Бүгінгі таңда елімізде ислам дінінің қоғамға әсері өте мол. Қазақ елі үшін де ислам дінінің негізгі бағыттарының бірі болған матуридийа бағыты Х ғасырдан бері келе жатқан негізгі ұстаным болып табылады. Жалпы матуридийа теологиялық ілім бағыты Ахл ас-Сунна мазхабының негізгі бір бағыты. Яғни, екінші бағытын Абу Хасан ал-Ашғарий негізін қалаған ашғарийа бағыты жалғастырса, Мәуреннахр аймағында матуридийа бағыты басты ұстанымға айналды. Матуридийа теологиялық ілімі бағытын осы аймақта көптеген дін ғалымдары дамытып, ұрпақтан ұрпаққа қолжазбалар арқылы жеткізіп отырды. Соның бірі Насаф (қазіргі Өзбекстанда) аймағының өкілі Абу Муъин ан-Насафий еді. Оның «ат-Тамхид ли қауаид ат-Таухид»-атты еңбегі матуридийа теологиялық ілімінің көзқарастарын қамтитын құнды еңбек еді. Бұл жазылған қолжазбаны кейінірек ХIV ғасырда Сығанақ қаласынан шыққан Хусам ад-Дин ас-Сығнақи зерттей түсіп, түсіндірме ретінде «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамхид» атты еңбек жазды /8, 7/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың толық аты жөні Хусейн ибн Али ибн ал-Хаджаж ибн Али, ал лақап аты болса, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи (Сығанақ қаласынан шыққанына байланысты осындай есім қойылған). Ол хижра жыл санауы бойынша VII-VIII ғасырларда өмір сүрген, мутаъаххирин (ислам әлеміндегі ғұламалар тобының екінші кезеңіндегі өмір сүрген ғұламалар осылай аталды) ғұламаларының бірі. Бағдат қаласында Абу Ханифа медресесінде білім алып, Дамаскіге, Алеппоға сапар шегіп, хижра жыл санауы бойынша 711 немесе 714 жылдары (милади жыл санау бойынша 13101314жж.) дүниеден өтеді /7, 12/.
Біздің назарымызды аудартып отырған оның «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамхид» атты қолжазбасы. Қолжазба 272 беттен, шамамен бір бетте 23-24 қатар, ал әр бір қатарда 12-13 сөздерден тұрады. Ғұлама бұл еңбекте 81328 немесе 82000-ға жуық сөздерді қолданған. Бұл жәйт ғұламаның араб тілінде жоғары деңгейде ойын жеткізіп, сауаттылығының кең екенін дәлелдейді.
Сондай-ақ қолжазба беттерінің нумерациясы, парақтың жоғары жағынан берілген. Бұл қолжазбаның түп нұсқасы Египет Араб Республикасындағы «Дар ал-Кутуб Мысрийа» атты кітапханада тұр. Қолжазбада «хижра жыл санауы бойынша 1125 жылы баспадан шықты» -деп жазылған.
Қолжазба матуридийа теологиялық ілімінің негіздерін қамтып, ақида(сенім) мәселелерін терең қарастырады. Еңбектің мазмұнына назар аударар болсақ сол кезеңдегі ислам әлеміндегі діни ұстанымдар мен көптеген діни топтардың негізгі позицияларын айқындап береді. Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың «Китаб ат-Тасдид фи шарх ат-Тамхид» еңбегі әлемнің жаратушысы Аллаһ тағаланың ұлылығына мадақтаулар айтылып басталады. Сонымен қатар адамның антропологиялық жаратылысына тоқталып, ондағы адамның сезім мүшелері, ақылы мен парасаты, оның пенделік қасиеттері мен Аллаһ тағаланың сый етіп берген нығметтерінің сан түрін атап өтеді /8, 17/.
Келесі бөлімде жаратушы Аллаһ тағаланың әлемді жаратуы туралы көптеген мәселелерге тоқталады. Мәселенки, «әлем хадис, хадис сөзінің мағынасы жаңа, жаратылған, бұрын болмаған» деген мағынаны білдіреді. Хусам ад-Дин ас-Сығнақидің еңбегінде хадис мәселесімен қатар қадим ұғымы да бар. Бұл ұғымның мәні бастауы жоқ, басқа нәрселерге мұқтаж емес. Яғни, бұл ұғым тек жаратушы Аллаһ тағалаға ғана тән дүние. Демек, әлем сөзінің мәні арабша «алам» калимасының мәніне сәйкес келеді. Әлем сөзі Аллаһ тағаладан басқа есімдерге қойылған ұғым. Мәселен жеті қабат аспан мен жер, Аллаһ тағаланың жаратқан аршы (әлем/ғарыш), төрт элементі бұлардың барлығы әлем жаратылысының ішіндегі бір бөлшектер /1, 22/
Сондықтан құран кәрімде Аллаһ тағаланы «Раббу ал-Аламин» әлемдердің раббысы (жаратушысы) деп бүкіл жаратылған жеке-жеке дүниені әлем ұғымына сыйдырады. Бұлардың барлығы Абу Мансур әл-Матуридий еңбегінде атап өткендей жисм (денелер) деп аталады. Әлем бүкіл жаратылған заттарды қамтиды. Әлем деген сөздің өзі белгілі бір дүниенің жаратылғанын анық екенін білдіруші. Әлемдегі жаратылған дүниенің мәні екіге бөлінеді. Олар: аъйан мен араз. Мұндай барлық бөлшектер бір-біріне мұқтаж. Яғни, аъйан аразсыз, араз да аъйансыз бола алмайды. Бұл әдісті Абу Мансур әл-Матуридий өз еңбектерінде қолданған /3, 36/.
Жалпы аъйан мекен алмайды., ал араз болса белгілі бір көлем мен орын алады. Аъйан тек қана аразға сипат болады. Яғни, осы екеуінің үйлесімділігін дене «(жисм)» деп атаймыз. Ислам әлемінде бұл ұғымды басқаша түсінетін топтар да болды. Мәселен каррамийа тобы тіпті олар Аллаһ тағаланы да осы жисм (дене) ұғымына сайды.
Жаухар ұғымы атом мағынасын білдіреді, бұл атом белгілі бір уақытта әрекетке көшіп, кей уақытта тоқтайды. Бұл әрекеттердің барлығы жаухарға тән сипаттар. Әлем жаухар мен жисм, араздардан (құралған) тұрғандықтан, оны әлем (яғни белгілі бір дүние) дейміз. Жисмге араздар (иіс сезу, әрекет, дәм сезу, өмір сүру, өлім т.б.) сипаты мен қасиеті болады. Осы мәселеде сөз қозғалғанда біз төрт түрлі қасиетті негізге аламыз.
1. Араз мәселесі.
2. Араздың хадис (жаратылған) екені.
3. Жисм мен жаухардың өздерінің бойына араздарды қабылдауы.
4. Араздардың жеке қасиеттері.
Бұл мәселеде Аллаһ тағаланың жаратушы және бір екенін дәлелдеу. Ол әлемді жаратты. Яғни, әлем хадис. Әлемді жаратушы Аллаһ тағаланың серігі жоқ, немесе оған ұқсас бір жаратушы жоқ. Аллаһ тағала әлемді жаратуда өзінің қалауымен жаратты. Егер де, басқа жаратушы болғанда екі жаратушының таңдаған нәрсесі еш уақытта бір жерде, бір мақсатта үйлеспейтін еді. Арабша әлем сөзінің өзі де «белгі» деген мағынаны беріп, осы әлемдегі барлық жаратылған дүниелер Аллаһ тағаланың жалғыз жаратушы екенінің белгісі екенін дәлелдейді /2, 39/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи еңбегінің келесі бөлімінде ислам әлеміндегі каламшылардың зерттеу дәстүріне айналған тамануғ мәселесі де орын алады. Тамануғ мәселесі әлемді жаратушы Аллаһ тағалының бір болғандығының дәлелі. Бұл мәселе бойынша Хусам ад-Дин ас-Сығнақи мына аяттарды дәлелге келтіреді.
«Егер Алламен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса еді, онда әрине ғаршының иесіне бір жол іздер еді. Алла олардың айтқан нәрселерінен пәк, үстем, ірі», (Исра 17/42).
«Егер жер–көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаршының Раббы Алла, олардың жасанды сипаттарынан пәк, (Әнбия/ 22).
Бұл аяттар тамануғ мәселесінің мәнін түсінуге түрткі болады. Егер де екі немесе одан да көп құдайлар әлемді билеген болса, міндетті түрде әлемнің үйлесімділігі бұзылып, құдайлар иерархиясы құрылар еді. Сондықтан Хусам ад-Дин ас-Сығнақи бұл жерде Аллаһ тағаланың бір жаратушы екенін дәлелдеу үшін, қасиетті құран кәрімнің аяттары мен рационалды, логикалық үлгіде өзінің пікірін білдірген.
Тағы бір мысал, егер де бір құдай адамның өмір сүруін қаласа, екіншісі адамның өлімін қаласа, міндетті түрде екі құдай арасында қақтығыстар болып біреуі жеңіп шығар еді. Сонда жеңілген құдай өз қалауын іске асыра алмады. Өз қалауын іске асыра алмаған қасиеті жоқ құдайды құдай деп тани алмаймыз. Демек, әлемді де, басқа да дүниелерді жаратқан Аллаһ тағала жалғыз, ол антропоморфтық, зооморфтық тағы да жаратылған заттардың қасиетімен сипатталмайды. Яғни, ол жалғыз жаратушы, серігі жоқ, мәңгі /4, 57/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи Аллаһ тағаланың жаратушы, қадим екенін ашықтағысы келеді. Қадим сөзінің мәнін екі түрде түсінуге болады. Біріншісі тілдік жағынан қарайтын болсақ өткен уақыттар мен кісінің кәрілігін білдіретін ұғым. Екіншісі терминологиялық тарапынан қарастырғанда бастауы жоқ мәңгілік. Демек, Аллаһ тағаланың сипатына сай келеді. Егер де қадим болмаса, хадис еш уақытта болмайды. Мұның мәні жаратушы болмаса жаратылған дүние еш уақытта болмайды /6, 48/.
Сондай-ақ Аллаһ тағаланың сипаттарын атай келе жаратушы жаухар емес. Жаухар сөзінің мәні «асыл, түп, тек» – деген ұғымдармен сәйкес келеді. Мәселенки, «пәленшенің жаухары мықты, яғни пәленшенің тегі мықты, мына киімнің асылы жақсы» деген сияқты сөздерді халық аузынан естіп қаламыз. Демек, жаухар ұғымы әлемнің негізінде жатыр. Сонымен әлемнің негізінде жатыр деуіміздің себебі, әлемді атом бөлшектері құрайды. Ислам әлемінде жаухар сөзінің мәні кез келген жисмнің (дене) негізі, ең соңғы бөлінбейтін бөлшегі деп танылады. Яғни, біз Аллаһ тағаланы мұндай жаухар сипаттарымен сипаттауымыз мүмкін емес.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи жаухар мәселесін анықтай келе әлемнің жаратушысы Аллаһ тағаланың жисм (дене) емес екендігіне тоқталады. Жисм сөзінің мәні бөлшектерден құралған бір дене немесе бір құрылым дегенді білдіреді. Бұл мәселеде Аллаһ тағаланы яһудилер жисм деп антропоморфтық сипат береді. Аллаһ тағаланы адамға ұқсатқан яһудилер мұны шашы бар, сақалы бар бір жаратылыс (жас бала, қария) иесіне телиді. Бұл қателікті Хусам ад-Дин ас-Сығнақи «жисм бөлшектерден тұратын дене, ал Аллаһ тағаланы мұндай сипатпен сипаттау, оның құдіретті сипаттарына нұқсан келтіру мен адами жаратылысқа теңеумен бірдей» дейді /5, 72/.
Егер де, жаратушы Аллаһ тағаланың адамдардай сипаттары болатын болса, жаратушылық қасиетінен айырылады. Бұл пікірлер Аллаһ тағалаға серік қосып, оның құдіретті сипаттарын төмендету болып табылады. Негізінде жаратушы Хақ Аллаһ тағала мұндай сипаттардан пәк. Ал жисм мәселесі болса, Аллаһ тағаланың жаратқан дүниесі болып саналады. Нәтижеде жисм Аллаһ тағаланың сипаты бола алмайды.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «каррамиттер қателесті, өйткені олар жаратушы Аллаһ тағалаға жисм мағынасында сипат берді, демек ол бөлшектерден құралады, бұл бөлшектер
бір-біріне мұқтаж» дейді. Мұндай пікір Аллаһ тағаланың сипаттарына нұқсан келтіреді. Каррамийа топтарының мына пікіріне көңіл бөлейік: «Сендер Аллаһ тағаланы ешқандай нәрсеге ұқсамайтын бір нәрсе» -дейсіңдер. Неге ешқандай денеге ұқсамайтын бір дене?»-деп атауға болмайды»-дейді. Сонда Хусам ад-Дин ас-Сығанақи оларға: «Нәрсе (шайъун) дегеніміз қадим (бастауы жоқ) ол Аллаһ тағала, ол – хадис жаратылған дүние немесе жаратылған (махлуқат) тіршілік иелері, бұлардың барлығына осы «нәрсе» деген ортақ есімді қоя аламыз. Ал жисм дегеніміз ол бөлшектерден тұратын дене немесе зат болып табылады. Сондықтан біз Аллаһ тағаланы «жисм»-деп атай алмаймыз» деп жауап береді.
Ахл ас-Cунна жамағатының көзқарасындай: «Аллаһ тағала жисм емес, оны суреттеуге болмайды, өйткені суреттің өзі бір дене болып табылады. Сонымен қатар жаратушы Аллаһ тағаланы жаратылған тіршілік иелерінің қасиеттерімен сипаттауға болмайды. Мәселенки, түр мен түс, иіс пен дәм, жылылық пен суықтық т.б.» дейді .
Біз Аллаһ тағаланың жисм немесе араз, немесе бір сурет емес екендігін дәлелдеген соң, оны жаратылған әлемге немесе тіршілік иелерінің біреуіне ұқсату күпірлікке алып баратын қателік екенін білуіміз керек. Өйткені бұл дүниенің барлығын Аллаһ тағаланың өзі жаратқан /7, 14/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи келесі бөлімінде Аллаһ тағаланы жаратылған дүниемен ұқсастыру мәселесіне тоқталып өтеді. Онда әлем мен Аллаһ тағаланың ұқсатығы жоқ екенін, басқа да тіршілік иелеріне ұқсастығы жоқ екенін дәлелдеп былай дейді: «Егер де Аллаһ тағала әлемге ұқсайтын болса, Аллаһ хадис болар еді. Бұл Аллаһ тағаланың жаратушылық қасиетіне нұқсан келтіреді». Сондықтан бұл пікір қате болып саналады. Немесе әлем қадим болатын болса, Аллаһ тағаламен бірге тағы бір қадим нәрсе пайда болар еді. Бұл пікірдің қате екенін Хусам ад-Дин ас-Сығанақи дәлелдейді /4, 62/.
Келесі мәселені Хусам ад-Дин ас-Сығнақи Аллаһ тағаланың орны мен мекені туралы сөз қозғайды. Ахл ас-Cунна пікірі бойынша: «Аллаһ тағала мекені аспанда, немесе жерде басқа да мекендерде деп айту қателік. Мына жақта деп бағыт берудің өзі де үлкен қателік. Өйткені бұл ұғымдардың барлығы хадис кейін жаратылған. Аллаһ тағала сипатына сай келмейді» дейді. Хусам ад-Дин ас-Сығнақи тағы да былай дейді: Егер де Аллаһ тағала мекен немесе белгілі бір бағытты көрсетер болсақ оған хадис (жаратылған зат) сипатын беріп, жаратушының қасиеті мен сипаттарын қабылдаймыз. Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «Аллаһ тағалаға мекен беруге болмайды, өйткені бағыт пен мекен қадим емес хадис болып саналады. Хадис дегеніміз жаратылған бір дүние, әзәлдан келе жатқан емес» дейді.
Одан кейін Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «Аллаһ тағала аспанда немесе жоғары бір жерде, егер Аллаһ тағала аспанда болмаса неге жамағат қолдарын аспанға көтереді»-деген топқа былай жауап береді: «бұл әрекеттердің барлығы құлшылық символы. Мәселенки, сәжде кезінде маңдайдың жерге тиюі, оңға және солға сәлем беру т.б.» дейді /3, 48/.
Сол сияқты ал-Ғазали де бұл құлшылық рәсімдерінің мәселесіне Хусам ад-Дин ас-Сығнақиден бұрын былай жауап берген:«Аспан адам баласының дұға қылып құдайдан сұрайтын бағыты, дәл намазды да құбыла кағбаға қарай оқитын секілді. Сонда біз осындай әрекеттерімізден Аллаһ тағала қыблада немесе аспанда тұрады деуіміз керек пе? Бұл әрине үлкен қателіктердің бірі болып саналады» дейді. Тағы да Хусам ад-Дин ас-Сығнақи «Аллаһ бар, әлем бар екеуінің де бір тарапы, жан-жағы болуы керек ғой. Яғни оң жағы, сол жағы, үсті, асты, ортасы болуы керек ғой!» – деген топқа ол былай деп жауап береді: егер де Аллаһ тағаланың және әлемнің тараптары бар десеңдер, Аллаһ тағаланы қай тарапқа қоюшы едіңдер. Мысалы, әлемді үстіне немесе астына қоюшы ма едіңдер? Сендер үшін жоғары абзал, өйткені барлық тіршілік иесі биіктікті жақсы
көреді. Бірақ та төменнің артықшылығын ұмытпауымыз жөн. Мынадай мысалға көңіл бөлсек жеткілікті: «Бір сарайдағы патшаны оның қарауылдары жоғары жақта қорғайды. Демек патшадан қарауылдар жоғары орындарда тұр. Сонда патшадан қарауыл артық болғаны ма? Жоқ әлде патша ма? Мұндай тұжырымнан соң адам баласының ақылына қандай ұғым жақын болса да, мұндай сипаттар мен Аллаһ тағаланы сипаттай алмайды екенбіз. Өйткені әлем мен барлық тіршілік иелері хадис (жаратылған), ал Аллаһ тағала болса қадим /6, 87/.
Бұл хадистердің өзінің бір бастауы мен өмір сүру шегі бар. Мұндай басталуы бар дүние Аллаһ тағаланың әзәли (бұрынан бар) сипатына қайшы келеді. Егер де хадисте (яғни әлемде) тәмам болу, біту сипаты болса, онда ол хадис шегі бар деген ұғымды білдіреді. Әлем хадис болған жағдайда, ол қадим бола алмайды. Мұндай шегі бар нәрсе Аллаһ тағаланың әбәди (мәңгі болу) сипатына қайшы келеді. Аллаһ тағала мұндай хадис, шекті, сияқты қасиет пен сипаттардан пәк. Аллаһ тағала жисм (дене) емес, және оның шегі жоқ. Хусам ад-Дин ас-Сығаақи Ахл ас-Сунна пікірін негізге ала отырып: «Аллаһ тағала алим (білуші), хаий (тірі), қадир (құдіретті), және өзінің барлығын әлемнің жаратылысымен, сипаттарымен, тіршілік иелерінің өмір сүруімен дәлелдейді. Әлем бір жаратушы бар екенін дәлелдейді, өйткені ол кездейсоқтықтан пайда болған жоқ. Әрбір жаратылған заттың жаратушысы болуы ләзім. Сондай-ақ әлемдерді жаратушы болмауы мүмкін емес, егер де жаратушы болмаса, бүкіл әлемдегі тіршілік иелеріне қалай өмір береді. Бұл құбылыстың барлығы жаратушы Аллаһ тағаланың құдіретін көрсетеді. Егер де Аллаһ тағалада мұндай құдірет болмаса осындай керемет жүйеленген әлемді, белгілі бір уақыт ішінде, белгілі бір уақытқа дейін мұндай үйлесімділікте жаратпас еді. Бұл Аллаһ тағаланың ирадасымен (қалауымен) тікелей байланысты. Аллаһ тағала осындай бір керемет сипатта әлемді жаратқысы келгендіктен, оны жаратты /4, 89/.
Бұдан кейін Хусам ад-Дин ас-Сығанақи жаратылыстың хикметтері мен ерекшеліктеріне тоқталып:«Аллаһ тағаланың әлемді, аспанды жаратқанда жаратушының қандай құдіреттілігі бар. Сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар, құстар мен жәндіктерді жаратудағы Аллаһ тағаланың құдіреттілігіне таң қалмасқа болмас» дейді. Әлемді жаратқанда Аллаһ тағаланың құдірет, илм, хайят, ирада, ужуд (бар болу) сипаттарын байқадық. Оның самиғ басир деген сипаттарын қалай түсіндіресің?-деген топқа Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «әлемді жаратушы қадим, оның бастауы жоқ, ол күллі кәміл сипаттармен сипатталады. Самиғ (есітуші), басир (көруші) сипаттары кәміл сипаттардан. Бұлардың қарама қайшысы соқырлық пен саңыраулық нұқсан сипатқа жатады. Сондықтан жаратушы Аллаһ тағала жоғарыда аталған самиғ және басир сипатына тән»-деп жауап береді. Кейін Хусам ад-Дин ас-Сығнақи мұғтазила тобына қарсы пікірлер жазады. Жалпы мұғтазила тобы Аллаһ тағаланың сипаттарын қабыл етпейді. Олардың пікірінше: «Аллаһ тағаланың сипаттары қадим болатын болса, онымен бірге қадимдер көбейіп тәңірлер саны да артатын еді»-деген мәселеге Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «Ахл ас-Сунна жамағаты пікірі бойынша Аллаһ тағаланың сипаттары өзімен бірге қадим, Аллаһ тағаланың сипаттары оның өзінен еш уақытта бөлінбейді, сондықтан мұғтазила тобы қателікке бой береді»-дейді ғұлама.
Аллаһ тағаланың басқа да сипаттарын атай келе Хусам ад-Дин ас-Сығнақи Ахл ас-Сунна жамағаты бойынша Аллаһ тағаланың калам сипатына тоқталады. Олар: «Аллаһ тағаланың каламы (сөзі) әзәли және қадим, Аллаһ тағаланың сөзі Аллаһ тағаланың өзімен бірге деген ұғымды түсінуге болады. Оның сөзі біздің сөзіміз сияқты әріптер, дыбыстар сияқты емес, тек қана өзіне тән сипаттармен ерекшеленеді. Аллаһ тағаланың пайғамбарымызға жіберген құран кәрімі Аллаһ тағаланың каламы деп аталады. Бұл Аллаһ тағаланың каламының бар екендігінің дәлелі. Ахл ас-Сунна жамағаты құран әріптерін махлұқ (жаратылған)» -дейді /8, 64/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи осы мәселені ары қарай өрбітіп былай дейді: «біздің оқып жатқан кездегі әріптеріміз біреуінен кейін біреуі келіп соңына жетеді. Біз оны тілімізден шығарамыз, тіліміз хадис, хадистен хадис шығады. Ахл ас-Сунна жамағаты: «Біздің үмметке түсірілген құран кәрім ол Аллаһ тағаланың каламы (сөзі) қадим, ал біз оқығандағы оқуымыз болса хадис болып табылады» дейді. Мұғтазила топтарының пікірлері бойынша: «құран махлұқ, хадис, ол біздің білген әріптер мен дыбыстар сияқты» дейді. Соңында Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «Аллаһ тағаланың каламы әріппен немесе дыбыспен сипатталмайды, құран кәрімде жазылған аяттар Аллаһ тағаланың каламы (сөзі), ол қадим»-деп тұжырымға келеді /7, 47/.
Келесі тақырыпты Хусам ад-Дин ас-Сығнақи тәкуин (жарату) мәселесі төңірегінде бастайды. Ол жаратушы Аллаһ тағаланы «мукаууин», ал жаратылған (махлуқат) дүниені «мукаууан» деп атады. Ал тәкуин (жарату) сипаты болса әзәли, қадим, Аллаһ тағаланың өзімен бірге, жарату деген сипаттарды қамтиды. Хусам ад-Дин ас-Сығнақи тәкуин сипаты қадим, онымен Аллаһ тағала жаратылыс яғни, тіршілік иелерін белгілі бір уақытта жаратты. Аллаһ тағала өзінің қалаған уақытында құдіретімен бір дүние жарата алады» дейді. Тәкуин сипаты мен құдірет сипатының айырмашылығы бар. Жалпы құдірет сөзінің ұғымы кеңірек қолданылады. Мысалы: «Аллаһ тағала көптеген күндер жаратуға құдіретті» десе, ұғым дұрыс қолданылады.
Еңбектің келесі бөлімінде Хусам ад-Дин ас-Сығнақи ғұлама Аллаһ тағаланың ирада сипатына тоқталады. Ирада (қалау) сөзі әзәли, Аллаһ тағаланың өзімен бірге, ол жәбірлеу, зорлау, зомбылық жасау сөздеріне антоним ретінде қолданылады. Хусам ад-Дин ас-Сығнақи Аллаһ тағаланың ирада сипатын былай тұжырымдайды: «Аллаһ тағала әлемді жаратуда өзінің ықтиярымен жаратты, егер де өзінің ықтияры болмаса, ол әлемді жаратуға мәжбүр еді. Мұндай нұқсан сипат Аллаһ тағалаға тән емес» дейді /1, 132/.
Егер де ирада (қалау) болмаса, барша махлұқат (жаратылған дүниелер) бір уақыт ішінде бір түрде жаратылар еді. Әрине бұл жаратылыс принципіне сай келмейді. Сондықтан Аллаһ тағала ирада (қалау) арқылы барлық дүниені белгілі уақытта оның қалағаны бойынша жаратты.
Сондай-ақ Хусам ад-Дин ас-Сығнақи әлемнің жаратушысы хаким сипатына тән. Яғни, хаким сөзінің мағынасы ол ғалым, өзін жамандық пен ластықтан ұзақ ұстаушы. Хикмет сөзінің тағы бір мәні барлық заттар мен жаратылғандардың ақиқаттылығын тану, ал хаким болса сол заттар мен дүниенің ақиқаттығын дұрыс тани білуші. Түбінде бұл тұжырым хикмет сөзінің тілдік мағынасы. Ал терминдік мағынасын Абу Хасан ал-Ашғарий былай түсіндіреді: «Хикметтің мәні бір іс сол істі істеушінің дәл мақсатына сай болуы. Бұған керісінше сафих (надандық) деген ұғым бар, ол іс істі орындаушының мақсатына сай келмей, керісінше болуы»-дейді. Мұғтазила тобы болса, бұл жайында «хикмет сөзі барлық іс істеушінің пайдасына шешілуі»-дейді /3, 97/.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақи болса: «хикмет сөзінің мәні істің нәтижесі жемісті болу, ал сафих сөзінің мәні болса істің нәтижесі жеміссіз болу»-деп тұжырымдайды. Аллаһ тағала хикмет пен илм (ғылым) ұғымын мына құран кәрім аятында былай атайды. «Олар: «Осылайша Раббың бұйырды. Өйткені Ол, аса дана, толық білуші»– десті, (Зарият 30-аят).
Егер де хикмет сөзі мен алим сөзінің мәні бір болса құранда былай келмеуші еді. Яғни, хикмет сөзінің мәні Аллаһ тағаланың өзімен бірге табылатын сипаты болып саналады.
Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың келесі бір қозғайтын тақырыбы Аллаһ__тағаланың көрінуі мәселесі. Мұны араб тілінде «Руъйату Аллаһ»-деп атайды. Руъйа сөзі қазақ тілінде көріну деген мәнді білдіреді. Ахл ас-Сунна жамағаты бойынша: «Көру дегеніміз көзбен көріп сезетіндей заттар мен нәрселердің мәнін білу»-дейді.
Кейін Хусам ад-Дин ас-Сығаақи мұғтазила топтарының көбісі:«көзге көрінетін дүние жисм болуы тиіс, онда түс болуы тиіс. Сонда көрінетін дүние бола алады. Аллаһ тағала жисм де емес, түс те болмайды, сондықтан оны көре алмаймыз»-дейді. Бірақ та, Ахл ас-Сунна мазхабы: «көрінудің себебі ол бар болу, бар нәрсенің барлығы көрінуі тиіс. Демек, ақіретте Аллаһ тағаланың көрінуі мүмкін»-дейді.
Ахл ас-Сунна жамағаты: «момындар ақірет күнінде раббыларын көреді» дейді. Құран мен сүнетте: «момындар өз раббыларын көреді»-дейді. Бұдан кейін мынадай сұрақтар туындайды. Егер де Аллаһ тағала ақірет күнінде көрінсе, бұл дүниеде де көрінуі мүмкін бе? Бұған Хусам ад-Дин ас-Сығнақи былай дейді: «Аллаһ тағаланың көрінуі мүмкін, өйткені сахабаларды пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.)-ның исра (миғраж) түнінде жаратушы Аллаһ тағаланы көре алуы мүмкін бе жоқ әлде мүмкін емес пе?-деген сұрақтар мазалады. Олардың пікірталастары Аллаһ тағаланы көру мүмкін деген тұжырымға алып келді» дейді. Хусам ад-Дин ас-Сығнақи: «Аллаһ тағаланың көрінуі мәселесі адам баласының миындағы ақпараттағыдай көріну сияқты алдыңғы немесе артқы жақтары, оң жақ немесе сол жақтарынан көрінеді дегендей ұғым емес. Аллаһ тағаланың өзіне тән сипаттарымен ғана көрінуі мүмкін» дейді /6, 78/.
Ахл ас-Сунна жамағатының көзқарастары бойынша: «Аллаһ тағаланың көрінуі мүмкін, бұған дәлел Мұса (а.с.) пайғамбардың Аллаһ тағаладан өзінің көрінуін сұрағандығы» дейді ас-Сығнақи. Бұған мына құран аятына назар аударайық! (Риуаят бойынша, Мұса еліне:«Перғауыннан құтылсақ, Аллаһ тағала тарапынан бір Кітап келтіремін» дейді. Сондықтан құтылғаннан кейін Алланың әмірі бойынша Тұр тауында қырық күн ораза ұстағаннан кейін Алламен сөйлесіп Тәурат түседі. Б.Ж.М.К.Р.Х.Т.Ж.–Қ) Мұса (Ғ.С.) белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса Ғ.С.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (Ғ.С.) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәуба еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді, (Ағраф сүресі 143-аят).
Мұса Аллаһ тағаладан дұға етіп оның көрінуін сұрағанда, оның мақсаты Аллаһ тағаланың көрініуінің хикметін білуі үшін ғана дұға еткен болатын. Тағы да басқа бір дәлел: «Лан тарони (Еш уақытта көре алмайсың)» деген аятта Аллаһ тағала Мұса пайғамбардың өзін көруіне рұқсат бермейді. Бұл жерде Аллаһ тағала көре алмайсың деп жауап берді. Яғни, Аллаһ тағала: «Мен еш уақытта көрінбеймін» деген жоқ. Аллаһ тағала тек қана «сен мені көре алмайсың» деп қана жауап береді. Ибраһим пайғамбар да Аллаһ тағаланың көрінуін сұрағанда, Аллаһ тағала Ибраһим пайғамбарға да осындай мәнде «сен әлі иман етпедің бе?» деп жауап берген. Сондай–ақ басқа да пайғамбарлардың өмірлерінде де мұндай жәйттер кездесіп жатты.
Қорыта келсек, аталған мәселелерге байланысты ғұламаның өмір сүрген дәуірінде де ислам әлемінде көптеген діни топтар мен ағымдар тарихи сахнаға шыға бастаған еді. Ашғарийа мен матуридийа тобына қарсы каррамийа, мұғтазила, қадарийа сынды топтар сол кезеңдегі әлеуметке әсер ете бастап еді. Ғұлама Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың еңбегінде көбінесе осы топтарға қарсы пікірталастар мен шариғаттың негізі болған ақида мәселесіне көп тоқталады. Сондай-ақ қазіргі таңда да Қазақстан территориясында көптеген діни бағыттар мен ағымдардың орын алғаны белгілі. Сол себептен біздің қоғамдық сананың__діни сауаты мен тағылымын арттырып дамыту үшін, отанымыздың тарихи мирастары мен Хусам ад-Дин ас-Сығнақи сынды ғұламалардың еңбектерін жарыққа шығарып, еңбектің ғылыми негіздері мен тарихи деректерін қоғамға таныстыруымыз міндетіміз болып саналады.
***
1. Тафсира ал-Адилла. Абу Муъин ан-Насафи, Анкара, 2003.
2. Абу Муъин ан-Насафий, «ат-Тамхид фи Усул ад-Дин» Каир, х. 1407. / м. 1987.
3. Абу Мансур ал-Матуриди. «Китаб ат-Таухид». Ыстамбұл 1979.
4. Шамиль Ислам энциклопедиясы. ІІ-том. Ыстамбұл 1993.
5. Абу Муъин ан-Насафий илмий мероси ва мотуридийа тағлимоти. Сайидмухтор Оқилов. Тошкент 2008 . 181 б.
6. У. Рудольф. Ал-Матуриди и сунитская теология в Самарканде. Перевод с немеского языка. Алматы: Фонд «ХХІ век», 1999. 286 б.
7. Ақидату ал-Матуридийати Кама Арадаха ас-Сығнақи фи Махтутихи «ат-Тасдид фи Шарх ат-Тамхид. Доктор Мухаммед Абду ал-Уаһһаб Махфуз. Алматы, Нұр-Мубәрак университеті 2006-2007 жж. (Kітап араб тілінде жазылған).
8. «ат-Тасдид фи Шарх ат-Тамхид» қолжабасы. Хусейн ибн Али ибн ал-Хаджаж ибн Али Хусам ад-Дин ас-Сығанақи (кітап араб тілінде жазылған).
9. Құран кәрімнің қазақша мағынасы. Алматы 1991 ж.
***
В статье рассматриваются история матуридизма в Средней Азии и структура рукописа Хусам ад-Дина ас-Сыгнаки. А также их огромный вклад в развитие ис-ламской философий в Х-XIV веках.
***
In article are considered history of maturidizm in Central Asia and structure of the manuscript of Husam ad-Din Sygnaki. And also their huge contribution to devel-opment Islamic philosophies in Х-XIV cen-turies.
Д.Б. Шалқаров