Кешегі қазақ әйелдерін бүгінгі және болашақтағы әйелдермен салыстыра отырып, олардың арасындағы алшақтық ұрпағының болашағына алаңдайтын әрбір азаматты толғандырмай қоймайтыны анық. Осы тақырып жөнінде Еуразия Ұлттық университетінің философия кафедрасының аға оқытушысы Омар Жәлелұлының ойын сұрап білген болатынбыз.
– Қай қоғам болмасын әйелге күллі жақсылық пен парасаттылықтың қайнар бұлағы деп қараған. Ата-бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан да болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел-анаға жүктеген. Ал біз өмір сүріп отырған заманда әйелдердің қоғамдағы орны қандай?
– Атақты неміс философы Фридрих Ницше: «Әйел туралы тек еркектермен ғана сөйлескен жөн» деген екен. Алайда әйелді толық танып білу мүмкін емес деп ойлаймын. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын.
Оңай болатын себебі – әйел біздің анамыз, әйел біздің әпке-қарындасымыз. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» әйел бізге өмір сыйлайды. Қиын болатын себебі – әйел табиғаты тылсым, сырын ішіне бүккен қара жермен бірдей.
Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Еркектер; әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһер, нафақа береді.) Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектерінде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында Алла өте жоғары, тым ірі» (Ниса сүресі, 34-аят). Бір ғана қауымға немесе бір ғана ұлтқа арнап түсірілмеген, бүкіл адамзатқа жол нұсқаушы Алла Тағаланың сөзі – Құран шәриф осылай дейді. Әйелді түсіну еркектер арқылы ғана болатынына меңзейді. Құдай барлық нәрсені жұп қылып жаратқан, әйел мен еркек те сол қатарда, сол бұлжымас заңдылыққа бағынады.
– Ерте кездегі аналарымыздай ерін пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп отырған әйелдер күн өткен сайын сирей түскені ащы да болса шындық. Бұған кінәні тек әйелдерден ғана іздемей, еркектердің де жауапкершілік міндетін жоғалта бастағаны деп қарасақ қателеспейтін шығармыз? Яғни, соңғы кезде еркек те, әйел де өздеріне жүктелген міндеттерінен алшақтап, әрқайсысы өзіндік қасиеттерін жоғалтып алған тәрізді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Исламда еркек пен әйелдің міндеттері жеке-жеке бөлініп, анық көрсетілген. Еркектердің қасиетті парызы – әйелдерді билеу. Әйелдердің қасиетті парызы – еркектерге бой ұсыну, бағыну. Бұл былай қарағанда қарапайым ғана қағида болғанмен, өмірде орындалуы өте қиын. Сонысына қарамастан, Құран мен хадистен бастау алатын қазақ мәдениетінде бұл мәселелер әлдеқашан оңтайынан шешіліп те қойылған еді. Бірақ, қазақ қоғамының басына төнген алмағайып замандар ұлттың тұнығын шайқап, дүниетанымын астан-кестен қылды. Еріне бағынбайтын әйел, кесепатты қыз, кесірлі келін пайда болды. Қазіргі қазақ әйелі әңгімені: «Неге мен еріме бағынуым керек?!» – деп бастайды. Құран айтады: «Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды» (Ниса сүресі, 34 аят). «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай иман келтірген Құрандағы ақиқатты бүгінгі қазақ әйелі мойындамайды.
Кешегі қазақ әйелі осы даусыз ақиқатты мойындаған, мойындай отырып әлем жұртшылығы таң қалатын ғажайып мәдениет қалыптастырған. Иә, әйелден еркек артық жаратылған! Бұл – Алла Тағаланың хикметі, мұнда үлкен сыр бар. Бабаларымыз бұл даусыз ақиқатты «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деп түйіндеген. Құран Кәрімде айтылған еркектің әйелден артықтығының сыры – еркектің мал тапқыштығында, мал табуға жаралғанында. Құранда Алла Тағала ескертіп отыр: «Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады» (Ниса сүресі, 34 аят). Алмақтың да салмағы бар: жаратылыста еркекті әйелден үстем ету арқылы құдай алдына айқын мақсат қойған: ол – еркекті мал табуға үндеу, мал тапқыза отырып малынан әйелге пайдаландыру. Және бұны оның мойнына қасиетті парыз қылып жүктеген. Тағы да қайталап айтамын, Алла Тағала жұп қылып жаратқан пенделеріне әділетті жолмен тіршіліктің тауқыметін тең бөліп берген. Қазір біз айтып жүрген еңбек бөлінісі әлмисақта адам баласы жаралғаннан бері іске асып келеді. Жаратушының бұл әділетті үдерісінің іске асуын дана қазақ былай деп тайға таңба басқандай бейнелеген:
Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт,
Бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт.
Еркектің міндеті – мал табу, әйелдің міндеті – бала табу. Мал табу – тәуекелді, отаның-отбасың үшін отқа түсуді, ерекше қажыр-қайрат пен батылдықты қажет етеді. Егер еркектің бойынан бұл қасиеттер табылмаса, ол шепті бұзып жау қайтарып, жанын бұлап мал таба ала ма? Таба алмаса керек. «Еркекті артық қылып жараттық» деген Құран хикметінің сыры да осында.
Кешегі қазақ әйелі, дәстүрлі мәдениеттің бесігінде тербеліп, қайнарынан қанып ішкен қазақ әйелі мұның бәрін білген. Білген де, қоғамдағы өз орнын жазбай танып, әйелдіктен – даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен – рулы елдің қамын жейтін Ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Кешегі өткен Домалақ, Қарқабат, Абақ, Шашты, Ұлпан және біз білмейтін тағы қаншама аналарымыз соның айқын дәлелі.
– Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құқығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясат сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені жасырын емес. «Еркектің үстемдігіне жол жоқ! Отбасында кім көп табыс тапса, соның айтқаны дұрыс!» – деуші әйелдер де көбейіп бара жатқаны бұлтартпас шындық. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған бұл мәселеге өз пікіріңізді білдірсеңіз…
– Қоғамда әйелдің немесе еркектің үстемдігіне байланысты мәдениеттер де «еркек», «әйел» деп бөлінеді. Орыстың көрнекті философы Николай Бердяев орыс мәдениетін «әйел мәдениеттердің» қатарына жатқызады. Ол өзінің «Ресейдің тағдыры» атты кітабында: «Ресей үнемі қалыңдықтың күйін кешіп, сырттан келетін күйеуді күтумен болады» деген ой айтады. Шынында да, Ресей – әйел мәдениеттердің қатарына жатады: Матушка Россия. Орыс әйелі күйеуіне билігін жүргізеді, күйеу баласы енесінің қолында тұрады және оған еш арланбайды. Бірақ енесін тым жек көреді. Ал қазақ мәдениеті осы уақытқа дейін еркек мәдениеттердің қатарына жатушы еді. Қазақ баласы енесімен бірге тұрмақ түгілі, қайын жұртында қалып қоюды намыс санап, «күшік күйеу» атануды өлім санайды. Алайда, «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, орыс боданына айналған қазақ мәдениеті қазіргі кезде өзінің еркектік сипатын жоғалтып, әйелдене бастағаны жасырын емес. Осындайда көреген бабаларымыздың:
Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар.
Сиыр пұл болар, қатын би болар, –
деп айтқандары еріксіз еске түседі екен.
– Отбасындағы аналық міндетін екінші кезекке ысырып тастап, табыс табуға ер адамдармен жарыса, білек сыбана кіріскен, ауыздықпен алысқан қайсар әйелдер туралы не айтар едіңіз?
– Кеңес үкіметі әртүрлі желеулермен, жасанды, желөкпе ұрандармен әйел теңдігін ту етіп көтеріп, әйелдерді отбасы өмірінен алыстатты. Оларды қоғамдық істерге аяусыз жекті. Әйел екі жақты қысымға түсті. Яғни, табиғи аналық міндетін атқара жүріп, қоғамдық жұмысқа араласуға мәжбүр болды. Сөйтіп, әйелдер тарапына қиянат жасалып, Жаратушы белгілеп берген әділеттілік принципі өрескел бұзылды. Бірақ бұны совет идеологтары өз тілдерінде «әйел теңдігі» деп атады.
Қоғамдық жұмыстарға араласу, мал табудың жолына түсу, еркекпен тайталасып, алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысу – нәзік те сұлу әйел табиғатына өлшеусіз нұқсан келтірді. Әйел әйелдік табиғатын жоғалтып, еркектене бастады. Өздеріне жасалып жатқан қиянатты терең түйсінген орыс әйелдері сол заманда мынадай сықақ өлең шығарды:
Я и лошадь, я и бык,
Я и баба, и мужик.
Ащы айтылған, бірақ шындық. Өкінішке орай, осы үдеріс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазақ әйелі әлі отбасына оралған жоқ: жанталасып мансап қуып, қара сан болып мал тауып жүр. Ең үлкен мансап ана болу, ұрпақ көбейту екені олардың қаперіне де кіріп шықпайды.
Енді аяңдап билік мәселесіне келейік. Қазақта «Байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бар. Бұдан байтал жүйрік болмайды, бәйге алмайды деген ой тумауы керек. Керісінше, ең жүйрік жылқы ұрғашы зарпынан болатынын қазақ мәдениетіне зер сала қарағанда байқаймыз. Мәселе байталдың бәйгеге жаратылмағанында, оның жаратылыс мақсаты басқа екендігінде. Оның шешуін дана қазақ «Байтал мінсең, құлын жоқ» деп алдымызға тартады. Байталдың «бәйгесі» басқа, ол құлындап, мал басын көбейтіп, ер жігіттің дәулеті мен сәулетін шалқытуға арналған. Тек ақымақтар ғана, обал мен сауапты білмейтін түйсіксіздер ғана бәйгеден алатын атақ пен жүлдеге қызығып, байталды бәйгеге қосады. Білетіндердің айтуы бойынша, өзі үшін де, құрсағындағы құлыны үшін де жанталасып, өмір мен өлімнің арасында барын салып, оқтай ұшып бәрінен озып байтал бірінші болып келеді екен. Бірақ, көп кешікпей ішіндегі төлді өлі күйінде сыртқа шығарып тастайды.
Мәселе тек байтал туралы емес екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар. Қазақ мәдениеті – тұспал мен ишараға құрылған. Белгі мәдениеті (Знаковая культура). Адамға қатысты барлық жайттарды тұрмыс-тіршілігіне етене жан-жануарлар өмірі арқылы тұспалдап жеткізеді. Ендеше, «байтал» деп бұл жерде әйел заты айтылып тұрғаны даусыз. Бұрынғы қазақта әйелдердің бәйгесі басқа еді: әйелдің қадір-қасиеті дүниеге ұрпақ әкелумен өлшенетін. Көмекей әулие Бұқар бабамыз: «Баласы жоқ қатыннан лақтаған ешкі артық», – дейді. Ащы болса да, шындық. Жаратылыс мақсаты бойынша лақтаған ешкі баласыз әйелден озып тұр. Қазіргі қазақ әйелі тіршіліктің бәйгесіне, мал табу мен мансаптың жолына мықтап кірісті. Және жуық арада тоқтай қоятын түрі де көрінбейді. Осы жолда, бар өмірін мал мен мансаптың жолына арнап, тұрмыс құра алмай жүргені қаншама. Тұрмысқа шықса да «бәйгеге» алаңдап, бала басын бір-екеуден асырмайды. Қазақ қауымы сөйтіп, «байталдарын бәйгеге қосып», адам санын көбейте алмай пұшайман күй кешуде.
Мал мен мансаптың жолы оқудан басталатыны белгілі. Қазіргі қазақ қызының көбісі оқуды мұрат деп біледі. Сөйтіп, төл мұратынан жаңылып, оқу қуамын деп жүріп кәрі қызға қалай айналып қалғанын сезбей де қалады. Атақты шешен, батыp Сырым бабамыз: «Дау мұраты – бітім, жол мұраты – жету, сауда мұраты – ұту, қыз мұраты – кету» деген екен. Ата-бабалаpдың осындай қағидасы олардың ойына да кіріп шықпайды.
Ал осының бәріне тек қыз ғана кінәлі десек, қателесеміз, бәрі қазақ отбасындағы дәстүрлі тәрбиенің жоқтығынан. Қыз баланы морольдық, психологиялық, тұрмыстық өнер жағынан болашақ ана, болашақ жар ретінде дайындамаудан. Бұрынғы қазақ әйелі беске келіп, бесіктен белі шыққаннан бастап, жұбайлық өмірге тәрбиеленетін. «Қыз – қонақ», «қыз – жат жұрттық» деп тәрбиелейтін. Қазіргі қазақ қызын жақсы көріп, еркелеткен болып: «Осы қызымды ешкімге бермеймін, өскенде өзімді асырайды» деп, ойланбастан қызының болашақ тағдырына балта шабады. Біздің бұл айтқанымыздан «қыз бала оқымасын» деген жаңсақ түсінік қалыптаспауы керек. Қыз бала оқысын, қыз баланың жан-жақты білімді, биік парасат пен мәдениет иесі болғаны абзал, бірақ ол өз мұратын ұмытпасын; оқи жүріп, мұратын естен шығармасын.
– Осыдан біраз жыл бұрын көшеде хижаб киген қазақ әйеліне жұртшылық таңырқай қарайтын. Ал бүгінгі күні хижаб киген қазақ қыздарын көшеден де, қоғамдық орындардан да, мәдениет ошақтарынан да, жоғары оқу орындарынан да, тіпті мектеп қабырғасынан да кездестіретін болдық. Дегенмен, соңғы кезде қазақ қоғамының хижабқа байланысты көзқарасы қаққа жарылған сынды. Бір тобы толығымен қолдап, шүкіршілік етсе, енді біреулері ескілік қалдығы, еліктеушілік деп, қарсы болуда. Сонда білім ошағы, мәдениет ошағы, тәрбиенің тал бесігі саналған жоғары оқу орындары мен мектепке етек-жеңді қымтап бару қылмыс болғаны ма?
– Жалпы ислам дінінде «Балиғатқа толған қыз бала беті мен қол-аяғынан басқа ұятты жерлерін қымтап жүрулері керек» делініпті. Дегенмен, ол халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына сай болуы тиіс. Діни бағытта киінудің де өз жөні бар. Намаз оқыдым, хижаб кию парыз екен деп қап-қара болып киініп, бет-аузын тұмшалап, көлбеңдеп, өз айналасындағыларды үркітіп, шошытып жүрген бойжеткендеріміздің бар екені жасырын емес. Құранда қыз-келіншектердің киетін киімінің нақты пішімі көрсетілмеген, яғни, «тек хижаб кию керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Алайда нақты қай жерлерді ашық қалдыру керектігі жазылған: бет, білектен төмен екі қол, тобықтан төмен екі аяқ. Бұл – Алланың бұйрығы. Шариғат мұсылман әйелдеріне етек-жеңін жауып жүруді парыз еткен. Әрине, ол дұрыс. Бірақ өзге ұлттың салт-дәстүріне таңсықпен қарағанды қоюымыз керек. Біз қазір орыс, түрік, араб, өзбек т.б. ұлттардың салтына, мәдениетіне тамсанып, бойымызға сіңіріп, өз салт-дәстүрімізден жиренуге айналдық. Бұл – ұлтқа қауіп. Дәл осылай кетер болсақ, ертең-ақ қазақ деген ұлт жойылып кетуі мүмкін. Өйткені, ұлт болып сақталып қалу үшін ұлттың тілі, салт-дәстүрі мызғымас берік негіз ретінде бірінші орында тұруы керек. Сондықтан өзгенікіне жөнсіз еліктемей, өзімізді ұлықтағанымыз жөн.
Біз егер ұлттың болашағын ойлайтын болсақ, ең бірінші кезекте қыз баланың тәрбиесіне терең мән беруіміз шарт. Дәл бүгінгі күні Қазақстандағы ең көкейтесті мәселелердің бірі де, бірегейі де осы! Ұлт ретінде сақталып қалуымыз – әйел затының тәрбиесіне тікелей байланысты. Әйелдеріміз, әпке-қарындастарымыз мұсылмандық тәрбиені бойына сіңірген иманды, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтын сүйетін, ерін сыйлайтын болса ғана дүниеге ата жолын қуатын текті де сапалы ұрпақ әкеле алады. Сонда ғана әйелдер әрбір шаңыраққа сәуле болып тарап, қазақтың мәңгілік бесігін тербетіп, алтын айдарлы ұл, күміс тұлымды қыз туып, қазақтың санын еселеп өсіреді. Қазақтың ошағына ие болып, түтінінің түзу ұшуын қамтамасыз етеді. Қазақтың атпал азаматының босағасына бақ болып қонып, Қазақ елінің шаңырағын шайқалтпай, керегесінің кең, іргесінің берік болуына кепілдік болады.
– Отбасыңызға аздап тоқтала кетсеңіз…
– Мен 1966 жылы Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, Уызбай (бұрынғы Маржанкөл ауылы) ауылында дүниеге келдім. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған соң ұстаздық қызметке қалдырылдым. 1995-1998 жылдаpы сол оқу орнында «Философия тарихы» мамандығы бойынша аспирантурада оқыдым. Үйлі-барандымын, әйелім, Олжас, Дидар есімді ұлдарым бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
www.muslimwomen.kz