Он шақты иаһуди хазреті Әлиге (ғ.с.) келіп: «Ғылым артық па, әлде, мал артық па?» – деп сұрақ қояды. Төртінші халифа бұл сұраққа былайша он түрлі жауап береді.
– Бірінші, ғылым артық. Өйткені, ғылым – пайғамбарлардан қалған мирас, ал мал – Перғауын мен Қарынбайдың мирасы.
– Екінші, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың.
– Үшінші, ғылымның досы көп, ал малдың дұшпаны көп.
– Төртінші, ғылымды жұмсасаң арта береді, малды жұмсасаң азая береді.
– Бесінші, ғылым саған құрметті атақ береді, ал мал сараң деген атақ қалдырады.
– Алтыншы, ғылым өзін-өзі сақтайды, ал малды үнемі бағып, күту керек.
– Жетінші, ғылым қиямет күні иесіне шапағат етеді, ал мал иесіне есепсіз жауап бергізеді.
– Сегізінші, ғылым тозбайды, жоғалмайды. Мал болса, қолдың кірі, өледі, жоғалады.
– Тоғызыншы, ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады, ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп дүниеқоңыз етеді.
– Оныншы, ғылым адамға ғибадат еткізеді, ал мал иесінің көңіліне тәкәппарлық салады, – деп тапқырлық танытыпты.