Ол – бүгінде отандық сән әлемінің көшін бастап келе жатқан танымал сәнгер. Есімі Қазақстан аумағында ғана емес, әлемге әйгілі шебер қайталанбас киім үлгілерін жыл сайын Италия, Испания, Франция, Ресей сынды елдердің талғамды тұтынушыларына ұсынып келеді. Жиырма жылдан астам тарихы бар «KURALAI» сән үйінің директорын сыр-сұхбатқа шақырған болатынбыз.
– Құралай, сіздің есіміңіз жазылған киімдер қазіргі таңда сән қуған бикештердің гардеробындағы құнды дүниелердің біріне айналып отыр. Өз брендіңізді қалыптастыру үшін қанша жыл тер төктіңіз?
– Мен сән әлеміне келмес бұрын қызметімді телеарнада стилист болып бастаған болатынмын. «Мода», «бренд» дегенді онша түсіне бермейтін сол кезеңдерде отандық киім маркасын жасап, өзіндік қолтаңбамды қалыптастырсам деген мақсат қойдым. 1994 жылы тұңғыш көрсетілімім өтті. Өмірлік мақсатымды дұрыс қойып, әке көлеңкесінен дер кезінде шыға білдім. Әлемді жаулаған Ескендір Зұлқарнайынның өзі әкесінің ықпалынан босауға бар күшін салған екен. Сол сәттер әлі есімде… Үлкен топтамаммен тегімді «айғайлатып» шыққанымда, адамдар маған қол соғарларын, я соқпасын білмеді.
Өзіммен «аттас» көйлектердің «дүниеге келуі» басында қызық болғанымен, кейіннен үйренісіп кеттім. Есіміңнің танымал болып, сіз айтқандай гардеробтың сұранысқа ие бір бөлігіне айналуы өзіңе табындыру емес, кәсіби тұрғыда жетілу дер едім. Алғашқы топтамамда Қазақстанның мемлекеттік туын киімдерге салдым. Сол кезеңде бұл әдісті әлі ешкім пайдаланбаған болатын. Өзімді дәлелдеу үшін жеті жыл еңбектендім. Мен өзімді маңдай теріммен табысқа қол жеткізген жандардың қатарына жатқызамын.
– «KURALAI»-дың дүңгіршектерін қайдан табуға болады?
– Негізгі кеңсесі Алматыда орналасқан «KURALAI»-дың қазір Мәскеуде, Парижде, Астанада және Семейде «нүктелері» бар. Атырау, Ақтау, Қарағанды, Шымкенттен ашуды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ, «KURALAI»-ға арнайы көрсетіліміміз өтпеген Израиль, Германия, Грузия сынды елдер де қызығушылық танытуда. Тіпті, бірде біз ұсынған көйлекті Париждегі «нүктемізден» Сауд Арабиясының ханшайымы арнайы сатып алған көрінеді.
– Осындай шеберлікті қайдан үйрендіңіз?
– Көркем-графика факультетінде. Алайда, кез келген адам оқуға түсіп, қалаған мамандығы бойынша білім ала алғанымен, өзіндік қолтаңбаны әркім қалдыра бермейтіні анық. Ол туабіткен табиғи дарынмен астасуы тиіс.
– Дизайнерге қандай қасиеттер тән болуы шарт?
– Әрине, ең алдымен жоғары талғам мен стильдік тұрғыдағы тамаша түйсік керек.
– Сән әлемінде «KURALAI» сән үйі ғана ұстанатын ережелер бар ма?
– Қатып қалған қағида жоқ, тек талғамға сай өнім шығару. Қазіргі таңда біздің брендіміздің киімдері барлық тұтынушының талғамын қанағаттандыра алады. Мәселен, «50+» атты топтама сәнді әрі қолжетімді. Ал, жоғары сапалы матадан тігілетін «Де люкс»-тің бағасы жоғары.
– Мысалы…
– Баға саясатын ұстануға тырысып, қолжетімді ету үшін үнемі күш салып келеміз. Киімнің тігілуі мен матаның сапасына орай үнемі бағаны төмендете беруге тағы да болмайды. Дегенмен, әр жұмыс 200 АҚШ долларынан жоғарыламайды.
– 2008 жылы қызыңыз Арудың үлгілері бойынша балаларға арналған «ARUai» топтамасын шығарған едіңіз. Аталмыш топтама қазір де бар ма?
– «ARUai» өз көздегенін жүзеге асырды. Қазір де сұраныс түседі. Ал Ару есейе келе өзіндік көзқарасы мен позициясын жинақтады. Тіпті, сіңлісін де тартып жүр.
– Ұжымыңыз жайлы айта отырсаңыз. Тобыңызда қанша адам жұмыс істейді?
– Менің жұмыс штатымның ауқымы өте үлкен. Әр адамның өзіне жүктелген міндетті толық атқарады. Сондай-ақ, арнайы пиар-мамандарымыз бар. Мәскеуде өкілеттілігіміз жұмыс істейді.
– Қатал басшысыз ба? Шәкірттеріңіз бар ма?
– (Күліп…) Мүмкін, сырт көзге қатал көрінетін шығармын. Менің қоластымда жұмыс істеу қиын емес, шәкіртім болу да оңай, ең бастысы адамда үйренемін деген ынта болса болды. Жұмыстағылар сыртымнан: «Егер сән қызықтырса, Құралайға барыңыз. Ол өте қатал, алайда көп нәрсені үйретеді» дейтін көрінеді. Қабылдауыма келген қанша адамнан естідім. Ондай пікірге қуанамын. Тек кәсіби тұрғыда ғана емес, бизнес саласында да «суперуниверсалды» менеджерлерді үйретіп шығардық. Біз бір топпыз, ұжымбыз, әр түрлі бағытта тапсырыстар түседі. Пекиндегі Олимпиададан бастап, Ванкувердегі ту ұстаушыға немесе ірі авиакомпаниялардың стюардессаларына киім тіктік. Басты қояр талабым – жауапкершілік пен бүкіл жан-дүниесімен беріліп жұмыс істеу. Жаңадан келген қызметкерлер мен шәкірттеріме тапсырманы өте көп беремін. Себебі, уақыттарын тиімді пайдалануды үйренеді.
– Жеке тұлғалармен жұмыс істейсіздер ғой?
– Әлбетте. Алтынай Жорабаева, Баян Есентаева, Мейрамбек Бесбаев, Қарақат, Қаракөз Тілеубекова сынды әншілер сахналық костюмдеріне тапсырыс береді. «X-Фактор» атты тележобаның киімдерін тіктік. Алайда, танымал адамдарға қатты екпін түсірмеймін.
– Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Әрбір минутыма дейін санаулы. Тіпті, кейде отбасына көңіл бөлуге уақыт жетпей жататыны да ақиқат. Егер екі сағат бос уақытым бола қалса, тиімді пайдалануға тырысамын. Таңертең жұмысқа жиналуға бір сағаттай уақытым кетсе, өзіңіз сияқты журналистермен кездесуді де түске дейін жоспарлаймын. Үнемі халықтың назарында жүретіндіктен, өзіме күтім жасаймын. Өте тез жиналудың да шебері болып алдым. Ал кешкісін жұмыстан соң ыңғайлы киімдер киіп, серуенге шығамын.
– Бәсекелестеріңіз көп болар?
– Бизнес тұрғысына келгенде, бәсекелестің болуы заңдылық. Әркім әр түрлі қабылдайтын болар, бірақ мен үшін олардың болғаны жақсы.
Әріптестерімнің барлығымен таныспын. Ең бастысы, ешқашан босаңсуға жол бермей, өз-өзіңмен жұмыс істеу керек. Бизнестегі сауаттылықта өзгелерден оқ бойы озық шығуға жол ашады.
– Ақыл-кеңес керек кезде жүгінетін жандарыңыз кім?
– Көптеген адамдармен байқап араласуға тура келгенін жасырмаймын. Өз өміріме басқа адамдарды жақындатудан қорыққандықтан, сансыз сұрақтар санамды торлағанда үнемі психологиялық, көркем әдебиеттерге жүгінетінмін. Оқығанымды тәжірибеммен ұштастыра білдім. Әкем мен анамның кеңесін тыңдап, өмірлік ұстанымы қалыптасқан адамдармен танысып, араласудың да пайдасы зорын түсіндім. Осындай бай толғаныстарға толы өмірім үшін Аллаға шүкірлік етемін.
– Қазақстандықтардың талғамына қандай баға берер едіңіз?
– Көбінесе, классикалық, еуропалық стильге сай киінетін қыз-келіншектер мен ер-азаматтарымыздың талғамын шетелге көп шығып жүргендіктен, өте жоғары деп бағалаймын.
– Өзіңіз қай брендтен киінесіз?
– «KURALAI» сән үйінен.
– «Екі жұлдыз» тележобасында бақ сынағаныңыз белгілі. Әнші әрі биші қыздың рөлінде жарқырай көрінген Құралайға көрерменді баурау оңайға түспеген болар?
– Мен адамдарды жалықтырып алмас үшін өз тұлғама қатаң талаппен қарап, әрі халықтың алдына үнемі шыға беруді құптамаймын. «Екі жұлдызға» ерекше ынтамен қатыстым. Басында бәрі жеңіл сияқты көрінгенімен, ойымдағыдай шықпай жатса, өз-өзімнен қынжылатын едім. Бастаған ісімді аяғына дейін жеткізгенше күресумен болдым. Жобаны тастап кеткім де келген, алайда алып-қашпа сөздердің жалғандығын дәлелдеу үшін соңына дейін бардым. Бірақ, алған бетімнен қайтпайтын мінезіме қарап, «ұйымдастырушылар мен қазыларды сатып алыпты» деген қауесеттер де көп өрбіді. Кейбір әншілер мен жүргізушілерге сахналық киім таңдауға көмектестім.
– Егер сәнгер болмағаныңызда, кім болатын едіңіз?
– Мектеп қабырғасында жүргенде, мультипликатор болсам деп армандайтынмын. Телевизия саласында да жүргізуші болып бағымды сынадым. Сол уақытта бәрі оңай болып көрінгенімен, дәл бүгін сән көрсетілімін ұйымдастырудан артық ештеңе жоқ.
– Соңғы уақытта кітап жазып жүрген көрінесіз…
– Иә, бизнес туралы кітап жазу үстіндемін. Өзімнің өмірлік әрі кәсіби тәжірибемді қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім. Қай уақытта жарыққа шығатынын айта алмаймын. Бірақ, кітап өте қызықты болатынына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Мақпал ЖҰМАШОВА