Бала күнімізде Рамазанның мәнісін терең ұғынбағанмен, кеш болды өзіміз құралпы балалар болып ауыл-ауылды, үй-үйді аралап жарапазан айтып кәмпит-күлше, жеміс-жидек, өрік-мейіз, тиын-тебенге қарық болатынбыз. Жәй күнде қатал болып көрінетін кісілердің үйіне жарапазан айта барғанда күлімдеп қарсы алып; «Бәрекелді! Дауыстап айтыңдар» деп – қойны-қонышымызға тәтті тоқаш, тәте-түтесін толтырып жататын. Осыдан да бізге, Рамазан бейне-бір жақсылықтың жаршысы, қуаныш пен мейірім-шапағат айы болып көрінетін.
Күндіз бір-біріне қыр көрсетіп, ерегісе кететін балалар ымырт үйіріле ым-жымы жарасып, қосылып жарапазан шырқайтын. «Оразада арамдық жасауға болмайды» деп, жиналған ақшаны тең бөліске салатын. Кейде ұрсып қалған ауыл балалары қайта жарасу үшін Рамазанды ерекше ынтызарлықпен күтетін. Осыдан да бізге Рамазан татулық пен адалдықтың айы болып көрінетін.
Балалар жамырап жарапазан айтқанда ауыл іші жаңғырып кететін. Қатты дауыстап айтқанда үй иелері мәз-мейрам болушы еді. Неғұрлым көп болып жарапазан айтып дауысымыз зораяған сайын, соғұрлым табысымыз да таудай болатын. Осыған қарап біздің балғын жүрегіміз «бірліктің» қандай күш екенін сезінетін.
Жарапазан айтқанда құр айқайлай бермеуші едік. Үлкендерден естіп, жаттап алған тақпағымызды тамылжыған әдемі мақамға келтіріп, бар даусымызбен шырқайтынбыз. «Тәйт» дейтін ешкім болмағандықтан, тынысымыз еркін ашылып, жарапазанымыз жұрттың құлақ құрышын қандыратын.
Ақ тауық, қызыл тауық құрма шашар,
Осы үйде бір жеңгем бар теңге шашар,
Теңгесін шашпай төкпей қолыма бер,
Қасымда қу жігіттер ала қашар.
Анау ауылға барып едім тайлақ берді,
Тайлағын ала жіпке байлап берді,
Ойпырмай баласының пысығын-ай
Асырып алты қырдан айдап берді.
Мінгені Пайғамбардың қара қасқа,
Шабады қаһарланып қара тасқа,
Шапқанда қаһарланып қара тасқа
Қара тас бөлінеді алты басқа – деп шырқағанда, үлкендер; «Ой пәлі» десіп, уытты сөз бен әдемі мақамға мейірленіп қолындағы барын ұстатын.
Осылайша ауыл баласы поэзияның құдыретін жарапазан айту арқылы терең ұғынатын. Ауыл баласының ән айтуға деген таланты жарапазанда ашылатын. Домбыра, баян тартуды да жарапазанда үйренуші едік. Жалпы ауыл баласының өнерге деген алғашқы қадамы жарапазан айтумен жасалушы еді.
Үлкендер; «Рамазан айында кем дегенде жеті үйге жарапазан айту керек» деп үйрететін. Біздің алып-ұшқан жүйрік көңіліміз жарапазанды жеті үй емес, жетпіс үйге айтсақта көнши қоймайтын. Көрші ауылдың балалары біздің ауылға келіп жарапазан айтып жатса, біз көрші ауылға барып жарапазан шырқайтынбыз. Рамазан келді дегенше осылайша ауыл-ауылда ұлан-асыр той болып жататын.
Біз, жарапазан айтып болғанша шалдар тарабасын тәмамдап болып, аяқты созып қойып шай іше отырып шариғатпен қоса ескі діни қисса-дастандарды айтатын. Кейбір қариялар әңгіме-дүкенге балалары мен немерелерін әкеліп тыңдататын. «Кербала», «Сияре-Нәби», «Кесікбас» секілді қисса-дастандарды тыңдап ар-намысты, батырлықты, отансүйгіштікті, өзге үшін құрбан болуды, жалпы имандылықтың не екенін жүрегімізбен ұғатынбыз. Қисса-дастанда орын алатын опасыздықты, алаяқтықты, екіжүзділікті, әлімжеттілікті көріп, балаң көңіліміз жамандықтан барынша жиренетін. Осы тұрғыда біз үшін Рамазанның тәрбиелік мәні өте жоғары болатын. Жалпы, біздің балалық шағымыз үшін Рамазанның қадыр-қасиеті шексіз еді.
Түйін: Әрбір ұлттың адамзат өркениетіне қосар өз тарту-тәбәрігі бар. Қазақтың Құдайға шүкір! адамзатқа үйретер тағылымы телегей-теңіз. Әйтседе, барыңды бағалай білмесең, одан күндерінде күнінде айырылып қалуың ғажап емес. Осындай бағаланбай қолдан сусып шығып бара жатқан жақсы дәстүріміздің бірі Рамазан айында жарапазан айту дәстүрі десек қателеспейміз. Соңғы жылдары елімізде жарапазан айту дәстүрі қатты сұйылып бара жатыр. Кейбір ауылдарда болмаса, қалаларда жарапазан айту дегеніміз артта қалушылық, архаизм саналады.
Ауылдардың өзінде жарапазанның бұрынғыдай көптеген нұсқалары айтылмайды. Айналдырған бір-екі шумақты қайталай береді. Бұрын үй иесі теңгесі мен тәттісін бергенде ішіміздегі үлкендеріміз сол үйді алдын-ала зерттеп, зәру болған нәрсесіне «Құдай жеткізсін» деп бата қайыратын. Бұлай тілектес болудың психологиялық зор пайдасы бар. Ал, қәзіргі ауыл балалары баратын үйін жіті зерттемек түгілі, батаны да дұрыстап бере алмайды.
Жарапазанды тірілту үшін үлкен реформаның қажеті жоқ. Қәзір мектептердегі салт-дәстүрді жаңғырту үйірмелері осы жарапазан айту дәстүрін қолға алса, жығылып бара жатқан салтымыздың еңсесін қайта көтерген болар едік. Жарапазан айтуды сабақтан тыс оқу бағдарламасына енгізіп, сыныптастар бірігіп кезегімен бір-бірінің үйіне жарапазан айтуды әдетке айналдырса, біртіндеп жарапазанның қайта жаңғыратыны хақ. Жарапазан айтудың елімізде әртүрлі нұсқалары бар. Жарапазанның осы әртүрлі нұсқаларын жинақтап, сұрыптап, кәделісін елдің игілігіне жарату һәм келешек ұрпаққа аманаттау біздің еншіміздегі зор міндет деп ұққанымыз жөн.
Мұхан Исахан