Сүндеттеу медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. Circumcisiо – дөңгелек кесу) деп аталады. Оның тарихына қарасақ б.э.д. 2500 жылдары ежелгі Мысыр елінде кең қолданылғандығын көреміз. Сүндеттелген перғауын бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғандығы осының айғағы.
Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені ол үмбеті ретінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға жатады. Оған дәлел Әбу Хурайра жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ қысқарту аталған.
Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналды.
Сондай-ақ сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жол емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп өнуіне де маңызы зор екені медицинада да дәлелденген.
Сүндетке отыру адамның тән тазалығы мен жан тазалығы, тіпті болашақ отағасы үшін де, отанасы үшін де пайдалы өмір салты, қазіргі тілмен айшықтап айтқанда салауатты өмір салтының бір қыры екендігі айдан анық.
Сүндеттелмегендерге қарағанда сүндеттелген ерлер қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады. Жыныстық жұқпалы ауру туғызу қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары. Ал 10-30 пайызы ғана сүндеттелген Кния, Замбия сияқты елдерде жыныстық ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрттен бірін құраған.
Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда алты пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар СПИД-ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер екендігін дәлелдеді.
Сондай-ақ сүндеттеу фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады.
2000 жылы Американың медициналық ассоцациясы (Аmerican Medical Association AMA) сүндеттеудің несеп қуық жолдарында сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді.
Американың акушер және гинекология академиясы да (American Academy of Obstetricians and Gynecologists ACOG) Педиатрлық академия мен медициналық ассоцацияның мәлімдемелерін мақұлдап, сүндеттеуге ескішілдіктің сарқыншағы ретінде қарауға ешқандай да медициналық негіз жоқ екенін жариялады.
Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отыратын болса, оның 18 пайызы үш жасқа дейінгі сәбилер.
Соңғы статистика бойынша, әсіресе, солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың тоқсан пайызы сүндеттеледі. Әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған.
Сүндетке отырғызу – ер балалардың зәр шығару мүшесінің ұшындағы хирургиялық жолмен алынып тасталатын тері. Баланы молданың сүндеттеуін «Дәстүрлі әдіс» деп атайды. Онда дін мамандары өткір ұстарамен кесіп тастайды да, қанды тез тоқтату амалдарын жасайды. Ал медицинада сүндеттеудің бірнеше тәсілі бар. Мәселен, классикалық әдіс саналатын түрінде хирург дәрігер ауырсынуды басатын анестезия препараты арқылы баланың жыныс мүшесін жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызады және тамырларды тігіп тастайды. Мұны «еркін әдіс» деп те атайды.
Сүндеттеуді медицина қолға алғалы «Gomco Clamp», «PlastіBell» деп аталатын «қоңырау тәрізді құралдар» ойлап табылды.
Бірақ баланың жыныс мүшесіне байлап, терінің өз бетінше түсіп қалуын қамтамасыз ететін бұл қыстырма тиімді саналмайды.
Электр құралдарын пайдалану әдісін көбінесе түрік дәрігерлері қолданады. Олардың тәсілі арнайы электронды құрал арқылы жүзеге асады. Бұл құрал терінің артық бөлігін кесіп, оны сол заматта күйдіріп, қанын лезде тоқтатады.
Отадан кейін де сүндетке отырған баланың күтімін жақсартып, денесін таза ұстап, шыбығының қажалмауын қадағалап, іріңдеп кетуден, инфекция түсуден қатты сақтандыру қажет.
Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндеткөрпе» тігетін болған. Оны бала жара толығымен жазылғанша киетін.
Сондай-ақ сүндеттелген бала синтетикалық талшық қосылған киім кимегені дұрыс.
Қазақта құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін сүндет той болады. Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылғандығынан бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі саналады. Мұндайда бай-қуатты адамдар ат шаптырып, балуан күрестіріп ұлан асыр той жасаған.
Ашамайлы атқа міндің, Мұсылмандық таққа міндің, Сүндетке отырғаның – иманды болғаның. Тойын тойлап, думанды болғаның, – деп баланың көңілін өсіріп, дәрежесін көтеріп бағады. Балаға ата-әжесі, ата-анасы психологиялық жағынан «сен енді нағыз жігіт болдың» деген сияқты жігерлендіру сөздерін айтып та ауырсынуды сездірмеуге тырысады.
Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Дәстүр бойынша осы күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кигізіп, екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзінің ашамайлы бәсірелі тайына мінгізген, ал оның атына қоржын салған. Қасына сәнді киінген 1-2 бозбаланы ілестіріп, ағайын-туғанға тойдың қуанышын жеткізуге жіберетін болған.
Сүндет тойдың басқа тойлардан ерекшелігі – тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті жолаушы барып та шақырып келген. Себебі біреу арқылы айта салғанға «пәленше келіп айтып кетті», «біреуден айтып жіберіпті» деп шақырылған жақ кәдімгідей ренжіп қалған. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашады. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.
Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан, бір жерде – «қырық серкеш», енді бірі – «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған. Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады.
Қалай болғанда да, бала сүндет тойында үлкен сыйға, құрметке ие болған.
Тақ санды кие тұтатын халқымызда баланы 3 және 5 одан асып кетсе 7 жасқа толтырып барып сүндетке отырғызу қалыптасқан. Ал медициналық тұрғыда баланың жасына мән берілмейді тек оны неғұрлым ерте сүндеттеуге көп көңіл бөледі.
Қазір тіпті бала туыла салысымен, ата-анасы рұқсат берсе, 7-10 күнде-ақ сүндетке отырғыза беруге болады. Сонда жас сәбидің жарасы тез жазылады, ол ауырсынуды сезбей де қалады. Бала 7-8 жастан асқан соң оның қан тамырлары үлкейе бастайды. Ал үлкейген тамырдан қан тоқтату қиынға түседі, әрі оның жазылуы ұзаққа созылады.
Бүгінгі таңда арнайы қолданылатын медициналық аппараттар жеткілікті. Онымен баланы сүндетке отырғызсаңыз, бір минут өтер-өтпестен шауып кетеді. Бәрі зарарсыздандырылған күйде жасалады. Сондықтан баласының денсаулығын ойлаған әрбір ата-ана мейлінше таза, санитарлық мәселелер қарастырылған, инфекциядан аулақ, дәрігер бақылауында болатын емхананы таңдағаны дұрыс.
www.muslimwomen.kz