Дәстүрлі дініміз – Ислам төңірегінде әртүрлі алыпқашпа сөздер белең алып отырғаны жасырын емес. Дініміз қайсы, дәстүріміз қайсы екенін кейде білмей де қалатынымыз бар. Қазіргі жастар мешітке көп баратын болды. Бұл қуанышты жағдай, әрине. Дегенмен, сол жастардың бәрінің бірдей дінімізге деген көзқарасы дұрыс па әлде жаңсақ басып жүргендері де бар ма? Міне, гәп осында.
Дін мен дәстүр. Мұны біз, әсіресе, болашақ иесі жастар, қалай түсініп жүрміз? Бұл екеуі ажырамас, бірі мен бірі біте қайнасқан ұлағатты ұғым. Оның аражігін ажырату үшін үлкен діни білім, ұлттық дәстүрді жете меңгерген қабілет керек. Ең бастысы, дініміз бен дәстүрімізді ұғындыратын, соған жетелейтін насихат құралы қажет. Міне, осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітап қазіргі қазақ қауымы алдындағы өткір де өзекті мәселе болып отырған дін мен дәстүр туралы жан-жақты сөз етеді. Сөз етіп қана қоймайды, осы егіз ұғымның қалыптасуы, тарихы, мән-мазмұны және мақсаты төңірегінде егжей-тегжейлі әңгімелейді.
Дәстүр сөзінің этимологиясы таратып, ұғыныңқы етіп, біздің заманымызға жақындатып, бейімдеп айтқанда Конституция деген мағынаны білдірсе керек. Қазақ халқы дала заңымен: дәстүр-салтымен, әдет-ғұрпымен өмір сүрген халық. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деп бабаларымыз неге айтқан дейсіз.
Ислам қазақ даласына сегізінші ғасырдың аяғына таман келді. Сол уақыттан бері біздің рухани тірегімізге айналып келеді. Осы 13 ғасыр ішінде біздің ұлан байтақ даламызға кімдер көзін тікпеді? Кімдер атбасын тіремеді? Солардың бәрінің ойы қазақты қарқ қылу емес, ғаріп қылу еді. Өздеріне тәуелді ету болатын. Бұл мақсаттарына жеткендері де болды, әрине. Айтайын дегенім, бодан болсақ та, дәстүріміз бен дінімізді жоғалтпадық. Жасыратыны жоқ, кешегі қызыл империяның кезінде дінімізді әлсіретіп алғанымыз рас. Бірақ, дәстүрімізді сақтап қалдық. Сол дәстүріміз дінімізге де тірек болды. Себебі көптеген хадистер біздің мақал-мәтелімізге айналып, дәстүрімізге еніп кеткен болатын.
Кітаптың «Дін мен дәстүр» деп аталуы да осы құндылықтарымыздың өміршеңдігін бағалаудан туындаған шынайы шындық. Кітапта бұлар туралы да нақты мысалдармен дәйектелген.
Айталық, халқымызда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген тамаша мақал бар. Басшы болсаң да халықтан бөлектенбеуге, бірге болуға шақыратын тәмсіл. Нағыз ынтымаққа, бірлікке үндейтін сөз. Ел басқарған азаматтарды парасаттылыққа, кішіпейілділікке үндейді. Бабаларымыз осы мақалды ұстанған. Абылай ханның Бұхар жырауды тыңдауы, абыз ақынның айтқан сөзінен шықпайтындығы осыған дәлел.
Діннен хабары бар мұсылман осы сөздің түп-төркіні ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде жатқандығын оңай аңғарады. Сол сияқты қазақта «Жігіттіктің белгісі – түзде мырза, үйде құл» деген сөз бар. Оның мағынасы ер адам түзде мырза, сырбаз болып көрінгенмен, үйінде шаруамен айналысып, қолынан келген жәрдемін отбасынан аямайды. Бұл да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде айтылған салихалы сөз. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Қауымының мырзасы – қызметшісі» деген.
«Әл-Асуад деген кісі Айша анамыздан (р.а.): «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үйінде не істеуші еді?» – деп сұрағанда, ол: «Үйінің қызметінде болатын, намаз уақыты келгенде дәрет алып, намазға шығатын», – деп жауап берген…» деп келтіреді жаңа кітапта.
Тағы бір нақты мысал, хадисте: «Өздеріңнен төменге қараңдар, жоғарыларға қарамаңдар. Солай еткендерің өздеріңдегі Алланың нығметін кемсінуден сақтайды», – делінген. Бұл да қазақтың мақалына айналып, мәйекті сөздерінің қатарынан орын алған. Қазақ мақал-мәтелі: «Алғыға қарап пікір ет, артқыға қарап шүкір ет» деп келеді.
Тере берсек ұлттық маржан сөздерімізге арналған мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Кітапта солардың бәрі жүйеленіп, айтар ой тұжырымдалып, мысалдар нақтыланып берілген.
Кітап «Дәстүр туралы түсінік», «Дәстүрдің діндегі орны», «Қазақ халқының имани дәстүрлері», «Имани қарым-қатынас», «Тілдегі айғақтар» деген бес бөлімнен тұрады. Әр бөлімде ұлттық санаға, әдет-ғұрыпқа, діни рәсімдерге, Отанды сүюге, еңбекке, туыстық қатынасқа, көршілік татулыққа, үлкенді сыйлауға, тағы да басқа толып жатқан қазақы дәстүр-салтымызға қатысты түсіндірме мақалалар бар.
Кітапта қазақ ақын-жырауларының толғау-термелерінен үзінділер де берілген.
«Үлкендер, саған айтайын,
Мал басына бармаңдар,
Ақырет қамын қамдаңдар!
Дүниенің боғы үшін
Сірә, тіпті, азбаңдар!
…Қарай алмай жүрерсің,
Таңда махшар күнінде,
Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас,
Ананың тілін қыз алмас,
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас!..»
1808-1881 жылдары өмір сүрген Шортанбай Қанайұлы халықты ақыретке амал етуге шақырып, осылай деп насихат айтыпты.
«…Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу» деп жазыпты кітаптың алғы сөзінде. Десе дегендей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты бұл кітапты қазақ сахарасында 1200 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Ислам дінін танып-білудің әліппесі деуге әбден болады.
Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президент сыйлығының лауреаты
«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы