22-23 мамырда Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Білім және ғылым министрлігі Ислам әлемі ғылымдарының академиясымен бірлесе отырып «Мұсылман әлеміндегі ғылым мен технология: жетістіктер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми симпозиумын өткізуде.
Симпозиумға Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Ислам әлемі ғылымдар академиясының президенті, Иорданияның экс премьер-министрі, профессор Абдель Салам Маджали, Парламент депутаттары, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, дипломатиялық корпустың және дінбасылардың өкілдері, Иордания, Малайзия, Тунис, Сенегал, Пәкстан, Иран, Германия, Италия, Түрікменстан, Әзірбайжан, Ресей және Қазақстанның жетекші ғалымдары қатысады.
Симпозиумда отандық және шетелдік ғалымдардың отыздан астам баяндамалары тыңдалады. Симпозиум барысында Қазақстанда ғылыми-зерттеу қызметінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын көрсететін республиканың ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының инновациялық әзірлемелері ұсынылатын «Қазақстандағы ғылым мен технологиялар: жетістіктер мен перспективалар» көрмесі өтеді.
Біз осыған орай Философия және саясаттану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершиновтiң мақаласын ұсынып отырмыз.
Былтыр жазда өткен Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев исламның кемсітілуіне мұсылман елдерінің бірігіп қарсы тұруға, мұсылман қауымдастығын, ең алдымен, экономикалық және ғылыми салаларда жаңартуға шақырған болатын. Онсыз мұсылман қоғамының Батыстан технологиялық артта қалуы жүздеген жылдарға жалғасып кететінін атап кеткен еді. Шындығына келгенде, пайғамбарға алғашқы аяны «оқы» деп түскен қасиетті Құранның, жалпы исламның білім мен ғылым іздеуге деген өсиетін көптеген аяттар мен хадистерден көптеп кездестіруге болады. Оның үстіне Құрандағы тылсым хикметтердің көптеген сыры бүгін ғылымның арқасында ашылып отыр, Батыста тәпсірмен айналысатын арнайы институттар құрылуда. Жалпы, қазіргі әлемде ислам интеллектуализмінің қуатты экспансиясы аңғарылуда.
Егер ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, онда оның пайда болған кезінен бастап ғылым мен мәдениетті кемеліне келтіре гүлдендіргеніне куә боламыз. Мұсылман дінінде кейбір өзге діндердегідей ғылым мен таным күнә ретінде жарияланып, қудаланған жоқ, керісінше дәріптелді.
Орта ғасырларда Араб халифатында дін мен философия, ғылым мен әдебиет, мәдениет пен өркениет өзара сұхбат пен ынтымақтастықта дамыды. Ислам діні бұрынғы «джахилийа» дәуіріндегі рухани азғындықтарды жойып, адамзатқа ізгіліктің жолын сілтеді. Халифаттың құрамына енген және исламды қабылдаған барлық елдер мен халықтарда бүкіл ортағасырлар бойы өзіндік бірегей әрі біртұтас мұсылман мәдениеті салтанат құрды. VIII – XII ғасырларда Шығыста орнығып, антикалық мәдени және ғылыми-философиялық мұраны игеріп қана қоймай, оны одан ары жетілдіріп, өздері көркем әдебиет пен филология, тарих пен география, математика мен астрономия, медицина мен музыка, логика мен философия салаларында, сондай-ақ сәулет өнері мен көркем қолөнерде аса ірі табыстарға жеткен бұл өркениетті медиевист-зерттеушілер «мұсылман ренессансы» деп атайды.
Мұсылман өркениеті өзге мәдениеттерге төзімділігі мен сұхбатқа ашықтығының арқасында Алдыңғы Азиядағы иудейлер мен сириялық арамейлердің, Солтүстік Африка халықтары мен мысырлықтардың, батыстағы андалусиялықтар мен шығыстағы үнділіктердің, сонымен қатар Хорасан мен Орталық Азиядағы түркілер мен парсылардың жергілікті мәдениеттерін бірегей исламдық арнада тоғыстырды. «Араб-парсы-түркі» мәдени синтезі орын алған бұл кезеңде қазақ топырағынан әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи тәрізді ғұламалар шықты. Өйткені ислам діні бейбітшілік пен еркіндіктің, ізгілік пен әділеттіліктің діні еді және ол тек арабтарға немесе басқа бір тайпаға, халыққа, нәсілге ғана түскен жоқ, оны Жаратушы бүкіл адамзатқа арнап жіберді деп есептелінеді. Сондықтан халифаттың шығысынан да, батысынан да ғалымдар да, әулиелер де көптеп шықты.
Бұл тұрғыдан алғанда «Мұсылман әлеміндегі ғылым және технологиялар: жетістіктері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми симпозиумның өткізілуі маңызды. Сонымен қатар оның өзектілігі мен әлеуеттілігі де төмендегі жағдайлармен сипатталады.
Соңғы онжылдықтарда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің, оның ішінде ислам дінінің (өйткені республика тұрғындарының 70 пайызы ислам дінін ұстанады) рөлі өсе түсті: дәстүрлі діни институттардың әлеуметтік функциялары кеңеюімен қатар, жаңа діни ағымдар да пайда болды, олардың арақатынасы шиеленісті, дінтанулық, оның ішінде исламтанулық білім дамыды. Бүгінгі күні діни сананың жаңғыруы бүкіл әлемді қамтып отырған факт қана емес, қоғамдық дамудың кескін-келбетін ай қындаушы факторға да айналуда.
Бұл қалыптасқан діни ахуал ғылыми зерттеулерді тарихи ретроспективадан қазіргі заман мен перспективаға көшіріп, дінді жүйелі әрі кешенді зерттеудің жаңа концептуалдық, методологиялық және дүниетанымдық тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Себебі адам өмірінің сан алуан қырлары әлеуметтік кеңістіктің виртуалдануы мен компьютерленуі, жаһандануы мен жаңартылуы, миграция мен интеграция салдарынан трансформацияланып, діни институттар мен діндарлықтың сипаттары да өзгеруде. Қазіргі әлемде діни плюрализм саясаты ар-ождан еркіндігі мен діни толеранттылықты алдыңғы орынға қойып, қоғамдық сананың ерекше рухани формасы ретіндегі дінге деген қатынасты түбегейлі өзгертті. Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан рухани келісім мен конфессияаралық татулық саясаты, сондай-ақ әлемдегі ислам факторы жаңарған диалогиялық (сұхбаттық) ойлаудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға үндейді.
Елбасы Н. Назарбаевтың толеранттық сана мен дінаралық қарым-қатынастың жаңа формаларын қалыптастыру жөнінде қойған міндеттері Қазақстанның әр алуан діндері мен әртүрлі аймақтарындағы діни қарым-қатынастың мазмұны мен бағыттары жөнінде ғылыми зерттеулерді күшейтуді көздейді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан осы мақсатқа сәйкес көптеген ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Осы шаралардың аясында «Мұсылман әлеміндегі ғылым және технологиялар: жетістіктері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми симпозиумның қазақстандық ғалымдар үшін маңыздылығы зор.