«Баласыз үй – мазар». Әлбетте, мазар – өлілердің мекенжайы. Ал тірідей мазарда тұру… «Жо-жоқ, мұндай қасіреттің беті аулақ» дейсіз ғой. Бірақ…
Статистикалық мәлімет өткен жылы әрбір үшінші отбасы ажырасқандығын айтады. Осының ішінде шарананың шыр еткен үніне зар болып, шаңырағы шайқалғандар қаншама. Сөйте тұра…
Қасыма кеп тұра қалған әр әпке-сіңілі, әже- аналарымнан алақаныңызда бір уыс қан жоқ па деп сұрағым келетінді шығарыпты. Жүрек көзімен
кейбірінің қолына жұққан қанды көріп қалам ба деп тіксініп те қаламын. Қанішер деп айыптағым келмейді. Ақтағым да келмейді…
Мемлекет тағын ұстар тіректің бірі – жер десек, Құдайға шүкір, ұланғайыр жеріміз бар. Ал, жерімізге иелік ететіндер…Күмілжіп қалатынымыз
жасырын емес. Себебі демографиялық ахуалымыз мәз емес. Алапаттың басы…
Алапаттың басы абортта екен. Аборт дегеніміз – жатыр қабырғасынан ұрықты қырып алып тастау дейді медицина тілі. Жалпақ сөзбен айтқанда, құрсаққа біткен шаранадан қалайда- қалай құтылу. Абортты бала туу ана өміріне қауіп туғызса ғана жасатуға болады деген лажсыз ақтайтын бір-ақ фактісі бар. Қалғанын дін де, медицина да қолдамайды. Дінтанушы Бейбіт қажы Мырзагелдиев жасанды түсік жасатуға «ислам діні не дейді» деген сауалға жауап қатқан екен.
«І. Бүкіл ғұламалар жан біткеннен кейін баланы алдыру – харам екеніне талассыз келіскен. Ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана баланы алдыруға болады. Балаға жан төрт ай, он күн өткенде кіреді.
ІІ. Ғұламалар «жаратылыс нышандары айқын көрiнiп тұрған баланы алдыру – қылмыс» деп санаған. Сондай-ақ «түсiк жасаған (шешеci немесе өзге адам болса да) баланың құнын төлеуі керек» деген. Бұл жайында ғұламалардың кеңінен түсіндіріп айтқан сөздерін фиқһ кітаптарынан
табуға болады. «Жаратылыс нышандары айқын көрініп қалған» дегені, яғни, шарананың шашы немесе саусақ не аяқ сияқты мүшесінің пайда
болып, айқын көрінуi. Бұл кезеңде әлі жан кірмегенiмен, алдыру қылмыс болып табылады. Егер жасанды түсік амалсыз жасалынбаған болса,
тiптi харам.
ІІІ. Кейбір ғұламалар «Жаратылыс нышандары әлi бет-бейнесінде анық көрiнбеген баланы алдыруға болады» деген. Бірақ, бұл мерзiм алғашқы
қырық күнмен шектеледі. Біз фиқһ ғылымының белгiлi мамандары имам әл-Ғазалидің «әл-Ихия», Қазиханның «Пәтуалар» атты кітаптарындағы
осы мәселеге орай шариғат үкімдеріне сүйене отырып берген сөздерін келтірейік.
Хузайфа ибн Усайд (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Ұрыққа қырық екі күн толғанда Аллаһ бір періштені жібереді. Ол бейнелеп, құлағын, көзін, терісін, етін және сүйегін жасайды», – дегенін жеткізген (Муслим). Кейбір ғұламалар «бұл кезде ұрық әлі су күйінде болады, әйел сақтанғысы келсе шығарып тастауға рұқсат» дегенді айтады. Бірақ, ғалымдардың көбi бұл сөздің дәлелiн жеткiлiксiз санап, «бұны жасаған адам немесе жасауға себепші болған адам күнәкар болады» деген.
Әл-Ғазали «сақтану» мен «жасанды түсiк» арасындағы айырмашылықты айта отырып, «жасанды түсiк» үкімiн «сақтануға» теңестiруге болмайтынын былайша түсіндіреді: «Жасанды түсiк – жаратылған нәрсеге қарсы қылмыс жасау. Бала бiрден жаратылмайды. Бірінші кезеңде
жатырға түскен ұрық әйелдің суымен араласып, тірілуге дайын болады. Оны бүлдіру – қылмыс. Егер су ұйыған кезде түсік жасалынса, күнәсi одан да ауыр. Жан кіріп, жаратылыс белгiлерi толық болғанда жасалынса, тiптi ауырлайды. Ал, шарананың тірі шығуы – қылмыстың ең үлкеніне
жатады».
Қазихан түсiк жасатуға болады деп айтқандарға жауап ретінде: «Мен бұған келіспеймін. Себебі, бұл ихрам киген адамға құс аулау мен жұмыртқасына тиюге тыйым салынғанмен бiрдей харам iс», – деген. Баласын алдырған әйелдiң де жауапкершiлiгi осы секiлдi. Бірақ, ол адам өлтіргендей күнәкар болмайды (егер амалсыз жағдайда жасалса ғана). Қорыта айтқанда, әлі адам кейпiне енбесе де баланы алдыру – харам
деңгейіндегі мәкруһ. Яғни, мұны жасаған адам күнәкар болады. Ал, жан бiтiп, бет-бейнесi бiлiне бастағанда – тіпті харам. Бұл үкімдер амалсыз
жағдайдан өзге кездерге байланысты айтылған». Абортты христиан діні де қолдамайды. Жасанды түсік тастау қашаннан бастап бар деген сұрақтың жауабын ешкім дәл бере алмайды. Б.з.д. Ү ғасырда өмір сүрген Гиппократ жазбаларына қарап пұтқа табынушылар арасында түсіктің жасанды түрі тамырын тереңнен алатынын байқаймыз. Ол жасанды түсікке қатысуға дәрігерлерге этикалық тұрғыда рұқсат етілмейтіндігін сол дәуірде жазып кеткен. Ал бізде… Дәрігерлер аборт жасауды бизнестің көзіне айналдырған немесе ақ халатты абзал жандар «қанды қол қанішерге» айналған. Бәрі емес, әрине деп қояйық…
Құдайдан қорықпағандардан қорыққанда медицина үкіміне жүгінеміз. Аборттың зиянын ұғындырар соңғы амал ретінде…
Жасанды түсік тастау – бір сәбиді санаттан сызып тастау ғана емес, бір шаңырақты шайқалтып, ел іргесін сетінету. Зиянын санамалап айтудың өзі қорқынышты. Жасанды жолмен түсік тастаған әйелдердің жетпіс сегіз пайыздан астамы әр түрлі ауруға шалдығады. Біріншіден, жүйке жүйесі бұзылады. Құрсағына перзент біткен ана ағзасында табиғи өзгерістер өздігінен жүріп жатады. Жүрегінің ішінде жүрегі бүлкілдеп жатқан шарананы сылып тастағанда, осы үрдіс кенет үзіледі. Осыдан соң психологиялық ауытқуларға шалдығып жатса, таң қалудың реті жоқ.
Екіншіден, эндокринологиялық жүйесі (ішкі ағзаның жұмысын реттейтін жүйе) бұзылады.
Үшіншіден, жыныс бездері қабынып, күшті инфекциялық асқынуларға алып келеді.
Төртіншіден, асқыну салдары жатыр түгін де қамтып, ұрықтанған ұрықтың түтік бойымен жатырға қарай жылжуына мүмкіндік болмайды. Соның салдарынан түктің өту жолдары бітеліп, бедеулікке апарады.
Мамандар кей жағдайда қолдан аборт жасаудың арты жатырдан тыс жүктілікке апаратынын айтады. Жүктіліктің мұндай түрі жатыр түгін алып тастаумен аяқталады. Мұны Ана атану туралы арманның көкке ұшқаны деп біліңіз.
Ең үлкен қауіптің бірі – сәби жатар ыстық ұя – жатыр бүтіндігінің бұзылып, тесілуі.
Мен де сіздердей оқырманның бірі ретінде осы тақырыпқа көз жүгірткенде адамнан асқан қатыгез жан иесі жоқ деген түйінге келдім. Неге?
«Американдық аборт жасайтын дәрігер Бернард Натансон 12 апталық балаға жасалған абортты УЗИ арқылы кинофильм етіп түсірген. Аборт кезінде бала пышақтан қашып құтылуға тырысып, жанталасып әрекет еткені көрінеді. Жүрек соғысы екі есеге дейін жиілеп, торға түскен балықтай бұлқынғанымен, сорғыш-пышақ баланың денесін ұстап алып бөлшектей бастайды. Сол кезде оның аузы қатты шыңғырған адамның аузындай ашылып қалғаны көрінеді. Оның шыңғырған даусын аборт жасаушылар естімейді, әрине. Фильмнің аты – «Үнсіз шырқырау»…
Сіз білесіз бе, ауырсынуды сезінетін шарананы шырқыратып қойып, бөлшектеген дәрігерлер бала ауырмасын деп дәрі-дәрмек қолданбайды да?!
«Ал тұзды аборт кезінде баланың азабы ең шырқау шегіне жетеді. Өсіп қалған баланың жүзіп жүрген суына үлкен ине арқылы тұзды су жіберіледі. Бала сол суды жұтады, сонымен тыныс алады, терісі тұздан күйіп, жан шыдатпас азапты күй кешеді. Жаны қиналып, тыпырлап, іші мен сырты түгел күйіп барып, 1 күн бойы арпалысып, жан тапсырады. Келесі күні бәрі ойдағыдай өтсе, анасы баланы өлі туады. Тұзды су бір қабат терісін күйдіріп тастаған соң еті көрінген қызылшақа дене туылады.
Аборттың тағы бір түрі гистеретомия деп аталады. Бұл – кәдімгі кесарь тілігінің басқа аты. Тек баланы қажеті жоқ деп санаған әйелдер сәби әжептәуір боп қалған кезде осылай операция жасату арқылы баланы алдырады. Бұл жағдайда әйелдің іші жарылып, тірі бала жолдасымен бірге алынады. Одан әрі дәрігер қай әдісті қаласа, бала сол әдіспен өлтіріледі. Кейбір дәрігерлер жылап, аяқ-қолы қимылдап жатқан сәбиді тұншықтырса, кейбіреулері су толы шелекке лақтырып тұншықтыра салады екен. Кейбіреулері баланы жатырда жатқан жерінде кіндігін кесіп, оған оттегінің баруын тоқтатып өлтіреді. Сосын 5 минуттан соң тұншығып өлген баланы сыртқа шығарады»
2010 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, бала өлімі 1000 балаға шаққанда 18,4 сәбиден тура келіп, ТМД бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсеткен. Бұл – жарық дүние есігін ашқан нәрестелеріміздің қан жұтқызар қайғысы. Ал жарық дүниеге жетуде жатырдан аса алмай, мерт болып жатқандардың нақты санын кім білсін?.. Елемеген ауру – ескермеген жау.
Аборт жасатуда 15-18 жас аралығындағы бүлдіршін-бойжеткендеріміз алдыңғы шепті бермеуде. Осыны ескеріп, «жастарға жыныстық тәрбие үйрету», яғни «жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулық мәселесіндегі сауаттылықты арттыру» талабы көтеріліп жатыр. Әрбір бесінші отбасында бала туу бойынша кедергілер кездеседі екен. Мұның сапында жоспарсыз жүктіліктен құтылудың жалғыз жолы жасанды түсік емес екенін түсінуге сауаты жетпегендіктен, өмір бойы өкініштің уын ұрттап жүретіндер қаншама?!
Жасанды түсік жасатуға көбінесе алданып қалған қыздар кеп жатады дейді статистика. Қалай «алданып» қалады? Жастар тәрбиесі қандай? Сөз қозғамаймын. Өзіңіз де білесіз, жауыр болған тақырып.
«Қызға қырық үйден тыю», «Он үште отау иесі», «Қыз мұраты – кету» дейтін дана халқымыздың сонау замандарда сауаттылығы қазіргі бізден артып тұрғанын түйсінесіз бе?
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үйленіңіздер, көбейіңдер, нәсіл таратыңдар. Мен сендердің көптіктеріңмен басқа үмбеттер қасында мақтанамын» деген асыл өсиетін аяққа таптаудың артында жатқан ызғарды сезесіз бе? Ұлтты ыдырату, зина жасап – бір, кісі өлтіріп – екі күнәға бату, өмір бойы бармақ тістеп, опық жеп өту…
www.muslimwomen.kz