Сөздік қорына «хиджаб» деген сөзді енгізбеген қазақтың «хиджаб» аталатын киім үлгісіне де тосырқай қарауы негізсіз емес. Бұл қауіп қазақы болмыстың қаймағы бұзылмаған, басқаша айтқанда ұлттың қорғаныс қабілеті әлсіремеген кезеңдерден бастау алғаны анық.
Қазақ орамалға қарсы емес. Исламды қабылдағанына он үшінші ғасырға аяқ басқан кешегі түркілердің ұрпағы – бүгінгі қазақ ислам дінінің аясында ұлт болып қалыптасты. Әр буынның орташа жасы отыз жас деп есептесек, ата-бабамыз мұсылмандықты қабылдағалы бері тура қырық ұрпақ ауысыпты. Қырық атасынан бері мұсылман болған қазақтың мұсылманшылық қаны түгіл, сүйегіне сіңіп кетті.
Ол қазір ешкімнен дін үйренетіндей мүшкіл халде емес. Бұл қазақ сонау ХVІ ғасырда «Қазақ деген сахарада жайын жүрген дінсіз халық, бұларды кәпір деп пәтуа шығарып, құлдыққа сату керек» деген Бұхараның білімдар ғұламаларын тақуалығымен таңдай қақтырып, Орта Азияның дін астанасы болған Бұхараның ортасынан ойып Көкілташ медресесін салған қазақ емес пе еді? Бұл қазақ кешегі қарсысынан қалмақтың қылышы жалаңдап, желкесінен орыстың от қаруы жалын бүркіп тұрғанда, парыз намазын оқымай, майданға кірмейтін қазақ емес пе еді? Дін қарындас татардың ғұламасы Шихабуддин Маржани өткен ғасырдың басында-ақ: «Жарықтық Хазіреті Қожа Ахмет Яссауи қазір тіріліп келсе, халыққа дін үйретпес еді. «Өздерің де мұсылман екенсіңдер» деп, кәсіптің көзін үйретер еді» деп, қазақ мұсылмандығының кемдігі жоқтығын астарлап өтпеп пе еді?!
«Дін – апиын» деп жетпіс жыл ұрандағанымен, кешегі кеңестік кезең де ұлтымыздың дін-тұғырын шайқалта алған жоқ. Намазын жасырын оқып, насихатын үзбеген, айтын ашық тойлап, жаназасын жария өткізген халықпен алысып жүріп-ақ Кеңес үкіметінің де дәурені өтті.
Тәуелсіздікке қол жетісімен ұлт руханиятының тұғыры болған ата дініміз де жасаңғырап, жаңғырды. Зайырлы мемлекет болғанмен, дінсіз қоғам еместігімізді айғақтап, дербес мүфтиятымыз құрылды. Ықылым заманнан шариғат пен дәстүрді астастырып, ата-баба жолы болған ханафи мәзхабы сеніміміздің тұғыры ретінде бекіді. Мешіттеріміз бір орталықтан басқарылып, дін насихаты жолға қойылды. Діни оқу орындары ашылып, дін мамандарының деңгейі көтерілді. Сусаған рухтың шөлін қандырар діни басылымдар молайды. Кеңестерден кейінгі кеңістіктегі алғашқы ислами ағартушылық арна да басқада емес, бізде ашылды.
Бірақ… Ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясаты тудырмай қоймайтын көп «бірақтың» ең күрделісі де дінімізге қатысты болып тұр. Сол «бірақтың» бірі – хиджаб.
Әурет жерлерін жасырып, етек-жеңі ұзын киім кию – әйел затына Алланың аманат еткен парызы. Қасиетті Құранның аяттарымен жеткізілген аянның бұйрығы мен тыйымына бойұсыну – саналы мұсылманның пенделік борышы. Осы пенделік парызын абыроймен атқарған қазақ халқы да ғасырлар бойы қыз баласы мен әйел затына етек-жеңі ұзын киім кигізіп, жалаңбас жүргізбеген. Бойға жеткен қыз баланың етегі қысқа киім киюі кедейліктің, тапшылықтың белгісі саналған. Мойны ашық тұрмауы үшін әдетте қыз балалар мен әйелдердің көйлегі жағалы етіп тігілген. Мұның бәрі мұсылмандық шарттарынан қиыс кетпеген.
Бірақ қазақтың танымы мен талғамына, табиғатына сай ұлттық киімнің де өзіндік ерекшеліктері болған. Ең алдымен қазақ әйелдер мен қыздарға қолапайсыз кең көйлек кигізбеген. Ол әйел затының сәніне ғана сын емес, тұрмысына да қолайлы болмаған. Ыстық-суығы аралас дала табиғаты да, әсемдікті айшықтай білетін қазақы талғам да әйел затына жинақы көйлек пен қынама бел камзолды лайық көрген. Қыз бала бой жете бастағаннан ата-анасы: «Өмірде жалғыз болмасын, қосағымен қоса ағарсын» деп ырымдап, қос бұрым шаш өсіретін. «Қыздың көркі – шаш» деп білген қазақтың қыз-келіншегі бұрымын жасырып көрмеген, шолпы-шашбаумен сәнденген. Бойжеткен қыз қызыл орамал тағып, үкілі тақия, құндыз бөрік киіп, жалаңбас жүрмеуге тырысқан. Ақ босаға аттаған әйел заты ақ жаулығын басынан тастамаған, кимешек пен күндігін сәндеп салған.
Иә, қазақ орамалға да, етек-жеңі ұзын киімге де қарсы емес. Сонда хиджабқа қатысты қарама-қайшы көзқарастарға негіз болған не себеп? Түйткілі көп бұл сауалдың бір жауабын мен қоғамдық көліктегі көпшіліктің аузынан естідім.
…Көлікте кісі аяғы саябырлау еді. Отырғандардың дені егде тартқан қариялар болатын. Кезекті аялдамадан автобусқа жиырма бір-жиырма екілер шамасындағы бойжеткен мінді. Көліктің орта тұсындағы ұстынның жанына келіп тұрған орта бойлы, сымбатты қызға барлығы назар аударды. Қыз етек-жеңі ұзын жарасымды, жинақы ғана қызғылт-қоңыр көйлек киіп, басына сонымен түстес орамал тартыпты.
Орамалы желкесіне түйілген шашын орай тартылып, шашау шығармай тұр. Қыздың дәл жанында отырған нұр жүзді кейуана сүйсінгенін жасырмай, автобустағыларға естірте сөйлеп: – Айналайын, өзің бір иманжүзді бала екенсің. Көйлек киіп, орамал салып жүргенің дұрыс, баяғыда өзіміз де осылай киінуші едік. Қазір оның бәрі қалып қойды ғой, – дей бергені сол еді, артқы орындықтағы қарт та самбырлай сөзге араласты: – Е, осы дұрыс қой, міне, қарашы, нағыз өзіміздің қазақтың қызы. Әлгі біреулер шықты осы күні, көйлегінің етек-жеңі шұбатылып, орамал тағысы да ерсі, қыз ба, әйел ме, қазақ па, басқа ма, ажырата алмайсың. Бірдеңе дейін десең, тұмшаланып тұрған соң бетімнен алып тастай ма деп қорқасың. – Қап-қара киінетіндері бар ғой, ол қайдан шыққан сән екенін, – деп тағы бір кейуана сөз қосты. – Әркімді көреді, әр нәрсені естиді, не боларын білмей жүр ғой бүгінде жастар, – деді орта тұстан елудің жуан ортасындағы егде кісі.
Қарттардың әңгімесі біразға дейін жалғасты. Сөз соңы орамалды бойжеткенді алғыспен алқап барып аяқталды. Көптен көңілді күпті еткен бір түйткіл шешілгендей автобуста жайма-шуақ көңіл-күй орнады. Қарттар екеуара әңгімеге айналып кетті. Артқы орындықтағы екі-үш балаң жігіт те разы жүзбен бас шұлғыса сыбырлай сөйлесіп отыр.
…Осы бір үзік жайт қарапайым халықтың хиджабты қалай қабылдайтынын көрсетіп кеткендей болды. Иә, қазақ үшін, қазақы дүниетаным үшін бәрібір хиджаб жат құбылыс, жат мәдениет жемісі ретінде қабылданады. Бірақ мәселе тек сонда ғана ма?
Хиджабты жаттандыра түсетін тағы бір жайт бар. Ол хиджаб киген қыздардың мінез-құлқы, пайымдау ерекшелігі, өмір сүру мәнері. Өкінішке орай, Алланың парызын өмір салтына айналдырып, хиджаб киіп жүрген қыздарымыздың арасында Алланың жолы, пайғамбардың сүннеті, ата-бабамыздың дәстүрі деп, қазақы үрдіспен орамал таққандары некен-саяқ. Көпшілігі не түрік, не араб ағайындардың жамағатына кіріп, шәкірті болып жүреді. «Білімді Шыннан болса да ізде» деген Пайғамбарымыздың сүннетімен бұған да көнбістік таныттық делік. Бірақ жамағатта тек дін ғана үйренілмейді, бөгде тіл де, мәдениет те сіңіріледі.
Асыл мен жасықты айыра алатындай деңгейге жетпеген жастар дінді кімнен үйренсе, соның мәдениетін озық, дәстүрін кемел деп таниды. Соның тілімен сөйлеп, соның салтын ұстануды ар көрмейді, сән көреді. Дін дәстүрсіз таралмайды. Дін таратушы сөзсіз дәстүрін қоса таратады. Өзгеден тәлім алып жүріп, өзін сақтап қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Нәтижесі – көзіміз көріп жүргендей: Түрік жамағатында тәлім алған хиджабты қыздарымыз ең қастерлі сезімдерін де ана тілінде жеткізуді ұмытқан – олар үшін қазақта «кешіріңіз» деген сөз болмағандай, «хаккымызы хелал ет» деп ғапу өтінеді; сүйсінерлік іс көрсе, қазақтың «бәрекелді!» дейтінін әлдеқашан ұмытқан, олар үшін «машаллахтан» басқа сүйініш сөзі жоқ. Жат тілде жалбарынып, жат тілде тәубеге келген қандастарымыз қазаққа қайта қайырыла алар ма екен? Олар өкінішке орай «қазақ» деген сөзді тілі түгіл, есіне де ала бермейді.
Дін таратушы жат жұрттық жамағаттардың іс-әрекетінен саяси немесе діни астар іздемегеннің өзінде осы табиғи түрде жүріп жатқан ұлтсыздану үдерісінің өзі өлімші рухты қазаққа жығылған үстіне жұдырық емес пе?! Тағы бір назар аударарлығы – «Біздің ғана жолымыз дұрыс, өзгенің бәрі адасып жүр» деген астам пиғыл әрбір жамағатқа дерлік тән (бөлініп шығудың өзі дұрыстығын дәлелдеуге тырысудан басталады ғой әдетте). Осы астамшылық көзқарас хиджаб киген әрбір қызымыздан дерлік байқалады. Нәтижесі тағы да әдеттегідей: не өзіне жолыққан әрбір қандасын жамағатына тартуға тырысады, не оларды «күпір» санап, біржола қол үзеді. Бұл – ең ымырашыл, мәмілегер жамағатта жүргендердің қылығы.
Ал өздерінен басқаларға қарсы ашық күресуге белін бекем буған жамағаттағылардың жайы айтпаса да белгілі. Үлкенге сәлем салуды Аллаға серік қосумен шатастырып, қазақтың дәстүрін күпірліктің көрінісі санайтын келіндер де өкінішке орай сол әсіре ағымдарда жүрген хиджабты қыздарымыздан шығып отыр.Хиджабты күнәнің көзінен емес, ұлттың мәдениетінен алыстататын тосқауыл сынды қабылдаған қаракөздеріміз үшін ұлтымыздың таңғажайып ән-күйі де, әуен өнерін жеткізген музыка аспаптары да шайтанның сыбыры мен сырығынан басқа ештеңе емес. Қазақтың тәрбиелік мәнге толы ырым-тыйымдары мен тағылымға тұнған зиярат әдебін жат ағымға бой ұрған хиджабты қыздардың ортасында ауызға алу қиын.
Мұның барлығы белгілі бір ағымдардың уағыз-насихатының теріс нәтижесі делік. Ендігі бір мәселе – хиджабты қыздарымыздың ар-ожданына жүктелген адамгершілік мәселесі. Тағдыр жазып, хиджаб киген қыздармен көп жылдар бірге тұруыма тура келді. Олардың кейбірінің келеңсіз қылықтарына куә болған сайын: «Хиджаб киген қыздардың моральдық мәселесін қоғамдық деңгейде көтеретін мезгіл жеткен сияқты» деп ойлайтынмын.
Хиджаб – мұсылмандықтың символы емес, мұсылман әйелдердің күнделікті киімі. Бірақ қазіргі қоғам хиджабты символ ретінде қабылдап, хиджаб киген қыздарға бір жағынан тосырқай қараса, екінші жағынан оларды имандылықтың үлгісіндей көреді. Өзгелерге қарағанда хиджабты қыздардың қылығы ел назарын көбірек аударады, оларға қойылатын талап та ауыр, олардан күтілетін мінез де ерек.
Осындайда киіміне қылығы сай келмей жататын талай хиджабты қыздарымыз көпшіліктің хиджабқа деген теріс көзқарасының қалыптасуына ықпал етіп отыр. Үлкенді сыйлау, жандының жанын ауыртарлық сөз айтпау, жан мен тән тазалығына бірдей көңіл бөлу, өзімшілдіктен аулақ тұру тәрізді қарапайым адамгершілік қағидаларын сақтай білмейтін хиджабты қыздардың аз еместігі өкінішті.
«Исламда темекіге ашық тыйым салынбаған» деп көптің көзінше темекі тартатындары да бар. Заманауи үлгімен киініп жүрген қыздардың өзіне ерсі саналатын бұл қылықты хиджабты қыздардан көру тіпті ауыр көрініс. Дін исламның қастерлі құндылықтарын сіңіріп болмай, хиджабты кездейсоқ қабылдағандай көрінетін осындай қыздарды көргенде: «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деген өлең ойға оралады… Адамзаттың асылы Хазіреті Пайғамбарымыздың өзі қасиетті хадистерінде: «Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, жүрегіңізге назар салады» деп ескертпеп пе еді?!
Танымға негізделмеген дін де соқыр сенімге айналады. Дінге көзсіз берілу – рухани апаттардың үлкені. «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған» деген Хазіреті Пайғамбарымыздың хадисі де діннің хикметіне бойламай, көзсіз берілуді меңзесе керек. Кезінде діндарлықтың жөні осы екен деп, қызды-қыздымен асыра сілтеп, «Жәннәтул бақидағы» он мың сахабаның, Пайғамбарымыздың текті әулетінің қабірін қиратқан арабтар бүгінгі күні өз ісінен өзі шошып, артына алаңдап, «әл-уасатийа» – «ымырашыл ислам» дегенді ойлап тауып отырған жоқ па? «Ақымақ өз қатесінен сабақ алады, ақылды біреудің қатесінен сабақ алады» деген даналық тұжырым баршаға таныс болса да, біз өзгенің қателігін қайталап, өз жағдайымызда сынап көруге әуеспіз.
Хиджаб мәселесіне қатысты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жүргізген социологиялық сауалнама қорытындыларына зер сала отырып, таң қалдырарлық көзқарастарды кезіктірдік. «Әйелдердің хиджаб киюінің себебі неде деп ойлайсыз?» деген сауалға респонденттердің 41,2%-ы «сән қуушылық немесе тұрмыс құру мәселесін шешудің жолы» деп жауап беріпті. Хиджаб киюдің себебін бұлай бағалау бастапқыда бізге тым үстірт пайымдау секілді көрінген. Бірақ осы мәселеге қатысты бірқатар хиджабты қыздардың өз аузынан айтылған сырларды оқығанда, бұл көзқарастың да негізсіз еместігіне көз жеткізгендей болдық.
Астана қаласындағы жоғарғы оқу орнының 3 курсында оқитын 20 жастағы Самал есімді қыз: «Мен түзу жолдағы мұсылманға тұрмысқа шығу үшін хиджаб кидім. Мұндай адам отбасына қамқор болады, демек мен мұқтаждық көрмей өмір сүремін» деп жазады. 24 жастағы қарағандылық Дана есімді қыз: «Мен хиджаб кигенімнің арқасында тұрмысқа шықтым. Әрине, хиджабты киіп жүру қолайсыз, бірақ оған да үйреніп кетесің» дейді.
Ал Қызылорда қаласынан келген 28 жастағы Жазира есімді қыздың әңгімесі тіпті тосын: «Мен кәдуілгі көп қыздардың бірі болып жүргенде тұрмысқа шыға алмай-ақ қойдым. Қалай хиджаб кидім – солай үйлену туралы ұсыныстар қарша борады, тіпті кімді таңдарымды білмей, дал болдым. Мен мұсылманға тұрмысқа шықтым, Аллаға енді сене бастадым» дейді ол…
«Әр іс ақырғы нәтижесімен қайырлы» деген Хазіреті пайғамбарымыздың хадисі бар. Хиджабтың көмегімен тұрмыс құрғандардың да нәтижесі қайырлы болып, бақытты болғай, иман таразысы түзелгей.
Дегенмен иманның, сенімнің жолы деп емес, дүнияуи мақсатқа қол жеткізу үшін киілген хиджабтың адалдық діні – исламның қағидалары қатаң айыптайтын риякерліктен, екіжүзділіктен не айырмашылығы болды? Әлде «тұрмыс құрып алсақ болды, екіжүзділік күнәсін кейін жуа жатармыз» деген бақай есеп пе бұл? Өз замандастарымыздың арасында хиджаб кигеннен кейін тұрмысқа шығып, ажырасқаннан кейін хиджабты шешіп тастаған бірнеше құрбыларымызды да көзіміз көрді.
Осы қылықтың «Тілегенімді бермесең, бұйрығыңа мойынсұнбаймын» деп, Алла Тағаламен есептескендей әрекет екенін сол құрбыларымыз шынымен түсінбеді ме екен? Шынын айту керек, сол қыздардың хиджабты кигені емес, шешіп тастағаны бізге ауырырақ әсер етті.
Иман деген көңіл қаламаса, сыпырып тастай салатын желбегей емес, жүректің түкпіріне берік орныққан, әлімсақтан ақырзаманға дейін мызғымауға тиіс қасиетті құндылығымыз емес пе еді? Оның гүлденуіне, көркеюіне сара жол ашылған қазіргі заманда біз неге санамыз сансырап, кері кетіп барамыз? Осының бәрі салтымызда жоқ, сүйегімізге сіңбеген, бөтендігі тайға таңба басқандай айқын көрініп тұратын жат идеологияның айқын әсері емес пе?
Қазақ үшін қауіп хиджабтың өзінде де, хиджаб арқылы көрінетін діндарлықта да емес, дін формасының ар жағындағы жат мазмұнда. Сол мазмұнның сыналап ішке еніп, қазақы қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыра бастауында. Ал болмыс бұзылған жерде бүтін ел туралы сөз қозғау қиын – айтып келмейтін апаттар болжаусыз-ақ орын алмақ.
Түріктер – қандасымыз, арабтар – діндесіміз. Ешбірінің бізге жаттығы жоқ. Бірақ ешбірінің мәдениетінің мазмұнын қазаққа таңып, космополитизмнің мұсылмандық үлгісін қолдан жасаудың қажеті жоқ. Алла Тағаланың Құран Кәрімде айтқан: «Біз сендерді бір-біріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» деген хикметті ғибратының мәнін жоюға жол салудың да ешбір негізі жоқ.
«Алланың құлымын, Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін» деген қазақы мұсылмандық қалпымызды қалыптастыру көздің жасы, жүректің қаны, маңдайдың тері арқылы келгені өзімізге және Аллаға аян. Ай-күннің аманында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіндей құнсыз құндылықтар қазақта жоқ.
Иә, қазақ ешкімнен дін үйренетіндей мүшкіл халде емес. Қазаққа тек ата дінін ата-баба ұстанған жолмен – ғасырлар сынынан өтіп, шыңдалған жолмен жалғастыру қажет. Өзгеге өнеге болатындай тағылымға тұнған тарихымыз, ғибратқа толы дәстүріміз, хикметке бай діліміз тұрғанда, санамызды сан тарапқа тартқылаған әртүрлі ағымдардың жетегінде жүргеніміз елдігімізге сын.
kazislam.kz