Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады.
Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.
Атамыз қазақ ел басына күн туса ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды. Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.
Ал асыраушысы жоқ отбасына келсек, «Жесір ерден кетсе де елден кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Аға өлсе, ініге мұра», «Елде болса, ерінге тиеді» деп мақалдап, әрбір адамгершілік, туыстық қатынасты өз орнына қойған кешегі қазақ қоғамы жетім мен жесірді қорғансыз қалдырмаудың қамын ойлап, тұтас бір қамқорлық институтын қалыптастырған болатын. Астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен беріп, кез келген жағдайда асыраушысы жоқ отбасына көмек көрсету бір рулы ел үшін айнымас дәстүр болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдерге қатысты қалыптасқан құрметтеу, құқық беру және қорғау секілді тұғырлы ұстанымдар бүгінгі таңда зайырлы қоғам құндылықтарына сәйкес жаңғыртылуы тиіс.
1. Қазіргі қазақ әйелі де кешегі аналар секілді азамат әйел болуға тиіс. «Азамат болу» дегеніміз қоғам өмірінен ойып орын алу деген сөз емес. Бесік тербетіп, үй шаруасында отырған әйел де азамат әйел бола алады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, нағыз азаматты тәрбиелей білсе, қазіргі қазақ әйелінің ең үлкен қайраткерлігі сол болмақ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман» деген нақыл бар қазақта. Артық жаралған адам әлемде жоқ, ал «әр қазақ – менің жалғызым» болып отырған біздің жағдайымызда, әйел-ер демей, ешқайсымыздың жаман болуға хақымыз жоқ.
2. Қазіргі қазақ әйелдері мен қыздарының қорғалуы тек құжат жүзінде қалмауы тиіс. Ер азаматтар секілді әйелдердің ақыл-ойы да негізінен орта жастарда өнімді жеміс береді. Бұл – әйел-аналардың қоғам өміріне, ел қызметіне белсене араласатын кезі. Оның ақыл-ойының өзгелер тарапынан пайдаланылуы да дәл осы кезеңде күшейеді. Отбасылық мәселелердің шарықтау шегіне жететін кезі де ата-ананың орта жастағы кезеңіне тұспа-тұс келеді.
Сондықтан мемлекеттің отбасыға, ана мен балаға деген қамқорлығы тек жас отбасы мен жас аналармен шектелмеуі тиіс. Әйел-ана қамқорлыққа қай кезде де зәру. Өзінің мемлекетке керек екенін әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерттер азаяды. «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс.
3. Халықтың демографиялық жағынан өсуі қай кезеңде де әлеуметтік тұрмыс шарттарымен тікелей байланысты болған. Қоғам ең алдымен дүниеге келетіндердің емес, келгендердің қамын ойлап, жағдайын жасауға тиісті. Нақты тұрмыстық проблемалар шешімін таппай тұрып, жаңа демографиялық толқын туралы сөз қозғау қиын. Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топ – жалғызбасты аналар мен әкесіз балалар. Өкінішке орай қазақ отбасының елеулі бөлігін дәл осы қорғансыз топ құрайды. Ана мен балаға қамқорлық дегенде біз ең алдымен жартыкеш отбасыларды ойлауымыз керек. Қазір бұл бағытта көп жұмыстар атқарылып отырғаны белгілі, дегенмен ол бүгінгі қазақ отбасының жарты бөлігін қамтуға жетпей отыр. Сондықтан ана мен баланың жай-күйін іргелі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алып, ел аумағында жаппай жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру қажет.
4. Қазіргі қазақ қоғамы ер азаматтардың беделін көтеруге көбірек көңіл бөлінуі керек. Өтпелі кезеңнің сын-тегеуріндері салдарынан ерлердің қадір-қасиетінің төмендеуі, әкелер тәрбиесінің кемшіндігі орны толмас рухани зардаптарға соқтыруы мүмкін. Мектептерде білім және тәрбие беретін ер-азаматтар санының күрт азайғандығы жиі айтылып жүр. Мұның өзі ұл балалар психологиясының қалыптасуына кері әсер етуде. Әке тәрбиесін дұрыс алмаған, «әкең келе жатыр» деген ескертуді естіп өспеген бүгінгі бала буын ертең ел басына келеді. Ертеңгі ұлттың ерлік қасиеттері ересен болсын десек, бұл мәселеге қазірден көңіл бөлуіміз керек.
5. Бүгінгі буында агрессияшыл мінездердің күшеюі бірінші кезекте рухани тәрбиенің әлсіреуінің салдары болып табылады. Рухани тәрбиенің кемшіндігін сөз еткенде, жауапкершіліктің бір ұшы тағы да өзімізге, әрбірімізге тіреледі. Біз кінәлауға немесе ақыл айтуға емес, тәрбиелеуге асығуымыз қажет. Ал тәрбие дегеннің құрғақ ақыл айту арқылы емес, өз жүріс-тұрысың арқылы берілетінін ұмытпауға тиіспіз. «Бала тәрбиесі бесіктен» болған соң, тәрбие мәселесіне әрбіріміздің жауапты екенімізді сезінуіміз қажет.
«Біреудің баласы» деген ұғым болмайды. Біреудің баласы – сіздің балаңыздың ертеңгі досы, жары, ұстазы, әріптесі, бір сөзбен айтқанда, оның тағдырын құраушы жандардың бірі. Қазір әсіресе орта буынның тәрбие ісіндегі жауапкершілігін күшейту қажет. Бала тәрбиесі соңғы кезекке қалдырылмауы керек. Бұл орайда бірінші кезекте әйел-ананың отбасы өмірі мен бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне тиісті мүмкіндіктер берілуі қажет.
Ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтардың ешбірі өзге ұлт дәстүрлерімен, ұстанымдарымен қайшы келмейді. Өйткені шынайы адамгершілік пен иманға негізделген құндылықтар ғана құнын жоймайды әрі өміршең келеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесіне қатысты да біз дәл осылай пайымдай аламыз.
Ұлтының ұлағатты үрдістерін қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Тегі бір татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов өткен ғасырдың басында «Қазақ қызы» атты романымен әйел-аналарымызға арнап әдеби ескерткіш соғып еді.Түптің түбінде қазақ қызына арналып еңселі бір ескерткіш орнатылуы қажет сияқты.
Ата-бабаларымызды сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген қазақтың ұлттық дәстүрлері келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болмақ. Бірақ күн санап жоғалтарымыз көбеймесін десек, сол рухани бұлақтың бітелуге айналған бастау көзі бүгіннен бастап аршылуға тиіс. Бұл орайда «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле!» деген ұлттық ұстанымымызды ұлықтау өз нәтижесін берері анық.
Айнұр Әбдірәсілқызы
ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен байланыс
және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы,
филология ғылымдарының кандидаты