«Біз адамзатты ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Анасы қиналып жүріп құрсағында көтереді, қиналып туады. Құрсақ көтеру, емшек емізіп бағу мерзімі отыз ай. Ол кәмелетке толып, қырық жасқа жеткен шағында: «Тәңірім! Өзің маған және ата-анама берген нығметтеріңе шүкір етуім үшін, Сен риза болатындай ізгі амалдарды жасауым үшін маған медет бер. Менің ұрпағымды да ізгілерден ете гөр. Мен саған шындап тәубе еттім. Мен шынайы мұсылманмын».
(«Ахқаф» сүресі, 15-аят).
Дүниеде адамға ең қымбат жан – ана мен әке. Бұл қымбатты жандарды Алла тағаланың өзі жоғарыдағы аятта дәріптеген. Алла дәріптеген пенденің мәртебесі ешнәрсемен өлшенбейді. Өкінішке орай, күнделікті өмірімізде жастардың ата-анасына көңіліне келеp қатты сөздеp айтып, тіпті оларға қол көтеруге дейін барып ренжітіп жатқандығы жиілеген құбылысқа айналуда. Ата-анасын сыйлап, құрметтемеген адам өз перзентіне не тәрбие бермек. Ата-анасына не істесе де күндердің күнінде алдынан шығатыны хақ.
Пайғамбарымыздың хадис шәрифінде: «Бір адам анасын арқасына арқалап көтеріп жүріп, Қағбаны тәуап етіп болып, Расулалладан сұрапты: «Анамды арқалап, көтеріп жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті айналдырып тәу еттірдім, енді айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?», – депті. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», – деп жауап берген еді. Сахабалардың дені жастар еді. Ислам жаңа келген уақытта көптеген ата-аналар балаларының дінді қабылдап, намаз оқығанын түсінбей, көп кедергі жасаған еді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кәпір болса да ата-ананы ренжітпеу қажеттігін айтып, намаздарын Сахара шөліне барып оқуға бұйырған еді. Бүгінде көптеген жастардың имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, ораза ұстауы көптеген ата-анаға қуаныш әкелуімен бірге уайымға салғандай. Бұл жағдайға түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Ешқандай ата-ана баласының намаз оқып, ораза ұстауына қуанбаса, қарсы болмайды. Бұл тек олардың балаларының әлдебір діни экстремистік топқа ілінбеді ме деген сақтығы ғана. Осы жерде діни қызметкерлер мешітке келген жастарды бақылап, олармен тиісті жұмыстар жүргізіп, ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қажет болған жағдайда қорғауы да керек. Ата-аналар мен балалардың арасындағы түсіністіктің болу-болмауы көбінесе отбасы тәрбиесіне байланысты. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін балаларға жастайынан уағыз-насихат көбірек айтылуы керек. Өркендеген қоғамды құрайтын салиқалы жанұя ғана екенін естен шығармауымыз қажет. Ұлтымызда «жынды болса – байлап бақ» деген аталы сөз ұран боп, бүгінгі күнге дейін жалғасып келген.
Ата-анасына мейірі жоқ, қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтса да артық болмайды. Имам Мүслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата – аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», – деген.
Бірде бір жігіт Пайғамбарымызға мынадай өтінішпен келіпті:
– Әкем қартайғанның салдарынан жайсыз болып кетті. Азғандығынан ба, үйіме келіп, қолына не ілінсе соны алып кете береді, – депті. Мұны естіген Расулалла (с.ғ.с.) баланың әкесін өзінің құзырына шақыртты. Алдына келген қарияның үстіндегі киімі әбден тозып, бейшара халге түскен екен.
– Ұлыңның сөздері рас па? – деп одан сұрады. Ол:
– Иә, дұрыс. Мен ұлымды бақтым-қақтым, өсірдім. Жақсы азамат болсын деп жалғыз өзім тәрбиеледім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді осыған кигіздім. Қартайған кезімде бағады ғой деген зор үмітім болған. Бірақ қайтейін, ұлым анасыз өскеннен бе, мейірім-шапағаты жоқ азамат болып шықты. Маған қарайламайды. Сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты алып кетемін. Ол затты сатып, ақшасына тамақ жеп күнелтемін. О, Алланың елшісі, Расуллалла! Бұл ісім дұрыс па әлде қате ме, білмеймін, – деп көз жасына ие бола алмай әбден жылады. Әкенің бұл сөздерін естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашу-ызадан беті қатты қызарып кетті. Ұлына қарап:
– Тапқан дүниең, сатып алған заттарың, тіпті сенің өзің де әкеңнің жеке мүлкіндейсің! Егер тапқан табысың әкеңді бағуға жетпесе, әкең сенің өзіңді сатып жіберуге де құқы бар. Сен тапқан табысыңды өзімнің ғана мүлкім деп, бұған басқаның оған қатысы жоқ деп ойлама! Барлық дүниеңе әкең ие! – деп қатты айтты.
Халық даналығында: «Әке – шешең жынды болса байлап бақ» демей ме. Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Я, Расулулла, жақсылықты алдымен кiмге iстеймiз?», – деп сұралғанда, Ол (с.ғ.с.):
– Одан кейiн ше?
– Анаңа!
– Ал, одан кейiн ше?<
– Анаңа!
– Ал, одан кейiн ше?
– Әкеңе!
(Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.)
Ата-анасының разылығына жетпеген балаға Пайғамбарымыз терең күрсініп, былай деген: «Тоғыз ай, тоғыз күн, тоғыз сағат сені қарнында көтеріп, өлімді жағалап барып сені туған кім? Сен ештеңеге шамаң келмей, сәби болғанда жылдап көкірегімен емізіп баққан кім? Сені балиғат жасына жеткізген кім? Егер анаңның ризалығын алмасаң, жәннет саған жоқ! Тәубе етсең еттің, болмаса отбасыңмен жинаған мүлкіңнен жартысын беруің тиіс», – деген болатын.
Тағы бір өзегіңді өртейтін жайт, бүгінгі жаһандану дәуірінде қарттар үйінен өзіміздің қаракөз, мұсылман ата-аналарды кездестіргенге етіміз үйреніп алғандай. Бұған барлығымыз осылай болу керек тәрізді қарайтынымыз өтірік емес. Бұл қатыгездікке жол бермеу үшін ақ жаулықты асыл аналарымыз бен асқар таудай әкелерімізге мейіріммен қарап, олардың разылығын алуға тырысқанымыз жөн. Шариғат бойынша ата- ананың разылығы – Аллаһтың разылығы. Ал, ата-ана ашуы мен ызасы – Жаратқан Алланың қаһарына тең.
Ата-ананы ренжітіп немесе олардың ислам дініне қайшы келмейтін істері мен айтқандарын орындамаған бала түрлі қиыншылықтарға тап болады. Бұл үшін ата-ананың «сені қарғадым» деп айтуы міндет емес. Ата-ананың көңілін қалдырудың өзі перзенттің қарғысқа ұшырауы деген сөз.
«Жәннат аналардың аяғының астында» деген нақылды білмейтін мұсылман жоқ. Бірақ осы ұлағаттың мағынасын көпшілік түсіне бермейді. Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы керектігі туралы қасиетті Құранда анық мәліметтер мен өсиеттер көп. Соларды оқып, үйреніп, перзентеріне мұра етіп қалдыруы әрбір мұсылманның міндеті. Әлемдегі ең құрметті де абзал екі жан дүниеден озғанда оларға мал сойып ас беріп, зәулім там тұрғызып, бейітінің басына тас қою арқылы ата-ананың разылығын алу мәртебесіне жеттім деу асқан адасушылық. Перзенттері ата-анаға қандай жақсылық істесе де, олардың көзі тірісінде жасағаны абзал. Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Үш баланың біреуі мал иесі, келесісі әйелінің иесі, ал әке деп, халқым деп жүрегі соққан жалғыз балам бар», – деген еді.
Адамды дүниеде қор қылатын әрі адами қасиетін жоятын күнәларды тағы да саралайтын болсақ, Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, жетім ақысын жеу, ата-ананы ренжіту. Бұл тек дүниеде ғана адамға өте үлкен қасірет әкелетін күнәлар, қияметтегі сұрағы бөлек болмақ.
Құран кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып қалса, оларға «түһ» деуші болма, ренжіте көрме, және оларға жақсы сөз айт! Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілділікпен бас иіңдер, Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет де», – деген.
Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл Алланың әмірі, парыз. Алла тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата- анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Бұл өз кезегінде Ислам дініндегі ата-ана ақысының орнын білдіреді.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына бір әйел келіп:
– Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр – деп хабар берді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкір Сыдық және Біләл азаншыны (р.ғ.) жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама барша сөздерді сөйлеп, өзінің жағдайынан хабар берді. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмады. Бұл ғажайып жағдайды естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі келіп көрді де, сахабаларына қарап:
– Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрады. Сахабалар:
– Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек, – деді жиналғандар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Ол қасиетті анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса өзім барайын, – деді. Хабарды алған Алқаманың анасы:
– Ол ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына мен өзім барамын, – деп Расулалланың құзырына келді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтіп барып, тіке Расулалланың (с.ғ.с.) алдына келіп, сәлемін берді. Пайғамбарымыз одан:
– Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді? – деп сауал қойды.
– Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, – деді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Жоқ, сізбен мәмілесі қалай еді? – деп сұрады.
– Мен баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, – деп көз жасын тыя алмады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) себебін сұрағанда:
– Баламның сәби кезінде әкесі дүние салды, жесірліктің тауқыметін тартып, күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсті. Үлкен азамат болды. Үй болды. Бірақ, сол уақыттан бастап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бұлармен бір үйде тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап кетуге даярландым. Сонда балам «Анашым, сіз мені бағып-қаққан едіңіз. Енді қайда барасыз» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды…
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы отыр. Разылығыңызды білдіріңіз, – деді. Ол:
– Разы емеспін, – деп қайталады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына бұйырды:
– Ағаш, отын жиыңдар да үлкен алау жағыңдар! Анасын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер, – деді. Алқаманың анасы:
– Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ», – деп жан берді. Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Сен дүниенің азғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, разылық бермегеніңізде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, – деді.
Және бір хадис шәріпте: «Ата – анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа барудан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», – делінген.
Халқымызда:
Мекке мен Мәдине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата-анаңды құрметтесең,
Қасиетті Мекке болар үйдің іші, –
деген асыл сөздер бар.
Осы жағдайға ұқсас бір жігіт аяғын басып жүре алмай қалған әкесін көп жылдар бойы иығына арқалап, қызмет етеді. Меккеге апарады. Ұлы: «Енді есебіміз орнықты болған шығар», – дегенде, әкесі күлімсіреп:
– Балам, сен сәби кезіңде менің иығымда отырғанда үстіме дәрет сындырдың. Ал мен оны саған жасаған емеспін, – деді. Міне, ата-ана ақысын перзенті жалған дүниеде ешқашан өтей алмайды.
Қазіргі таңда Йемен Араб Республикасы деп аталатын мемлекеттің Қаран атты қышлағында ертеде Уәйіс деген салиқалы адам өмір сүріпті. Оның анасы қос жанары көрмейтін зағип әрі өздігінен жүре алмайтын сал еді. Күндердің бір күнінде Меккеден Пайғамбарды (с.ғ.с.) көру үшін анасынан рұқсат сұрайды. Анасы оған төмендегідей шарт қояды:
– Балам, ардақты Елшіні іздеп барғаныңда үйінен ұстасаң ұстадың, әйтпесе іздеуші болма, – дейді.
Бала анасының айтуы бойынша жолға шығып, Пайғамбардың (с.ғ.с.) үйіне жетіп, есігін қағады. Есікті әйелі ашып, пайғамбардың мешіт ішінде екендігін айтады. Сонда Уәйіс аль – Қарани қатты өксіп жылап, анасына берген уәдесін, Йеменнің Қарани ауылынан Уәйістің келгендігі жөнінде пайғамбарға хабар беріңіз дей келе, бұрылып келген ізімен кері қайтады. Арада көп уақыт өтпей пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі босағасында тұрып:
– Мына жерден Уәйіс аль – Қаранидің хош иісі аңқып тұр ғой, – дейді. Бұл сөзіне әйелі таң қалды.
– Жалған дүниеде Уәйіс аль – Қарани мені көзімен көре алмайды. Бірақ біз қияметте бірге боламыз. Жалпы ата-анасын сыйлаған адаммен Мен қияметте бірге боламын, – деп, екі саусағын бір-біріне айқастырды.
Міне, осы сияқты ата-ананы мадақтайтын ғибраты мол риуаяттардың сансыз легін келтіруге болады. Ата- ана ақысы дүниеден мәңгілікке дейін жалғасатын бір ғана ізгі жол. Осы заманның әсілі әулие-әмбиесін іздеп, шарқ ұрып, ақ жалау байлап, төмпешіктерді әулие санап, адасып жүрген адамдар әлемде әулие жалғыз ғана екенін білуі керек. Ол жалғыз әулие – ата-ана. Әйел адамның әулиесі де, киесі де – ол оның құдай қосқан жары болады. Міне, осылардың Жаратқан Алланың алдында шынайы, қасиетті әулие екендігін біле алмаған адам дүниеде әр нәрсені әулие санап, қызық көріп, Жаратқан Алланың ұлықтығын түсіне алмай, берген Жаратқанның сыйлығын, яғни ата-ананы қадірлей алмай яки олардың қызметін жасай алмай дүниеден қадірсіз, құрметсіз пұшайман боп өтеді. Мешіттен сансыз имам, молда шақырып, садақа беріп, Құран оқытып, хатым Құран түсіртсе де, өз баласының оқыған бір-екі аятына ол нәрселер жете алмайды! Ендеше, осы бабаларымыздың сара жолынан адаспай, Алланың әмірімен аяулы ата-аналарымыздың разылығына бөленіп, қияметте ата-аналарымыз, туыс-туғандарымызбен, барша ата-анасын сыйлаған мұсылмандармен бірге болуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Нұрлан қажы Байжігітұлы АСАНОВ
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының
Жезқазған аймақтық өкіл имамы