ҚЫЛЫШПЕН ҚАБЫЛДАН(ба)ҒАН ДІН
Біздің бабаларымыз Исламды қылышпен қабылдады ма, әлде өз еркімен мойын ұсынды ма?! Осы сұраққа келгенде біздің тарихшылар пікірі қақ жарылады. Бірінші топтың айтары: – Біз, арабтардың жаулап алу соғыстары кезінде Исламды қабылдағанбыз,-дейді. Мысал етіп, ибн Муслим дейтін қолбасшының Түріктерге қарсы жорығын айтады. Екінші тарап бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы. Ал біз екі жарға да ұрынбай, алтын орта – ақиқатын тауып көрейікші.
Хош, әуелгісіне тоқталайықшы… «Исламды түріктер күштеудің арқасында қабылады» дегенге келсек… Иә, пайғамбарымыз қайтыс болған соң, таққа ие болған сахаба-халифтер Исламды таратуда кей-кейде қылышқа да ерік берді. (Бірақ Фатх жорықтарында бейбіт халыққа қарсы қару көтерілген емес. Соғыс тек әскерлер арасында өтті.) Алғашқы жаулап алу жорықтарын Осман бастады. Оның тұсында Иран, Шам өлкесі, Египет мұсылмандардың қолына өтті. Омар мен Әлидің заманында халифаттың жер көлемі біршама ұлғайды. Билікке Муавия Ибн Абу Суфиян келген тұс. Ол үлкен армия жасақтап, қалың қолға басшылықты Құтайба ибн Муслимге тапсырып, Орта Азия жаққа қарай жұмсайды. Бұл 705-714 жылдар еді. Араб әскері Амудариядан бері өтіп, Самарқанд, Бұхара, Шаш, Насаф, Кеш, Хорезм, Мерв, Ходжент, Үргеніш, Ниса қалаларын жаулап алды. Әрине, бұл аймақ Түріктің мекені емес еді. Бұл жерлерде парсы тілдес Соғдылықтар ғұмыр сүріп жатқан-ды. Көшпелі жұрт Қытайдан тартып алған, сатып алған жібек матасын, жүн-жұрқасын осы соғдылықтарға әкеп сататын. Одан қалды екі дарияның арасы Түріктерге жартылай бағынышты аймақ болатын. Ақша түсіп отырған жерден кім айырылып қалғысы келеді? Бірінші болып соғысты Түріктер бастады. Түргештердің Сұлу дейтін патшасы арабтарға бірнеше рет ұрыс салып, барлығында жеңіске жетеді. Сол үшін де, дала әміршісін мұсылмандар Әбу Музахим, қазақшаласақ «Сүзеген өгіз» десті. Тіке шауып ала алмасын білген арабтар, Сұлу Қағанға елші аттандырады. Ислам дінін қабылдауды ұсынады. Бірақ Сұлу қаған бұл ұсыныстан бас тартады. “Түріктер арасында шаштараз да, етікші де, тігінші де жоқ. Олар – жауынгер, сарбаз, әскер. Егер олар исламды қабылдап мұсылмандық шарттарын орындайтын болса қалай күн көрмекші?”-деп кері қайтарады.
ИСЛАМНЫҢ КҮШПЕН ТАРАМАҒАНЫНА ДӘЛЕЛДЕР
Жаңа келген дін қаншалықты озық әрі өркениетті болса да, ешбір халық мың жыл ұстанған ата-баба дінінен айнып, оған бірден бой¬ұсына қоймайтыны белгілі. Сұлу қағанның да ұсынысты кері қайыруының бар сыры осында болатын.
Исламға дейін Түрік жұртының жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі бар еді. Жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскерімен мақтана алатын. Тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті де болды. Одан қалды, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» даңқты тарихтың иелері еді. Иә, олар шығысындағы қалың Қытайды қалтыратқаны соншалық, оларға «Ұлы Қорған» соғуға мәжбүр етті. Енді осындай жау баққан елдің қылыштан қорқып, дін қабылдауы мүмкін бе? Әрине жоқ. Сосын тағы бір жайтты ескерген жөн. Ислам тек қана сенім емес, ол құлшылықтан да тұрады. 5 уақыт намаз оқу, мерзімі келгенде таң атқаннан кеш батқанға дейін ас-ауқаттан бас тарту рәсімі – оразасы бар. Иә, қорыққан адам дінге өткен кейіп таныта алады. Бірақ, діннің мынадай талаптарына «өтірік» ұю қолдан келмейтін шаруа. Исламға күшпен бағынбаса, не себеп болды? Меніңше, мұның жауабы көшпелілердің танымында жатқан секілді. Көне түріктерде де Жаратушы ұғымы болған. Әрі Ол – төрт маусым мен табиғаттың, өмір мен өлімнің иесі, жер мен судың, көк пен жұлдыздардың және адамның жаратушысы, тумаған, тудырмаған, шексіз құдіретті деп танылған. Жаратушыға Көк Тәңір деп ат беріп, соған иланып, соған ғана жалбарынған. Бұл жерде көк сипаты тек аспан деген ұғымды ғана емес, сонымен қатар ұшы-қиыры жоқ шексіздікті де білдіреді. Бабаларымыз шексіз, шетсіз, бар дүниені қамтып тұрған, бәріне куә, құдіреті бәріне жететін ұлы жаратушыға – тек тәңірге иман келтірген. Олар тәңірді кейде Баят, Иди, Чалаб, Ачу деп атаса да, бұлар – тәңірдің сипаттары яки әсем аттары. Тәңір – жалғыз жаратушы. Сондықтан, түріктер пұтқа табынбаған, өткінші жалғаннан тіреу іздемеген.
Исламның да айтары осы. Әрі бұл дінді ұстанғандар, түріктерге ең бір қысылтаяң шақта көмек берді. 751-ші жылғы Атлах (Талас) шайқасын айтып отырмыз. Негізі, арабтар келіп жеткенде түрік арасындағы ауызбіршілік ыдырай бастаған еді. Оған Қытайдың көп кесірі тиді. Сауда жолдары арқылы олар буддист-миссионерлерін жіберіп отырды. Керек кезінде ағайын арасын араздастыру үшін «шпион» да жұмсаған кездері болды. Мақсаттары орындалды. Түрік халқы бірнеше мемлекетке бөлінді. Одан қалды, қайсібіреулері будда ілімін ұстанып, енді бірі зорастризмге еліте бастады. Бұл – ырың-жырың заман еді. Осы кезді ұтымды пайдаланып, шығыстан баса-көктеп Қытай әскері кіріп келеді. Ауыз бірліктен айырылған түріктер жауға дұрыс қарсылық көрсете алмай, Шаш (Ташкент) Тараз қалаларын айырылып кері шегінеді. Қытай қолбасшылары енді Сары арқаны жаулап алуды ойластыра бастады. Күн тәртібіне: Түрік ұлт болып қалады ма, әлде жоқ болып, жұтылады ма,-деген сұрақ көтерілді. Осы кезде, түрік әміршілері араб жасақтарынан көмек сұрайды.
ТАЛАС ШАЙҚАСЫ
751 жылы біріккен араб-түрік қолы Тараз қаласының маңына жиналады. Арғы беттен 100 мыңдық Қытай қолы жақындайды. Екі жақ бірін-бірі аңдып, майдан даласында тапжылмай екі күн тұрады. Үшінші күн дегенде, Қытай әскерінің тылынан шыққан Қарлұқ жауынгерлері лап қояды. Бықпырты шыққан жауға бір сәтте араб пен түрік қолы шабуылдайды. Соғыста Қытай жағы тас-талқан болып жеңілді. Жеңіс түркі халықтарын қытай құлдығынан, оның будда дінінен аман сақтап қалды. Осы ұрыстан кейін Таң патшалығы 1000 жылға дейін Қазақ жеріне аттап баспаған болса, ал ислам діні бұл жерлерде кеңінен таралды және әсем де көрікті мыңдаған қалалардың пайда болуына сеп болды. Айтпақшы, осы ұрыста тұтқынға түскен Қытайлар (20 мыңға жуық адам тұтқынға түсті, 45-50 мыңдай қытай әскері өлді) арасында қағаз жасауды білетін шеберлер де бар екен. Міне осылар арабтарға қағаз жасауды үйретті.
ИСЛАМНЫҢ БЕЙБІТ ТАРАЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ
Жоғарыда жаздық. Мұсылман-арабтардың көшпелі түріктермен бірнеше рет соғысқанын. Адуынды күшін байқады. Персия, Мысыр, Шам жеріндегідей дінді қылышпен мойындату мүмкін емесіне көздері жетті. Бұл кезең туралы академик В.В.Бартольд «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы» деген мақаласында алғаш рет араб әскербасыларының жаулаушылық әрекеттен қайтып, басқа жолға, иландыру жолына көшкендігі жөнінде айтады. Түріктерге келгенде ислам енді құранда айтылған, кәпірлер қашан жеңілгендігін мойындап, «мойынсұну» алымын төлегенге дейін қайтпай соғыса беру жөніндегі қағиданы бұзуға мәжбүр болды. Ислам түріктер шекарасына келгенде бұрынғы қарқынды шабуылын бесеңсітіп, қорғанысқа көшті. Пайғамбар айтқан еді деп келетін: «түріктерге өздері тиіспесе тиіспеңдер» деген сөзін басшылыққа алды. «Турки были одним из первых народов, среди которых ислам, отказавшись от пропаганды оружием, имел успех путем убеждения» (В.В.Бартольд, соч. т. 2, стр. 244). Бірте-бірте ислам да жергілікті жердің әдет-ғұрпын қадірлеп, сақталуына жағдай жасайтын болды. Халықтардың әдет-ғұрпы, егер ол шариғат заңдарын өрескел бұзбайтын, тым қайшы келмейтін болса, дін иелері тарапынан қадірленіп, қайта ыңғайына қарай исламға қызмет ететін жағы қарастырылды.
Уақыт өте берді. Х ғасыр да келіп жетті. Түріктердің көп бөлігі мұсылманданып үлгерді. Ал, 961-ші жылы Қарахандар тұсында Ислам хақ дін ретінде мойындалып, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Түрік тарихшысы Зия Кабахшының айтуы бойынша, Қараханидтер кезінде Орта Азиядан үш жүзден астам фикх ілімінің мамандары шыққан. Иә, түрік жұртының дін Исламның беделін көтеруге көп септігі тиді. Дінді сақтауда, Исламның ғылым-білімін өркендетуде Түріктердей еңбегі сіңген ешқандай халық жоқ шығар?! Мәселен Пайғамбар хадистері туралы сөз етсек, Сахих Бұхари есімізге оралады. Бұхари Түрік еді. Бағдад, Шам қалаларын шауып, Дін Исламды жоқ етпекке ұмтылған Моңғолдарды кім тоқтатып еді? Бейбарыс сұлтан. Ол да түрік. Алгебра ғылымын Әл Хорезми дейтін ғалым ойлап тауып еді. Қазіргі Медицина сөзі Медет Сина сөзінен шыққан. Мағынасы – Синаның жәрдемі дегенге келеді. Бұл кітаптың авторы Ибн Сина еді. Әлемнің екінші ұстаз деп танылған тұлға – Әл Фараби. Бұлардың барлығы Түрік тумалары еді.
НҰРБЕК БЕКБАУ
Өтірікті соғыпсыңдар! Ислам шапқыншылары талай мәдениетті ойрандап, талай тілді жойып, талай халықты араб етті. Діннің өзіндегі көптеген уағыздар шапқыншылықты, адам өлтіруді қолдап тұр. Тек шыңғыс хан жорығы ғана сұрқия арабтарды тоқтатып, көшпелілерді араб болудан сақтап қалды.