Бірде Діни басқармаға орамал тартқан жас келіншек келіп, мұңын шақты. «Есімім София» деп таныстырды. Бұл екінші рет тұрмысқа шыққанда мұсылманша алған аты екен. Өзінің туылғанда азан шақырып қойған, құжаттарындағы есімі таза қазақы. Оны келіншектің ар-намысы үшін атамауды жөн көрдік. Жасы – 27-де. Сонау түстік аймақтың Өзбекстанмен шекаралас Жетісай қаласында орта мектепті, одан соң медициналық колледж бітірген. Мамандығы – медбике. 5 жылға созылған алғашқы некесі сәтсіз аяқталған. Күйеуі ішкілікке салыныпты. 5 жасар ұлы енесінің қолында екен. Өзі тұрмыс құрып, тұрақтанғанда ғана ұлын қолына алмақ. Ал өз ата-анасының жиеніне қарауға «намысы» жібермейтін көрінеді. «Намыс» демекші, сол ата-анасы қызының хижап киіп, имандылық жолға түсуіне де қарсылық ретінде үйіне кіргізбей қуып жіберген. Хижапты киюіне екінші рет тұрмысқа шыққан күйеуі Салқын (аты өзгерілді) себепші болыпты. Ал, оның мұсылманша өзіне қойып алған Әбу Ансар, Әбу Қаһар, Жүніс деген үш лақаб есімдерін ғана София біледі. Мұнан басқа да есімдерінің болуы мүмкін. Өйткені, өзін дін жолына түпкілікті түскен «шынайы мұсылман» санайтын 25 жасар Салқын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін ұстанамын деп, қазірге дейін белгілісі үш әйел алып, оның үшеуін де «талақ» тастаған. Алғашқысы – Ерке, оның мұсылманша лақаб аты – Хабиба. Мұнымен Салқынның дәм-тұзы оншалық жараса қоймаған сияқты. Себебі, бірге түтін түтеткен уақыты санаулы-ақ айлар. Екіншісі – Гүлжан, 2 жасар ұлы – Аңсармен бірер жыл ғана отбасылық тұрмыстың «қызығы» мен «шыжығын» көрсе керек. Осы екіншісінің үстіне Салқын үшінші әйелі етіп Софияны кіргізіпті. Ұлы, екі әйелімен Салқын бір бөлмеде аяқтасып жатыпты. Бұл өмір, әрине, ұзаққа созылмаған. Салқын әйелдерінің сыртқа шығуына рұқсат етпеген, зәуеде бір шыға қалғаны, таяқтан көз ашпаған. Діни ілімдері жоққа тән екі әйелі де күйеуі не айтса да, жазылмаған заңдай, құп алып, барынша орындауға тырысқан. Мұны шариғат аясындағы мұсылманға тән ерлі-зайыптылық әдеп деп қабылдаған.
Осы өмірлері одан әрі де жалғаса түсе берер ме еді… Бірде Салқын Алматыға жол тартты. Сол кеткеннен, мол кетті. Кетерінде әйелдеріне жөнін де айтпады. Қос мұңлық оның жолын сарғая күтті. Араға әлденеше айлар салып оралған ерінің қабағы қатулы, сөзі сатулы еді. Сөзді созбай, бірден тоқетеріне көшіп, екі мұңлыққа да «талақ» айтты. Бұл: «Енді бастарың бос, әйелім емессіңдер. Менің сендерде, сендердің менде бес бересі, алты аласымыз жоқ», – дегені. Бар болғаны жиырма беске дейін үш әйел алып, үшеуін де «талақ» тастауы асыл дініміздің шариғатына қаншалық қисынды?
Шариғатта шектен шықпа
Шариғат талабы бойынша «талақ» арасына белгілі бір уақыт (төрт ай, он күн) салып үш рет айтылуы тиіс. Қасиетті Құранның «Талақ» сүресінде: «Қашан әйелдеріңді талақ етсеңдер, олармен белгілі мерзімінде ажырасыңдар және сол мерзімді есептеңдер. Аллаһтан қорқыңдар. Оларды үйлеріңнен (қуып) шығармаңдар әрі олар да шықпасын. Бірақ олар ашық бір арсыздық істесе, онда (жөн) басқа. Міне, бұл Аллаһтың (қойған) шектері. Ал кім Аллаһтың шектерінен шықса, расында ол өзіне зияндық жасаған болады. Ал, қашан олардың мерзімдері жетсе, оларды дұрыс ұстаңдар немесе туралықпен ажырасыңдар. Сондай-ақ өздеріңнен екі әділ кісіні куә етіңдер. Куәлікті Аллаһ үшін әділ атқарады»(1-2-аяттар), – делінген.
Діни білімсіздіктен осы бір рет айтылған «талақты» ерлі-зайыптылар ең соңғы кесімді үкім деп қабылдаған.
Алғашқы әйелі секілді бұл екеуі де Салқынмен еліміздегі баршаға ортақ азаматтық хал-актілер жүйесі бойынша тіркеліп, некелеспеген екен. Баршаға белгілі, діни некенің заң жүзінде күші жоқ, тек Аллаһ алдында ғана адал саналады. Зайырлы елде шариғат бойынша некелескен әйелдер ажырасса, күйеуінен ештеңе де талап ете алмай, дымсыз қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда күйеу жігіттің имандылығының берік не әлсіздігі, Аллаһтан қаншалық қорқатыны шынайы көрініп, нағыз сынға түседі. Әлбетте, біздің еліміз – зайырлы. Шариғат заңы жүрмейді. Шариғат соты Ислам елдерінде ғана бар. Сондықтан жас жұбайлар ең алдымен азаматтық хал-актілер жүйесі бойынша заңды некеге тұрып, одан соң мұсылманның шариғат талабына сай некені қиғызғаны жөн. Бұл қазірге әлгі мұңлықтар тірелген тұйықтан шығар бірден-бір жол.
Ата-ана қызынан неге безінді?
Сонымен, 2 мұңлық бірі 2 жасар ұлымен, екіншісі соқа басы далада қалды. Софияның Исламдағы алғашқы қадамы, мұсылмандық некесі осылайша сәтсіз аяқталды. Ата-анасы «күйеуге тигіш әрі ажырасқыш» қызынан безінді. Үйіне кіргізбеуінің тағы бір себебі осы. Жетісайда “барар жері, басар тауы қалмаған” София ата-анасы мен туған-туысқандарының көзіне күйік болғысы келмей амалсыз Алматыға тартты. Ал, Салқын болса, Ислам атын жамылып, тағы да сүннетті жалғастыру ниетімен енді сонау Маңғыстау асты. Онда да өзінің ойлап тапқан, тағы бір (мүмкін әлденеше) мұсылман атын иемденіп, сондағы хижап киген қыз-келіншектерге қырындап, бәлкім үйленіп те алған болар. Жетісайда адамға қарар беті қалмаған Салқын Алматыда жүргенде де етегіне намаз оқыды деп кім айтар?! Әдетіне айналдырған «сүннетті» жалғастырған шығар-ау?!.
София болса, Алматыда жұмыссыз, қайырымды жандардың көмегіне зәру. Қаланың бір шетінде пәтер иесінің бетіне жалтақтап, сонда тұрып жатыр. Кеудесінде шықпаған жаны… Оған деген Аллаһтың сынағы мұншалық ауыр болар ма?!
Дін атын жамылған зина
Өкінішке орай, қазір «талаққа» қатысты келеңсіз жәйт аз ұшыраспайтын жағдайға да жеткендейміз. Алматыдағы үлкен жоғары оқу орнының бірінде (атамауды жөн көрдік) дінге бет бұрып, хижап жамылған бірнеше бойжеткен (студенттер) әлденендей жеңгетайдың араласуымен әрбірі (мәзһаб ұстанбайтын) бір-бір сақалды жігітпен «танысады». Танысқаны сол-ақ екен іле тұрмыс құру мәселесін де ата-аналарының рұқсаты тұрмақ, мүлдем қатысуынсыз шешеді. Арада «бал айы» өтер-өтпес уәделесіп алғандай он күйеубала да «талақ» айтып, бірі екіншісінің «талақ» тастағанына үйленеді. Осылайша бір жылға жетер-жетпес уақытта бір жігіт он рет «үйленсе», бір келіншек сол он жігіттің бәріне де өз кезегімен «тұрмысқа» шығады. Қазағымыз бұрын-соңды құлағы естімеген сұмдық! Мұны дін атын жамылған зина демеске лаж жоқ. Мұнсыз да дінге сақтана қарай бастағандар мұнан соң, тіпті, шошынбай ма? Өйткені, бұлардың «үйленді», «ажырасты» деген аты болмаса, бәрі де шариғат заңын белден басып, әзәзіл шайтанның азғыруымен нәпсіге ерік берген. Әттең, мұны әлгі хижап жамылған бойжеткендеріміз бен сақалды жігіттеріміз білсе етті?! «Талақ» айту соншалық оңай болғаны ма? Ал, сүннетті ұстану қолғапты ауыстырғандай әйелдің бірін алып, екіншісін «талақ» етіп тастай беру емес. Қасиетті Құранда айтылғандай, шариғатымыз мүмкіндігі бар (әйелдерінің арасында әділдік сақтай алатын, күш-қуаты мен дүниесі де жететін) азаматқа ғана екі, үш, тіпті төрт әйел алуға дейін рұқсат еткен.
Аллаһ нені жек көреді?
Әсілі, Аллаһ тағала адамдарға рұқсат еткен амалдардың ішінде жұбайлардың ажырасуын, мұсылман отбасының ойран болуын жеккөреді. Оған Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.):«Аллаһ тағала үшін халалдың ең жағымсызы – талақ»,– дегені нақты дәлел.
Аллаһ тағала қасиетті Құранда:«Аллаһқа және Елшісіне (бағынып) бойсұныңдар. Сонда сендер Аллаһтың рақымына бөленерсіңдер» («Әли Имран» сүресі, 132-аят) – десе, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде:«Уа, адамзат! Мен сендерге екі нәрсе қалдырып барамын. Соларды берік ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Ол – Аллаһтың кітабы (Құран) және менің сүннетім», – деген.
Соңғы сөз
«Сүннетті ұстандым» деп, қолғап ауыстырғандай әйелдің бірін алып, екіншісін тастап, «талақ» айтуға әдеттенген (діни білімі мүлдем таяз) ағайындарымызды Аллаһ тура жолға салып, білімін арттырғай, жүрегін ашып, қанағат пен ар-ұят бергей. Мұсылман деген аса мәртебелі атқа лайық болғай. Елімізде мұнсыз да кең етек жайған ажырасуға (ресми дерек бойынша хал-актілеріне тіркеліп, некелескен жас жұбайлардың сол жылы-ақ үштен бірі ажырасады екен. Ал бұған заң жүзінде некелеспей өздерінше «шариғат» жасап, үйленіп, ажырасып жатқан қандастарымыз қосыл-майды) мұсылмандарымыз да «үлес» қоспаса, себепші де болмаса екен деп тілейік.
Оңғар Өмірбек,
Қазақстанның құрметті журналисі