Қай уақытта да қай ұлттың болсын көзі ашық , көкірегі ояу, ұлтжанды азаматтарын толғандырып жүрген өзекжарды мәселелердің бірі –ұлттық білім беру. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан , баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиеленуі тиіс» деп Мағжан Жұмабаев ұлт тәрбиесінің бағытын көрсетіп берген.Қай кезде де ұлт өмірін өркендетуші саналы да , салауатты , ұлтжанды рухы биік, ақыл парасаты мол , мәдени –ғылыми өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу –қоғам алдындағы басты міндет және де қоғамдық қажеттілік.
Этномәдени білім беру дегеніміз жастарға шығармашылығын дамытатаын мүмкіндіктер , ұлтымыздың бай мәдениеті, ұлттық болмыс, тарихы, тілі , ұлттық құндылықтар туралы білім беріп, жан-жақты , Отанын сүйетін , адамгершілігі мол,рухы биік, жаһандық өркениеттің халықтарына төзімді жеке тұлғаны тәрбиелеу.Этномәдениет ата-бабаларымыздың тәрбиеге байланысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірбие жиынтығы, қанша уақыт өтсе де тат баспайтын адалдығы айнадай ұлттық қазына.Халқымыз өз ұрпағын ізгілікке инабаттылыққа , адамгершілікке тәрбиелеуді басты мақсат санаған.Олай болса , бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін терең сіңіру қажет.Халық батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай «өткенін білмеген , одан тәлім-тәрбие , ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз».
Тәуелсіздік алғаннан бері қоғамымыздағы өзгерістер еліміздің әулеметтік-экономикалық жақтарын түгел қамтыды , сонымен қоса сана сезімімізге көптеген өзгеріс болуына әсер етті. Сол өзгерістерді дұрыс жолға бағыттауда білім беру саласының ықпалы зор. «Тәрбиесіз берген білім- адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр Әл Фараби ғұламамыз айтып кеткендей , қазіргі білім ұлттық бағытта болмаса , шығар нәтиже кеңес үкіметі кезіндегі жеке бастың және ұлттық қажеттілігін емес идеологияның табынушыларын жасап шығарған машинаға айналады. Сондықтан да , этно мәдени білім бере отырып, білім саласының алдында педагогиканың жақсы үлгілерін сақтай отырып, қазіргі қоғамға қажетті , ұлттық мүддені жоғары қоя алатын, барлық құндылықтарды сақтай отырып , жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға ұмтылатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. «Бұлай тәрбиеленген жас қай жұрттың арасында жүрсе де , сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды , қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады» деген Міржақып Дулатов.
Тәуелсіздік алғаннан бері бұл мәселе біздің еліміздің үнемі назарында болып келеді: 1994 жылы Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру концепциясы, 1995 жылы Қазақстан Республикасының білім саласындағы мемлекеттік концепциясы, 1996 жылы Қазақстан Республикасында зтномәдени білім беру концепциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы » заңы , 2002 жылы Йоханнесбургте өткен тұрақты дамудың Дүниежүзілік Саммитті декларациясын жүзеге асыруды міндетке ала отырып, Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының үш бағыттан тұратын , яғни экономикалық , экологиялық , этномәдени білім берудің 2007-2024жылдарға арналған Концепциясын қабылдады, «Қ.Р.2011-2020 жылдарға арналған білім бағдарламасы» негіздерінде білім саласының бұрынғы жүйесін қайта қарап, ұлттық мәдениетке негізделген білім жүйесін дамытуды көздеп отыр. Бұл құжаттарда ұлттық сұранысқа негізделген , мәдени ,тарихи , ұлттық дәстурлерін есепке ала отырып білім жүйесін реформалау қажеттігі атап көрсетілген. Көп ұлт мекендеген Тәуелсіз Қазақстанның ерекшелігі де этникалық білім берудің қажеттігін туындатады. Кез-келген халық ғасырлар бойы жинаған қоғамдық және әлеуметтік тәжірбиесін, ата-бабалардан алмасқан тәжірбиеге өз үлестерін қосып келесі ұрпаққа мәдениетін , тарихын аманат етіп отырған. Ежелден келе жатқан тарих толқынында халық- үлкен күш, ол мәдениетті, тарихты жасаушы жалғыз таусылмас қазына , құндылықтардың қайнар бұлағы. Сол таусылмас қазына мен қайнар бұлақтан өркен алатын жас ұрпақты халық дәстүрінде білім беріп ,тәрбиелеу қазіргі білім саласының басты міндеті. Қырғыз халқының дана ұлы Шыңғыс Айтматов «…..өз халқының және басқа халықтардың тарихы, мәдениетінен, тәжірибиесінен бейхабар адамның болашағы жоқ, бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді»-дейді.Өйткені тек білімді адам ғана басқаның мәдениетін, өз төл тарихы мен мәдениетін бағалай алады, өз халқының ажырымас бөлігі екенін сезініп, сол халық мәдениетінің қажеттілігін өтей алады. Ал этномәдени білім жеке тұлғаның этномәдени ерекшеліктерінің қалыптасуына және оқу мен тәрбиенің ұлттық жүйесін дамытуға негіз болады . Этномәдени білімді жолға қоюдың жолы оқу процесіне жаңа педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, авторлық бағдарламалар жасап , арнайы пән ретінде енгізу деп есептеймін . Көптеген оқу орнында этномәдени білім беру тек тәрбие жұмысының бағытында іске асырылып , кей пәндерде үстірт оқытылып , тақырыптарда элементтерін қолданып отырады. Ал біз кезінде кеңестік үкіметтің саясатының салдарынан ұлттық тамырымыздан алшақтап кеткендіктен , жоғалта жаздаған Мұхтар ағамыз айтқан «Төрт анамызды» толығымен сезіну үшін , ұрпақ тәрбиесін шынымен жан ашырлықпен қолға алу үшін этномәдени білім беруді оқу орындарында үстірт емес жауапкершілікпен қолға алуымыз керек. Арнайы пән ретінде енгізуді қолға алсақ біз ұлттық құндылықтарды бағалай алатын, құзіреттілік деңгейі жоғары , ұлттық мәдениет арқылы жаһандық мәдениеттің мәнін түсіне алатын жеке тұлғаны дайындай аламыз. Этномәдени білім беруде көп нәрсе біліктілік , ұғымдылық , танымдылық тұрғысынан берілу керек. Біз әлемдік деңгейдегі білім берудің озық үлгілерін жоққа шығармаймыз, оны зерделеу , білу қажет. Бірақ дүние жүзінің ұлттары мен ұлыстарының мәдениеттері , салт-дәстүрлері , тілдері сан түрлі болғандықтан , сусындайтын этномәдени білім мен тәрбие көздері де сан түрлі. Осы рухани көзді елемеу ұлтсыздандыруға апаратын жол.Сондықтан, әлемдік деңгейдегі білімді қажетінше пайдаланып өз этномәдени білім мен тәрбиеге негізделген ұлттық білім жүйесін дамыту қажет . Этномәдени білім беру жүйесіне көшу бір күндік нәрсе емес, әулеметтік-экономикалық және демографиялық негіздерді ескере отырып ұзақ перспективаны қамтитын ұзақ процесс .Бүгінгі жастарымызды бізден әлдеқайда сауатты болуға бағыттауымыз , бағыт-бағдар беруіміз керек.Абай атамыз айтқандай «Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар , мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі ақымақтық», сондықтан да жастарымыз озық болсын десек этномәдени білім мен тәрбиені оқу орындарында басты назарда ұстау керек.Біз халықтық тәлімнің ақ уыз шырынан нәр беретін текті тәрбиеге қол жеткізетін ұлттық қазына , рухани байлық атты қасиеттерімізді үнемі назарда ұстауымыз керек.Бұлардың бәрі жас ұрпаққа үйренумен , таныммен , тағлыммен келеді.Сондықтан да, қазіргі оқуымыз да , тәрбиеміз де этномәдени тұрғыда болуы керек деп есептеймін.
Мемлекеттің қалыптасып кетуі жоғарыда айтылған құндылықтарсыз мүмкін емес. Қазіргі басты құндылығымыз –Тәуелсіз Қазақстан . Қазақстан сияқты Тәуелсіздіктің жолымен енді дамып келе жатқан мемлекетке тұрақтылықпен даму үшін жастарды этникалық білім мен тәрбие тұрғысынан өмірге даярласақ , олардың ұллтық рухы биік болады. Ал рухы күшті елдің қашанда бағы таймайды. Өршіл намысты, биік рухты ұрпағы бар елдің еңсесі биік. Ұлттық рух бар жерде ғана отаншылдық сезімі қанат жаяды. Ал, этномәдени білім мен тәрбие отансүйгіштікті қалыптастыру үшін аса қажет. Кешегі күнсіз келешек жоқ. Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата – бабаларымыздың мол мұрасы мен сусындату біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы, бабалар мұрасына байланысты. Демек, бабаларымыздың өнеге өсиетін пайдалана отырып тәрбиелеу ұлттық тұлғаны қалыптастырады. Этномәдени білім мен тәрбие тектіні , дарынды , дананы , талантты құрметтеуге үйретеді. Ал, осыны үйренген жас ұрпақ ертең елді алға жетелейді.
Осы айтылған мәселе бойынша Жезқазған политехникалық колледжінде жүргізіліп жатқан іс-шаралармен таныстыра кетейін. Ұжым басшылары осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуына ат салысып , «Этномәдениет» пәнін енгізу ұсынысына қолдау көрсетіп , пән ретінде сағаттар бөліп берді. Шүкіршілік , өз халқымыздың тарихына үңіліп, жоғымызды жоқтап, барымызды қадірлеуге , бабалар рухына тәу етуге дағдылана бастадық. Сондықтан да, арнайы «Этномәдениет» пәніне бағдарлама жасалып , оқу-әдістемелік кешені жинақталды. Тәжірбие ретінде , 1-ші курс студенттері «Этномәдениет» пәнінен дәріс алады. Пән болып аталғанмен негізгі мақсат халықтық дәстүрде тәрбиелеу болып табылады.Бағдарламада ұлттық тағлым , салт-дәстур, шешендік өнер, болашақта қажет отбасы әдебі , ұлттық ұғымдар , тиымдар , ырымдар т.с.с тақырыптар қамтылды.Бағдарлама алдымен жастардың сұранысына қарай , яғни нені көптеп білгісі келетінін сауалнама арқылы анықтап жасалынды. Көпшілігі қала балалары болғандықтан және де ата-аналарының үнемі жұмыста болуына байланысты ұлт тәрбиесінің үстірт екенін баса көрсетті және де «Этномәдениет» пәнінің қажеттіліктерін түсіне білді. Қазақ елі –бұл күні ғаламдасу иіріміне түсіп келеді. Ғаламдасу-есік-терезесі жоқ ұлы дала тұрғындары санасына салмағын салуда. Осыған қарсы қоятын күшіміз даналардан жеткен сүрлеу-сөз өнері, әдет –ғұрып, салт-дәстүр , таным , тыйым, ырымдарымыз. Осыны басшылыққа ала отырып жасалған бағдарлама жастардың ұлттық негізде білім мен тәрбие алуына негіз болды.
21-ғасыр кәсіптік білім және кәсіби оқыту заманы. Болашақ кәсіби мамандар бойына ұлттық үлгіде тәлім беру қоғамымыздың қажеттілігі, ұлттық сұраныс.Тәуелсіздігіміздің мүмкіндігін пайдаланып , жастарымызды нағыз саналы , өз елі алдында жауапкершілігі жоғары кәсіби маман етіп даярлау біздің –міндетіміз. Өйіткені , қазіргі кәсіби мамандар тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қоса заманына бейімді, білімді, мәдениетті, өз халқының мәдени мұрасын терең түсінетін саналы, жан-жақты дайындалған, ұлжанды , отанын қадірлейтін , адами құндылықтар дарыған маман болу керек. Ұлы француз жазушысы В.Гюго былай деген: «Халықтың ұлылығы санымен өлшенбейді, адамның ұлылығы бойымен өлшенбейді, жалғыз ғана өлшем оның ақыл –ойының және өнеге деңгейінің дамуы».
Елбасының тікелей тапсырмасымен білім беруді жан-жақты дамытуға байланысты жасалып отырған сара саясатының арқасында ,заманға сай жастардың жан-жақты өсіп , дамып жетілуіне , лайықты білім мен тәрбие алуларына толықтай жағдай жасалуда. Ұлы мақсат қойған ұлы жетістікке жетеді демекші , келешекте,мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын , өйіткені ұлт болашағы – ұрпағында болса , ұрпақ тәрбиесі-ұстаз қолында. Өз баяндамамды Бауыржан Момышұлының сөзімен аяқтағым келеді:«Тәрбиелі- тәртіптің құлы, тәртіпті –елдің ұлы»
Колледждің этномәдени білім беру мен тәрбиенің жұмыс тәжірибиесін саралай отырып , мынандай қорытынды жасадым:
Проблемалар:
Әлсіз жақтары:
-материалдық- техникалық қамтамасыздандыру төмен;
– әдістемелік және оқу құралдардың жоқтығы;
-этномәдени білімнің қажеттілігін түсінуі төмен;
– арнайы мамандардың жоқтығы;
Күшті жақтары:
-тұрақты дамудың әлеуметтік бағыты бар;
-жастардың танымдық белсенділігі артуы;
-этномәдени білім мен тәрбиенің актуальдылығы;
Мүмкіндіктері:
-рухы биік , отаншыл , жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ тәрбиеленеді;
-жастардың өзін-өзі дамытуы;
-жастардың қоғамдық белсенділігнің артуы;
Күтілетін нәтиже:
– Терең теориялық білімді , білікті , ұлттық игіліктерді , адамзаттық құндылықтар мен рухани мәдени сабақтастығын сақтай отырып ,ой -өрісін , дүниетанымын кеңейте білетін , тәрбиелі, жауапкершілігі жоғары ұлт азаматы.
Проблемаларды шешу жолдары:
-білім басқармасының қызығушылықтарының арттыру;
-оқу-материалдық база жасау;
-әдістемелік құралдар шығару;
-этномәдени білім беру мен тәрбиенің ұлттық жүйесін жасап , насихаттау,
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасында зтномәдени білім беру концепциясы, 1996ж.
2.Қазақстан Республикасының «Білім туралы » заңы .
3. Қазақстан Республикасының тұрақты білім берудің 2007-2024жылдарға арналған Концепциясы.
4. «Қ.Р.2011-2020 жылдарға арналған білім бағдарламасы»
5.Ж.Артыкбаев. «Этнология және этнография». Астана,2001ж.
6.Проблемы этногенеза и этнической истории народов Казахстана.,1990
7. Наурызбаев «Этномәдени білім» Алматы, 1999ж
Бухарбаева А. Б., Жезқазған политехникалық колледжінің оқытушысы