ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар» деп, айтқан болатын. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз дәстүрлі исламмен әдет-ғұрыптарымызды осы күнге дейін сабақтастырып, мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді.
Дәстүр (латынша, trаdіtiо-жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер және т.б.
Экстремизм мен терроризм түрлерінің соңғы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде оларға қарсы тұрудың тиімді әдістерінің бірі – қазақтардың салт-дәстүрін жандандырып, дәстүрлі исламды дәріптеу болып табылады. Олай болса, теріс идеялардың таралмау жолдарының бір әдісі ол – сан ғысырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі исламның деңгейін көтеру болып саналады.
Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар – дәстүрді құрайды. “Салт-дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы” деген. XVIII ғасырдағы неміс ағартушысы И.Г. Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейінгі уақыттағы мәдениетті тасымалдаушы маңызын бағалап отыр. Сол сияқты, «халықтық наным-сенімдер халықтың шынайы діни өмірінің көрінісі болып табылады. Егер ұлттардың тарихы мәдениет қатпарларынан тұратын болса, дін қашан да сол мәдениеттің негізгі элементі болған» делінген.
Қазақтың ұлттық: имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Кісі күту дәстүрі бойынша қонақ қабылдау, қонақасын беру, қонақ кәде жасау ұлттық мәдени рәсімдер арқылы орындалады. Үлкен Кеңестік энциклопедияда: «Әдет-ғұрып – ислам діні тараған елдер арасындағы халықтық дәстүрлі құқығы»,- делінген.
Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды. Десек те, байырғыдан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бәрі бірдей ислам шариғатымен ұштасты деуге артық айтқандық болар. Олардың ішінде тәңірлік сенім-нанымнан жетіп осы уақытқа дейін өз қасиетін жоғалтпағандары да баршылық. Оларды исламмен үндестіру әлі күнге қиын мәселенің бірі болып келеді. Неге десеңіз, бұлар байырғы діни көзқарастардан туындаған әдет-ғұрыптар, ислам шеңберіне сыймайтыны тағы бар. Бірақ бұл шағын мақалада ислам шариғаты мен қазақ салт-дәстүрлерінің қарама-қайшылықтарын емес, олардағы үндестікті сабақтастыруға әбден болады. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен бұл дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі ислами қайнардан алынғанын айтып кету де артық болмас.
Сондай-ақ, тәңірлік ғұрыптардың кейбірі ислам құндылықтарымен ұштасатынын, Құран аяттарымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерімен үндесе алатынын дәлелдеуге болады.
Исламға дейінгі уақыттағы араб бәдәуилері салт-дәстүрі мен көшпелі қазақ елінің салт-дәстүрлері арасында ұқсастық бары анық. Олай болатыны, қазақтар секілді ата жолын, ата салтын қуу, рушылдық, ырымшылдық т.б. салттары арабтарда да өте күшті еді. Оларда да қазақтар секілді өз ата-бабаларын мақтап, дәріптеп оларға өлеңдер шығарып, оның аяғы тартыс, жанжалға айналып, қырқысып жататын-ды.
Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Десек те, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың салт дәстүрлерінің кейбіреулері әлі күнге дейін сақталаған. Мысалы: қазақ қоғамының тұрмыс – тіршілігінде құдалықтың ежелгі дәстүрлері «бесік құда», «қалың төлеу», «әмеңгерлік» сияқты әдет ғұрыптар сақталып келді. Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді. Әр жерде жерлеу, еске алу және үйлену, сүндетке отырғызу дәстүрлері өткізіліп жатты; қазақ жерінде оның ішінде оңтүстік аймақта ислам діні кеңінен етек жайғандықтан, осы аймақтарда Құрбан айт пен Ораза айт айрықша атап өтілді. Мұсылмандыққа дейінгі көптеген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар: «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалыңдықты алып қашу», «қалың төлеу» сияқты әдет-ғұрыптар кең тарап, бұларды кейбір қазақтар мұсылмандық дәстүрлер деп ұқты. Бұл салт-дәстүрлердің ислам шариғатымен жанасатын қырларын мынадай бір мысалмен тілге тиек етсек. Мысалы: тасаттық – бұл қазақтарда құрғақшылыққа байланысты құрбан шалынатын «тасаттық» деп аталатын дәстүр ата-бабамыздың тұрмыс тіршілігінде маңызды орын алды. Ал, жаңбыр шақыру ырым дәстүрі түрік халықтарының «жаңбырлы тас» туралы ерте дәуірдегі «джеде, таш, яда, еде, суу таш, жай тас» аталып, орта ғасырдың басынан ХIХ ғасырдың аяғына дейін кеңінен тараған ұғымдардан бастау алады. Қазіргі уақытта бұл дәстүрді ауыл-аймақтарда кеңінен қолдануда. Егіні шықпай, құрғақшылық басқан жерлерін шаруалар жергілікті имам, молдаларды алдырып тасаттық жасатып жатады. Исламдағы ұлы имамдардың ұстазы болған Әбу Ханифа жол салған суниттік мазхаб басқаларына қарағанда бейімделгіш, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да өте тиімді болды. Тіпті ислам ілімдерінен сусындаған Абай атамыз да өз Қара сөздеріне хадистер мен аяттарды молынан қолданып, халқымызды бұл қайнар көзден сусындатқан.
Салт дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны да белгілі. Ал оның шығу тарихын зерттегенімізде Мұхаммед Пайғамбардың ақыл кеңестерінен бастау алғандығын көреміз. Халық арасында көп тараған хадистердің бірінде: «Көршісі аш өзі тоқ жатқан нағыз мұсылман емес» (Бухари) делінгені мәлім.
Егер қазақтарда біреу қайтыс болса, оған адамдар «иманы саламат болсын», «арты қайырлы болсын» деп көңіл айтып жатады. Бұл сөздің астары «жаны жаннатта болып, артынан қалған ұрпағына Алланың берекесі болу» деген мағынада.
Сонымен қатар, қазақтардың кейбір ғұрыптары мен Пайғамбар сахабаларының істеген амалдары арасында ұштастықтар көп. Мысалы, Халиф Усман ибн Аффан бір кішкентай сүйкімді баланы көріп қалып «Мына балаға көз тимес үшін иегінің астына қара күйе жағып қойыңдар» деген. Ал, қазақтардың сәбиге қара күйені тектен текке жақпайтынын осы оқиғадан байқауға болады.
Сондай-ақ, қазақтардың мынадай «Таспен атқанды аспен ат», «Алланың көзі түзу болсын», «Періштенің құлағына шалынсын» сияқты пікірлері қазақ мұсылмандығының дәлелі екенін көрсетеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, баяғы қазақ хандығының құрамына тек мұсылман рулары қана кіретін болған. Ал, исламды қабылдамай, өз сенімдерінде қалған рулар қазақ хандығына кірмеген.
Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қоймай, өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) отбасына және сахабаларына деген сүйіспеншілігімізге қарай олардың есмідерін ұрпағымызға береміз. Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы: исламда «силаий рахим» яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен. Пайғамбардың бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады» деген.
Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде де Алланың атын атап, көптеген қанатты сөздер қолданамыз. Мысалы: «Алла сақтасын», «Алла жолыңды берсін», «Алла алдынан жарылқасын», «Аллаға аманат бол», «Алла ақыл берсін» деген сияқты бата-дұға сөйлемдерін көп естиміз. Сонымен қатар, «Алланың бергені», «Алланың әмірі», «Алла берген дарын» деген сөздерді де көп қолданамыз. Оған қоса, «Шайтан түртті», «сайтан сияқты», «шайтанның айтқанына еру» сынды діни мағыналы сөздер күнделікті тіршілігімізге әсерін тигізіп, тәлім-тәрбиеге жол сілтегенін аңғарамыз.
Қазақтар санғасырлар бойы адами құндылықтарды қорғап, сақтап келген. Сондықтан, қазақтардың осындай рухани жоғары дәрежеде исламды насихаттауы таңқаларлық жағдай емес. Ал, осындай насихаттарды халқымыз өздерінің жырларымен, әңгімелерімен, мәтелдерімен, сондай-ақ, салт-дәстүрімен жеткізе білген.
Ел болу дегеніміз тек мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық гүлденуі ғана емес, елдік сананы қалыптастыру, ұлттық қауыпсіздікті нығайту және рухани тазалыққа мән беру керек екені ақиқат.
ҚР Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында айтып өткеніндей: «Біз, мұсылманбыз, оның ішінде Ханафи мазхабының суниттеріміз. Бұл жол біздің ата-бабаларымыздың ұлттық дәстүрге деген құрметімен негізделген…».
Бұдан бөлек, Елбасы «Біз мұсылман үмметінің бір бөлігі екендігімізге мақтан тұтамыз» деп, айрықша, басып айтқан болатын.
Олай болса, Алла Елшісінің (с.ғ.с) жолын ұстанып, ислам ілімдерімен сусындап, өз салт-дәстүрлерін ислам шариғатымен сабақтастыра өмір сүрген қазақ халқымыздың осындай қасиетті әдет-ғұрыптарымен салт-дәстүрлерін ары қарай жалғастырып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде қалдырсақ, төлтума құндылықтарымызды жоғалтпас едік, ағайын!
А.С.Жекебатыров,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығы»
исламды зерттеу бөлімінің
аға ғылыми қызметкері