Иман мен көркем мінез әрқашан да адамды ақиқатқа жетелейді. Абайдың қара сөз бен өлеңдерін терең барлап қарасаңыз, оның осы ақиқатқа шақырғанын – діттеген межесі мен аңсаған арманы осы екенін аңғарасыз. Сол себепті Абай әуелі иман, дейді. Абайда иман – Аллаһтың ғайыпсыз бірлігіне, барлығына және Хазіреті Мұхаммед арқылы жіберген жарлығы мен білдіргеніне мойын сұнып иман ету. Яғни, Ұлы Жаратушының ешқандай серігі болмағанына, оның жалғыз екеніне, бастауы мен соңы болмаған, мәңгі бар екеніне, одан әрі өз елшісі арқылы бізге кітап жібергеніне қалтқысыз сену. Бірақ, Абай иманды екіге бөледі.
Бірі – яқини иман, бірі тақлиди иман. Абайша яқини иман – сенетін нәрсеге санасыз сезіммен емес, ақылдың таразысына салып, саралап, қабыл ету. Бұл жерде яқини иманды кеңірек аша кетейік. Яқини иман – иманның негіздерін терең танып, іштей сезіну және оның адам болмысымен тұтасқан мағрипат шыңына жету. Яқинның ең азының өзі жүректі нұрға қарық етіп, көңілдегі күллі шек пен шүбәлардың тұманын әп-сәтте сейілтіп, жанның ішкі әлемін бейне бір көктем келгендей шаттыққа кенелтіп, жұпар шашады. Кейбір Құран аяттарында айтылғандай, яқин үшке бөлінеді: 1 «илма’л-яқин» (ілім) – ап-анық дәлел мен айғақ әлемнің дариясына терең сүңгіп, Ұлы Жаратушының барлығы мен бірлігіне, серік, ортақ атаулыдан мүлдем пәк екеніне көз жеткізіп бұлтартпас дәлелдер арқылы мызғымас сенім мен айнымас айқын шыңына жету. 2. «айна’л-яқин» (анық) – көру, білу, сезу арқылы рухқа талмас қанат байлап самғатып, мағрипат ақиқатына жету. 3. «хаққа’л-яқин» (хақ) – Пердесіз көру шыңы. Яғни, дәлелсіз, пердесіз тікелей ар-ожданға екпіндете келіп, сарқылмас тау суындай сарқыраған және де ішкі-сыртқы сезімдерді түгелдей тұмшалаған мағрипат. Бұл шыңдардың ең төменіне болсын жеткендер «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз еш уақытта жалған болмас» ақиқатын аңғарады. Яғни, Аллаһ хақ, жаратылмаған, тумаған, туылмаған. Және Оның сөзі Құран да хақ. Аллаһ Құран кітабы жайлы «Егер құлымызға түсірген Құранның Аллаһтың сөзі екеніне күдіктерің болса, оның сүрелеріне ұқсас бір сүре жазыңдар. Аллаһтан басқа көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер жаза алмасаңдар ешқашан да (қазір де, болашақта) жаза алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар мен тастардан тұратын кәпірлер үшін жағылған оттан сақтаныңдар»,–дейді (Бақара, 224). Міне, Абай Құранның Аллаһтан Жебірейіл періштесі арқылы жіберілген кітап екенін растайды. Абай әрі қарай «Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес», – дейді. Бұл – Ұлы Жаратушының «жаратылысқа ұқсамау» сипаты. Аллаһтан басқа барлық нәрсе кейіннен жаратылған. Ол затында, сипатында және істерінде ешнәрсеге ұқсамайды. Құранда «Оның теңдесі жоқ», – дейді. Егер Ол кейіннен бар болғанға ұқсаса, өзгеге мұқтаж фәни болмыс болар еді. Бұл – мүмкінсіз нәрсе. Бастауы мен соңы болмаған. Ол ешқашан фәни болмайды. Міне, Абай, «Аллаһ өзгермес», – сөзін қайталауы – осыны айқындаудың нышаны. Сол себепті Абай Ұлы Жаратушының бірлігін жаратылғанның бірлігіне ұқсатпауын баса айтады. Бұл, сірә, Семейге келген миссионер Сергеймен дін жайлы пікір таласқанынан туған сақтығы болса керек. Себебі, «құдай үшеу, бірігіп бұртұтас бір болады, – деген христиандардың негізгі пікірі. Сондықтан Абай «әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды»,– дейді. Бұл жердегі «хадис» сөзі Пайғамбарымыздың хадисі емес, «кейіннен жаратылған нәрсе»,–деген сөз. «Қадим» – Аллаһқа тән сипат. Бастауы болмаған, деген сөз. Яғни, жаратылысқа (хадис) айтылатын бірді бастауы болмаған қадим Аллаһқа лайық етпеңдер. Ол – бір, алқашқы, жалғыз. Бірақ өзіне тән жаратылысқа ұқсамайтын бір. Яғни, Ол – өлшеусіз. Жаратылыс – өлшеулі. Өлшеулі Иса өлшеусізбен бір тұтас бола алмас. Құдай да бола алмас. Абай Аллаһтың заты хақында ойлаудан бойымызды аулақ ұстап, Оның заты емес сипаттары жайлы ойлауға шақырады. Бұл дәл сунниттердің көзқарасы. Иә, Абай дәл Имам Ағзамдардың жолын ұстанып, бізге жол көрсеткен дара тұлға. Егер біз басқаны қойып, баяғыда мектеп пен медресеге Абайдың имандық пікірін енгізгенімізде, сірә, сырттан фанатизим, кришна сияқты вирустар кірмес пе еді, шіркін?! Ештен кеш жақсы демекші, бұл вирустар абайлық антивирустармен тазаланса нұр үстіне нұр болар еді… Абайдың имандық рухы. Өкінішке қарай, кейбір жандар оның сыртқы атмосфералық қабығынан әрі ішкі дәнегіне дендеп, бойлап ене алмаған. Оның жан-дүниесіне тек иманды жан ғана кіріп, кіршіксіз, терең сырын ұға алады.
Абай адамзатты ақиқатты тануға шақырады. Ақиқат – Аллаһ. Ақиқат – әлем мен адамның жаратылыс мақсаты. Құранда Аллаһ «Мен жын заты мен адамзатты өзімді тани отырып өзіме ғибадат, шүкіршілік етсін, деп, жараттым», – дейді. Міне, Абай адамды иманымен Аллаһтың сипаттарын танып, өзін соның сипаттарына ұқсауға шақырады. Ол «өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ», – дейді. Яғни, адамның Оған ұқсауы – Оның ұлылығы мен сипатын жер бетінде таныту, паш ету. Әлемде Ұлы Жаратушының барлық сипаттарының шағылысқан көрінісі бар. Адамда да барлығы бар. Сол себепті адам – кіші әлем. Әлем де – үлкен адам. Яғни, бәрі жұмылып Аллаһтың сипаттарын танытады. Адамның күллі әлемдегі жанды-жансыздан ең басты айырмашылығы – Аллаһ тағаланың сипаттарын жеке өзі таныта алатын қабілетке ие. Бір хадисте «Адам Рахман (Аллаһ) суретінде жаратылған», – дейді. Яғни, Оның сипаттарын танытуға лайық етіп жаратылған. Адамның Аллаһқа ұқсауы – оның заты емес, сипаты. Аллаһ Елшісі бір хадисте былай дейді. «Аллаһтың мінезінен үлгі алыңдар, соның мінезіне ұқсаңдар», – дейді. Кейбір ғалымдар Абайдың бұл сөзі Ислам түсінігіне жат, дейді. Керісінше, өмірдің мән-мағынасы мен астары, түбегейлі тамыры осы терең ұғымда жатыр. Бұл – көркем мінез. Адам рухының сарқылуы мен қоғам қайнар көзінің тартылуының мәні осында. Көркем мінездің әуелінде сүйіспеншілік келеді. Бұл – ғылымнан туады. Аллаһты танығаннан туады. Абай «Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?,– дейді. Сені сүйіп жаратқанды неге шексіз сүймеске?! «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – дейді Абай. Аллаһқа махаббаттың екі тірегі бар. 1. сыртқы махаббат – әрқашан Сүйіктінің ұнатқан істермен шұғылдану. 2. ішкі махаббат – ішкі әлемін Онымен байланысы жоқ нәрселерден мүлдем ада ету. Бірақ махаббат шын да болса әркімнің Аллаһқа деген махаббаты әр түрлі болады. 1. бұл – бір жығылып, бір тұрған жалпының махаббаты. Олар Хақиқи Ахметтің (с.а.с.) көлеңкесінде жақсы нышанды түстер көріп, көкжиектен мағрипаттың арайланған сәулесін көріп тамашалайды. Кейде, арғы жағадағы оттардан қорқып дірілдеп, алыстан қол сермейді. 2. Бұлар махаббат әлемінің көгершіндері болып көрінген жалқының махаббаты. Бұлар әрқашан Құранның ашық аясында Пайғамбарымыздың мінезінен үлгі алып, өмірін нұрға бояғандар. Олар әрқашан да төңірегін Пайғамбарымыздың нұрына шомылдырып, ол үшін ешкімнен ақы сұраймайтын, Аллаһ үшін ғана іс-әрекет ететін, нәтижедегі көрінген жақсылық пен ізгілілікті Аллаһтың ырыс-берекесі, деп, біліп, өздерін Хаққа бел байлап, терең мойынсұнған жандар. 3. Бұлар жалқыдан да жоғары тұрған жандардың махаббаты. Олар Мұхаммеди көкте қалықтап, Хаққа фәни болғандар. Олар көкте Оның атын паш етіп, бұлт болып дүркірер, күн болып күркірер, найзағай болып жарқылдар. Жерге жауғанда да тас, топырақ, деп, алаламай бәрін де сүйіспеншілігімен құшағына алып мауқын басар. Иә, Аллаһ адамзатты сүйіп жаратса да, оны сүймегендер, жолында фәни болып күймегендер, бірін-бірі дүниеде кимелеп, орынсыз мойнын бұғып күйбелеңдер. Онсыз жан адасар бағытынан, түңілер атпас алдан бақытты таң, қамба алтын жиса да кебін көйлек, табылар еншісі боп табытынан. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым, деп, және хақ жолы осы деп әділетті». Бұл – иманның рухы. Аллаһты сүйген оның әлемдегі ең ардақты етіп жаратқан адамзатын, әлбетте, сүйеді. Мұсылман емес жан болсын. Ондай жанның кәпірлік сипатын емес, адамдық болмысын Аллаһтың ардақтысы, деп, сүйеді. Әділет – әлемнің теңдігін ұстап тұратын тірек. Исламның негізінде әділет бар. Құранның негізгі төрт тақырыбының бірі осы әділдік.
Абайға үңілгенде, ол бізді яқини иманға шақырады. Яқини иманның да соңғы шыңы – жүрек шыңы. Сол себепті Абай ылғи да жүрек, жүрек, дейді. «Ақыл мен хауас барлығын білмейдүр, жүрек сезедүр. Мұтакәллимин мантикин Бекер босқа езедүр». Яғни, ақыл мен сезім мүшелері дәл жүрек секілді Аллаһты біле де сезе де алмайды. Оны білу, тану бір басқа. Бірақ, іштей сезіну мүлдем басқа нәрсе. Оны тек сезгендер ғана ұға алады. Сондықтан Абай «Ақылға сыймас ол Аллаһ, тағрипқа (айқындауға) тілім қысқа аһ!». Мен Абай атамызды көрмедім. Бірақ, мына сөз, Ұлы Жаратушыны іштей жүректе сезінген, бірақта «көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады»,– деп айта алмаған, әттең-айлап күрсініп, күңіренген жанның ішкі жан сыры… Өйткені, Мұтакәллимин, яғни, Аллаһтың тағрипы жайлы зерттеушілер мен мантикин, яғни, қисыншылар қаншалықты? Оны ғылым жолымен түсіндіуге тырысса да, жүректің жанында жай әншейін сөз болып қалады дейді. Абайдың мына сөздері – мына ғұмырда оянған жанның сөзі. Оянғандар өмірде өте сирек ілуде біреу. Бұл – жүрек өзегінің терең түкпіріндегі әлмисақта Аллаһқа күә болған ар-ожданның дауысы.
Иә, Абай. Аллаһты тағрип етсе абайлаған. Артына сөз бұзам деп қарайлаған. Задынада телегей теңізді дарияға сыйдыру мүмкін емес. Біз тек қана Абайдың Аллаһ хақында көзқарасын қысқаша айтып өтуді жөн көрдік. Қысқасы, Абайдың дін жайлы трактаттары мен өлеңдері Аллаһты іштей сезінген сарқылмас жүрек бұлағынан аққан сезім кәусары екенін аңғарамыз.
Мұхитдин Исаұлы, теология ғылымдарының докторы, Нұр ислам университетінің оқытушысы