Ешбір ұлт жеке-дара ғылым үрдісін меншіктеп, «біз бастатқанбыз,біз жалғастырудамыз» дей алмайды. Ғылым-білімнің дамуы тарихи арнада Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан және көне Греция мәдениеттері арасында алма-кезек жалғасын тауып, ешбір ұлт пен ұлысқа бөлінбейтіндей түп тамыры тым тереңге дендеген жалпы адамзатқа ортақ құндылыққа айналған. Алайда, соңғы кезге дейін батыстың ғылым мен технология саласындағы үстемдігі бүкіл ғылым мен мәдениеттің бастауы батыс халықтарына тән деген түсінікті қалыптастырып, басқа ықтималдарға ешқандай мән берілмеді. Философия мен тарих көбіне еуроцентристік көзқараста жазылып, XX ғысырдың басында еуропалықтар бүкіл мәдениет пен философияның «атасы» ретінде көрсетіліп, сол көзқарас адамдар санасына орнығып, әлі күнге дейін бұл жаңсақ пікір жалғасуда. Дүниежүзілік мәдениет пен білім тарихында мұсылман ғалымдарының аттары ұмыт қалып, нағыз ислам мәдениетінің гүлденіп, шарықтауға жеткен алтын шақтары бүркемеленіп, еуропалықтар орта ғасырларды «қараңғылық ғасыры» деп атаған-ды.
Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесі қаншалықты бұлтартпас шындық болса, батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуінде мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор. К.В Бодлейдің айтқанындай, қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ал ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар.
Өздері де мойындағандай, орта ғасырларда Еуропаның жағдайы адам айтқысыз күйде болатын. Ондағы қасірет пен варварлықты бұрын-соңды адамзат көрген емес.Ол кезеңде бүкіл еуропада христиандық әбден бұрмаланып, шіркеу мен патшалар өз мүдделері үшін бірлесіп халықты қанаудың түрлі айла-шарғысын жасап бақты. Инквизиция сотының аяусыздығы арқылы ой бостандығы толығымен мақұрым етілді. Бұл кезеңдері ғылым шіркеу үшін пұтқа табынушылықпен бірдей еді. Осы дұшпандық 1233 жылы инквизиция сотының құрылуымен ресми деңгейге жетіп, тіпті соңғы ғасырларға дейін жалғасты. XVIII ғасырда шіркеудің қысымы шарықтау шегіне жетіп, ревалюциямен аяқталды…
Орта ғасырларда батыста діни оқу орындарында көбіне тек христиан ақидасы ғана оқытылып, басқа пәндерге мән берілмейтін. Тіпті, латынша да хат танымайтындар көп еді. Осы кезеңдерде діни оқу орындарында грамматика бүкіл ғылымдардың негізі ретінде қарастырылды.
II Сильвестер (Герберт (946-10031)) Еуропадағы келер мыңжылдықтың бетбұрысын айқындайтын қозғалыстың бастаушысы болды. Барселонадан Кордоваға барған ол сол жерде арабша үйренді. Ол исламдық пікірлерге тәнті болып, алғаш рет сол пікірлерді Еуропада жайды. Каталониядағы Риполи монастырындағы бай кітапханада жұмыс істеді. Арабша дерек көздерімен және олардың аудармаларымен математика, астрономияға қатысты шығармаларымен танысты. Герберт Папа XII Жанмен (Jean) танысты. Оның ерекше қабілеттілігін байқаған Германия мен Италияның императоры Отто оны кейіннен мұғалім етіп тағайындайды. Жұлдызы жанған Герберт кейінірек папа болады.Оның пікірлері бүкіл Еуропоға тарайды. Осыдан кейін барып дін адамдарының арасында trivium (диалектика мен риторика), guardrivum (арифметика, музыка, геометрия және астрономия) салаларында мұғалімдер жетіле бастады.
XIII ғасырда Кастилия және Лион патшасы VII Алфонсо (1104-1257) ислами ғылымдармен айналысу үшін Толедода орталық құрды. Бұл қала өзінің көшелері, құрылысы және барлық тұрмыс салаларымен исламның мұрасына ие болып, мыңдаған том кітаптарымен батыстықтарды өзіне қызықтырды. Бұл кезеңде батыстықтардың бар ісі Пиреней тауларын асып, мұсылмандардың ғылыми орталықтарына барып арабша үйрену болды. Мұсылман ғалымдарының ғылыми мұрасы олар үшін тағдыр тарту еткен бағасыз сый еді.
Ғылымға сусаған еуропалықтар үшін Испаниядағы ғылым мен мәдениет орталықтарында оқу үлкен арманға айналған-ды. Бұл жерлерде білім алып оралғандар өз елдерінің ең білгір адамы саналып, құрметке бөленетін. Ғылым мен мәдениет орталығы болумен қатар, құпия ілімдердің де орталығы есептелген Андалуссияның Еуропаның бүкіл мекемелері мен қоғамдық саласында ықпалы күшті болды.
Кремоналық Герардтың (1114-1187) көп еңбегінің арқасында аударма істері қатты дамыды. 1160-1230 жылдарда ол Телода қаласында жетпістен аса кітап аударды. Оның медицинаға байланысты аудармалары өзі қайтыс болғаннан кейін бес ғасыр бойы Еуропадағы медицинаның басты қайнар көзі болды.
1180 жылдарда Ибн Синаның философиялық кітаптары аударылып бітіп, Еуропаға жайыла бастады. Оның бұл шығармаларының ықпалы күшті болып, артынша басқа да мұсылман ғалымдарының кітаптары аударыла бастады. Осылайша батыстық ойшылдардың арасында жаңа мұсылман бейнесі қалыптасты.
Еуропаның жартылай варварлық қоғамнан өндіруші және синтездеуші мәдениет орталығына айналуында ХІІ ғасырдағы арабша аудармалардың рөлі айрықша. Мисе Либеридің айтқанындай, «ХV ғасырға дейін арабтардың кітаптарынан пайдаланбаған және оларды аудармаған ешбір еуропалық ғалым болған емес. Олардың қатарында Р.Бэкон, Леонардо, А.Магнустар да бар».
Батыстағы ғылымның дамуына ықпал жасаған Ибн Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, Ұлық-бек, Ибн Рушд, әл-Ғазали, Ибн Халдун, әл-Бируни сынды мұсылман ғалымдарының ғылымға қосқан үлестері зиялы қауымға белгілі. Алайда, біздің қоғамға аса мәлім болмаған, ғылым тарихында өзіндік орны бар басқа да мұсылман ғалымдары көптеп саналады.
Жалпы алғанда, Батыс Рим империясының құлауы мен Констонтинопольдің алынуына дейінгі 1000 жылдық кезеңде Еуропада ғылым саласында елеулі даму болмағаны жасырын емес. Оның себебі, бұрмаланған Інжіл мен шіркеудің тар түсінігі еді. Інжілде жоқ нәрселерді қабылдамаған шіркеу ғылымның дамуына басты кедергі жасады.
Орта ғасырларда батыста (хазіреті Иса көрсеткен мұғжизалары мен адамдарды емдеуіне байланысты) медицинаға тыйым салынбаған болатын. Алайда, басқа ғылым салаларынан нәр алмаған медицина Гиппократ пен Галленнің негізін салып, сиқыр араласқан негізсіз бір құлшыныстан асып кете алмады. Әрине, көне грек мәдениетінің мұсылмандарға әсері болғаны шындық. Мұсылмандар бұл жерлерді алғаннан кейін, Бағдат пен Сириядағы халифалардың қамқорлығымен мұсылман ғалымдары грек, латын тілдеріндегі шығармаларды арабшаға аудара бастады. VІІІ ғасырдан бастап осылайша ғылыми жаңалықтарға үлестерін қоса бастады. Олар тек грек шығармаларымен шектеліп қалмай, Қытай, Иран, Үндістан сияқты мемлекеттерден кітаптарды жинастырып, бай материалдарға негізделген медицина ғылымын құрды. Ислам рухынан нәр алған мұсылман ғалымдары мәліметтерді алумен ғана шектелмей, олардың дұрыс немесе жаңылыс екенін ажыратып, анализ жасай білді.
Медицина тарихына үңілсек, оның ең бір шарықтаған кезеңі ислам әлемінде жүзеге асқанын көруге болады. Осы кезеңде көптеген ғалымдар мен ғылыми шығармалар дүниеге келген. Ислам мәдениетінің ең жарқын кезеңі әрі ғылымның Еуропаға өтуінде маңызды орталық болған Андалуссия медицина саласындағы жаңалықтардың ошағына айналды. Ибн Жулжул (?-992) шипалы өсімдіктерді зерттеп, медицина тарихы және шипалы өсімдіктер жайлы еңбектерін жазды. Диагноз қою мен емдеу саласында андалуссиялық дәрігер Әбу Жафар ибн Жаззардың (?-1009) да аты әйгілі болды.
Мұсылман дәрігерлері фармакология, хирургия, көз, гинекология, физиология, бактериология сияқты адам мен табиғатты тұтас қамтитын салалармен айналысқан. Ғасырымыздағы медицинаның енді ғана қолға ала бастаған адам рухы мен денесінің теңдігін сақтау мәселесіне орта ғасырлық мұсылмандар сүбелі үлес қосқан. Тіпті, медицна сөзінің өзі медед-көмек, сина-Ибн Сина, яғни Синаның адамзатқа көмегі деген тіркестен шыққандығы мәлім.
Енді бірнеше ғылымға жеке-жеке тоқталып көрсек, Юганна ибн Мусавейх (?-857) анатомия жайлы кітап жазған кезде халифа Мутасым Биллаһтан анатомиялық зерттеу үшін маймыл сұратып, адам денесі жайлы кеңірек мәлімет алу үшін түрлі операциялар жасаған. Анатомия саласындағы ең негізгі ерекшеліктер, ағзаларға тән пішіндер грек шығармаларында бұрын-соңды Мансур ибн Мұхаммедтің «Ташрих әл-мансури» атты кітабындағыдай нақты көрсетілмеген.
Абдуллатиф әл-Бағдади (1162-1231) иек пен көкірек қуысы сүйегі жайлы Галленнің қателерін түзетіп, оның пікірлерін сынаған. Гален бақылауының жеткіліксіз екенін көрсеткен. Sacruv және coccyx жайлы жаңылыс мәліметтерді түзетіп, бас анатомиясы және нервтерге байланысты маңызды мәліметтер берген. Оның «әл-Идафа уәл-итибар» атты шығармасы 1788 жылы латын, неміс және француз тілдеріне аударылған.
Анатомияға байланысты шығарма жазғандардың көшбасында Ибн Сина келеді. Оның жазған еңбектері Еуропа университеттерінде оқылатын басты оқулықтардың бірі болатын және бүкіл ғылыми көзқарастар оның еңббектеріне сүйенбей жасалмайтын.
Зәкәрия Қазвини (1203-1283) Аристотельден келе жатқан ми мен жүрекке байланысты көптеген жаңылыстарды түзеткен. Артериялардың дененің сол жағынан шығып дене мен оң жақтағы тамырларға таза қан таситынын айтқан. Оның космология мен анатомия жайлы жазған «Ажайбуль-махлукат уаль-ғарайбуль-маужудат» атты еңбегі құндылығына байланысты 1976 жылы Бейрутта қайта басылып шыққан.
Әли ибн-Исаның (?-1038) көз ауруларына байланысты жазған «Тәзкиратул-каххалин фил-айн уаль-әмрадиһа» атты үш томдық кітабы 1947 жылы латыншаға, 1904 жылы неміс тілдеріне аударылған.
Х ғасырда Ираннан келген 2 ғалым Мұхаммед Әбу Зәкәрия ар-Рази (865-925) және Әбу Саһл Яхия Ал-Масихи (969-1010) медицина тарихында маңызды орын алған. Батыста Rhazes деген атпен танымал болған ар-Разидің көптеген жаңалықтары бүгінгі күнгі медициналық мәліметтерге толығымен сай келеді. Ол медицина саласында 117 кітап жазған. 20 томдық «әл-Хауи» кітабы ең маңыздыларының бірі. Грек және латын тілдеріне аударылған бұл кітаптың негізгі тақырыбы шешек пен қызылша аурулары жайында. Алғаш рет шешек ауруы осы кітапта айқын айтылған. Ар-Рази – алғаш рет фармацептикаға сынап дәрілік майын кіргізген ғалым. Сонымен қатар малдың ішектерін операцияда тігіс жібі ретінде алғаш қолданған әрі медициналық зерттеулерде жануарларға тәжірибе жасаған алғашқы тұлға ретінде айтылады.
Батыс әлемінде Аввероес деген атпен танымал болған Ибн Рушд (1126-1198) дәрігер болғанына қарамастан философ ретінде аты шыққан. Оның ең негізгі кітабы «Китаб әл-куллиат фит-Тыбб» – толығымен медицина энциклопедиясы. Оның бұл шығармасы латын тілінде Еуропада сан рет жарық көрген.
Андалуссияның ең танымал дәрігерлерінің бірі Еуропада Абулқасис деген атпен танымалды. Абу Қасым әз-Заһрауи (936-1013) операциялар жасаудағы жетістіктерімен аты шыққан. Бүкіл әлемге мәшһүр кітабы – «әт-Тафсир ли мән ажизә анит-талиф» 30 бөлімнен тұратын медицина энциклопедиясы. Ол хирургия саласына да көп үлес қосқан. Әз-Заһрауидің кітабының хирургияға байланысты бөлімі Герард тарапынан латын тіліне аударылып, ХVІІІ ғасырға дейін бірнеше рет басылып, Еуропада медицина факультеттерінде негізгі кітаптардың арасында оқытылған.
Ислам діні тазалыққа ерекше мән бергендіктен мұсылман ғалымдары ибн Сина, ар-Рази, Абдулқаһир және Сахир Ибн Насруллаһ жуынудың адам денсаулығына пайдасын егжей-тегжейлі зерттеген. Емханаларда жуыну үшін арнайы жерлер бөлінген және үйлердің көпшілігінде моншалар болған. Ал Еуропада соңғы ғасырға дейін монша ұғымы болмады. Еуропалықтардың ХІХ ғасырда ғана жуына бастағаны белгілі. ХVІІ ғасырларда Испанияда инквизиция сотында мұсылман испандықтар мен христиандарды тазалығына қарап ажырататын болған.
Географиялық кітаптардың ең ескілерінің қатарына басралық әл-Әсмаидің (740-831) өсімдіктер, жануарлар және қоғамдар жайлы жазған еңбегі кіреді. Сонымен қатар Мұхаммед әл-Калбидің (?-8450) «Китаб ан-науадир» атты кітабында маңызды мәліметтер кезігеді. Әбу Юсуф әл-Кинди (?-874), әс-Сулами (?-845) және Ибн Хурдазбих (820-912) өздерінің маңызды шығармаларын жазған.
Осы кезеңнің география саласындағы ең ірі жетістігі Әл-Бирунидің «Тахдуду нихаятил-әмәкин ли тасхихи масафат әль-мәсәкир» кітабы болды. ХІІ ғасырдан ренесансқа дейінгі кезеңде мұсылман ғалымдары географияны жүйелендірді. Бұл кезеңнің ең атақты ғалымдары Димашқидің (?-1327) «Нухбатуд-дахр фи ажаибил бәрр уәль-бахр» және әл-Қазуинидің «Ажаибул-булдан» кітаптары болды.Сонымен қатар Әбул-Фида, Идриси, Яқут және Ибн Баттута – география ғылымының басты өкілдері. Идрисидің (1100-1166) Полермо корольі ІІ Рожердің сарайында жазған «Китабур-Ружари» кітабы дүниежүзілік география жайында жазылған кітаптардың ең әйгілісі.
Ренесанстан бұрын Ибн Мажид «Китаб фи-фауаид фи усули илмильбахр уальқауаид» атты еңбегімен еуропалықтарға қатты ықпал етті және тайфун (топан), мосну (маусым) сияқты сөздерді метеорологияда қолдануға себепкер болды.
Осы кезеңдегі географиядағы ең маңызды еңбектердің бірі Пир Рәйстің 16-ғасырда сызған дүниежүзілік картасы әлі күнге дейін адамдарды таңғалдыруда. Хорезмидің «Суратул-ард» атты кітабы география саласындағы ең қымбат шығармалардың бірі. Мұсылмандардың Плиниусы ретінде танымал болған Масудидің (?-957) «Муруз-зәһәб уәл-маадинул жауһар» атты географиялық энциклопедиясы дүниеге келді.
Мұсылмандардың дүниені тануға деген құштарлықтары оларды Үндістан, Қытай, Суматра, Ява аралдары және Америкаға дейін алып барды.
Америкаға Христофор Колумбтан бұрын мұсылмандар барған. Колумбтың баласы «бұл жерде бір жер бар. Бұл жайлы мен мұсылмандардың кітабынан оқығанмын. Мұсылмандар біледі және өтірік айтпайды» деген. Х.Колумб бұл жерді Батыс Үндістан деп ойлағандықтан мұнда мұсылмандардың болғанына таңғалмаған.
Қазіргі кезде Америкадағы кейбір елдердің атауларының арабшадан шыққандығы да бұны дәлелдейді. Мысалы, Бразилия – бразилия немесе бразил деген мұсылман тайпасының атауынан келеді. Бану Хоере аралы да Бәну Хуарей руының атауынан келеді. Х.Колумбта қызылтерілілердің тілдерінде көптеген арабша сөздердің кездесетіндігін айтады.
Сол кездің өзінде имим Әбу Ханифа (699-767), Ибн Хурдазбих (825-912), Бируни, Ибн Хазм, Әл-Ғазали, Ибн Рушд, Әбул-Фида сияқты ислам ғалымдары жердің дөңгелек екенін логикалық жолмен дәлелдеген.
Сонымен қатар дүниежүзін алғаш аралаған да Магеллан болмаған. Неге десеңіз, ол Филипиндерге барғанда ол жерде мұсылмандар мемлекетінің бар екендігін жазған.
Географияға байланысты батыстағы мәліметтер өте жеткіліксіз болатын. Еуропалықтар мұсылман ғалымдарының берген мәліметтерінің арқасында ғана әлемнің географиялық жағдайына байланысты дұрыс мәлімет алған. ХІІ ғасырда олар Еуропадан басқа жерлердің бәрі мұсылмандарға тән деп ойлаған. Азияның түпкірлері мұхиттың арғы жақтары білінбейтін. Шынайы мәліметтер аңыздармен араласып, жер бетін теп-тегіс тақтайдай деп санайтын.
Сұйықтықтардың өздеріне тән салмақтарын есептеп,тартылыс күшіне байланысты тәжірибелер жасаумен шұғылданған Әбу Юсуф Яқуб ибн Исхақ әл-Кинди (801-873) Эйнштейнге тән делінген «реляктивтік теориясын» мың жыл бұрын айтқан болатын. Эйнштейннің теориясы мұқият зерттелгенде, оның Киндидің теориясының көшірмесі екеніне көз жеткізуге болады.
Оптика саласында батыстықтарды ғасырлар бойы таң қалдырған Ибн Хайсам «Китабул маназир» атты кітабында жарық қозғалыстарын жете сипаттап, қазіргі фотоаппараттардың ашылуына негіз болатын жүйені жасаумен қатар, күн тұтылуын түсіндіруде қазірге дейін қолданылатын әдістер тапқан. Тартылыс күші жайлы терең зерттеулер жасаған Ибн Хайсам денелердің түсу механизмдерін табу арқылы Ньютонға жетекшілік еткен.
Насруддин Туси – кемпірқосақтың қалай шығатынына байланысты толық әрі дұрыс мәлімет берген алғашқы мұсылман ғалымы. Бәдиуззаман Әбуль-Изз Исмаил ар-Разз әл-Жазари (1181-1206) кибернетиканың негізін қалаушы болып саналады. Ол автоматты тепе-теңдік жүйесімен жұмыс істейтін сағат, насос, двигатель сияқты құрал-жабдықтарға тән кейбір бөлшектерді жасап, адамзаттың игілігіне ұсынды және ғалымдарды таң қалдырып, ерекше құрметке бөленді. Оның «Китаб фи марифатил-хандасасия» атты еңбегі кең танымал.
Мәулана Жалалуд-дин ар-Руми атомның бөлінетіндігі және атом бөлшектерінің қозғалыста болатынын ғасырлар бұрын айтып кеткен. Одан кейін философ-ақын Яхья ибн При Али Науи (?-1598) «Нәтәйжул-фунун уәл-махайнул-мутун» атты кітабында атомның бөлінетіндігі жайлы көлемді мәліметтер берген.
Энергетизмнің негізін қалаушы ретінде неміс химигі әрі философ Вилгельм Осволд (1853-1932) танымал болған. Алайда, Давудуль-Кәйсари (?-1350) жасаған зерттеулер энергетизмнің Кәйсариден бастау алатындығын көрсетуде. Ұшақ технологиясымен айналысқан мұсылмандардың арасында Испанияда өмір сүрген Ибн Фирнас (?-888) қауырсын және матамен қапталған алғашқы аэропланды жасаған. Аэроплан ұзақ уақыт тұра алатын және ұшу тәжірибелерін жасайтын деңгейде жасалған.
Батыс-христиан әлемі мұсылман мәдениетімен танысқаннан кейін оның ықпалымен көптеген ғылым салаларының дамуы үшін алғашқы қадамдарын жасады. Батыс әлемі әрбір ғылым саласының дамуына мұсылман ғалымдарының жол сілтеушілігіне қарыздар.
Арнайы e-islam.kz сайты үшін.