«Ислам» сөзі – мойынсұну, бағыну, берілу, амандықта болу деген ұғымды білдіреді. Терминдік мағынасы: Ұлы Жаратушы Ие Аллаһқа бой ұсыну және Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың дін ретінде әкелген, үйреткен, жеткізген нәрселерін толықтай қабыл етіп, ұстану.
Құранда иман мен ислам сөздері кейде бір мағынада айтылса, кейде екеуі екі бөлек мағына екенін білдіретін аяттар бар. Осы аяттардың екі мағынада айтылуы мұсылман ғалымдарының екі түрлі пікір ұстануына бірден‑бір себеп болған. Әрбірі, осы екі пікірдің бірін дәлелдеуге тырысады.
Ислам сөзі негізінен өте ауқымды, кең мағыналы термин. Ал иман осы ауқымды, кең мағыналы ұғымның бір бөлігі ғана. Ислам негізінен берілу, тәслім болуды білдіреді. Тәсілім болу, мойынсұну үш түрлі жолмен: жүрекпен сену арқылы, тілмен айту арқылы және дене мүшелерімен құлшылық ету арқылы жүзеге асады. Бұлардың ең жоғарғы мәртебесі жүрекпен сеніп берілу. Міне, мұны иман дейміз.
Әбу Хурайрадан риуаят етілген Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Жибрил» деп аталатын мәшхур хадисінде ислам, иман, ихсан сөздері мен ұғымдарын үш түрлі мағынада қолданғандығы мәлім: «Расулуллаһ бір күні сахабаларымен бірге отырған кезде бір адам келіп Пайғамбарымызға:
– Иман деген не? – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Иман дегеніміз, Аллаһқа, періштелеріне, Аллаһқа қауышуға, пайғамбарларына, өлгеннен кейін қайта тірілуге сену, – деп жауап берді.
Ол кісі қайта:
– Ислам деген не? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Ислам дегеніміз – Аллаһқа құлшылық ету, оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазанда ораза ұстау және Қағбаны хаж етуің, – деп жауап берді. Әлгі кісі:
– Ихсан деген не? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Сені көріп тұрғандай Аллаһқа құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады, – деп жауап берді. Ол:
– Қиямет қашан болады?, – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Мұны сұралушы сұрағаннан жақсы білмейді, – деді». (Бухари, Китабул иман – 47).
Хадистен де көз жеткізіп отырғанымыздай иман мен ислам әсте бір ұғым емес екен. Түйіндей айтқанда: иман сену болса, ислам негізгі құлшылықтарды орындау болып табылады.
Нәби (с.ғ.с.) айтады: «Ислам дегеніміз, ол: «Аллаһ тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) – Оның елшiсi» деп куәлiк етуiң. Намаз оқып, зекет беруiң. Рамазан айында ораза ұстауың және жағдайың келсе қажылыққа баруың».
Хадистi Омардан (р.а.) имам Мүсілім риуаят еттi.
Нәби (с.ғ.с.) айтады: «Ислам дегеніміз, ол: Аллаһ тағалаға құлшылық етіп, құлшылығыңда Оған серік қоспауың. Намаз оқып, зекет беруің. Рамазан айында ораза ұстап, қажылық етуің. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Отбасыңа сәлем беруің. Осының бірін кеміткен исламның бір бөлігін жоғалтқан болады. Бәрін істемеген Исламнан теріс бұрылған болады».
Хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) Имам Әл-Хаким риуаят еттi.
Нәби (с.ғ.с.) айтады: «Ислам сегіз бөліктен тұрады. Ислам – бір бөлік. Намаз – бір бөлік. Зекет – бір бөлік. Қажылық – бір бөлік. Ораза – бір бөлік. Жақсылыққа шақыру – бір бөлік. Жамандықтан тыю – бір бөлік. Аллаһ тағала жолында күресу – бір бөлік. Осы сегіз бөліктің бірін де иеленбеген сәтсіздікке ұшырайды».
Хадистi Хузайфадан (р.а.) имам Баззар риуаят еттi.
Нәби (с.ғ.с.) айтады: «Ислам – Хақ тағалаға бойсұнуың. «Аллаһ тағаладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) – Оның құлы әрі елшісі» деп куәлік етуің. Намаз оқып, зекет беруің».
Хадистi Ибн Аббастан (р.а.) имам Ахмад риуаят еттi.
А. С. Жекебатыров
Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері