Балапанның ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін қазақ атам бекер айтпаған. Бүгінгі мына алмағайып заманда құлқынның қамы үшін жүріп, өз тәрбиеміз түгілі нәресте тәрбиесі шет қалып бара жатқаны белгілі. Осыдан келіп бүгінгі жастың қоғамдық көлікте орын бермегенінен бастап, бір-бірін қойша бауыздап жатқанын айтып, жаға ұстап «О, тоба» десеміз.
Мұндай дәрежеге қалай жеттік және бұдан қалай құтылып ел боламыз? Осындай сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен Қазақстан қажылар қауымдастығы Астана қалалық аналар мен қыз балалар департаменті төрайымы, екі рет қасиетті Меккеге зиярат еткен Бақыт қажы Ержанқызымен бала тәрбиесі жайында әңгімелескен едік.
– Бақыт апа, хақ Исламның негізі жалпы татулыққа, бірлікке, жақсылыққа құрылған. Яғни адам баласы осы қасиеттерді бойына сіңіріп өссе жаман болмасы белгілі. Бүгінде біздер сәбиді баласынып оның тәрбиесін естен шығарып алып жатамыз. Ал дінде бұны қалай түсіндіреді?
– Баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеу, азамат ету – анаға да, әкеге де парыз. Десек те, ең бірінші әйел адамның бойында перзент тоғыз ай, тоғыз күн жататын болғандықтан, ең негізгі нәрсе соған байланысты. Осы ретте бала тәрбиелеудегі бірінші қасиет – сабырлылық. Кісінің иманы сабырлылықпен толығады.
Әсілінде, бала тәрбиесі ана құрсағында жатқанда-ақ басталмақ керек. Жүкті әйел барынша таза болғаны абзал. Себебі дәреттің денсаулық үшін пайдасы көп. Туғаннан соң сәбиін де таза жүріп тамақтандырған жөн. Абайдың әжесі Зере Құнанбайды дәретсіз емізбеген деген дерек бар. Құран Кәрімде: «Алла тағала барлық кемшіліктен пәк, таза болған соң, құлдарынан да тазалықты талап етеді» дейді. Әрдайым басына орамалын тағып, «Биссимиллаһир рахманир рахим» десе, ана сүтінде береке болады.
Басында орамалы жоқ, ұйпа-тұйпа шаштан бала да шошиды. Осыны пайдаланған шайтан бастағы қайызғақтан баланың аузына емшекпен бірге салып тұрады екен. Бұл балаңыз кір нәрсені ауызға алып отыр деген сөз. Ондай бала әлбетте ашушаң, тұрақсыз болып өседі. Дүниедегі бар сұлулық та, жүрек жылуы да ең алдымен анадан тарайды. Ананың ақ сүті адам баласы үшін аса қасиетті зат. Ана – өмір тұтқасы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген қазақта асыл сөз осындайдан туындаса керек.
Сондай-ақ құрсақтағы бала мен ананың өмірін бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Ана өз бойындағы қуатты болашақ сәбиіне береді. Мысалы, дәрігердің кеңесімен түрлі дәрумендерді жеу арқылы баланың денсаулығы жақсарады. Ал, таза жүру, Құранды ашып оқу, намаз оқу, жақсы әңгімелер айту, біреуге көмек беру секілді жақсы істер баланы рухани жағынан байытады. Мұны көбі біле бермейді. Осы білмегендіктен бармақ тістейтін жағдайлар орын алуда.
Сондай-ақ, ананың ішіп-жегені халалдан болуы тиіс. Бұл таза тағам жеп отыру деген сөз. Харам етілген, естен адастыратын нәрселерді қолданбауы керек. Себебі мұндай тағамдар арқылы адамның ішіне шайтан кіреді. Құран Кәрімде: «Ей, адамдар, жер бетіндегі таза және адал нәрселерді жеңдер» деп бұйырылады. Арақ, шошқаның еті, шұжығы, яғни харам бар жерге періштелер жоламайды. Өкінішке орай, осындай әңгімені жүре-бара тыңдайтын ата-ана баласының жақсы болып өсуін уысынан шығарып алып жатады.
Хадисте: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер, өйткені олар сендер болмайтын уақыт үшін жаратылған» – дейді. Қазіргі кезде «баланың тәрбиесіне бірінші шеше, онан соң мектептегі мұғалім жауапты» деген түсінік бар. Бұлай болуы заңды да шығар. Бірақ бұл жерде ең басты болып саналатын әке жауапкершілігін де ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие. Алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» – делінген. Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Кейбір жанұяда баласы жаман қылық танытса күйеуі әйеліне: «Сен осы балаға қарамай, не істеп отырсың?» деп жерден алып, жерге салады. Барлығын шеше байғұсқа ысыра салып отыратын осындай әкелер көп. Әке дөрекелік мінез көрсетіп, балаларына немқұрайлы қараса, ол тәрбие емес. Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болу керек. Сәби екеуінің ортақ баласы.
Имам Мүслім риуаят еткен мынадай сөз бар: «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ». Ендеше барлық жақсылықтың бастауы – имандылық. Ол барлық тәрбиенің жиынтығы. Тәрбиенің негізі отбасында, әке мен ананың үлгілі өнегесінде қалыптасады. Бала не көрсе, не естісе, соны қайталайды. Дүниеге келген сәбидің бәрі де мұсылман болады, ал оның христиан немесе иудей болатыны ата-анадан, айналасындағы ортасынан екені сөзсіз. Бұдан түсінетініміз нәресте туа сала жаман болмайды, жүре жаман болады.
– Қазіргі таңда жағдайымыз жоқ деп әр нәрсені сылтауратып, жас келіншектеріміз бала туу санын азайтып барады. Бұл ретте жас аналарға қандай ақыл айтасыз?
– Құранда әйелдердің негізгі міндеті – бала туып, ұрпақ жалғастыру екені баяндалады. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді атам қазақ. Қашаннан туылған сәбидің өз ырзығы болған. Өйткені оны Алланың өзі есептеп беріп тұр ғой. Ал оны түсінбеген жас аналар Жаратқанның бұйрығына қарсы шығады. Өзін ғана ойлайтын өзімшіл, мүсінін сылтауратып немесе жағдайын айтатын аналардан қандай жақсы тәрбиеші шықпақ?.. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген Лұқпан Хакім.
Статистика бойынша, халық санының өсуі үшін әр үйде ең кем дегенде 3-4 бала болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Мен ақыретте үмметімнің көптігімен мақтанамын» деген екен. Бұдан түсінгеніміз, шариғатымызда бала санын шектеуге рұқсат жоқ екені түсінікті.
Дүниеде күллі байлығы елден асқан ең бір бай патша болыпты. Өкініштісі артында бір ұрпағы болмапты. Күндіз-түні Алладан «Бұл байлығыңның орнына сәби бер, үйімде сәбидің иісі аңқысын» деп жалбарынып сұрайды екен. Бір күні әдеттегісінше Жаратушыға жалбарынып отырса, бір дауыс «Құлым, сен менен перзент сұрап отырсың. Тілегіңді қабыл етейін. Алайда балаңның ғұмырын үш күндік қыламын» дейді. Бай көнеді. Айы-күні жетіп бәйбішесі ұл тауыпты. Бай баласын құшақтап, Аллаға үш күндік өмірі бар сәби сүйгізгеніне риза болып, шүкірлік ете береді. Межелі күн келеді. 3 күннен кейін бала шетінемейді. Таң қалған байға баяғы дауыс: «Сен маған ризашылық білдіріп, 3 күндік бала бергеніме шүкіршілік еттің. Сондықтан балаңның өмірін ұзартамын» деген екен.
– Жоғарыдағы сұрақты сабақтай түссек, есесіне қоғамда тастанды балалар саны көбейіп барады. Бұған дініміздің не айтары бар?
– Жалпы, тастанды бала қайдан шығады дегенге жауап берейік. Ол некесізден, мысалы, ашыналықтан, азаматтық некеден туылады. Некесіз жақындасу, зина жасау – үлкен күнә. Қазіргі кезде жетім балалар үйіндегі қазақ балалары санының көбеюі – жалпы қоғамдағы имандылықтың әлсіреуінен. Шайтанның адамды түзу жолдан тайдырып, күнәһар қылуы үшін құрған тозағының бірі – еркек пен әйелдің бір-бірінен ләззат алатынын пайдаланып, олардың некесіз жақындасуына себепкер болады. Яғни нәпсіге еріп, шайтанның құлы болып, ақылы жойылып, екі дүниенің азабына ұшырайды.
Ал біздің дініміз мұндай ар-ұяттан айыратын, рухани азғындыққа, имансыздыққа ұшырататын арам іске қатаң тыйым салған. Тіпті дінде ойнастан туылған қызбен тұрмыс құру – мәкрүһ, яғни орынсыз. Бірақ ер адам ондай қызды күнәһар ортадан шығарып алам десе, өз еркі. Тіпті шариғат талаптарын орындату үшін үйленетін болса, онда ер адамға сауап жазылады. Зинақорлық жасайтын адамның көңілінен ұят, жүзінен нұр кетеді, ал адам – тәубесіне келмей сол жүрген қалпында өліп кетсе, о дүниедегі халі тіпті ауыр болады.
Ислам діні сәбилер түгілі, хайуандарға да мейірім жасауға уағыздайды. Бір әулие кісі дүниеден өтіпті. Кейіннен бір досының түсіне кіріп: «Бір мысықты қатты тоңып, далада қалғанында алып жылытқаным үшін мені Алла биік дәрежеге жеткізіп, разылығына бөлендім», – деген екен.
«Қатуланған, бала-шағасына дөрекі қарым-қатынаста болған кісіні Алла тағала жек көреді» – дейді хадисте. Баласын туа салып асырай алмайтынын сылтауратып немесе «елге қарабет болам» деп өтірік намысын қорғайтын аналарға, оларға сүйеніш бола алмаған ерлерге қазір болмаса да, келер күні өте ауыр болып өтеді. Себебі әр нәрсенің де жазалаушысы бар. Осы ретте Құранның мына сөзін айтқым келеді: «Бастарыңа келген бір
ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады және Алла көбін кешіреді» («Шура» сүресі, 30-аят).
– Ислам діні «түсік» туралы не айтады? Бүгінгі таңда 15-24 жас аралығындағы қыз балалар бұл қылмысқа көп барады. Бұның жазасы қандай?
– Бұның жазасы өте ауыр. Себебі құрсаққа біткен шарана – ертеңгі тіршілік иесі, кішкентай адам. Ал, оны алдырып тастасаңыз – сіз оның өмірін өз қолыңызбен үздіңіз деген сөз. Өкінішке орай, қаракөздеріміз бұны жете түсініп, мағынасына үңілмей жатыр.
Бірде Астана қаласындағы бір әйелдер дәрігерінен тұрақты емделушісінің 9 рет түсік жасатқанын естідік. Бұл өте сұмдық жайт. Қалай әйел баласының жүрегі ауырмады екен деген ойға қалдық. Бұдан шығатын қорытынды – ол 9 баланы өлтірді деген сөз. Ал мұның жазасын бір Алла біледі.
– Өзіңіз ана ретінде қыз балаларға қандай ақыл айтасыз?
– Мен ана ретінде қыз балаларға айтарым – әр нәрсені асықпай, байыппен шешкен жөн. Жылтыраған нәрсеге құмартып, қысқа етек, көкірегі ашық киімді кигенде пайда жоқ. Қайта ерлердің көзіне әдемі көрінемін деп олардың есін шығарып, ақылдан адастыратының – өзіңе үлкен күнә. Қарапайым тілмен айтқанда, қыз бала – ертеңгі ана. Ол өз-өзіне алдымен жақсы тәрбиеші болуы керек. Бұл жайында Ислам дінінде кең қамтылып айтылған. Сондай-ақ көптеген хадис кітаптарды оқып, Хадиша, Айша аналарымыздың өмірінен үлгі алсақ, біздің қазақ қызынан артық жан болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=2892
Автор: Ақерке СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,Астана қаласы.