Құрметті форумға қатысушылар!
Қазіргі таңда жалпы республика көлемінде қалыптасқан діни ахуал мен соңғы уақытта еліміздің батыс аймақтарында орын алған діни тұрғыдағы оқиғалар мемлекеттік институттардан қоғамның діни сауаттылығы деңгейін көтеру бағытындағы кешенді шараларды талап етіп отыр.
Бірқатар факторлар қоғамның, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру жұмысын басымды бағытқа айналдырып отыр.
Біріншіден,орта білім беретін оқу орындарындағы «дінтану» пәнінің оқытылу сапасы сын көтермейді. Жергілікті жерлердегі мектептерде атаулы пәнді арнайы діни сауаты жоқ, басқа пәндердің мұғалімдері оқытуда. Жалпы, қалыптасқан діни ахуалдың талаптарына сәйкес пәннің оқытылу бағдарламасы тиісті өзгерістерді қажет етеді. Оқушыларды әлемдік негізгі діндермен таныстыру барысында «Әбу Ханифа» мазхабындағы ислам мен «Православие» діндерінің Қазақстан халқы үшін тарихи құндылығы мен маңызына ерекше мән берілуі тиіс. Пәннің оқытылу бағдарламасында атаулы дәстүрлі діндердің тарихын түсіндіру мәселесіне басымдық беріп, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстың сапасын көтеру қажет.
Екіншіден, Исламдық бағыттағы 141 мешітте уағыздар Имам Ағзам мазхабы бойынша тұрақты жүргізілуде. Аймақта мешіттерге қатысты мәселелердің бірі, жергілікті мешіт имамдарының діни білімдері көп жағдайда қойылатын талаптарға жауап бермеуі. Дәстүрлі емес діни бағытқа түскен тұлғалармен пікірталастыруға келгенде, діни сауаттарының төмендігіне байланысты дәрменсіздік танытады. Мәселен, облыстағы мешіт имамдарының ішінде 14 ғана жоғары білімді. Медреселерде оқып, орта білім алған имамдардың саны – 13 адамды құрайды. Ал, 100 имам мешіт жанындағы қысқа мерзімді курстарда ғана білім алған. Яғни, бұл жайт олардың ешбір нақты діни оқу орнында кәсіби білім алмағандығын көрсетеді. Осының салдарынан әсіресе елді мекендердегі имамдардың көпшілігі «салафизм» идеологиясының дәстүрлі исламның қағидаларына қайшы келетін тұстарын халыққа терең түсіндіре алмайды.
Олардың діни біліктілігін арттыру үшін жыл басынан бері арнайы 4 семинар өткізіліп, оларға ҚМДБ қызметкерлері мен білікті теолог-мамандар шақырылды.
Сонымен қатар, 7 қазаннан бастап Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында ауылдық округ, елді мекендердің мешіт қызметкерлерінің діни біліктілігін арттыру мақсатында бір айлық оқу семинарлары өткізіліп, оған республикадан білікті теолог мамандар («Нұр-Мүбарак» Ислам университетінің магистрлері) шақырылды. Семинарға қатысқан мешіт қызметкерлерінің жалпы саны 43.
Аталған шаралар, алдағы 5 қарашадан бастап Қызылорда қаласы мен төрт ауданда жалғасатын болады.
Жыл соңына дейін облыс көлеміндегі барлық имамдар біліктілігін арттыру курстарынан өткізілінеді деп күтілуде.
Үшіншіден, Діни ахуалды тұрақтандыру бойынша ағымдағы жылы облыс әкімдігі тарапынан 6 жобаға облыстық бюджеттен 26 млн. 462 мың теңге қаржы бөлінді. Қосымша Қызылорда облыстық әкімдігі, «Азаматтық Альянс» қауымдастығы, «Игілік» қоғамдық қоры арасындағы үшжақты меморандум арқылы 11 млн. теңге қаралды. Барлығы 37 млн. 462 мың теңге қаражатты құрап отыр.
Әлеуметтік жобалар арқылы жүргізілген ақпараттық-насихаттық шаралар барысында Қызылорда қаласы және аудандарда дінтанушылардың, ғалымдардың, зиялы қауым және дін өкілдерінің қатысуларымен есепті мерзімде 14 кездесу өткізіліп, насихаттық шаралармен 56 400 адам қамтылды.
Жыл көлемінде тұрғындарға 10 000 дана діни ақпараттық жадынамалар («Исламдағы шынайы мұсылман бейнесі», «Діни экстремизмге жол жоқ», «Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы-Біздің жолымыз», «Отанды сүю иманнан», «Жиһад жайлы не білеміз?», «Дәстүрлі дін және салт-дәстүр», «Өркениетті елдің бастауы – Иманды жастар», «Ислам – экстремизммен лаңкестікке қарсы», «Исламдағы қабір мәселесі», «Ел бірлігін сақтаудағы діннің рөлі») шығарылып, халыққа тегін таратылды.
Таратылған діни ақпараттық жадынамалар отбасы мүшелерін қоса есептегенде шамамен 32 000-ға жуық адамның діни мәлімет алуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, облыс көлемінде 2013 жылдың өткен мерзімі ішінде 76 400 адамға ақпараттық-насихаттық шаралары жүргізілсе, олардың отбасын қоса есептегенде облыс халқының 32,7 пайызын құрап отыр.
Сонымен бірге, тек АНТ қызметінің өзіне 2014 жылы 8957,5 мың. теңге, қаржы бөлінеді деп күтілуде.
АНТ мүшелерінің тарапынан облыстың шалғай аудандарындағы тұрғындармен кездесіп, «Дәстүрлі емес діни ағымдар туралы», «Дін саласындағы мемлекеттік саясат», «Ислам дінінің рухани құндылықтары», «Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні», «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары», «Жиһад туралы түсінік», «Ата-ана тәрбиесі мен бала арасындағы қарым-қатынастары», «Жастар арасындағы суицид», «Еліміздегі діни ахуал туралы», «Экстремизм мен лаңкестікке ислам ғұламалардың көзғарасы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынас» тақырыптарында дәрістер оқылуда.
Сондай-ақ, облыс аумағындағы мешіт имамдары мен дінтанушы мамандардың уақыттарын ұтымды пайдаланып, шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына уағыз айтуға, жүйелі түрде дәстүрлі исламды түсіндіріп, дәріптеуге мүмкіндік беретін «Skype» дауыстық, видео қоңырау шалуға болатын және интернет арқылы чат қызметін қамтыған бағдарламалық жабдыққа қосылу бағытындағы шаралар жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті, «Нұр» мешіті, Төретам, Сексеуіл және барлық аудандық орталық мешіттерін (барлығы 11 мешіт) «Skype» интернет жүйесіне қосу үшін қажетті техникалық жабдықтар (ноутбук, компьютер, интернет қызметін орнату, теледидар) алынды және оларды орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы алғанда, облыстағы діни ахуалды тұрақты деп бағалауға болады. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы облыстың діни ахуалын тұрақты ұстап тұру мақсатында бірқатар іс-шаралардың орындалуына ұйытқы болуда. Соның дәйегі үстіміздегі жылдың 21 қазанында ақпараттық насихаттық топ жұмыстарын жетілдіру, діни ахуалды зерделеу, зерттеу және талдау, әлеуметтік зерттеулерді және ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізу, психологиялық және заңгерлік кеңес беру, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғаларды сауықтыру бойынша облыс әкімінің №323 санды Қаулысымен «Қызылорда облысының дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мекемесі құрылды.
Қазіргі таңда, аталған «Қызылорда облысының дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мекемесіне облыстық бюджеттен 2014 жылға 27,598 мың қаржы бөлінген.
Жергілікті діни ұйымдардың тарапынан конфессияаралық келісім мен өзара төзімділікке кері әсер тигізе алатын фактілер орын алып отырған жоқ.
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет.
Қазақстан дінтанушыларының Үшінші Форумы материалдарының жинағы. – Астана, 2013 ж.