Ел тәуелсіздігімен қатар өркен жайып келе жатқан кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі – Қытай елінен Атамекеніне оралып, отандық кәсіпкерліктің жандануына айрықша үлес қосып жүрген Фарида Мерхамитқызы басқаратын «Ерке-Нұр» компаниясы. Аталмыш компания өнімдер тек Қазақстан көлемінде ғана емес әлем елдеріне етене таныс десек артық айтқандық болмас. Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, шетел Президенттерінің біразының иығына «Ерке-Нұрдың» шапаны жабылған.
– Еліміз егемендігімен бірге өсіп-өркендеген кәсіпкерсіз. тәуелсіздік шежіресіне қандай қолтаңба қалдырдыңыз?
– Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары Қытай елін артқа тастап, ат басын атамекенге бұрдық. Өрімдей жас кезімізде келіп едік, одан бері де, міне, 21 жылды еңсеріп, жасымыз қырықтың қырқасына шықты. Өз басым 1997 жылдан бастап шағын кәсіпкерлікпен айналысып келемін. 2000 жылы «Ерке-Нұр» кәсіпорнының шаңырағын көтердік. Сол кездің өзінде компаниямыз 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтыды. Негізгі мақсатымыз Қазақстанда ұлттық киімдер өндірісін дамыту, насихаттау арқылы ұлтымызға, мемлекетімізге қызмет ету болды. Әсіресе, сахналық киімдерді тігуге айрықша мән бердік.
Соның арқасында Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мақпал Жүнісова сынды қазақ ән өнерінің майталмандары «Ерке- Нұрдың» тұрақты тұтынушыларына айналды. Мемлекеттік оркестрлерден, филармониялар мен өнер ұжымдарынан жиі тапсырыс алатын болдық.
Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің мәртебелі қонақтарына біздің компанияның сый-сияпаттары ұсынылмағаны кемде-кем. Айталық, 2000 жылы Каспийде ТМД елдері басшыларының галстуксіз кездесулері өтті. Сонда 8 елдің президентіне «Ерке- Нұрдың» арнайы шапандары жабылды.
Ресейдің соңғы үш президентіне жабылған шапандар да біздің шеберлердің қолынан шыққан. Клинтон, Чарлиз сынды Америкадан, Еуропадан келген ел басшылары да біздің компаниядан шыққан өнімдерден сый қабылдап, елдеріне алып қайтты. Соның арқасында өнімдеріміз қазіргі кезде талай мемлекеттің президенттік мұражайларында тұр. Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына жабылған көк шапанның көркемдігі де талай баспасөздің бетінен орын алып, халыққа жеткілікті насихатталды. Жалпы, елімізге келген көптеген сыйлы қонақтар қазақ жоралғысы бойынша «Ерке-Нұрдың» өнімдерінен арнайы сый қабылдап, қазақ қолөнерінің ғажап үлгісіне таңданып қайтты.
Кейінгі кездері өнімдерімізді тек сахнаға, сый-кәделерге ғана лайықтап қоймай, өмірге бейімдеп, күнделікті киіп жүруге арналған киімдер тігуге ден қойып отырмыз. Мектеп оқушыларына арнап тіккен киімдеріміз де үлкен сұранысқа ие болды. Былтыр тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға арнап, 1000 дана оқушылар киімін әзірлеп, тегін тараттым. Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған сән көрмесінде дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі бізге бас жүлдені табыс етті. Ендігі жоспарым – осы жобаны ары қарай жалғастырып, халқымызды ұлттық үлгіде киінуге ынталандыру.
– «Ерке-Нұр» сән театыры құрылғанынан да хабарымыз бар…
– 2004 жылы «Ерке-Нұр» компаниясының сән театыры құрылды. Осы театырдың арқасында біз әлемнің біраз елін аралауға мүмкіндік алдық. Германия, Түркия, Америка, Франция, Қытай, Голландия, Бельгия мемлекеттерінде болып, ұлттық киімдерімізді барынша насихаттадық. Мұнымен ғана шектелмей, «Ерке-Нұр» сән журналын жарыққа шығардық. Театрымыз да, журналымыз да табысты жұмыс атқарып келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған іс-шаралардың бәрінде өзіміздің сән үлгілерімізді көрсетіп, халыққа ұлттық құндылықтарымыздан шашу шашып келеміз. Жақын жылдардан бергі тағы бір жетістігіміз – «Ерке-Нұр» компаниясының жанынан «Қазақ- қытай тілі академиясының колледжін» аштық. Жұмысымыз жүйелі, нәтижелі болу үшін бірден академия ашпай, колледжден бастадық.
Жолдасым Талғат Мамырұлы басқаратын колледж ашылғаннан бері өте жемісті жұмыс атқарып келеді. Оқу орнының ерекшелігі сол – әлемдік алпауытқа айналған Қытай жұртының тілін өз елімізде сапалы меңгеруге жағдай жасау. Сол арқылы қытай тілін үйренгісі келетін Қазақстан жастарына қолайлы орта туғызу. 6 мамандық бойынша білім алып жатқан біздің оқушылар Қытай елінің халықаралық стандарттарға сәйкестендірген HSK деп аталатын емтиханын осында тұрып-ақ тапсырып, университеттерге тікелей түсу мүмкіндігі бар. Былтыр колледжімізді тәмамдаған түлектермен қоса сырттай ынталылық танытқандарды қосып, 100 оқушыны Қытай еліне оқуға жібердік. Оның ішінде 20 студентті толық грантпен, 80 студентті жартылай грантпен қамтамасыз еттік. Жалпы, оқу орнымыздың жағдайы жақсы, болашағы зор.
– Дамыған елдерде мемлекеттік саясатқа көбінде кәсіпкерлер ықпал етіп жатады. Сіздің ойыңыз қалай? Мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға атсалысып тұрасыз ба?
– Өзім 2003 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесімін. Еңбегімнің бағаланғаны болар – Ассамблеяда өзіндік орыным бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздіктің 20 жылында 1 миллионға жуық қандасымыз елге оралды. Сондықтан еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – оралмандар мәселесі десек, қателеспейміз. 2011 жылы арнайы жұмыс тобын құрып, қазақ көшінің тұсауы кесілген 20 жыл ішінде қордаланған мәселелер туралы тұжырымдама әзірледім. Тұжырымдаманың мақсаты – Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан оралмандар мәселесімен айналысатын мемлекеттік комиссия құру.
Бұл ұсынысымды Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында құзырлы орындардың құлағына жеткізіп, арнайы хат жолдадым. Хат жауапсыз қалған жоқ. Президент әкімшілігі басшысының атынан Мемлекеттік комиссияның құрылатыны жайлы алғашқы хабар да жетті. Яғни сан жылдар бойы күрмеуі шешілмеген оралмандар мәселесі бойынша мемлекет жүйелі жұмыс жасайтын болды. Меніңойымша, мемлекетіміздің болашағы халқымыздың санымен тікелей байланысты. Сондықтан шетелдегі қандастарымызды елге көшіріп алу жұмысын қарқынды жүргізгеніміз абзал.
Бұдан бұрын да көші-қон тарапында көптеген ілгерілеушіліктер болды. Бірақ әлі де атқаратын шаруалар шаш-етектен. Бұл бізге осы мәселемен айналысатын арнайы агенттіктің, тіпті министрліктің қажет екенін аңғартады.
Кәсіпкерлікпен қоса осындай қоғамдық жұмыстар атқаруды да өзімнің азаматтық борышым деп білемін. Еңбегім ешқашан елеусіз қалып жатқан жоқ. Еліміздің бас тізгіншісі «НұрОтан» партиясының мүшесімін. Партия басшылығы да әрқашан қолдап, қуаттап, төрінен орын беріп келеді. Үш мәрте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталдым. 2009 жылы өткен бүкілмемлекеттік әйелдер құрылтайында Елбасымыздың алдында, халықтың алдында арнайы сөз сөйлеу құрметіне ие болдым.
Әңгімелескен Б.Қуаныш