А.П. Әбуов,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық
орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор
ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА ДАМЫҒАНЫМЕН, АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ ДІНИ ҚАЖЕТТІЛІГІ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуовтің «Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси газетіне берген сұхбаты.
– Аға, әңгімемізді Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының атқарып жатқан шаруаларынан бастасақ…
– Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезіндегі көтерген бастамасы тікелей біздің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының құрылуына түрткі болды. Орталық құрылған сәтінен бастап, аталмыш съездерді ұйымдастыру мен өткізу ісіне белсене араласа бастады. Сонымен қатар орталық Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бастамаларын жүзеге асыру ісін де кешенді түрде үйлестіріп отыр. Мұның сыртында мәдениет және дін саласында қоғамдық қатынастарды ғылыми тұрғыда жүйелеп, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып зерттейміз. Этникааралық және конфессияаралық қатынастар саласында нәтижелі қызметтестікті орнату үшін мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, қоғамдық ұйымдар мен дін жетекшілерінің байланыстарын қамтамасыз ету бағытында да қолымыздан келгенше келелі мәселелермен айналысудамыз. Әрдайымда халықтың рухани-діни сауаттылығын дамыту мен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, елдегі діни ахуалға әлеуметтік зерттеулер жүргізу секілді шаруалар біздің басты мақсатымыз деп білеміз. Орталық Дін істері агенттігінің құрамына енетіндіктен, үстіміздегі жылдың 25 қазанында аяқталған діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу жұмыстарына белсене араласты. Айтар болсақ, Орталықтың дінтанушы-сарапшылары діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеуде маңызды қызмет болып cаналатын діни мазмұндағы материалдарға дінтанулық сараптамалар жүргізді. Аталмыш шараға қатысты сараптамалық, ақпараттық мақалалар жариялады.
– Орталықтың дінтанушы-сарапшылары діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеу жұмысы барысында діни мазмұндағы материалдарға сараптама жүргізгенін айтып отырсыз. Діни бірлестіктерді қайтадан тіркеу шарасы белгілі бір дәрежеде дәстүрлі емес діни ағымдарды шектей алды ма?
– Өткен жылы Елбасы мақұлдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң талабы аясында бір жыл көлемінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі жүргізілді. Аталған шара сәтті аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі еліміздің дін жүйесі реттелді. Мысалы, ел аумағындағы барлық діни бірлестіктердің нақты сандары, құқықтық мәртебелері айқындалды. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған ескі заңның осал тұстарын пайдаланып тіркеуден өтіп алып, қоғамға кері ықпал еткен, халық тарапынан наразылықтар туындатқан жат пиғылды діни бірлестіктер анықталды. Олардың діни мазмұндағы әдебиеттері мен өзге де құжаттарына дінтанулық-құқықтық сараптамалар жүргізіліп, мазмұнында қоғамымызға қайшы идеялар бар болса, қызметтері тоқтатылды. Жалпы, діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу мемлекет пен дін арасында айқын, құқықтық тұрғыдан жүйеленген өзара байланыс пен қызметтестікті жүзеге асыруға жағдай жасайды деп ойлаймын. Бұл қадам өз кезегінде елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мен дін атын жамылатын радикалды топтардың лаңкестік әрекеттерінің алдын алу жұмыстарын жетілдіре түсті деп нық сеніммен айта аламын.
– Діни бірлестіктерді қайта тіркеу жат пиғылды діни ұйымдардың, бірлестіктердің тізгінін тартуда оң септігін тигізгенін айтып отырсыз. Десек те, қазір қоғамды террористік, экстремистік қауіптен қорғау үшін кешенді ағарту жұмыстарын жүргізген жөн сияқты. Жалпы, осы орайда біз қандай қадамдарға баруымыз керек? Қандай саясат ұстанған жөн?
– Соңғы кездері діни лаңкестік пен экстремизм әлемдік деңгейдегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Өкінішке орай, осы мәселе Қазақстанды да сырт айналып өтпейтінін түсініп отырмыз. Мемлекетіміз экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жүргізуде. Әрине, бұрын-соңды бізде лаңкестікпен күресу тәжірибесі болмағанын, аталмыш құбылыспен жолықпағанымызды ескеруіміз керек. Яғни бұл террористік, экстремистік қауіппен күрестің еліміз үшін күрделі болатынын білдіреді. Дегенмен де «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Республикамыздың үкіметі мен құқық қорғау органдары терроризм мен экстремизмге қарсы жұмыла жұмыс жүргізуде. Атап айтар болсақ, 2005 жылы қабылданған «Экстремизмге қарсы күрес туралы» және 2009 жылы қабылданған «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңдар жетілдіріліп, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Лаңкестік және экстремизммен күрес бағыты бойынша халықарлық ынтымақтастықтар нығайтылуда. Мысалы, мемлекетіміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық деңгейде беделді саналатын ұйымдармен қызметтестігін нәтижелі жалғастырып келеді. Сонымен қатар лаңкестік пен діни экстремизм қаупінің алдын алуда халық арасында діни-құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру жұмыстарын тиімді атқару керектігі сөзсіз. Осы мақсатта ақпараттық-насихат топтары қызмет атқаруда. Олардың құрамына енген дінтанушылар, дін жетекшілері мен мемлекеттік орган өкілдері халық ішінде, әсіресе жастар арасында радикалды топтардың зиянды әрекеттерін айқындап, дәстүрлі дініміз бен ұлттық дәстүріміздің құндылықтарын насихаттау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Ұлттық дәстүріміздің құндылықтарын насихаттау дегеннен шығады. Қазір қоғам «Қазақ тарихындағы ислам дінінің рөлі қандай еді, болашақта қандай болуы керек?» деген секілді сауалдарға жауап іздей бастаған сияқты.
– Иә, дұрыс айтасыз. Ислам Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған хандықтардың ресми дініне айналды. Исламның ішіндегі Әбу Ханифа мазхабының дін, қоғам мәселелерін шешудегі ұстанымы қазақ халқына етене жақын болды. Өйткені бұл мазхаб Құран, шариғат үкімдерімен қоса, жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алады. Яғни бұл – салт-дәстүр мен діни ұстаным бір-біріне қайшы келмейтіндей үндесіп жатыр деген сөз. Осы ерекшелік арқасында бүгінге дейін біз исламның ханафи мазхабын ұстанамыз және ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Ханафидегі еркін ойшылдық біздің кең даламызда әлемге екінші ұстаз атанған Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Ахмет Ясауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Олардың еңбектері, ортағасырдағы Орта Азиялық ренессанс кезеңінің мәдени өміріне зор үлес қосқан асылдары болып табылады. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдарымыз, сал-серілеріміз дін философиясын, құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырған. Ұлы даладан шыққан рухани тұлғалар мен ұстаздардың діни танымы кең болды, олар діннің қыр-сырын меңгерді, ислам әлемінің көптеген рухани-мәдени орталықтарымен тығыз байланыста болды. Білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қазақтың ұлы реформатор-хандары жүйелеген қазақ қоғамының моральдық нормаларын, азаматтық құқықтарын реттеуге арналған, бүгінде біздің Ата Заңымыздың діңгегі болып табылатын «Жеті жарғы» секілді заңдарымыз шариғаттың негізінде дайындалған. Тарихымызды зерделей отырып, исламның қазақтың ұлттық болмысы мен мемлекетінің қалыптасуына, мәдениет, әдебиет, өнеріне, жалпы, дүниетанымына қосқан зор үлесін көре аламыз. Еліміздің, ұлтымыздың қалыптасуында үлкен рөл атқарған исламның болашақта да маңыздылығы кемімек емес. Себебі жаһандану тақырыбы жиі көтеріліп, жастарды жат идеялардан сақтау мәселесінде әр халық өз рухани бастауларына үңілері сөзсіз. Осы орайда, біз үшін де исламның ұлттық мәдениетпен үйлескен өнегелік құндылықтары, оның адамгершілікке, білім, бірлік, татулық пен бейбітшілікке үндейтін қағидалары әрқашан құнды болып қала бермек.
– Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Махмұд Қашқари, Қадырғали Жалаири секілді тұлғаларымыз тек діннің ғана емес, жалпы, ғылымның көшбасшыларына айнала білген. Технологияның дамыған кезінде дін ұстанушының келбеті қандай болуы керек деген сауал туындайтындай. Дін мен қоғамды тең ұстаған идеалды тұлға қажет сияқты.
– Қазіргі кез технология, компьютер заманы деп аталуы негізсіз емес. Адамзат бір кездері қиял-ғажайып ертегілерінің арқауы болған «ғажайып» дүниелерге қол жеткізді. Алайда ғылым мен техника қаншалықты қарыштап дамығанымен, адамзат баласының діни қажеттілігі өзгерген жоқ. Осы орайда, «қазіргі заманғы дін ұстанушы келбеті қандай болуы керек» деген сауал орынды қойылып отыр. Меніңше, дін мен қоғамды тең ұстаған идеалды тұлға зайырлы мемлекеттің заң талаптарын сақтайтын, өзге дін ұстанушыларға құрметпен қарайтын, заманауи білімге ие және өзі ұстанатын дін шарттарын орындайтын азамат болуы керек деп ойлаймын.
– Діннің басты міндеті – адамзаттың рухани қажеттілігін қанағаттандыру. Десек те, діни ұйымдардың көпшілігінің астарында саяси көзқарастардың, саяси мүдде мен ұстанымдардың жататынын білеміз. Сіздің ойыңызша, дінді саф күйінде сақтаудың, саясиландырмаудың жолы бар ма?
– Діннің негізгі қызметі – адамның рухани дүниесін жетілдіре отырып, моральдық құндылықтары жоғары қоғам қалыптастыру. Осы тұста ол жеке адам арқылы тұтас қоғамға әсер ету күшіне ие. Діннің осы қасиеті саясаткерлерді ықылым заманнан бері қызықтырып келеді. Тарих беттеріне үңілер болсақ, белгілі бір кезеңдерде дінбасы ел билеушісіне ерекше ықпал жасап отырғанын көреміз. Мысалы, кейбір діни тұлғалар Мемлекет басшысының кеңесшісі қызметін атқарған. Тіпті олардың сол басшыны заңды билеуші екендігін ресми түрде белгілейтін құзыреті де болған. Тарихта діннің атын жамылып немесе дінді сылтау ете отырып соғыс жариялау, қақтығыстар ұйымдастыру жағдайлары да көптеп орын алған. Сол себепті қазіргі жаһандану заманында, әсіресе діни қайшылықтар оңай тұтанатын уақытта дінді саясат құралына айналдыру аса қауіпті іс. Діннің жақынға көмек көрсету, айналаға мейірімділікпен қарау секілді адамзаттың құндылықтарын насихаттау арқылы адамдар арасында дін туралы айқын пікір қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, Астана қаласында ұйымдастырылып жатқан съездер мен форумдардың басты мақсаты да осы екенін атап өткен жөн.
– Бұл орайда «Мемлекеттің дін саласындағы саясаты қандай болуы керек?» деген сауал қойғанымыз орынды болар. Діннің мемлекеттік саясаттан алатын орнына баға берсеңіз…
– Біздің еліміз өзін зайырлы мемлекет ретінде белгіледі және дінге қатысты саясатында негізгі үш қағидатты: бейтараптылық, тағаттылық және тепе-теңдік қағидаттарын ұстанады. Бұл дегеніміз – мемлекет діни бірлестіктердің ішкі діни істеріне араласпайды, қандай да бір болмасын діни ұстанымдарды бір-бірімен сәйкестендірмейді, діндердің тең мүмкіндіктерін ескеріп, бейтараптылық қағидатына басты орын береді. Алайда бұл мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек деген сөз емес. Дін – мемлекетіміздің асыл қазынасы, оның азаматтарының өмірінде ерекше орын алатындықтан, мемлекет саясатында маңыздылыққа ие. Қазіргі таңда біздің республикамыздың дін саласындағы саясаты елімізді мекен еткен түрлі дін өкілдерінің құқықтарын қорғау мен олардың діни таңдауларына еркіндік беру, діндер арасында қалыптасқан келісім мен татулықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан халқын дін атын жамылған радикалды топтардың зиянды ықпалдарынан сақтау міндеттерін басты назарда ұстап отыр. Осы бағытта мемлекетіміз Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап дінаралық және ұлтаралық татулық пен келісімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналдырғанын айта кеткен жөн секілді. Дәлел ретінде елімізде үш жылда бір рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, Бүкіләлемдік келісім форумы секілді көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шараларды айтуға болады. Қазіргі таңда әлем елдері «Діндераралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық үлгі-тәжірибесі» деген ұғымды қолданыстарына енгізіп отыр. Сол себепті мемлекеттің елдегі дінаралық келісімді насихаттау мен дамыту жұмыстары сәтті жүзеге асып отыр деуге толық негіз бар.
– Сіздің жеке пікіріңізше, діни ақиқат деген не? Адамзат ақиқатқа қалай жетеді? Мұның ішінде қазақ ұлты қай жолды ақиқат деп қабылдағаны, ұстанғаны дұрыс?
– Жалпы, ақиқат – шартты ұғым. Ол заман мен уақытқа тікелей тәуелді. Алайда барлық кезеңдер мен уақыт талаптарынан тыс ақиқат категориясы бар, ол – дін ақиқаты. Діни ақиқат – әлем жаратылысы, адам мәні туралы діни таным. Дін ақиқаты – мейірімділік, доспейілдік, бейбітшілік. Дін осы аталғандарға үндейтін болса, ол – ақиқат дін. Әр дін адамзатқа өз ақиқатын ұсынады. Осы арада адамзатқа таңдау еркіндігі берілген және оның болашақта гүлденуі немесе құлдырауы қандай ақиқатты таңдауына байланысты. Ал енді қазақ ұлты қандай жолды ұстанғаны дұрыс деген сауалға келер болсақ, қазақ халқы өз жолын айқындады. Қазақ халқы – ислам дінін өзінің тарихи таңдауы ете отырып, бейбітшілікті мақсат еткен қуатты мемлекет.
– Аға соңғы сұрақты діндегі тура немесе жалған жолды айыра алмай жүрген азаматтарға арнасақ. Бір діндегі дұрыс нәрсе екінші дінде бұрыс деп саналады. Бұл қайшылықтар ақиқатқа тұсау болмай ма?
– Әр дін сенім негіздеріне сүйене отырып, өзінің ақиқатқа жеткізетін жалғыз жол екендігін айтады. Сондықтан қандай да бір дінді тура немесе жалған деп айту ғылымға жат құбылыс болып табылады. Әрине, бұл – әлемдік және дәстүрлі діндерге қатысты айтылған тұжырымдама. Осы діндерден таралатын ағымдар да бар, олар өз араларында белгілі теорияларын алға тартып, келіспей жататын тұстары болады. Осының салдарынан бір діннің ішінде бір-біріне қиыспайтын тұстарын көре аламыз. Мысалы, христиан діні ішіндегі үш конфессия арасындағы айырмашылықтар орасан зор. Олардың әрқайсысы өз сенімдерін ақиқат деп таниды. Ислам дінінің мазхабтары мен ағымдарының негізгі қағидалары бір болғанымен, іс-әрекеттері мен амалдарында айырмашылықтар көптеп кездесіп жатады. Сондықтан бір дінді тура немесе жалған деп айта алмаймыз. Тек өзіміздің діни сенімімізге және жеке көзқарасымызға сүйене отырып өз дініміз туралы айта аламыз. Осы орайда әлемдегі халықтар немесе қандай да бір мемлекет тарихи, әлеуметтік, жағрафиялық жағдайларға байланысты рухани таңдау жасайтынын да ұмытпау керек секілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Автор: Қанат Бірлікұлы
www.alashainasy.kz