Біз өткен санымызда креативті тәрбиенің негізгі көзі саналатын даналық сөздер, әдеби жинақтан «Ойлау мен сөйлеудің пайда болуы» танымдық мақаласын назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Бүгін креативті әдеп тәрбиесін мектепте оқытудың бір тәсілі – диагностикалық анықтама жұмысын қалай жүргізу керектігіне тоқталамыз.
Креативті әдеп тәрбиесін кез келген пәнді оқытуда пайдалануға болады. Себебі кез келген оқу пәні балалардың адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыру құралы бола алады.
Диагностикалық анықтама жұмысы – мектеп оқушыларын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан зерттеу, анықтау. Диагностикалық анықтама жұмысын жүргізуде олардың қызығушылығын, бейімділігін, тәртібіндегі кемшіліктердің себебін анықтау, оларды болдырмаудың тиімді жолдарын қарастыру – басты талап.
Диагностикалық анықтама жүргізуде баланың жас ерекшелігіне байланысты мінездеме беру мұғалімнің тәрбие жұмысын жүргізуде көмегі болары даусыз. Сондықтан 8-10, 10-14, 15, одан жоғары жастағы бала ерекшелігі, мінез-құлқы туралы түсініктеме берілді.
Сегіз-он жастағы балаларға анықтама Сегіз-он жастағы бала көбіне үлкендердің айтқан сөзіне алаңсыз сенеді. Олар мақтау сүйгіш, сезімтал келеді. Бұл жастағы балалар шығармашылыққа белсенділік танытқанымен, оны ойын түрінде қабылдайды. Оларға шығармашылық тапсырмаларын бергенде, күнделікті кездесетін әдеп сөздерінің ұғымы жеңіл болуын ескеру қажет. Шешуші кезең саналатын осы уақыттағы өнегелік талаптар баланың әдептілік мінез-құлқын қалыптастыруда жетекші роль атқарады. Мысалы: Сезімі – жақсы көру, жек көру, жаны ашу, селқостық, қорқақтық, өркөкіректік, достық, пәктік, т.б.
Жалпыадамзаттық құндылық – достық, шындық, адалдық, ұқыптылық, батылдық, т.б.
Принциптер – талап етушілік, өзімшілдік, көпшілдік, патриоттық, тәртіптілік, сыйлау, т.б.
Іс-әрекеттер – құрметтеу, кекету, алдау, сатқындық, көмектесу, дос болу, жауласу, жала жабу.
Он – он төрт жастағы балаларға анықтама. Бұл жастағы балалардың өзіндік ойлауы, түрлі пікір болжамы қалыптасып, ой-қимыл шапшаңдығына бой алдыратын, өзін танытуға әрекеттер жасайтын уақыт болып саналады. Шығармашылық қабілетін өзін қызықтырған нәрселерге ғана бағыттайды. Бұл жастағы балалар ата-ана және басқа да белгілі тұлғалардың көзқарасын, пікірін қабылдаудан гөрі, оларға сынай қарап, өз қатар құрбыларының пікірімен келісуі, өзіндік көзқарасы мен пікірінің қалыптасатын кезеңі деп есептелінеді. Сондықтан да дәл осы кезеңдегі баланың достарының кім екенін қадағалау қажет.
Сезімі – селқостық, мақтаншақтық, жақсы көру, жек көру, үрейлену, қайғыру, даңғойлық, айнымастық, т.б.
Жалпыадамзаттық құндылық – мейірімділік, шыдамдылық, парыз, адалдық, шындық, пайдалылық, намысқойлық, т.б.
Принциптері – тұрақтылық, жалқаулық, епшіл, құрбандылық, мансапқор, жасандылық, т.б.
Іс-әрекеттері – риясыз көмегі, мақтаншақтығы, қырағылығы, мұқтаждығы, шығармашылығы.
Он бес, одан жоғары жастағы балаларға анықтамаБұл жастағы балалардың ой-сезімі толысқан, өзіндік ойлауы кеңейіп, тұрақталған. Бұл кезеңде балалардың өз орталарында әділеттілік және адамгершілік мәселелері жөнінде пікірталастар мен ашық әңгімелер жиі болады.
Сезімі – жақсы көру, қызғаншақ, менмен, өзімшіл, даңғой.
Адами қасиет – саналы, орашолақ, момын, сыпайы, дандайсу, менмен, сараң, т.б.
Жалпыадамзаттық құндылық – адамгершілік, өмірдің мәні, рахымды, саналы, руханилық, өзіндік жетілу, өнегелі, т.б.
Принциптері – әмірлі, догматикалық, жанқиярлық, сенбеушілік, адалдық, жауапкершілік, фаталистік, т.б.
Іс-әрекеті – қылығына қарай құрметтеу, сабырлы, өкіну, жарылқау, кешіру, кемсіту, серілік, жазалау.
Диагностикалық анықтама картасы оқушылармен, оқытушыға осы анықтамалар көмегімен түсінісуге, кемшіліктерді байқауға, тәрбиелік, өнегелік мүмкіндіктерінің негізін қалауға көмектеседі.
www.muslimwomen.kz