Кісілік. Бұл ұғым тұлғамен өлшенеді. Байтақ тарихымызды тұлғалар тарихы құрайды. Қазақта әрқайсысы әр елге патша болғандай елтұтқалар, тұлғалар, даналар, тектілер, кемеңгерлер, көсемдер көп болған. Сөздің қадірі қашқан бүгінгі заманда тұлға, ұлы деген ұғымдарды да әбден жербауырлатып алдық. Бұрындары ұлы деп жаратушыны – тәңірді – Алланы ғана атаған. Осы бір биік ұғымды байыбына жетпей, оңды-солды пайдалануды әдетке айналдырып алдық.
Мектеп, университет көрмеген бұрынғы бабаларымыз осы күнгінің академиктерінен анағұрлым биік тұлға болатын. Олардың тұла бойлары тұнған кісілік, даналық еді. Халқымыздың көрегендігі де, көсемдігі де, шешендігі де, кемеңгерлігі де сол асылдарымыздың бойында еді. Не мектеп есігін, не кітап бетін ашпаған бабаларымыздың соншама даналығына қайран қаласың.
Кісіліктің кіші ордасы – отбасы, дастарқан, үлкен ордасы – алқалы жиын. Кісілігі келіскен, жаратылысына ақылы жарасқан сондай кәрі құлақ, көне көздердің шет жағын біздер көрдік. Қолдарына су құйып, батасын алдық, ғажайып әңгімелерін тыңдадық. Көшелі қариялар көкірек көзімен қиядағыны шолып, төңірегіндегі елді түгендеп отырушы еді.
Байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің арғы-бергі тарихын, тағдырын қозғайтын, шариғат айтатын, Бүгінде тарихты тұтас білетін, Адам Атадан бермен қарай жүйелі шежіре тарқатып, шариғат айтатын, аузы дуалы, сөзі пәтуалы, қазыналы қарттардың азайып бара жатқаны жанға батады. Қай үйге барсаң да, кәрі демей, жас демей, «темір жәшікке» телміріп отырғандарды көресің. Дастарқан басында жиналып, ағынан жарылып әңгімелесуден, өсиет, өнегелі сөз айтудан қалып барамыз. Сөйтіп, қасиетті, қазыналы, киелі қазақ дастарқанының қадірін кетіре бастадық. Осыдан кейін ұлтымыздың келешегі дейтін ұл-қыздардың бойына кісілік қайтіп қалыптасады?
Кісіліктің түп негізі тектілікте де жатыр ма деп ойлаймын. Тектілік ұрпақтың бойында атаның қанымен, ананың сүтімен дарып, сүйекпен келетін қасиет.
Қанша малды болса да,
Бай қуанар егізге.
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге, – дегенді қазақ тегіннен айтпаған.
Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,
Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған,
Қарғадан қарға туар қарқылдаған,
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Пайдасы өз басынан артылмаған, – деп Сүйінбай атамыз да дәл айтқан.
Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Халқымыздың жеті атаға дейін қыз алыспайтыны да, текті жерден қыз алуы да бекер емес. Қаны таза халықтың жаны таза болатынын жақсы білген.
Мәңгілік ел орнатамыз деп өмір кешкен, сол үшін заманының ұлы империясы – Түрк қағанатын құрып, дүниенің төрт бұрышына иелік еткен, келешекке осыншама байтақ жерді, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қалдырып кеткен Бұмын, Істемі, Елтеріс (Құтлығ) қағандар да, дана Тоныкөк те, айбынды Күлтегін де – бәрі де біздің кісілікті бабаларымыз болатын. Байырғы түрік даналары иелік еткен жер де, байлық та, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да, ең алдымен қазаққа мирас болған. Түрк қағанатының қара шаңырағы да қазақта қалған. Біз әлі осының да қадірін біле алмай келе жатқан секілдіміз.
Сол бабалардан жеткен көп қасиеттен, салт-дәстүрден, қазақы даналық, шешендік, ойшылдық болмысымыздан да, табиғи тұрпатымыздан да, ата-тарихымыздан да, ұлт рухы – тілімізден де көз жазып қала жаздадық. Соңғы үш ғасырда тарихымыз тәлкекке ұшырады. Саясатқа, келекеге айналды, табанға тапталды. Ата салты, әдет-ғұрып, руханият күйреді. Халқымыз тілі жоқ мылқауға, ақылы жоқ мақұлыққа, бей-берекесіз тобырға айналды. Алауыздық, сенімсіздік орнықты. Көлденең көк атты билеп, ел іші бүлінді. Сөйтіп, Бұқар жыраудың:
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жемірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Есепке салар барыңды – деп Абылайға айтқан сөзі мен Мұрат ақынның:
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін,
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін, – дейтін қаупі дәл келді.
Қолдан билік кетіп, ел іші жік-жік болды. Міне, біз осындай сұрқия дәуірді басымыздан кештік. Ұзына бойғы тарихындағы тағдырдың сүйектен өткен мұндай азапты жолын қазаққа ұмытуға болмайды.
Ғасыр ауысты, мыңжылдық алмасты. Заман өзгеруде, қоғам өзгеруде, адам өзгеруде. Құндылықтар ауысуда. Осындай сан алуан өркениеттер мен мәдениеттер сапырылысып, бәсекеге түсіп жатқан үшінші мыңжылдықта қазақ өз ұлтын, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қала ала ма, өркениеттен өз орнын таба ала ма дейтін ой мазалай береді. Мұны ойламайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Қалай ойланбайсың.
Қалай қабырғаң қайыспайды. Көрмейтін соқыр, сезбейтін мылқау емеспіз. Кісіліктің азайып, кісәпірліктің көбейіп бара жатқанын көзіңмен көріп, көкірегіңмен сезіп отырған соң толғанасың, уайым-қайғы жейсің. Ұлттығымызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу, әулетті бағамдау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – қазақ арасында қайта қалыптасып, бұлжымас заңға айналса екен деп армандайсың.
Қазақ кезінде ата тарихын жырдай қылып айтатын, онысын ұрпағының санасына сіңіруді борышы санайтын ел еді. Мұнысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасушы еді. Өкініші, ұлы далада байырғы заманнан бері күні бүгінге дейін жалғасқан осы бір ұрпақтар сабақтастығы да үзіле бастады. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін өз тарихымызды, бабалар жасап кеткен байтақ тарихымызды бір ізге түсіріп жаза алмай, өзгелердің жазып кеткен жылнамаларына жүгінумен, өзгенің айтқанын қайталаумен келеміз.
Олардың біздің тарихымызды өз мемлекетінің мүддесі, өз таным-түсінігі тұрғысынан жазғанын ескермей келеміз. Оның үстіне өзге елдің жылнамашылары жердің де, елдің де, тарихи тұлғаларымыздың да аттарын әбден шатастырып жіберді. Әйтпесе, атаулары әр кезеңде әрқилы айтылғаны болмаса, Ұлы далада өсіп-өніп келе жатқан халықтың тегінің бір екені Тәңірге де, бәрімізге де аян. Бүгінгі қазақ халқын құраған, бір кездері әр түрлі мемлекет аталған ру-тайпалардың құт мекені, ата қонысы осы байтақ Қазақстан жері болатын.
Біз расы әбден қағажу көріп, әртүрлі себептермен тарихымыздан адасып қала жаздаған елміз ғой. Байтақ даланы мекендеген, иемденген елдің ұлылығы, ерлігі жайында аз жазылған жоқ, бірақ соның бәрі бүгінгі қазақ халқының байырғы салты, тіршілігі деп танылмады. Қайта сол «жазғыштар» өз мәдениетімізге, өз тарихымызға жуытқысы келмей, бізді ылғи кемітумен, кемсітумен болды. Елді ояту үшін тарихты ояту керек болатыны, салтты жастардың санасына, қанына сіңіру керек болатыны сондықтан. Сол себептен де жалпыға ұғынықты тұтас тарихты жасап беру – кезек күттірмейтін міндет деп ойлаймын.
Қазақтың болашағы қазаққа ғана керек. Сондықтан да ұлттың келешегі үшін бел буып, білек сыбанып, кәрісі бар, жасы бар, тізе қосып қызмет ету баршамыздың кезек күттірмес міндетіміз деп ойлаймын. Қазақ біткеннің бәрі алдымен өз ана тілінде сөйлеуі, ұлтын жанындай сүюі керек. Қазаққа тән қасиеттерді, дәстүрдің озығын қызғыштай қоруы керек. Өз тарихыңнан, өз тіліңнен, өз салт-дәстүріңнен, өз мәдениетіңнен асыл, қымбат ештеңе жоқ, алдымен осыларды ардақта деп үйретуіміз керек жастарға.
Мемлекеттік тілді әрі итеріп, бері итеріп жүргенде басқа ұлт өкілдері де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастады. Келешекте мемлекеттік жауапты орындарға солар жайғасып, аңқау қазақ далада қалып жүре ме деп қорқамын.
Қазақты қазақтан басқа ешкім де жарылқамайды, қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны да ашымайды. Ошақтың бұты үшеу болғанымен, ұлт біреу – ұлттың тағдырын, келешегін алдымен қазақ баласы ойлауы керек.
Қазақстанның тарихи иесі – қазақтар. Бұған ешкім бүгінде қарсы дау айта алмайды. Десе де, қазақ халқының мүддесі әлі де көңілдегідей қорғалмай келеді. Көп ұлтты елміз, Қазақстанды мекендеп отырған өзге ұлттарға қамқорлық жасау керек деумен келеміз. Сонда қазаққа қамқорлықты кім жасайды, қазақтың қабағына кім қарап, маңдайынан кім сипап, арқасынан кім қағады дейміз ғой.
Кеше тәуелсіздік алғанда қазақ ұлтының көсегесі көгереді, өз тілімде ойлап, өз тілімде сөйлеймін, бақытқа кенелемін деп қуанды. Осыны қалада туып, қалада өсіп, билікке келгендер түсінбей келеді. Қазақтың кеңдігі ауылда екендігін де білгілері келмейді. Қазақ атымен билікке келген қазіргі элитаға ұлттың да, Отанның да, атадан қалған жердің де, елдің де онша керегі жоқ секілді. Оларға қазақтың байлығы ғана керек, ақша керек.
Ақша болса Африкада да тұра береді. Ұлтқа жаны ашымайтындар – оның келешегін ойламайтындар, ұлттың тарихын да, мәдениетін де, әдебиетін де білмейтіндер, білгісі де келмейтіндер. Билік басында отырған қазақтың біразының ұлт мәселесімен бас ауыртпайтыны содан.
Қазаққа ұлттық тәрбие, ұлттық білім жүйесі, ұлттық сана керек. Ұлт күшейсе тіл де күшейеді, ұлттың мәртебесі көтерілсе тілдің де мәртебесі көтеріледі. Ұйысқан ұлт боламыз, іргелі ел боламыз десек, ендігі жерде қазаққа көзқарасты өзгерту керек, билік орындарына мемлекет тілін, халқымыздың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, ғұрпын жақсы білетін, келешегінен үміт күттіретін, ұлтын сүйетін жастарды қою керек.
Ұлт мүддесін қорғайтын, ұлттық қасиетті дәріптейтін, ұлттық ой-сананы қалыптастырып, дамытатын, ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын кадрларды өсіру керек. Әйтпесе, біздің күніміз ешқашан мемлекеті болмаған, тұрақты мекені жоқ, бірақ мәдениетін жоғалтпаған, отбасында өз тілінде сөйлейтіндердің күнінен артық болмайды. Ата Заңымыз бойынша президенттіктен үміткерлердің бәрі де міндетті түрде қазақ тілінен емтихан тапсырады.
Ендігі жерде болашақ министрлер де, әкімдер де, олардың орынбасарлары да, Парламент депутаттарынан үміткерлер де, өзге де лауазымды қызметке баратындардың бәрі де қазақ тілінен міндетті түрде емтихан тапсырулары керек. Олардан емтихан қабылдайтын тәуелсіз тіл комиссиясы құрылуы керек. Сөйтіп, жиырма жыл бойы талқылай бермей, Тіл туралы заңды орындауымыз, орындатуымыз керек. Сол кезде мемлекеттің тілін бәрі де үйренетін болады.
Тәуелсіз ел болғанымызға да биыл 20 жыл толады. Ендігі жерде жалтақтаудың, жалпақшешейліктің жөні жоқ. Ұлттық тілімізді, ұлттық мәдениетімізді, ұлттық ой-санамызды, ұлттық дәстүрімізді дамытып қана әлемдік өркениетке үлес қоса аламыз.
Түптің түбінде қазақ дамыған, тұтасқан, интеллектуалды ұлтқа айналмай, оның мүддесі түпкілікті қорғалмай Қазақстанда тыныштық та, тұрақтылық та болуы мүмкін емес. Өзінің негізін құрап, іргетасын қалап отырған халықтың, ұлттың мүддесін қорғамаған мемлекет ұзақ өмір сүре алмайды. Әлемде мұның мысалы көп. Қанды көтерілістің нәтижесінде, төңкеріспен, зорлықпен орнаған Кеңес өкіметі ұзақ өмір сүре алмады.
Өйткені, жасанды мемлекет ұлттардың мүддесін қорғамады, қайта сол ұлттардың намысын, тарихын табанға таптады, мансұқ етті, салт-дәстүрін келекеге айналдырды. Тәуелсіз мемлекет орнатуда тарихтың осындай қатал сабағын ескермеуге болмайды.
Мен саналы ғұмырын мемлекетке арнап келе жатқан адамның бірімін. Қаным да, жаным да қазақ. Біз кеше тәуелсіздіктің таңсәрі шағында лапылдап жанған оттың ішінде жүрдік. Қазақстанның идеологиясын бес жыл басқардым. Оңай болған жоқ. Аумалы-төкпелі замандағы бес жыл бойғы идеологияның басында жүріп атқарған еңбегімді қазақ ұмытты деп ойламаймын.
Тарихтың қайта жаңғыруы, әдет-ғұрыптың халықпен қайта қауышуы, бүгінде тойлап жүрген Наурыз мерекесіне дейін біз от кешіп жүріп қалыптастырдық. Жадынан, тарихынан адасқан халықты өз тарихымен, өз жақсыларымен қайта табыстыру оңай емес еді. Ол үшін ата тарихын қайта ақтарып, қазақ тарихын желісі үзілмеген тұтас құбылыс ретінде қайта қарауға тура келді.
Анығында халық тарихының тұнық бастауы, қайнар көзі ешбір тарихи жазба деректермен салыстыруға келмейтін, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей айтылып келе жатқан ауызша шежіресінде жатыр. Біздің бабаларымыз ата тарихын ұрпақтарына ауызша айтып, құлағына құйып отырған. Не бір қырғын соғыстардан, апаттардан бүгінгі күнге аман жеткені де содан.
Біздің халқымыздың шын тарихы шежірелерімізде, байтақ эпостарымызда, батырлар жырларында жатыр. Қазіргі университеттерде оқып, кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған кәсіби тарихшыларымыздың көбі жазған тақырыбының шеңберінен көп ұзай алмайды. Тұтас тарихты тарқатып айтып бере алмайды. Үлкен мәселенің бірі осында болып отыр.
Өкінішке қарай, бүгінде тарихымызды түптен тартып тұтас баяндайтын ғұламалардың көбі өмірден өтіп кетті. МәшҺүр Жүсіп, Шәкәрім, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ермахан Бекмахановтар бүгінде арамызда жоқ. Қазақ тарихын тұтас білетін мамандарымыздың өзі некен-саяқ. Олардың біразы сол тарихтың бiр ғана кезеңiн зерттегендер. Осының салдарынан жас ұрпақ өзiнiң ата-бабасы жасаған тұтас, байтақ тарихты әлi де бiлмей келе жатыр.
Тарихымызды, ұлтымыздың шежіресін, ұлы тұлғаларын жас ұрпақтың санасына сіңірмей, оларды отаншыл болады, халқына, еліне тұтқа болады, келешекте осы елге ие болады деп айту қиын. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы да өткен ата тарихымыздың заңды жалғасы. Басқасын былай қойғанда, қазіргі таңда қолымызбен құрып жатқан тәуелсіздік тарихын да жас ұрпақтың санасына сіңіре алғанымыз жоқ. Ұлт және дін, тарих және дін, дәстүр және дін мәселесі де терең байыпталмай келеді. Дінді салтпен, дәстүрмен шатастырушылар көбейді.
Тегінде ешбiр халықтың тарихын дiннен бөлiп қарауға болмайды. Дiн – діңгегіміз. Дiн – мәдениетiмiздiң мәйегі. Дiндi идеологиядан да бөлiп қарау мүмкiн емес. Тарихымызда қазақ халқының құрамына кiрген рулар мен тайпалар бағзы замандардан бері түрлi дiндi басынан кешiрген. Оны бiз тарихтан жақсы бiлемiз. Бiздiң Исламға дейiн ұзақ уақыт ұстанған дiнiмiз – Тәңiрлiк дiнi едi. Кейбiреулер «жетiсiн» беруге болмайды, «қырқын», «жылын» беруге болмайды деп таласып, даурығып жатады. Меніңше, мұның дінге қатысы жоқ.
Ол халықтың салтына, ғұрпына байланысты мәселе. VIII ғасырда Күлтегiн батыр дүниеден өткен соң бiр жылдан кейiн ас берген. Аңыртаста: «Күлтегiннiң асында оның төрт мың жылқысын, iрi қара малын, алтын-күмiсiн, дүние-мүлкiн тұйғындар елге таратты» – деп жазады. Бұл не, дiн бе? Жоқ, бұл – дiн емес, халықтың салты. Ал бiздiң VIII ғасырдан берi қарай ұстанып келе жатқан, мойындаған дiнiмiз – өзіне дейінгі дiндердiң ең асыл қасиеттерiн, маңызын бойына сiңiрiп, дамыған, үйлесiмдi дiн – Ислам дiнi. Ислам – өркениеттiң діні, ғылымның діні. Сондықтан да исі қазақ Исламды өз салтанатымен, өз дәстүрiмен, өз көркiмен, өзiнiң терең мазмұнымен ұстана бiлгені жөн.
Тегінде, дін атаулының бәрі әу баста кісілікке негізделген. Кісі ақысын жеп, біреуге жәбір көрсетуді қай дін болса да мақұлдамайды. Өкініші, бүгінде дін қасиеттен гөрі қаруға, саясатқа айнала бастады. Белгілі дінтанушы ғалым, Құран аудармашысы Валерия Порохованың осы «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында айтқан: «Жиырма бірінші ғасырдың басында діннің саясаттануы қатты күшейіп кетті.
Бұл алаңдатарлық жағдай. Саясат деген өтпелі нәрсе. Дін қашанда әу бастағы тазалығын сақтап тұруы тиіс. Дін саясаттанған жерде ол қолы лас, жаны лас адамдардың құралына айналмай қоймайды» деген пікірін де ұмытпағанымыз жөн.
Бүгінде басқа дінді, жат тәрбиені уағыздап жүргендер көбейіп барады. Бұл, түптеп келгенде, келешектің тамырына балта шабу деген сөз. Мәселен, 1,5 млрд. халқы бар Қытайда 4 қана діни конфессия болса, айналдырған 16 млн. халқы бар Қазақстанда 4000-дай діни бірлестіктің тіркелуін қалай түсінеміз? Түбінде мұның арты неге апарып соқтыруы мүмкін? Оны да осы бастан ойланбаса болмайды. Елбасы күні кеше Дін істері агенттігін құру туралы Жарлық шығарғанда осыны да қарастырды деп білеміз.
Бұрындары ұйғырлардың мешіті, өзбектердің мешіті, шешендердің мешіті дегенді ара тұра естуші едік. Бүгінде әр жамағаттың өз мешіттері бар. Бірінің мешітіне бірі бас сұқпайды. Қазақстанның болашағына қауіпті тенденцияның бірі осы ма деп ойлаймын.
Бұл қауіптің бетін қайтару үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құзіретін күшейтіп, бір дін – бір мәдениет – бір тіл саясатын батыл жүргізуіміз керек. Сонда ғана басқа диаспора өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыра аламыз.
Салт-дәстүрлеріміз ғасырлар бойы Ислам дінімен бірге екшеліп, таразыланып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, тұсау кесу, қыз қуу, көкпар, беташар, сәлем салу, ас беру, ән айту секілді қазақ дәстүрлерін шариғатқа қайшы деп кім айта алады. Қазақтың торқалы тойынан бастап, топырақты өліміне дейін тұнған үлгі-өнеге еді. Қазір құдайға шүкір, елде қуаныш көп, той көп.
Сол тойдың өзі тәлім-тәрбиеден гөрі ысырапшылыққа, атақ шығаруға, даңғазаға айналып бара жатқандай. Той болса, ата-бабамызда болмаған – баласы-енесімен, келіні-қайнағасымен жабысып билейтін әдет шықты. Лепірме, көпірме сөз, бос мақтау, бөспелік етек алып барады.
Кісіліктің бір төркіні имандылықта жатыр. Бұрынғылар ізгі қасиеттерді бойына жиған адамды иманды, иманжүзді екен деп жатушы еді. Бүгінде құдайға сенгенмен – қатыгез, мешітке барғанымен – мейірімсіз жандар көбейіп барады. Өз басым Алланың жердегі үйіне апта сайын болмаса да сәті түскенде барып тұрамын.
Алладан жан байлығын, жүрек тыныштығын тілеп, тілімді кәлимаға келтіріп, білген дұғамды оқып, сыйынып жүремін. Осы күндері мешіттен қарапайым тазалықты да таба алмай, жаның құлазиды. Босағасында пырдай шашылып жатқан аяқ киімнен аяғыңды алып жүре алмайсың. Бірінің үстінен бірі аттап өтіп жатқан адам. Мұнда қандай тазалық болуы мүмкін.
Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің. Бүгінде білсін, білмесін, жаппай дінге құлау етек алды. Сөйтіп жүріп діннің де қадірін қашырып аламыз ба деп қорқамын. Мұны Елбасы да өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында: «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақтану керек» деп орынды айтқан еді.
Исламның бес негізгі шарттарының бірі – қажылық. Ол – атақ емес, парыз. Мен дінді идеология ретінде қабылдаған Иран мемлекетінде елші болған адаммын, онда жыл сайын миллиондаған адам қажылыққа барады. Алланың рахмет айы туғанда ол елдің ұшақтарының бәрі Меккеге қарай ұшады. Бірақ, Меккеден, Мединадан қажы атанып келген жан баласын көрген емеспін. Ал біздің елде бұл сауапты іс те саудаға, бизнеске, атаққа, шенге айналып бара жатқан сияқты.
Адам баласы намаз оқыса да, ораза тұтса да оны мақтан үшін, бiреуге көрсету үшiн емес, әуелі Алланың разылығын алу үшін, сосын өзі үшін істейді. Ал бiзде намаз оқып, мешітке барғанын жарнама жасайтындар көбейіп барады.
Ислам – мөлдір бұлақ, ол әркімнің жүрегіне жолды өзі табады. Оны жүрекпен, біліктілікпен қабылдаған абзал. Дінге санамен, жүрекпен баруымыз керек. Исламды қасиеттеушілерден, терең ұққандардан гөрі әлі де еліктеушілер көп пе деп ойлаймын. Осы күні ұлтымыздың маңдайына басып, үміті болады деп жүрген азаматтардың да бірқатары әсіредіншілдіктің шырмауына түскендей. Қорқынышы, дін ісіне шын берілген, соның оқуын тауысқандар емес, жолдан қосылғандар көбейе бастады.
Әрине, дін – садақа жиып, жаназа шығарумен шектелмейді. Қазақстанда Исламның көсегесі көгеру үшін біздің имамдарымыз жұрт армандағандай кісілер болулары керек. Олардың өзі, сөзі түгілі, басқан ізі де қасиетті болса деймін. Құранды ұғынып, жүрекпен тебіреніп, мінсіз оқулары керек.
Діннің өзі қазір тоқсан тарау болып кетті. Алланың жолында жүр деген арабтардың өзінің қырық пышақ болып басы бірікпей жүргені мынау. Дін – саясаттан да биік, халықтың, кез келген адамның жүрегіне жол табатын, ұялайтын, қанына, бүкіл жанына сіңетін қасиет. Оны саясатпен шатастырудың еш жөні жоқ.
Анық білетінім – жалғыз Жаратушы бар! Адал жүр, қиянат жасама, біреуді жәбірлеме, алдама, зұлымдық жасама. Аллаға сенсең, оны жүрегіңмен, санаңмен қабылда, қолыңнан келсе жақсылық істе, қайырымды бол, оны саясатқа айналдырма. Қазір Исламның ішінен неше түрлі тармақ, сан тарау жол шығып жатыр. «Бұл дүниенің қызығын тәрк қылыңдар, ол дүниеге дайындалыңдар» деп өмірге емес, өлімге уағыздайтындар, неше түрлі әулиелер, көріпкелдер көбейді. Тек бір Алла ғана бәрін көріп-біледі. Аллаға адал болсақ, мінәжат етсек болғаны.
Қазақ әлімсақтан бір Жаратушыға сыйынған, ата-бабасын сыйлаған халық. «Бір-бірлеріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әр түрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», – дейді Алла-тағала қасиетті Құранның Хұжрат сүресінде. «Әлхамдулиллаһ, мұсылманмын» дейтін жастарымыздың аузынан Отан, ұлт дейтін сөздер естілмейтін болып жүр. Ендеше, қазақтық қалпымыздан айырылу да дінге қарсы шыққандық болып есептелмей ме? Бүгінде жер шарында Алланың жаратқан 5 мыңға тарта ұлт пен ұлысы бар.
Алайда, өз алдына шаңырақ көтеріп, байрағын желбіретіп отырған мемлекеттердің саны 200-дің маңайында ғана екен. Жаһандану заманында үлкен мемлекеттер әлемге өз үстемдігін арттыруға жанталасып бағуда. Тәуелсіздік алу қандай қиын болса, сол тәуелсіздікті сақтап тұру одан да қиын. Тарих алдындағы осы жауапкершілікті жан-тәнімен сезінетін отаншыл, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу – ең өзекті мәселелердің бірі.
Байтақ тарихымызды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын, олардың кісілік тұнған қасиеттерін жас ұрпақтың санасына сіңірмей, олар отаншыл болады, халқына, еліне тұтқа болады деп айту қиын. Ұрпақты тарихпен ауыздандырмайынша, тарихты жастайынан санасына сіңірмейінше, мемлекеттілік, отаншылдық жайындағы әңгіменің бәрі далаға кетеді. Тәрбие, оқу жүйесіне де ұлттық қасиеттерді барынша батыл енгізу керек. Бұрынырақта тізе қосып бірге жұмыс істеген Өзбекәлімен бірге: «Тәрбиенің ең үлкені, ең маңыздысы – бала тәрбиесі.
Бізде бала тәрбиелеудің бағзы заманнан қалыптасқан ұлттық дәстүрі бар. Сол әдептілік қағидалары бертінде үзіліп қалды. Балабақшадағы балалардан бастап, мектеп жасындағы жастарға дейін өнегелік тәрбие берудің кешенді бағдарламасын дайындайық», деп ақылдасып, әзірлеген едік. Сөйтіп, кейбіреулердің қарсылығына қарамастан, оны Орталық партия комитетінің пленумында арнайы қаратып, қабылдатқан едік. Партия тарағаннан кейін елге, ұрпаққа керек деген бағдарламаның қайда қалғаны да белгісіз.
Отаншылдық, ұлтжандылық дегеннің өзі қайдан шығады? Қанша жерден патриоттық тәрбие дей бергенмен, одан отаншылдық рух пайда болмайды. Қазіргі жазылып жатқан оқулықтардың көбісінің сапасы сын көтермейді. Біз жас ұрпақтың ана тіліне, туған жеріне, бабалардан қалған асыл мұраларға деген сүйіспеншілігін туғызу арқылы ғана отаншылдық сезімін оята аламыз. Идеологиямыздың басым бағыттарының бірі осы болса керек.
Жастар арасында ұлттық рухтан, ұлттық қасиеттен айырылған отансыздардың көбейіп бара жатқаны да алаңдатады. Ұлтын ұлықтай алмағандардан, ұлттық сезімі, ұлттық намысы жоқтардан не үміт күтуге болады? Ел болып, жұрт болып жастарды өзгеге емес, өнегеге; тәлпіштікке емес, тәрбиелілікке; көргенсіздікке емес, көрегенділікке; әдепсіздікке емес, әдептілікке; қатыгездікке емес, мейірімділікке; тексіздікке емес, тектілікке; опасыздыққа емес, отаншылдыққа баули алсақ болар еді. Елдің де, жердің де иесі сенсің деп үйретіп, жас ұрпақтың намысын жанып, туған жер, мемлекет алдындағы жауапкершілігін мықтап қалыптастыра алсақ болар еді.
Қазақ болып тұтасып, ұлттық деңгейге тезірек көтерілмесек, өркениетке де ілесе алмаймыз. Өзімізді өзіміз сыйламасақ, өзімізді өзіміз қадірлемесек, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды. Күні кеше жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәрбиеші-тәлімгері, мақтанышы, айбары болған жазушылар да өзара айтысып, бірін-бірі қаралауды өнерге айналдырып алды. Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады, қолдамаса ер азады, бір-бірімізді қолтықтан демеп, қолдап, жарасып жүрсек жарасады. Қаны таза халық едік, жан тазарса, ар тазарса болар еді. Жасамыстарымыз алжымай, дұрыс қартая білсек жарар еді.
Арғы-бергі заманда опық жесек, алауыздықтан опық жеген халықпыз. Заманымыз түзелген кезде өткенге де, бүгінге де күңкілдей бермей, ендігі жерде бәріміз де ұлтты ұйыстыру жағына шығып, аталардан қалған асыл өнегені, жақсы дәстүрді мұрат етіп, ұлтқа ұйытқы болғанымыз, сөйтіп бір кісінің баласындай ынтымақты болғанымыз жөн.
Ұлт ретінде сақталып қалу үшін не істеуіміз керек? Қазақтың мінезін, менталитетін, кісілігін жан-жақты ашуымыз керек. Халықты қамшылауымыз керек. Өз алдына партия құрып жүргендердің де дені кеше жоғары биліктің тұтқасын ұстағандар, бүгінде билікке өкпесі қара қазандай болып жүргендер. Биліктің биігіне шыққандардың да көбісі халықтың қамын ойлаудан гөрі өз бизнесін қорғаумен әлек болып жүр.
Елім деп, жерім деп шыбын жанын шүберекке түйіп, алтын басын бәйгеге тігіп жүрген Елбасының өзін де түсінетін жандар көп емес. Дүние жиғандар, пысықайлар көбейді. Қиырдағы ауыл әкімінен бастап облыс әкіміне дейін Президенттің тапсырмасымен деп сөйлейтінді шығарды. Құдды бір Елбасы тапсырма бермесе жұмыс істемейтіндей. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, әкімдер ең алдымен сол орында халыққа қызмет ету үшін отырғанын ұмытпағаны жөн.
Бізге қазір елдің тағдыры – өзімнің тағдырым деп қарайтын, ұлт мүддесін, мемлекет тұтастығын жоғары қоятын қайраткерлер керек. Қызмет берсе мақтағанды, қызметтен кетсе даттағанды әдетке айналдырмау керек.
Тоқсан тарау дініміз бар, томағалы тіліміз бар; шуақ шашқан күніміз бар, асқақтаған үніміз бар; желбіреген байрағымыз бар, шетсіз-шексіз аймағымыз бар; қорласа да құламаған, жабықса да жыламаған, аш күнінде сұрамаған аяулы халқымыз бар; ынтымақты бірлігіміз бар, берекелі тірлігіміз бар елміз, Аллаға шүкір дейік.
Аласа шыңмен таласа алмайды, биік ешқашан аласармайды, арамдық адалдықпен жараса алмайды; адамның жаманы бір-біріне қараса алмайды; қына тасқа қонады, бақ-дәулет жетекке жүрмейді, ол тек басқа қонады. Әдептен озбаған, босқа құлашты созбаған, қарап жүріп тозбаған жақсы. Дәулетсіз бақ болмайды, қадірсіз тақ болмайды, жаңылмайтын жақ болмайды, – Алладан сұрап, абайлап басып, анық сөйлеп жүрейік. Туралықтың туын ұстап, кісіліктің жолынан таймайық, ұлттық қасиетімізден, кісілік келбетімізден айнымайық; келешектің үмітін ақтайық, елдігімізді сақтайық, әлеумет!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
«Егемен Қазақстан» газеті, 27 мамыр 2011 жыл.