Еліміз егемендік алғаннан кейін дін саласында «діни сенім бостандығы» жарияланды. Яғни, әрбір адам өз дініне табынуда, оны зерттеуде, насихаттауда еркіндікке қауышты. Соның ішінде Қазақстан халқының 70 пайызы ұстанатын және қазақ халқын сан ғасырлардан бері жан-жақты сусындатып келген ата-баба діні Ислам дінінің орны ерекше десек артық айтқандық болмас. Біздің де, алға қойған мақсатымыз Ислам дінінің ғылыми құндылықтарының мұсылман қауымына әрі әлем жұртшылығына, әсіресе Батыс елдеріне тигізген пайдасын тарихи құнды деректерден дәлел-дәйектер келтіре отырып, жұртшылықтың назарына ұсыну. Неге десеңіз күнімізге дейін Ислам діні хақында көп айтылып жүрсе де, оның ғылыми тұсы ойысырап, ақсап тұрған жайы бар. Сондықтанда да, әуелі Ислам дінінің ғылыми жайын тарих сахнасындағы баспалдақтарынан бастар болсақ: Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға келген соң (622 ж.) қаланың саяси тұрғылығын және мұсылмандардың амандығын қамтамасыз ету мақсатымен іске кіріскен. Өйткені Мәдина қаласының тұрғындары Мекке сияқты тек қана арабтардан емес, сонымен қатар яхудилерден (еврей) және де басқа да ұлттардан құралған-ды. Бұған дейін Мәдинада орталық билікпен қала тұрғындары ортақ ымыраға келген басқару жүйесі болмаған еді. Сахабадан (пайғамбарды көрген мұсылман) Әнас Ибн Мәликтің үйінде мұсылмандар мен мұсылман еместердің уәкілдері келісім шарттар жасасып, барлығы келіскен ортақ жазба мәтін дайындалды. (623 ж.) Мәдина тұрғындарының бәрі ұйғарысқан осы келісім шарттардың жазбаша нұсқалары бүгінге дейін жеткен. Ғалымдар осы келісімді «Мәдина Ислам Мемлекетінің Конституциясы» деп атайды. Осы негізгі заңда қамтылған тақырыптар мен баптардан және Пайғамбардан (с.а.у.) кейінгі халифалардың да, жаңа ашылған елдерде ұстанған саясатынан мұсылман билігінің басқа мәдениеттерге кең әрі тең рұқсат бергенін байқаймыз. Ислам діні бөтен мәдениеттерді жатсынған емес. Қайта оларды баулап, олардың жақсы жақтарын алудан ешқашан кері тұрмаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у) түрік-соғды сауытын киюі, Қытайдан әкелінген заттарды пайдалануы, түрік шатырында соғысқа шығуы, Араптардың төрт жағындағы Мысыр, Византия, (395-1453), Сасани (224-651) қатарлы патшалықтарға елшіліер жіберіп, (630 ж.) оларды хақ дінге шақыруы, тіпті император Ираклиммен хат алысып тұруы, Оның күллі адам баласына жіберілген елші екеніне әрі ғылым мәдениеттің құрушысы екендігіне бұлтартпас айғағақтар болып табылады. Мұсылман ғалымдар бар ғылымын жұртшылықтың пайдалануына жұмсайды. Ғылымды күнкөріс пен мәртебе алудың құралы деп ешқашанда көрмеген. Бір мысал келтірелік; Иран патшасы І Шапур кезінде (241-272) Хұзистан аймағында Жундишапур деген қала орнатылды. Осы шағын қалашық Сасани билеушісі І Хұсраудың кезінде (531-579) патшалықтың екінші қаласына айналады. Мұнда атақты дәрігерлік мектебі пайда болады. Бірақ Жұндишапұрлық дәрігерлер өздерінің кәсіби сырларын тек өз топтарында ұрпақтан ұрпаққа қалдырып сақтайды да монополия мен кірістен айырылмас үшін басқа ешкімге білдірмейді һәм үйретпейді. Аталған аймақ мұсылман билігіне қаратылған соң ғана мұсылман ғалымдар олардың кейбір ғылымын ашып, пайдалана алған.[1] Алайда, Ибн Сина сықылды біртуар мұсылман ғалымдардың жазған кітаптары мұсылман елдерінде ғана емес, сонау Еуропаның өзінде кем дегенде VI ғасыр бойы оқулық есебінде оқытылған. Сол ғасырлардың ең мықты Батыс елдерінде де, мұсылман ғалымдарымен салыстырарлық ғалымдардың шыға алмағаны баршаға аян. Бұл жөнінде Бартольд (1869-1930) былай дейді; «Исламның басты артықшылығы және мұсылман әлемінің сол дуірдегі білімді халықтардың алдында болуының сыры, материалдық һәм рухани мәдениет жағынан болсын мәдени біріншілікті ұстауында жатыр».[2, 314 б] Тарихта алғашқы халифалықтар дәуірінде дүние жүзі мәдениеттері тығыз араласты. Қиыр шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктері Батысқа, мұсылмандардың ғылым-мәдени табыстары болса Қытай еліне мәлім болды. Талас (751 ж.) соғысынан кейін Атлант мұхитына дейінгі халықтардың бірін-бірі жақын тануына мүмкіндік туды. Мұсылмандардың үш құрлықтағы билігі халықтар арасында тығыз мәдени байланыстардың орнатылуына орасан зор үлес қосты. Халифалар Батыстағы Франк, Герман, Рим патшалары және Қытай хандарымен тығыз байланыста болды. Мәселен Қытай деректерінде халифалықтан 651-798 жж. аралығында 37 рет, ал 908-1168 жж. аралығында 49 рет елшілік келгені жазылған.[3, 315 б] Қорыта айтар болсақ, тарихта мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі әрі кіруі Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мәдениеттер арасында өшпенділік пен пышақ сырты ғана байланыс болса, Исламмен бірге Шығыс пен Батыстың барша мәдениеттері жамырасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған дейін белгілі мәдениетке ғана тән болып есептелген нәрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Мысалы «араб цифрлары» деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде Үндістандықтарға ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдіріп қана қойған жоқ оларды құры символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Адамзат тарихында бірінші рет нөлді (сыфр / цифр), мұсылман ғалымдар тапты және еңбектерінде пайдаланды; нөлді бірінші рет сан ретінде қолданған Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми (780-850) еді. Арал теңізі маңында дүниеге келген дана бабамыз сонымен қатар 1-ден төмен қарайғы сандарды белгіледі. Мысалы, жүздік, мыңдық және ондықтарды жүйелеп, бөліп жазуды көрсетті. Оның бұл табыстары тарихтағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарға жатады. Күніміз информация, телекоммуникация ғасырында мұсылмандар ашқан осы жаңалықтардың қызығын күллі әлем көруде. Орыс тіліндегі цифр мен Батыс тіліндегі «cipher» сөздері арабша нөл дегенді білдіретін «сыфр» сөзінен алынған. Шындығында араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы өте икемді әрі оңай. әл-Хорезми ашқан бұл жаңалық Еуропаға тек Х-ХІІ ғғ. ғана мәлім болған; осы жаңалықты Еуропаға жеткізген Герберт есімді адамның абырой-беделінің артқаны соншалық, кейін ол Рим папасы сайланған. Оның есімі папа Силвестр ІІ ретінде Еуропа тарихында қалды. әл-Хорезмидің «Китап әл-Жәбр уәл Мұқабала» (Алгебра және теңдіктер кітабы) атты еңбегі латын тіліне аударылғанда (ХІІ ғ.), әл-жәбір сөзі алгебра деп аударылғандықтан осы сөз термин ретінде қалыптасты. Оның екінші бір кітабы латыншаға «Algoritme de Indorum» деп аударылғандықтан алгоритм сөзі де терминге айналды. Адам құқықтары жөніндегі үндеудің ХХ ғасырда ғана бекітілгенін ескерсек, ХIV ғасыр бұрын Раббымыздың Құран Кәрімінде барлық адамдардың құқықтарын қорғау міндетін бұйырғанын көріп, таң қаламыз: «Адамдардың құқықтарын қыспаңдаң! Жер бетінде бұзақылық шығарып, бүлік жасамаңдар!» (Құран Кәрім 26 сүре, 183 аят) Ал енді Ислам ғылым мен мәдениетінің Батыс елдеріне өту жолдарын және Батыс ғылымына тигізген әсерін баяндасақ. Ислам мәдениетіндегі мемлекеттер Батыс мәдениетінің шекараларын Әмуилер, Аббасилер мен Османлы империясының шарықтау кезеңдерінде өздеріне қосып алуға тырысқан. Бұл жаулап алу әрекеті әсіресе түріктердің Исламды қабылдауларынан кейін өрши түсті. Анадолының басып алынуынан кейін крестші жорықтарының себебімен және мұсылман түріктердің Батыс елдеріне жасаған шабуылдарының нәтижесінде Ислам мәдениеті мен Батыс мәдениеті бетпе-бет кездесті.[4, 68, 82 б] Батыс әлемі Фараби, Ибн Сина, Ғазали сияқты Ислам философтарының және Аристотельдің шығармаларын Еуропа, латын тілдеріне аудару еңбегімен қатар, өзге ғылымдармен де шұғылдану керектігін байқады. Тіпті университеттерінде ХІІ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап медицина сабақтарының тақырыптары Ибн Синаның «Канон» және Ибн Рушдтің медицина жайындағы еңбектерінен алынды. Римдіктер және олардың ізбасарлары болып табылатын Византиялықтар, Шығыс және Батыс әлемін Ақтеңіз жағалауында пайда болған «Ақтеңіз мәдениеті» мен Шығыс культурасының Батысқа өтуіне себепкер болды. Ислам дінінің келуінен бастап Батыс әлемі Шығыс культурасын (мәдениеттер мен өркениеттер жиынтығы) Ислам мәдениеті арқылы алуға әрі жаюға мәжбүр болды. Ескі Шығыс мәдениетінің және антикалық (ежелгі) дәуір ғылымдарының Батысқа өтуіне мұсылмандар себепші болған. Ежелгі замандарда шыққан ғылымдарды сол елдерге барып үйренген мұсылмандар, бұл ғылымдарға сондайлық көптеген өз үлестерін де қосып Батысқа жеткізген. Ислам мәдениетінің Батысқа келуінің бірнеше жолдары бар: 1.Орта Ғасырда Ислам мәдениеті Еуропаға Испания арқылы алғаш қадамдырын атты. Экономикалық және культураралық өркендеу, қысқа уақытта Еуропаның өлкелеріне өз әсерін тигізді. 711 жылы Испанияның мұсылмандар тарапынан басып алынуынан кейін 755 жылға дейін Сириядағы халифалық орталығы тарапынан басқарылды. 715 жылы ІІІ Абдуррахман Куртубаның бостандығын жариялады. Куртуба ІІІ Абдуррахман дәуірінің соңына дейін (912-961) Ислами тәрбие, өнер және ғылымдармен Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Ол дәуірде тіпті Еуропалық профессорлардың өзі Куртубада тәжірибе жинап, емтихан тапсыратын еді. 2. Ислам мәдениетінің Батысқа әсер етуінің екінші жолы Сициялы арқылы болды. Мұсылмандар, христиандардың ішінен білім үйренгісі келгендеріне медреселерде сабақ алып, білімдерін жоғарылатуларына жәрдем ететін еді. Осылайша Ислам мемлекетіне ғылым үйрену мақсатымен келген христиандар, Ислам мәдениетінің дәстүрлері мен ғылымдарын жалғастырушылар қатарына қосылды. Ресми тіл ретінде араб тілі қолданылды. Тіпті дипломдарының бір бөлімі арабша толтырылды. Қысқаша айтар болсақ Х ғ. Сицилия мен Нормандияның басқару жүйесінде Ислами дәстүр бар еді. 3. Ислам мәдениеті мен ғылымының Еуропаға келуінің үшінші және ең маңызды жолы тарихта «крестовый похот» деп аталатын крестші жорықтары арқылы болған. Бұл жорықтар шіркеулер тарапынан Исламның сол кездегі билігін, күшін жойып, әлсіретіп, христиандықты жоғары ұстау мақсатында ұйымдастырылған-ды. Олардың жорықтары мұсылман түріктердің және арабтардың қарсы тұруларымен тоқтатылды. Бірнеше рет қайталанған крестші жорықтары, Еуропалықтардың Ислам өлкелерімен қарым-қатынас жасауына себеп болды. Бұл жорықтардан отандарына аман-есен оралғандар, мұсылман түріктердің имандарын, басшыларына деген құрметтерін, тазалықтарын, жомарттық пен дұрыстықтарын тілге тиек етіп мақтағанда, лайықты сөз таба алмай дал болатын. Крестші жорықтары кезінде Еуропа мемлекеттерінің бірде бірі ұйымдастырылған мемлекет ретінде емес еді. Осы жорық барысында Батыс әлемі мұсылмандардан мемлекетті қалай ұйымдастыру керектігін үйренген. Сөйтіп әрбір салада мұсылмандарға еліктей бастады. Мұсылмандардың шығармаларын аудара бастады. Бұл шығармалардың көбі Ислам мемлекеттерінің мәдениеті мен тұрмысын әңгімелейтін шығармалар еді. «Константинопль» және «Адлер» деген шығармалар Ислам халифалығы жайында әңгімелейді. Ибн Синаның «Китабун-Нәфс» және «Шифа» атты шығармалары Иеханның аударуымен Еуропаға ұсынылады. Фараби және Ғазали сияқты философ әрі ғылым адамдарының еңбектерін Еуроаплықтар зерттей бастайды. 4. Ғылыммен мәдениеттің Батысқа өткен тағы бір жолы, Италияның порттық қалалары арқылы, яғни, Ақтеңіз сауда орталығы мен Солтүстік Еуропаға Венеция, Генуя және осы секілді басқа да, порттық қалалар арқылы келіп жатты. 5. Ғылым саласында мұслман-түрік әлемінің Батысқа әсер етулерінің ХІІ ғ. басталғандығын айтуға болады. Мысалы, Ғазали, Ибн Сина және Фарабиден басқа дәрігер Разидің әртүрлі ауруларға қарсы қолданған дәрілері медицина тарихына белгілі. Осман империясының үстемдігі ұзақ уақытқа дейін жалғасты. Бұл үстемдіктің айқын дәлелі Балкандықтардың тіліне енген түрікше сөздер және түрік тіліндегі словияндық терминдер.[5, 230 б] Мұсылмандар билік жүргізген елдерде әрқашанда да бейбітшілік орнап, дінге ерік берілгені және халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, өмір сүргендігіне тарихи деректер мол. Бұған Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.), мұсылман еліне қосылған жерлердегі халықтармен қарым-қатынасы айқын мысал бола алады. Одан кейінгі Құранмен Аллаһтың елшісінің жолынан таймаған мұсылман билеушілері өздері құрған қоғамның тыныштығы мен әділеттілігін қамтамасыз етіп, діни сенімге адалдық, осындай басшылар тұсында орнығып, мұның өзі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалды. Сол кездегі христиандар мен еврейлер мұсылмандардың арқасында қандайда бір қақтығыссыз, соғыссыз өмір сүріп, мұсылмандардың билік жүргізудегі әділеттіліктерін және билік жүргізудегі шеберліктерін мойындамасқа амалдары қалмаған. Палестина мен Иерусалим жеріндегі тұрақтылық пен діни сенім бостандығы бұған бұлтартпастай айқын мысал. Исламның 1400 жыл бойы Иерусалим мен Палестина жерінде бейбітшілік кепілі болып тұрғаны талассыз тарихи факт. Иерусалим біздің дәуіріміздің 71 жылына дейін Еврей патшаларының астанасы болған. Бірақ осы жолы Рим әскерлері үлкен жорыққа шығып, еврейлерді талқандады. Халықты аяусыз қырды. Бейбіт халық қоныстарынан қуылды. Еврейлер үшін дяспора дәуірі, міне осы кезден басталды, ал Иерусалим мен оның төңірегі иесіз бос үйіндіге айналды. Рим империясы император Константиннің тұсында христиандықты қабылдағаннан кейін ғана Иерусалим қайта назарға ілігіп, құрметке ие бола бастады. Римдік христиандар қалада шіркеу салып, бұл жерлерге еврейлердің қоныстануына рұқсат етті. Біздің дәуіріміздің 7 ғасырында Палестина Шығыс Рим (Византия) империясының құрамында болды. Біршама уақыттан кейін бұл территорияны парсылар жаулап алды. Бірақ көп кешікпей Византия Палестинада өз үстемдігін қайта орнатты. Палестина тарихындағы жаңа кезең бұл жерлерге 637 жылы араб халифатының әскерлерінің енуімен басталды. [6, 320 б] Нақ осы оқиғадан соң ғана, ғасырлар бойы толассыз соғыс пен билеушілердің қатыгездігі, бейбіт халықты қуғындау, бір діннің екінші бір дінге үстемдігімен алма-кезек аутықулардан мезі болған Палестина жерінде енді діни сенім бостандығы мен өркендеу дәуірі басталды. Палестинаға арабтар Мұхаммед Пайғамбардан (с.а.у.) кейінгі екінші халифа болған Хз. Омардың (р.а.) әскерлері кірді. Қалаға келген Омар Фаруқ (р.а.) Палестинаны мекендеген барлық этникалық және діни топтарға жылы ықылас танытып, құрметпен қарады. Бұл Палестина жұртшылығы арасындағы дін еріктігі мен өзара сыйластық дәстүрінің басы еді. Қысқа қайырғанда айтарымыз, Ислам ғылымы мен мәдениетінің адамзатқа алып келген пайдасы мен әсері шаш етерлік. Оның бәріне бір мақаланың көлемінде кеңінен тоқталып кету мүмкін емес. Сол үшін де, қолдан келгенінше қысқа әрі нұсқа баяндап кетуге тырыстық. Көріп отырғаңыздай Ислам діні тек белгілі бір құлшылықтар түрлерін атқаруды ғана әмір етумен шектелмей, сонымен бірге адам баласына аса қажет ғылым-біліммен айналысуды да әмір еткен. Жоғарыдағы аты аталып өткен ата-бабалырымыз осы Ислам дінінен нәр ала отырып ғылымды бойына сіңірген. Осымен қатар, мұсылман ғалымдардың ғылымдағы және мәдениеттегі жетістіктері, тек мұсылман әлемін ғана емес, әрине өзге де, тілі, ділі әрі діні жат халықтар мен елдерді айдынға шығарды десек қателеспейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. 2. Тарихшылар хейети, Доғуштан гүнүмүзе бүйүк Ислам тарихи, ІІІ том, Станбул 1999 жыл. 3. Бұлда сонда, қараңыз 315 б. 3. Қараңыз, Али Хасан ән-Нәдуи, Муслуманларын герилемесиле дуния нелер кайбетти, тержуме Мехмет Суслу, «Китапеви» Истанбул 1996 4. Проф. Др. Ахмед Акгүндүз, Проф. Др. Сайд Өзтүрк, Билинмеиен Османлы, Истанбул ІІІ том, Станбул 1999 жыл. 5. Тарихчылар хейети, Доғуштан гүнүмүзе бүйүк Ислам тарихи, ІІІ том, Станбул 1999 жыл.
Өткелбаев Бақытжан
|