Ресейдегі ең ескі мешіттердің бірі – Рязань облысындағы XV ғасырда салынған Хан мешіті мұсылмандарға қайтарылып берілгенін өткен аптада БАҚ құралдары жарыса хабарлады.
Ресей мұсылмандар діни басқармасы бірнеше жыл құқықтық талас-тартыстан кейін Мәскеуден шығысқа қарай 225 шақырым жерде орналасқан Қасымов (Касимов) қаласындағы Хан мешіті мен Мұхаммед Ауған Сұлтан мазарын қайтарып алған. Бұл мешіт пен мазар бұған дейін Қасымов аймақтық музейінің иелігінде болып келген екен.
Қуанышты хабар. Өйткені осы Қасымов қаласы мен аталмыш Хан мешіті татардан гөрі қазаққа жақын. Тарих оны былайша баяндайды: 1452 жылы осы өңірге Ұлық Мұхаммед хан ордасынан 500 нөкерімен Қасым сұлтан келеді. Сол кезеңнен бастап қала барлық құжаттарда «Қасымов» атала бастайды. Сол кезде Мәскеу князі Василий Қасым сұлтанның әкесі Ұлық Мұхаммедке жыл сайын құн төлеп отыруға және баласына аймақ патшалығын беруге мәжбүр болған екен.
Қадырғали Жалайырдың Ораз Мұхаммедпен бірге Ермакқа қарсы соғысып жүріп, 1588 жылы Сібірде тұтқынға түсіп, Мәскеуге жөнелтілген тарихын Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романында жеріне жеткізе жазғаны мәлім. Кейін Ораз Мұхаммед әскери қызметте ерекше көзге түсіп, 1600 жылы патша Борис Годунов оны Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызады. Ораз Мұхаммедтің таққа отыру салтанаты жоғарыда аталған Хан мешітінде өткені шежіреде тайға таңба басқандай жазылып қалған. Яғни Қасымов хандығының тағын Ұзын-Оқты Ондан сұлтанның баласы қазақ ханзадасы Ораз Мұхаммед иеленіп, он жыл басқарған.
1702 жылы Бірінші Петр патша Қасимов қаласының маңынан өтіп бара жатып, Хан мешітін храм екен деп қалып, биік мұнарасына қарап шоқыныпты. Қасындағылар оның шіркеу емес, мешіт екенін айтқанда, зеңбірекпен атып қиратуға бұйрық береді. Зеңбірек мұнарасын қиратқан жалғыз мешітті мұсылмандар патшаға жалынып-жалпайып әрең аман алып қалыпты.
2005 жылы Қ.Жалайыр бабамыз атындағы қордың ұйымдастыруымен Қадырғали би Жалайырдың жерленген жерін іздеп және бұл бабамыз туралы деректер жинастыру мақсатымен қазақ делегациясы Ресейдің Рязань облысындағы осы Қасымов қаласына барып қайтқан. Ондағы ғалымдардың зерттеу еңбектеріндегі деректерге қарағанда Қасымовтағы мұсылмандар жерлеген қорым, Шыңғыс хан әулетінің ұрпақтарын жерлейтін Сарайшықтан кейінгі екінші қасиетті орын болған. Экспедиция мүшелері бүгінгі күнге бүлінбей жеткен Ауған Мұхаммед Сұлтан (XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб Мұхамедтің баласы) кесенесінің ішіне қазақтың үлкен тұлғасы Қадырғали би Жалайыр бабамызға арнап ақ тастан «құлыптас-зират» орнатып қайтқан-ды. Қазақтың екі үлкен тұлғасының (Ораз Мұхаммед пен Қадырғалы Жалайыр) осы Қасымов қаласына жерленгені анық. «Ресейде түрік халықтарын ежелден татар деп атаған. Қазіргі татар ағайындар татар дегеннің бәрін өздерінің қатарына қоса береді. Негізінде Қырым татары бөлек, Сібір татары мүлдем бөлек халық. Олар өздерін ешқашан татар демеген. Сібір татары Қазанның татарына емес, қазаққа жақын халық. Сібір халқы сол уақытта осы біздің Көк орданың құрамында болған» дейтін жазушы М.Мағауинге жүгінсек, Қасымов қаласы мен Хан мешітінде қазақ тарихына қатысты небір тың зерттеулердің беті ашылмай жатқаны анық. Біздің қолымызға қалам алғызған да осы жай еді.
Тәшенов Төреғали