– Аманкүл Оразбекқызы, бала тәрбиелеу өте жауапты жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Алайда балалармен жұмыс жасаудың қыр-сырын меңгерген сіз үшін бұл аса қиын емес шығар, жалпы осы жолда қызмет етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Осыдан отыз екі жыл бұрын балабақша қабырғасына келгенімде өрімдей қыз едім. Алғашқыда балдырғандармен жұмыс жасауға жүрексінгенмен, кейін келе оларға деген махаббатым жеңіп, қобалжуым басылды. Бұл күндері, керісінше, балаларымды бір күн көрмесем сағынып қаламын. Бүлдіршіндермен бірге қуанып, бірге мұңайып, олардың қабағын кірбің шалмаса екен, әрқашан шат
күлкілері ғана естілсе деп тілейтін болдым. Құдайға шүкір, бүгінде өзім де бала өсіріп, немере сүйіп отырған әже атандым. Осы уақыт аралығында қаншама тәрбиеленушілер алмасты. Олар қазір ер жетіп, жетіліп Отанымыздың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп келеміз.
– Бүгінгі таңда өзіңіз бір балабақшаға басшы болып отыр екенсіз. «Әкәнәй Бәкәнәй» балабақшасы қашан ашылды және өз балабақшаңызды ашуға қандай себептер болды?
– Аллаға шүкір, талмай еңбектенгеннің арқасында 2009 жылдың қаңтар айынан бастап «Әкәнәй Бәкәнәй» атты өз балабақшамды аштым. Өмір бойы балалармен жұмыс жасап келе жатқан мен үшін балабақша ашу қиын болған жоқ. Әрине, алғашқы кезде күні-түні жұмыс істеген сәттерім болды. «Бейнет түбі – зейнет» демекші, қазіргі таңда Алланың берген күш-қуатының арқасында бастаған ісімнің нәтижесін көріп отырмын. Бүгінгі таңда балабақшада естиярлар, ересектер және даярлық топтары жұмыс істейді. Әрқайсысында он-он бес бала және екі тәрбиеші бар. Мұнда тәрбиеші апайлары бүлдіршіндерге үстел басындағы тамақтанудың ережелері мен тәртіптерін, тамақтанып болған соң асты қалай қайыру керектігінің бәрін үйретеді. Сондай-ақ балдырғандардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында аптасына екі рет ағылшын тілі оқытылып, музыка сабағы өткізіледі.
– Балабақшадағы тәрбиешілер «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сіздің бағдарламаңыз бойынша жұмыс жасап жатқандығын айттыңыз. Енді осы бағдарлама туралы қысқаша айтып өтсеңіз…
– Менің алға қойған мақсатымның бірі – балалардың жүрегіне «мен қазақпын» деген сезім қалыптастырып, өзінің елін, жерін, тілін, дінін қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан дәл осы бағытта жұмыс істейтін «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» бағдарламасын дайындадым. Бұл жоба тәрбиешілерге бағыт-бағдар көрсетіп қана қоймай, олардың жұмыстарын біршама жеңілдетеді деп ойлаймын.
Мәселен, бүлдіршіндерге тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны сәбидің санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамыз. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып әрі балаларды қызықтыратын тақпақтар үйретіп және «Тазша бала», «Қожанасыр», «Алдар көсе» сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдерді қолданамыз.
Сондай-ақ бізде ежелгі ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды балалардың жадына жастайынан сіңіріп өсіру үшін де барлық мүмкіндік жасалынған.
Мысалы өткен тарихымыздан сыр шертетін «Көшпенділер» фильмін, одан соң Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздіктің қалай келгендігін жас балдырғандарға ересектер сияқты түсіндіре алмайсың. Сондықтан осы жолда жаңа технологияларды пайдаланып жұмыс жасаймыз. Бұл бір жағынан балалардың тілін дамытып, еркін сөйлеуге көмектессе, екінші жағынан егемен еліміздің тарихы мен тәуелсіздігіміздің тартуы – рәміздерімізді таныстыруға мол мүмкіндік туғызады.
Сонымен қатар балабақшада балаларға «Сақина салу», «Орамал тастау» сияқты ұлттық ойындар ойнатамыз. Бұл олардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыра түсетіні кәміл. Тағы бір қуанарлық жайт, жақында аталған ойындардың қатарына «Тоғызқұмалақ» қосылмақ. Ал «Тоғызқұмалақ» ойыны балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, тапқырлығын жетілдіруге көмектесетініне сенімім мол.
– Сіздердегідей балабақша ішіндегі мұражайды басқа балабақшалардан кездестіре қою қиын. Бұл да болса балабақшаңыздың өзгелерге ұқсамайтындығынан болар?
– Жасыратыны жоқ, қазір қазақ отбасыларынан ұлттық нақышымызды бейнелейтін бір қошқар мүйіз табу қиын. Сол себептен болашақ ұрпақ осы бастан қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнектерімен танысып, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбырамыз бен «бесік жырын» айтып, ақ бесікке әлдилеп жолбарыс жүрек батырлар мен ақындарды тәрбиелеген апа-әжелеріміздің бізге қалдырған ақ бесігін көріп өссін деген мақсатпен шағын мұражай аштық.
– Сіз еңбек еткелі біраз буын ауысқанын жоғарыда айттыңыз, бұрынғы балдырғандармен қазіргі бүлдіршіндердің арасында қандай айырмашылық бар және ол қаншалықты деңгейде. Соңғы уақытта мұғалімдер мен тәрбиешілердің аузынан «қазіргі балалармен жұмыс жасау қиын, тәрбиеге көнбейді» деген сөзді жиі еститініміз жасырын емес.
– Әрине, қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға болмайды. Ертеректе балалармен жұмыс жасау бүгінгіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, айтқаныңды екі етпейтін. Қазіргі балаларымыз бір үйдің еркесі, бір үйдің жалғызы дегендей… Оларды тек «алдап» көндірмесең ештеңе істете алмайсың. Оның үстіне бұл тек балабақшадағы ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сондықтан біз, көбінесе, балалардың ата-аналарымен кеңесіп, бірлесіп жұмыс істейміз. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе – қазіргі балалар уақытын пайдалы істерге жұмсамай, компьютердің алдында өткізеді. Ол баланы еңбек етуден алыстатып, ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз. Сондықтан балабақшамыздағы тәрбиеленушілермізді «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» жетелейміз.
– Бәз біреулер сияқты зейнеткерлікке шыққан соң «Мен қартайдым» деп үйде отырып қалмай, заман көшіне ілесіп, өз балабақшаңызды аштыңыз. Ол балдырғандар үшін де, олардың ата-аналарына да өте пайдалы, өзіңізге сауапты іс. Ал бүгінгі таңда немен айналысып жатырсыз және алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Дәл қазіргі күні диссертация қорғау үстіндемін. Бұл еңбегімде «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасының маңызы», «Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаларының жобасы және мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісін дамытудың болашағы» деген бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланған. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы.
www.muslimwomen.kz