсаты – нәпсіңмен күресу, адамдарды бірлікке шақыру, отаныңды, үмметіңді қорғау, күнәдан арылу.
Шыңғыс БЕГІМТАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ жанындағы Еуразия
байырғы түркі жазбаларын
зерттеу орталығының
кіші ғылыми қызметкері.