Женд – Сырдарияның төменгі ағысындағы көне қала. Ортағасырлық Ислам географтары Қазақстанның Сырдария төңірегіндегі үш қалада оғыздар өмір сүргені айтады. Олар: Жаңакент, Хуваре және Женд.
Женд Хорезмнен он күндік қашықтықта, яғни бүгінгі Қызылорда қаласының маңында болатын. Ал Хуваре туралы мағлұмат жоқ. Бұл шаһарды қашан және кімдердің тұрғызғандығы, онда кімдердің күн кешкендіктері жайлы да деректер ұшыраспайды.
Алайда, В.В.Бартольд ішкі Азия жазығындағы саудасы дамыған бұл қалаларда Х ғасырда мұсылмандардың өмір сүргендігін айтады.
Араб шежірелерінен Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі қалалары мен қоныстарының зиялылары жайында жазба деректер қалдырғандар бар. Солардың ішінде Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің (1179 – 1229) жөні бөлек. Ол өзі аралап көрген түркі тілдес мекендер түгілі өзен, су, тау, тас, көл аттарының да дұрыс айтылып, жазылуына мән берген.
Йақұт ар-Руми Женд шаһарына арнайы тоқталып, біршама қызықты мағлұмат келтірген. «Женд (Женд) дейді ол, – Түркістан еліндегі үлкен қала (мадина азима). Женд пен Хорезм арасы – он күндік жер. Женд – Мауаранаһрдегі түркілер еліндегі Сейхун өзеніне жақын жатыр (қариб мин наһр Сайхун). Халқы мұсылмандар. Әбу Ханифа мазһабын ұстанады».[1]
Ал «Қазақ Совет энциклопедиясында»:
«Жент, Женд, Дженд – орта ғасырда Сырдарияның төменгі бойында болған қала. Сол кездегі авторлардың айтуынша, Женд Х ғасырда түрік-оғыздарға қарады. ХІ ғасырдан Моңғол щапқыншылығына дейін Женд Сырдария бойындағы басты қала болды. Мұнда беделді мұсылман билеушілері тұрған. «Жаһаннаме» шығармасына қарағанда ХІІ ғасырда Арал теңізі «Женд» теңізі деп аталған. Бұл өз кезеңінде Женд қаласының маңызы зор болғанын көрсетеді. ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында қалаға атақты ғалым Жамал Қарши келген. Ол Моңғол шапқыншылығынан кейін, бұрынғы гүлденген құрылыс үйлері мен мешіттері көп үлкен қаланың орнынан шағын қыстақты көрген. В.В.Бартольдтің пікірінше, Женд Хиуа мен Бұхара аралығынан өтетін ескі керуен жолы бойындағы Тұмарөткел сайына орналасқан Қышқаланың қираған орны болса керек»[2].
Женд – орта ғасырлардағы Хорезм мемлекетінің тарихында жиірек аталады. Өйткені мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін көздеген Хорезм шаһтары қазақтың Сыр бойын мекендеген қаңлы, қыпшақ және т.б. тайпаларымен бейбіт қарым-қатынаста болуға тырысқан. Жатжұрттық басқыншыларға оп-оңай бас ие қоймайтын Сыр елінің баһадурларын олар бірде найзаның ұшымен, бірде білектің күшімен өз ықпалында ұстаса, енді бірде сый-сияпат көрсетіп, олармен одақ құрып, ортақ жауға бірге аттанатын. Сол Сыр елінің рухани орталықтарының бірі ретінде Женд қаласының сол жерге қатысты жазба деректерінен көріне беретіні де сондықтан.
Женд – арнасын жиі өзгертіп отырған Сырдария мен оның сулы да нулы орман, аспалы көпірлермен жабдықталған, қамалмен қоршалған шаһирстаны, теріскей жағынан кіші қорғанмен қоршалған, жан-жаққа таралатын күре тамырлы көшелері бар рабаты болған. Орталық алаңда хан мен сұлтандардың жарлықтары жарияланып тұратын. Қалада мешіт-медреселер, керуен-сарайлар да болған. Сырдан тартылған бас арық шаһардың шығысынан кіретін де, оны қақ жара өтіп оңтүстік батысқа бет түзейтін. Қала егістігі, мәуелі бақтар қорған сыртына еді.
Женд өзін жеміс-жидекпен, азық-түлікпен толық қамтамасыз еткен. Алыстан ат арытып, жол азабын көрген керуен Жендке иек артқанда, жаннат бағына жеткендей күй кешетін. Ақындар мен ғалымдар, жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер бас арық бойындағы шүңетті-әуезді баққа жиналып өнер жарысына түсіп жататын.
Женд Х ғасырда Оғыз хандығына салық төлейтін. Бірақ халқы көбейген соң Субаши Селжук бин Дукак өз отбасымен, сондай-ақ мал-жандарымен Жендке қосылған. Сол жерде исламды қабылдаған. Сөйтіп ол Оғыздарға салық төлеуден құтылған.
Женд басқа да қалалармен біріге отырып исламды қабылдамағандарға жиһад жариялап, үлкен абыройға ие болып әл-Малику-л Ғази деген атаққа ие болған. Селжуктің баласы Туғрул және Чағридің әкесі Микаил сондай жиһадтарда шәһид болған. Селжук 100 жылдан астам өмір сүріп, Жендте қайтыс болады. Селжуктер аталарының өлімінен кейін Қарахандықтармен Әбу-л Фауарис шаһ Малик бин Әли әл-Бараның бұйрығымен Жендтен айрылып Бұхара және Самарқанд арасындағы Нұр ауылында жерленеді. Женд қаласынан айырған Селжуктердің дұшпаны Әбу-л Фауарис шаһ Малик еді.
Шаһ Малик тарихшылардың айтуынша Оғыз патшасы Әлиханның баласы болып Газнели Сұлтан Масғуд, Қарахандықтарға және Хорезмнің қатігез хандарына қарсы келісім жасаған. Шаһ Малик [һижраның] 429//1039 жылы Сұлтан Масғудты Хорезм жеріне басшы етіп тағайындап, Хорезм Алтынтастың баласы Исмаилды ол жерден қуып шыққан. Исмаил Селжуктерден көмек сұрауға мәжбүр болады. Жәрдемге келген Чағрыны да жеңген шаһ Малик одан кейін Туғрыл жағынан шабуылға ұшырады және Газнуилерден пана сұрау үшін Дағыстаннан өтіп, Мекранға қашты. Шаһ Малик 1042-43 өлтірілді.
Селжуктер соңыра Жендтен бөлініп Иран және батыс аймаққа қарай жерлерін кеңейте түсіп, қыпшақтардың қолына өтті. Бірақ Женд мемлекеттің басталуы және орталығы және негізі болған қасиетті деп есептелген. Селжуктер қаланы ешқашан ұмытқан емес. Сондай-ақ Сұлтан Алыпарслан 1065 ж. Хорезм мен Маңғыстау жорығында сол отбасыға аты берілген Селжуктің қабіріне зиярат ету үшін Жендке дейін келген. Жендтің әкімі оны қошеметтеп, оған мойын ұсынатындығын білдіреді. Сұлтан да оны орнынан алған жоқ. Сұлтан Санжар да жиһад және ғазауат майданы болған Жендті уақытында басқарып, Аббасиларға жіберген бір хатында Женд аймағында бірнеше кәпірді қылыштан өткізгендігімен сүйіншілеген. Сұлтан Атсыз дәуірінде (1128-1156) Женд Хорезм шаһтардың қарамағында болып, сол уақытта да Орта Сырдария жағалауы және Маңғыстау түбегімен бірге мұсылман болмаған қыпшақтарға қарсы жасалған соғыстардың орталығы болған.
Хорезм шаһтары өз мемлекетінің солтүстік шығыс жағындағы қиыр шегіне орналасқан және көне Жібек жолының үстіндегі Женд, Баршынкент қалаларына үлкен мән беріп, оларды әрдайым ықпалынан шығармауға тырысқаны жайдан-жай емес. Бәлкім, сондықтан да болар, мұнда керуендер көбірек келіп, тауарларын қойдай тоғытып жататын.
Хорезм шаһ Атсыздың 1138 жылы бас көтеру себебімен Сұлтан Санжар Хорезмге жорыққа шығар кезде Атсызды мұсылман өлкелерінің басшылары болған және кәпірлерге қарсы соғысқан әскерлерді жоқ ету және Женд пен Мағыстауда қан төгуге себеп болған кісі деп айыптады. Атсыз 1138 ж. болған соғыста Санжарға көмек етпей, соғыс майданынан қашып кетеді. 1143 ж. ол екі рет бас көтерсе де оңды болмады және соңында соған мойын ұсынып үкім жүргізуді қабылдады. Дүниенің анасы және кіші ислам қалаларының үлкені аталған Жендті [һижраның] 540//1045 жылы раби әл-ахир айында қайта басып алды, бірақ Санжардың 1147 ж. жорығынан кейін қала Хорезм шаһ қолынан шығып Селжуктарға өткен.
Атсыз 1152 ж. Арсланхан Мұхаммедтің немересі Камал ад-дин Атсыз үлкен әскерімен келе жатқанын білген соң қашып кетеді. Атсыз түрлі уәделер беріп, оны қайтарып қамауға алды. Сөйтіп Камал ад-дин түрмеде қайтыс болды. Атсыз қайта қолына алған Жендке кейін ханзада болған баласы Ел-Арсланнан Ала ад-дин Текеш келді. Атсыз 1133-1152 ж. жорықтарынан кейін [һижраның] 591 ж. (1195) Ала ад-дин Текеш 1209 ж. Ала ад-дин Мұхаммед қыпшақтарға қарсы соғыстарда осы жерді майдан алаңы етті.
Женд сөйтіп осындай түрлі жаугершіліктер мен соғыстарды бастан кешкен.
Женд қана емес, сондай-ақ Баршынкент те Хорезмнің вассалы ғана емес, сонымен қатар үлкен әскери одақтасы да еді. Өйткені Хорезмді билеген Текеш Сыр елі әміршілерінің бірі Жанкісінің қызы Тұрхан хатынға үйленген соң Хорезм уалайатында қаңлы, қыпшақтардың рөлі күшейе бастайды. Текеш қайтыс болған соң үкімет билігі оның Тұрханнан туған ұлы Джалал ад-динге тиген кезде, адуынды да өткір, алымды да шалымды Тұрхан хатын мемлекет істеріне көп араласқан. Ортағасырлық тарихшы Хафиз-и Таныш Бұхари (1549–?) «Шараф нама-ий шаһи» («Шаһ даңқы жайлы кітап») атты еңбегінде осы туралы: «Сұлтан Джалал ад-диннің шешесі Қаңлы тайпасынан шыққан Тұрхан хатын осы бір пілте шамның (Джалал ад-диннің) жалыны еді»[3] дейді. Міне осы Тұрханның арқасында бірте-бірте қаңлы, қыпшақтан шыққан баһадурлар үлкен мансапқа ие бола бастаған. Хорезм әскерінің құрамында қаңлы, қыпшақ қосындары аз болмаған. Сондықтан Тұрханның қалауымен оның төркінен шыққандар Сыр бойының қалалары мен қоныстарына ғана емес, сонымен қатар Хорезм шаһына қараған өзге де жерлерге билік жүргізе бастаған.
Жендті 1120 жылы Шыңғысхан басып алды. Хорезмшаһтың Жаңакент және Жендтегі әкімі Құтлығ хан моңғолдарға қарсылық көрсете алмады. Шыңғысханның сенімді жақтастарынан Әлиқожа Жендке әкім болып, өмірінің соңына дейін сол қызметте қалды. Шыңғысханның үлкен баласы Жошы да Үргеніш жорығында Женд майдан алаңы етілді. Женд Моңғолдың ұлы хандары 1206-1370 ж. және Шағатайлар тұсында 1227-1370 жылдары орташа қала ретінде өмір сүрді.
XIV ғасырдан кейін Женд жайлы мағлұмат кездеспейді. Арал теңізі көбінесе Женд көлі деп аталатын. Селжуктің мазары сол жерде болғандықтан Селжуктар оны қасиетті қала десе, Йақұт әл-Хамауи ар-Руми жоғарыда айтылғандай «Женд VII– ХІІІ-ші ғасырларда өмір сүрген шаһар, онда сүннит ханафилер өмір сүрген»[4] деп жазған. Жендте өмір сүрген атақты кісілер арасында ғұлама Замахшарилердің шәкірті қазы және ақын Иақұб ибн Ширин әл-Женди, Әбу Насыр Ахмед ибн Фадл ибн Мұса әл-Женди және «Нафхату-р рух және тухфату-л футухтың» авторы Муин ад-дин әл-Женди және халықтың сүйіктісі болған Камал ад-дин әл-Хорезми Жендте қайтыс болған соң, 1273 жылы сонда жерленген.
Қазақ ғалымдары Жендті Қазалы маңында еді деп есептейді. Сол себепті «бір топ ғалым 2010 жылы Қазалы ауданында жатқан шаһар орнына зерттеу жүргізді. Осы шара барысында олар үлкен олжаға кезікті. Көне шаһардан құмыра тапты.
Құмыраның көлемі де үлкен. Ұзындығы бір метрге жуықтайды. Ернеуінің кеңдігі 60 сантиметрді шамалайды. Түбінің көлемі 30 сантиметр. Ернеуінің жоғары жағында мөр тәрізді таңбалар байқалады.
Жанкент қаласының тарихы тым әріде. Көне шаһар ІХ-ХV ғасырларда өмір сүрген, Еуропа мен Азия арасын жалғаған Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен. Қалада ислам мәдениеті өркендеген. Ескі қала ғалымдардың қызығушылығын туғызып келеді. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары Жанкент қаласына жоспарлы түрде қазба жұмыстарын бастап кетті. Олар алғашқы жұмыс сәтіңде осындай құнды қазынаға кезігіп отыр. Ғалымдар құмырамен бірге, өзге де қыштан құйылған дүниелерді тапты[5].
Ибн әл-Асир деген атпен мәлімірек Әбу-л Хасан Әли ибн Әби-л Карам Асир ад-дин Мұхаммед аш-Шайбани әл-Джазари (1160-1233) «әл-Лубаб фи тахзиб әл-ансаб» атты шығармасында ортағасырларда Оңтүстік Қазақстандағы Арысбаникас (Усбаникас), Исфиджаб, Фараб, Будухкас, Баласағұн, Шауғар, Шалдж, Сунақ, Тараз, Уасиджден шыққан даналармен қатар Сыр бойындағы Женд пен одан шыққан жендилер жөнінде де аз да болса мәнді де маңызды мағлұматтар қалды.
«Әл-Женди» – деп жазады Ибн әл-Асир, – бұл нисба бірнеше елдерге қатысты. Солардың ішінде «Женд» атты шағын қала (балда) да бар. Ол Сейхун жақта, түріктер шекарасында. Одан бір топ ғалымдар шыққан, олардың арасында қазы Йағқұб ибн Шырын әл-Женди де бар. Ол ғұлама ғалым еді. Тамаша өлеңдер жазған. Хорезмге [һижраның] 548 ж. (1153-1154) келген. Женд – түркімен руына (таиф) байланысты атау. Олардан Әбу-л Фадл Ахмед ибн әл-Фадл ибн Мұса әл-Мұзаккир әл-Женди шыққан. Ол Әбу Бәкр ибн Әби Исхақ әл-Калабазиге ілесе жүріп хадистер жазып жүрген»[6] дейді.
Міне осы Жендтен сөйтіп бірқатар даналар шыққан. Қираған, құм басқан шаһарлар сияқты оның ғалымдарының еңбектері де дүние жүзіне шашырап кеткен. Солардың алғашқыларының бірі – Түрк-и Женди.
1. ТҮРК-И Женди (Қожа Женди).
Түрк-и Женди («Жендтік түркі (Сырдарияның төменгі жағындағы Женд өлкесінен шыққан)») немесе Қожа Женди – Бұхараның әйгілі сопысы Әбу Бәкір әл-Қалабазидің (990 немесе 995 ж.қ.б.) ізбасары, мүриді. Оның Бұхараның жергілікті тұрғындары арасындағы қарапайым аты – имам шейх Ахмед ибн Фадл Әбу Насыр әл-Женди (Х ғ.). Әбу Насыр әл-Женди Бұхарада өмір сүрді, сол жерде қайтыс болған соң, қаланың оңтүстігіндегі қала құрылыстары арасындағы қабырстанға жерленген. Қабырстанмен іргелес махалла оның атымен Түрк-и Женди деп аталған. Жұрттың айтуынша шейх (әулие), ал халық оның қабыріне де тоқтап құрмет көрсетуге асығатын.
Түрк-и Жендидің күмбезі Бұхараның оңтүстік шетінде. Ол VІІІ (?)-Х ғасырларда рабад немесе шахри бирун (парсы-тәжік тілдерінде «сыртқы қала»), ал ХVІ ғ. «хисар-и нау» немесе «хисар-и жадид» (парсы-тәжік тілдерінде «жаңа қала») аталған. Түрк-и Жендидің кесенесі халық тығыз орналасқан тұрғын үйлер арасындағы кішігірім ғимарат (4,25х4, 25 м.), ол күйдірілген қыштан тұрғызылып, саз балшықтан әспеттеліп безендірілген. ХІ ғ. басында саманидтер (875-999) әулетінің құлауына байланысты Бұхара астана мәртебесінен айырылды да қаланың шеткі тұрғын аймағы кішірейе бастады. Осы кездері бос қалған үйлер орнына яғни Түрк-и Женди мазарының айналасына алғаш рет мәйіттер жерленіп, қабырлер пайда болды, сөйтіп қабырыстан кеңейе бастады.
ХІІІ-ХІV ғғ. Күмбез жанына жанамалай зиратхана салынды, онда қасиетті құдық болды. ХVІ ғ. біздің заманымызға дін аман жеткен сәулетті ғимарат ансамблі қайта салынды, оның монументальды хасбеті – кіре берісі қала шетіне шығаратын Намазгах қақпасына (ХІ ғ. Ибраһим қақпасы деп аталған) жетелейтін даңғыл жолға қараған. Хасбеттің жан-жағы кішігірім аулаға шығатын хұжралар. Ауланың қарама-қарсысында көне кесене мен зиаратханадан биік етіп салынған екі бөлмелі ғимарат бар. Босаға есігіне жөндеу кезінің бірінде, оның қай уақытта жасалғаны туралы және 1228/1813 ж. ғимараттың жөндеу жұмысы мен құрылыстың мақсатын білдіретін термин (саума а-сопылар қонысы, син.: ханака, зауира, текие, (такийа) ойып жазылған.
ХХ ғасырдың бас кезінде қорымның көлемі 1-гектар жерді қамтыды. Уақыт өте ХХ ғасырдың үшінші жартысында (Бұхара ішіндегі көне мазарларға жерлеуге тиым салынған кезде) қорым ақырындап мазардың жақындығына байланысты кеңейе 8-метрге жетті. (Жерлеу 10-қатар болған). ХХ ғасырдың 70-жылдары ол алынып тасталды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында кесененің кейбір көнерген тұстары қайта жөндеуден өткізілді. Он жылдан аса уақыт бұрын ауладағы мәйіт қойылатын шұңқыр (туг) жаңғыртылды. Кесененің көрханасына іргетас деңгейіндегі көне кесене қалдықтары мен мәйіттер тазартылып, ол жерге Түрк-и Жендидің сағанасы мен мәйіт қойылатын үңгір туг орнатылды. Ғибадатхана пердемен жабылған.[7]
Әбу Саъд Абд әл-Карим ас-Самани Женди деген атауға екі рет тоқталған. Әуелі ол «бұл сөздің аталмыш қаланың (балад) атауы» екенін айтумен қатар, осы шаһардан Йағқұб әл-Женди шыққан», – дейді. Ал екіншісінде «әл-Женди (деген сөз) Жендтік түркімендерге (түркілерге) ұқсас тайпа нисбасына қатысты», – дейді. Әбу Саъд әйгілі тайпаның Бұхараның әл-Қарийа әл-джадида ауданына (нахийа) қоныстанғанын, ал Түрк-и Женди аталған Әбу Насыр Ахмед ибн Фадл ибн Мұса әл-Мұзаккар әл-Жендидің осы тайпадан шыққанына тоқталады.[8]
Сонымен Женд перзентінің өз аты – Әбу Насыр Ахмед. Әкесі – Фадл. Бабасы – Мұса. Оның өте шешен, білімді Бұхаралық Әбу Бәкр ибн Исхақ әл-Калабазимен сұхбаттас болғанын байқадық. Ол қасиетті Құранға түсіндірме жасаушылардан тағлым алып, хадистер де жазып алған. Әбу Саъд Әбу Насыр әл-Женди жайлы осындай деректерді өзіне сол кездегі озық ойлы Бұхара ғұламаларының бірі, хадистанушы, Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғатшы, тарихшы, филолог, «Әл-Мудахат уа-л мудафат фи-л асма уа-л ансаб» – «Есімдер мен нисбаларға түзетулер мен қосымшалар» атты еңбектің авторы Әбу Камил Ахмед ибн Мұхаммед әл-Бусайри әл-Анбардувани әл-Бұхаридің (?-1057) айтып бергеніне ризашылық білдірген.
1. ГИЙАС АД-ДИН ӘБУ-Л МАДЖИД ӘЛ-ЖЕНДИ.
Сөйтіп, моңғол шапқыншылығына дейін Хорезм өлкесі ғана емес, сонымен қатар оның солтүстігінде жатқан Сыр елінде де мәдени-рухани өмір әжептеуір дамыған-ды. Ибн әл-Фуати ныспысымен белгілі ортағасырлық оқымысты өзінің бір еңбегінде Сыр елінің бас қаласы Жендте ғұмыр кешкен ақындардан Женди атты шайырдың атын атап, оның бір топ өлеңдерін келтірген.
Жерлесіміздің толық аты-жөні – Гийас ад-дин Әбу-л Маджд Мұхаммед ибн әл-Хасан ибн Ибраһим. Таратып айтсақ, өз аты – Гийас ад-дин Әбу-л Маджид Мұхаммед, әкесінің ныспысы – әл-Хасан. Бабасының аты – Ибраһим. Ақын алғашқы білімін Жендте алған. Сонан соң Хорезм өлкесінің бас шаһары Үргеніште (Джурджанда) білімін молықтырған. Әдебиет пен тарих, тіл мен фиқһ секілді ғылым салаларына тереңдей бойлаған Гийас ад-дин соңынан туған қаласына қайтып оралып, ғұмырын сонда өткізген.
Ибн әл-Фуати оны «тамаша ақындардың бірі еді, өлеңдері де ғажайып» дей келе, газал жанрына жататын жыр жолдарын келтірген:
Ынтықтық – ақыл-естен айырылғандардың кез-келгені
ұшырайтын ауру.
Махаббат – қайнары оның тым тәтті,
Махаббат – қайнары оның тым ащы.
Басы уайым, соңы құштарлық оның
Құпиясы оның ішіңді өртейді,
Айқындылығы жаныңды жабырқатады.
Еһ, махаббат қайғысын көтере алсамшы,
Өйткені оның жолын қуушылардың машахатын білем.
Оның самалымен рахаттана отырып.
Жұпар иісінің әсерімен жазылып та кетер ме ем.[9]
Гийас ад-дин кәдімгі ақындардан гөрі оқымысты ақындар санатына жақын секілді. Өйткені ол махаббатты жырлағанда жанын жегідей жеп, сезіміне әсер етіп, көңіл құсын шарықтатып, жүрегін әлем тапырық еткен ыстық сезімді, өз көңіл күйін емес, өзінің махаббат жайлы байқағаны мен көңілге түйгенін ғана жыр жолдарына түсірген деуге болады.
3. Мазхар ад-дин Әбу Саид Мұхаммед бин Абд әл-Азиз бин Абд әл-Мумин әл-Халафи әл-Джанди.
Өз аты – Мазхар ад-дин Әбу Саид Мұхаммед. Әкесі – Абд әл-Азиз. Бабасы – Абд әл-Мумин әл-Халафи. Қай жылы және қайда туылғаны жайлы мағлұмат жоқ. Біз оны XI-XII ғасырда өмір сүрген деп шамалаймыз. Ибн әл-Фуати оны (фиқһ маманы, көрнекті ғалым және пайымшыл кісі еді. Ол бірде өзінің ізбасарлары арасында: «Мен Мұхаммед ибн Мубуруктың: «Әлдеқалай түнде мен бір қыстаққа қондым. Түннің бір уағында қарным ашқан соң мешітке бет алдым. Азан шақырды. Сонан кейін имамдық етіп олармен бірге намаз оқыдым. Аяттардың бірінен төмендегіні оқыдым: «Уа-л аджинат аджнан уа-л хабазат хабзан уа-л саридат сардан фа-л адимат самнан, фа-т тағимат дайфан улаика лаһум аджрун азим» – «Қамыр илеп, нан жайып, нан турап, май жағып қонақтарға тамақ беріп жатқан әйелдер атымен ант етем. Оларға бұл үшін үлкен сыйлық бар» дегенін естідім» деп әңгімеледі. Біз намазды бітіргеннен кейін сағат өтпей жатып, жан-жақтан ас құйылған табақ ұсыныла бастады – депті» деп жазған.
Проф. Әшірбек Момынов Ташкенттік дін қызметкері Дүрбек Рахымжановтан мүбарак кітапта осындай аяттың бар, жоқтығы жайлы сұрағанда ол, қасиетті Құранның Осман редакциясында мұндай аяттың жоқтығын айтыпты. Біз де сондай пікірдеміз.
4. Әбу Абдалла Муаййад ад-дин ибн Махмұд ибн Сағид әл-Женди (1203-1292).
Оның өз аты – Әбу Абдалла Муаййад ад-дин. Әкесі – Махмұд. Бабасы – Сағид. Әйтсе де кейбір деректерде ойшылдың азан шақырылып қойылған Әбу Абдалла есімі атала бермейді. Ол моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни 1203 жылы Жендте дүниеге келген. Алғашқы білімді туған жерінде алған Әбу Абдалла бірте-бірте сопылық ілімге ден қояды.
Женд перзенті туралы жазба мағлұматтар көп емес. Ол хақында Умар Рида Каххала «Муғжам әл-муаллафииінінде» бірер жолдық дерек келтірген. Өз жазбаларын: «Муаийад ад-дин, сопы (?–691/1292)» деп бастаған Умар Рида әрі қарай оның аты-жөнін «Муаийад ад-дин бин Махмұд бин Сағид бин Мұхаммед, сопы. Фадил (тамаша) кісі. Оның «Ламийа» (атты поэмасы бар). Оны өзі үшін [һижраның] 691 жылы шығарған (да) «ад-Дурар әл-ғалийат фи шарх әл-хуруф әл-алийат» – «Сопылық жауһарлардың жұпар лебі туралы биік ләм әріпті түсіндірмелер» деп атаған»[10] десе, ал «Кашф аз-зунунның» авторы, ортағасырлық Осман тарихшысы Катиб Челеби деген атпен белгілі Маула Мұстафа бин Абдалла әл-Қустантини ар-Руми әл-Ханафи аш-шаһир би-Мулла Катиб әл-Челеби уа-л мағруф би-Хаджи Халифа (1608-1657): «Ламийа. (Оны) «Шейх Муаийад (ад-дин) бин Махмұд бин Сағид бин Мұхаммед сопы жазған. Еңбегін өзі үшін [һижраның] 691/1292 жылы туындатқан»[11] деп жоғарыдағы Умар Рида Каххала деректерін біршама қайталаған.
Ал Исмаиыл Паша әл-Бағдади (?–1920) «Һадийату-л арифиинінде» «Әл-Женди Муаийад бин Махмұд бин Сағид бин Мұхаммед әл-Хатами. Лақабы – Муаийад ад-дин әл-Женди. Сопы, [һижраның] 691/291 жылынан кейін қайтыс болды. Ол «Ад-Дурар әл-ғалийа фи шарх әл-хуруф әл-алийа фи тасаууф» – «Сопылық жауһарлардың жұпар лебі туралы биік ләм әріптерлі түсіндірмелер» атты еңбек жазды»,[12] – дейді.
Сонымен оның аты-жөнін жоғарыдағы жазбаларға қарап бір ізге түсірер болсақ лақабы – Муаийад ад-дин. Өз аты – Әбу Абдалла. Әкесі – Махмұд. Бабасы – Сағид. Арғы атасы – Мұхаммед әл-Хатами.
Неміс шығыстанушы Карл Брокельман (1868-1956) «Араб әдебиетінің тарихында» бірақ оның туған жерін білдіретін Жендті «әл-Жанади»[13] деп қате көрсеткен.
Ол жайлы қалам тербеген Афлақи, Жами, Мағсұм Әли Шаһ, Дикхуда секілді парсы тілді де авторлар бар. Бірақ атақты парсы ақыны Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жамиден (1414-1492) басқасының Әбу Абдалла жайлы дүниелері қолымызға түспеді.
Әбу Абдалла әл-Жендидің «Нафхату-р рух уа тухфату-л футухынан» – «Рух лебі және сыйлықтың ашылуынан» оның өмірінің сопылық жолды ұстанғаннан кейінгі кезеңіне қатысты кейбір мағлұматтарды кездестіруге болады.
Жендтік баба бұл дүниесінде сопылық ұстанымға ден қояр тұста дүниені тәрк етіп Жаратушыға бет бұруды ойлаған. Бірақ ұстаздары мен жақын туыстарының сопылық жолға түсуіне кедергі болғандарына таң қалған ол таңдауды өзі жасауға бел буады. Сөйтіп алғаш естіген қасиеттіҚұран аятына сай әрекет жасауды ниет етіп мүбаракҚұран оқылып жатқан ортаға келеді. Ол жерде ешбір нәрсенің Алладан, Оның елшісінен және Алла жолында күресуден маңызды емес екендігін түсіндіретін қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 24-аятын тыңдап, терең ойға шомып, әсерленеді. Сопылыққа ден қоюына қарсылық білдірген ұстазы – әкесіне ертерек дүниеден өткен анасынан қалған мұраны қалдырады. Қалың мал ретінде жарына мыңдаған теңгелік алтын береді. Осылайша дүниені тәрк еткен ол Жаратушыға бет бұрып Женд шаһарынан шығындап шығып, қажылыққа аттанады. Түркияда «әулиелердің әулиесі», «кәміл адам» деп танылған Мухий ад-дин ибн әл-Арабидің (1165-1240) ізбасары Садр ад-дин Кунауидің (1210-1263) сұхбатына қатысып, оған он жыл қызмет етеді[14].
Әл-Женди Садр ад-динмен оның Кониядағы шағын мешітінде кездескен сияқты. Түрік ғұламасының қасында жүріп сопылық жолын тамамдап, ұстазы дүниеден озған соң 1274 жылы Бағдатқа барып Кунауидің ізбасары ретінде адамдарды тура жолға шақырумен шұғылданады. Бағдатта өзін «мәһдимін» деп жариялаған біреуге қарсылық білдіруі себепті бірқатар қиыншылықтарға душар болады[15]. Осы жерде ол Ибн әл-Арабидің «Мауақиғ ан-нужум» – «Жұлдыздар мекені» атты еңбегіне түсіндірме жазады. Кейін Бағдадтан Түркиядағы Синоп қаласына келеді. Ол «Нафхату-р рух уа тухфату-л футух» – «Рух лебі және сыйлықтың ашылуы» атты еңбегін парсы тілін білетін, әрі сопылыққа қызығушылық танытқан бір әйелдің өтініші бойынша жазған.
Исмайыл Паша әл-Бағдади (?–1920) Әбу Абдалланы [һижраның] 691 (1292) жылы қайтыс болды десе[16], Наджиб Майли Хирауи оның [һижраның] 700 (1301) жылдары дүниеден озғандығын[17] алға тартады.
Әбу Абдалла әл-Женди Андалусиялық (Испаниялық) атақты ғалым ибн әл-Арабидің сопылық жолына шынайы берілген еді. Оның «Фусус әл-хикам» – «Кемеңгерлік меруерті» атты еңбегіне алғашқылардың бірі болып түсіндірме жазған. Кейін «Фусус әл-хикамға» – «Кемеңгерлік меруертіне» түсіндірме жазған өзгелер (150-ден астам түсіндірмелер бар) оны өз еңбектеріне арқау еткен.
Ибн әл-Арабидің «Фусус әл-хикамын» – «Кемеңгерлік меруертін» көрнекті мемлекет қайраткері, халқымыздың тұңғыш тарихшысы, ақын, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) де өзінің «Тарих-и рашидиінде»[18] атап кеткен.
Әбу Абдалла әл-Жендидің «Нафхату-р рух уа тухфату-л футухы» – «Рух лебі және сыйлықтың ашылуы» 1996 жылы Стамбұлда түрік тілінде (аударған Хайретдин Йылмаз) «Вуслат йолы» – «Қауышу жолы» деген атпен жарық көрді.[19] Кітап 181 беттен, әр беті 33 жолдан тұрады. 7-23 беттерінде Хайретдин Йылмаздың және шығарманы баспаға әзірлеуші Наджиб Майли Хирауи, сондай-ақ Әбу Абдалланың өзінің де өз алғысөзі берілген[20].
Женд перзентінің өзі не дейді? Әуелі соған үңілейік:
«Бисмиллаһир рахманир рахим.
Алланың сәлемі мен салауаты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның асхабы мен таңдаулы құлдарына болсын.
Ұлылық, шүкірлік тек бүкіл жаратылыстың иесі Аллаға ғана тән.
Қолдарыңыздағы мына рисала, діни әрі қоғамдық маңызды мәселелерді қамтиды. Адам баласының материалдық, рухани һәм ақыреттік қажеттіліктері туралы сөз етеді. Кемелдікті іздеген жандар осы еңбектегі сөздер мен қағида негіздерін зерттеу арқылы Аса рахымды Алланың нәсібіне ие болады. Осылайша «құлақ естімеген, көз көрмеген, ешбір адамның ойына, жүрегіне кірмеген рухани» нығметтерге бөленеді. Бұл еңбек тек таңдаулы адамдар үшін ғана емес. Керісінше қарапайым халыққа арналған.
Ей, досым!
Алла тағала іліміңді арттырсын. Құранда ілім жайында періштелерге: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін!»[21], «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?»,[22] – деді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Уа, Алла тағалам! Ілімімді арттыра гөр!» деген дұғасын қабыл етіп, «Шын мәнінде Алладан басқа құлшылық етуге лайық ешбір тәңір жоқ»[23] деген аяттан кейін оған (с.ғ.с.) илаһи нығмет пен ілім нәсіп етті.
Дәуіт пайғамбарға (ғ.с.) қалағанын үйретті[24]. Яғни оған (ғ.с.) мүлік пен пайғамбарлық сыйлады. Сүлеймен пайғамбарға (ғ.с.) құс тілі үйретілгендігін Құран аяттарынан[25] білеміз. Осы секілді Шұғайып (ғ.с.), Ибраһим (ғ.с.), Мұса (ғ.с.) пайғамбарларға да Алла тағала ілімді нәсіп етті. Періштелер Алла тағаланың шексіз іліміне мадақ етті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ғалым болғандарыңыздың, құлшылық етуші адамнан артықшылығы, менің үмбетіме болған артықшылығым секілді» деген болатын. Мұндағы үндеу мен мақталған қай ілім? Ара жігін ажыратып алу керек. Себебі бірнеше адам өздерін ғұлама санап, пайғамбарлардың мұрагеріміз деп ойлайды. Алайда сөз етілген ілімді маңдай термен игеру мүмкін емес. Ол Алла тағаланың таңдаулы құлдарына нәсіп еткен ілімі.
«Улуми Ахади уа Маариф сармади» атты еңбекте ілімдердің сыныпталуына кеңінен тоқталғанбыз.
Әнбия мен әулие жандарға Алла тағала ілім нәсіп еткен болса да, олардың дәрежелері әр түрлі. Сондай-ақ, олардың қабілеттеріне қарай ілім берген.
Ол ілім мен қабілетке хатаму-л әнбия мен хатаму-л әулияның (хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең жетілген мұрагерлерінің) жолымен қол жеткізуге болады.
Ал ол екі ұлы тұлғаның (пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен Мұхий ад-дин ибн Арабидің (құддиса сирруһу)) қолданған тілі – араб тілі. Ажам (парсы тілінде сөйлейтіндер) халқының іліммен айналысқандары көбінесе толық ақиқатқа қол жеткізе алмай қалуда. Сондықтан да Хақ тағала ұлы тұлғалардың мұра етіп қалдырған игі-амалдары мен жақсылығын ажам ілім ізденушілеріне жеткізу үшін осы рисала және басқа да еңбектерім арқылы нәсіп болды. «Хуласату-л Иршад уа иршаду-л хуласа» және «Иксирул калимат» атты т.б. еңбектерімнің барлығында хатаму-л әнбия мен хатаму-л әулияның (рухани нәр алған) үлесі бар. Бұл еңбекті де «Нафхатур-рух уа тухфату-л футух» деп атадық.
Еңбекті ұлы патшайым, әйел затының мақтанышы, ғасырымыздың Рабиясы, ұлы падишаһ шежіресінің мақтаныш қайнары, ислам мен мұсылмандардың шарттарына (Алла тағала оның әрбір жақсылығын арттырып, қорғауына алсын!) сый ретінде тарту еттім. Осылайша әулиенің мәртебесі мен мақамына жоғарылауын қаладым. Оның жаратылысы мен мінезінде пәктік сенім бар-ды.
Кейіннен тариқат жолындағылар т.б., осы әйел затының айналасына жиналды…
Оның адамдардың көңлін аулап, қорғауы мен кішіпейілдік мінезі туралы естігеннен кейін естігендерімді көзбен көрсем деп Синопқа бардым. Кездескенімде естігендерімнен де көбіне куә болдым.
Еңбектен қажетті ілімді алсын деген мақсатта осы еңбекті өзіне лайық көріп, сыйлауды жөн көрдім»[26] – деп жазады..
Ал, Хайретдин Йылмаз: «Һижри жетінші (милади ХІІІ) ғасырды, қаншама қиыншылықтарға қарамастан ислам ілімі мен мәдениетінің өркендеген дәуірі деуге болады… Еңбек авторы [Әбу Абдалла әл-Женди] Мауараннаһр-Түркістан аймағында орасан зор қызмет атқарған. Сондай-ақ, түрлі себептерге байланысты «Рум аймағы» яғни Анатолияға қоныс аударып, сол жақта ағартушылық жұмыстар жасаған. Мәселен Маулананың Андалусиядан Анатолияға келуі, осы жерде ең мықты шәкірттердің тәрбиеленуі, оның аса құнды еңбектерінің мұра болып қалуы әлі күнге дейін мәдениетіміз бен рухани өркениетімізге елеулі әсер етіп отыр[27].
Хайретдин Йылмаз Әбу Абдалланың өз отанында өткізген жылдары туралы еске ала келе, өз елінде оның орасан зор қызмет атқарғанын айтады. Бірақ ол нендей орасан зор қызмет атқарды?. Хайретдин Йылмаз ол туралы нақтылы ештеңе айтпаған. Сондай-ақ Хайретдин Йылмаз жерлесіміздің Женд өңірінен түрлі себептерге байланысты Анатолияға кеткенін де ескерткен. Ол қандай себеп деген сауалдар да жауапсыз қалған.
Әрі қарай алғысөз авторы: «Түркиядан Садр ад-дин Кунияуи сияқты ғалымдардың шығуы ибн әл-Араби қызметінің жемісі. Кунияуи сияқты қаншама ғалымдардың өмір сүру салттары, құнды еңбектері, иман, фиқһ және ахлақ секілді рухани дүниемізге азық болған. Бұны Алланың бізге берген игілігі деп түсінгеніміз жөн болар.
Қолдарыңыздағы мазмұнды жинақ ибн әл-Арабидің ізбасары, Садр ад-дин Кунияуидің Муаийад ад-дин әл-Женди жетілдірген, көпшілікке арналған сопылық пен ахлақ еңбегі» деп жазады ол. Хайретдин Йылмаздың бұл жолдарына қарап Анадолыдағы сопылықтың Мауараннаһр-Түркістан аймағынан бастау алатынын, Әбу Абдалланың Түркістан өлкесінің (Сыр бойындағы) Женд қаласынан шыққандығын шегелей айтқанын көреміз. Хайретдин Йылмаз Әбу Абдалла өз трактатын Түркияның Синопындағы Түрік сұлтанының ханымына арнап парсы тілінде туындатып, Анадолыны іліммен нұрландыруға тырысқанына айрықша көңіл бөлген.[28]
Енді баспа атынан алғы сөз жазған Наджим Майли Хирауидің Әбу Абдалла жайлы ой-пікіріне зейін қояйық:
«Санаулы шығыстанушы мен зерттеушілер сын айтса да, шынайы ислам тасаууфы, илаһи уахидың өзегінен саналады. Илаһи уаһидың қалауы мен мақсаты айқын. Тасаууф жолындағы сопылардың маңызды еңбектеріне сеніммен қарап, ой жүгірткендер әуелі пайғамбарлар мен үмбеттерінен кейін Ислам дінінде алғаш кемел данышпан (ариф) хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) екенін біледі. Ол (с.ғ.с.) пайғамбарлық кезеңінде өзіне көрсетілген уаһи жолын сахабаларына үйреткен. Одан кейін бұл жолды хазіреті Әли бин Әбу Талиб (р.а.) жалғастырды. Сопы данышпандар үшін тасаууф пен ілім қайнары – хазіреті Әли.
Алайда өкінішке орай Ислам дінінің тек сыртқы үкімі мен көзқарастарына ғана қараған кейбір зерттеушілер, ислам ғылымындағы ұлы тұлғалардың көзқарастарын, сенімін (ақида) тәрк етіп, терістеуге тырысқан.
[Һижри] VII ғасыр мен VIII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ұлы даныштандардың (бұл кезең Ислам тасаууфының өркендеу кезеңі) еңбектері өте аз басылған еді.
Ибн әл-Арабидің кемел ізбасарларының бірі – [һижри] VII ғасырдың танымал данышпаны Муаийад ад-дин әл-Женди. Ғұламалар оның толық аты – «Әбу Абдаллаһ Муаййад ад-дин бин Мұхаммед бин Сағид бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Сүлейман әл-Хатами әл-Женди». Лақабы – «Муайад ад-дин»*.
Қолдарыңыздағы еңбектегі автордың өз сөзіне қарағанда әл-Женди дүниені тәрік етіп тариқат жолын таңдаған. Осы кезде әкесі, достары мен ұстаздары бұл әрекетіне қарсы болған. Сонда әл-Женди Құран Кәрімге сүйеніп, истихара (истихара намазы жақсы істердің қайсысы өз үшін қайырлы әрі жақсы болатындығына рухани ишарат білу мақсатымен оқылатын екі ракат намаз) намазын оқиды. Түсінде «Тәубе» сүресінің 24-аятын көреді. Онда: «(Мұхаммед с.ғ.с.): «Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарын, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларын, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, Пайғамбарынан әрі Оның жолында соғысуынан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер» де. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды» делінген.
Осыдан кейін Муайад ад-дин әл-Женди нақты шешім қабылдап жоғарыда айтылғандай әйеліне мәһір беріп, қоштасады. Әке-шешесін тәрік етіп Аллаға тәуекелдікпен сопылық жолды жалғастырады. Кейіннен теңіз жолы арқылы қажылыққа барады. Түрлі себептермен Түркияның Кония қаласында шейх Садр ад-дин Кунияуидің сұхбат-насихаттарына қатысып он жыл бойы оның құзырында болады. Әл-Женди осындағы Садр ад-дин Кунияуидің медресесінде оның тәлім-тәрбиесін тәмамдайды. Шейх дүниеден өткеннен кейін Бағдатқа аттанбақ болады. Осы кезде Абд ар-Рахман Жамидің («Нафахату-л унс мин хазрат әл-қудс» – «Әулиелік шыңындағы рухани жақындықтың жұпар лебі») еңбегінде айтылғандай бір адам әл-Жендиге келіп өзінің маһди екенін айтады да, одан өзіне демеуші болуды сұрайды. Сонда әл-Женди: «Алланың атымен ант етейін сен мәді [маһди] емессің, өтірік айтасың» дейді. Абд ар-Рахман Жамиәл-Жендидің «Фусус әл-хикам» – «Кемеңгерлік меруертінің» түсіндірмесінде осы оқиғаны былай жалғастырады: «Осы оқиғадан кейін әлгі адам маған жау болды. Мулхид пен Нусайрилерден бір топ құрып оларды маған қарсы қойды. Шейх Мухий ад-дин әл-Арабиден рухани көмек (демеу) сұрадым. Осы кезде бір кісі әлгі өзін мәдімін [маһдимін] деген адамның екі қолы мен аяғын байлап: «Мынаны жерге тастайын ба?» деді. Мен: «Үкім мен бұйрық беру сіздердің қолдарыңызда» дедім. Мәдісымақты босатып жіберді. Олардан құтылысымен мешітке қарай жол алдым. Ол жерге барсам артымнан әлгі адам қасына біраз адамдар жинап келіпті. Ниеттері түзу емес екені белгілі еді. Мен де көрмегенсіп намаз оқи бердім. Маған тиісуге бата алмады. Алла тағала олардың жамандығынан мені сақтады. Кейіннен ол адам тәубесіне келіп мұсылман болды[29], – дейді.
Әл-Жендидің қайтыс болған кезеңі туралы мәмілелі мағлұмат жоқ. Исмаил паша: [Һижраның] 691//1291 жылы, – дейді. Әл-Женди ибн әл-Арабидің «Мауақиун нужум» – «Жұлдыздар мекені» атты еңбегіне Бағдадта жүргенде түсіндірме жазған. Автор «Нафхату-р рух» – «Рух самалы» еңбегін «Мауақиун нужумға» – «Жұлдыздар мекеніне» негіздеген еді. Осы мәліметке сүйенсек әл-Женди Бағдадтан кейін Синопқа кеткен*. Осы еңбекті сол жерде парсы тілінде жазған. Яғни әл-Женди Садр ад-диннің шәкірті болған. Садр ад-дин Кунияуи һижри 373/милади 1274 жылы дүниеден өткен.
* * *
Әл-Женди парсы және араб әдебиетіндегі проза, поэзия жанрларында да қалам тербеген. Абд ар-Рахман Жамидің айтуына қарағанда: «Ол ақиқат пен мағрифат үшін ибн Фариздің әдісін қолданатын. Араб тілінде жазған өлеңдері тамаша болатын»[30].
Әйтсе де Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жами әл-Жендидің парсы тіліне деген қабілеттілігі жайлы сөз етпеген. Биографтар да әл-Жендиді парсы ақындарының бірі ретінде қарамайды. Алайда оның парсы тілінде жазған өлеңдері де жоқ емес.
Женд перзенті еңбегінің алғашқы бетінде өзі туралы қысқаша мағлұмат берген. Соған қарағанда ол шамамен [һижраның] 628/1230 ж. туылған. Шейх Садр ад-дин ибн Мұхаммед ибн Йусуф әл-Кунауидің сұхбатына шынында да 10 жыл бойы қатысып, оған қызмет еткен. Конияда «Арбағиин Чиллесін» тамамдаған. Шейх Садр ад-дин Кунауи қайтыс болған соң жоғарыда айтылғандай Бағдадқа келген Әбу Абдалла сопы ибн әл-Арабидің «Фусус әл-хикам» – «Кемеңгерлік меруерті» атты кітабына шарх (түсіндірме) жазған. Сөйткен Жендтік дарын шамамен 1290/91 ж. қайтыс болса керек.
Әбу Абдалла өз еңбегін Аллаһқа мадақ, Пайғамбарға (с.ғ.с) салауатпен бастаған. Сонан соң: «Ей, азиз! Аллаһ Тағала сені өз ілімі және ақиқаттарың (заттардың) ілімі, өз ілімінде қалай болса оларды да солай білуге нәсіп етіп, мерейіңді үстем етсін», – деп бастап, тақуалықтың мысалы ретінде барлық пайғамбарлар туралы Құраннан мысалдар беріп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін келтірген[31].
Кітаптың орта тұсында ата-ананы сыйлау жайлы айтылады. Ол «Аллаһ Тағала Құранда «ата-анаңа құрмет көрсетіңдер», – деп бұйырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да «жаннат – аналардың аяғының астында» деді. Анаң сені тоғыз ай толғатып, одан соң да түн ұйқысын төрт бөліп асырағанда, оған неге қызмет етпеуің керек? Оған қызмет етіп, құрметтеу – Аллаға жақындатады. Ал оларды ренжіту Аллаға да, тариқатқа да, шариғатқа да құрметсіздік»[32] дейді.
Сонымен Әбу Абдалланың кітабы төмендегідей екі бөлімнен, әр бір бөлім екі бөлімшеден тұрады.
Бірінші бөлім негізінен діни мағлұматтар мен пайдалы түсініктемелерге қатысты.
Бірінші негіз: Мағрифатуллаһ (құдайылық таным) хақында
1 – Зати сипаттардың баяны (Аллаһ тағаланың сипаттары);
2 – Қосымша толықтырушы мағлұматтар;
3 – Асмаи хуснаның (Алланың көркем есімдерінің) қысқаша түсіндірмесі;
4 – Илаһи есімдердің саны;
5 – Жалғыздық пен көптік түсінігі.
ЕКІНШІ НЕГІЗ: Кемел адам жаратылысы хақында.
1 – Адамның алғаш асыл жауһардан жаратылуы; Рух және дене;
2 – Жаратылыс әлемі (метафизикалық және физикалық әлем) Хақ тағаланың есімдері мен сипаттарының көрінісі;
3 – Адамның дәрежелері;
4 – Адамдардың кейбірінің жыртқыш аңға ұқсауы;
5 – Құтыб және оның сыныптары;
Екінші бөлім тариқат иелерінің амалдары мен сенім иелерінің ахуалына қатысты.
БІРІНШІ НЕГІЗ: Амалдардың зерттелуі.
1 – Жақсылық (хайыр) пен жамандық (шар) амалдары және оның көмекшілері;
2 – Тыныштық пен өзіне сын көзбен қарау (мурақаба) ;
3 – Жүрекке келген уәсуәсалар мен ойлар;
4 – Ағзаларды исламға бейімдеудің пайдасы;
5 – көз және көрудің үкімдері мен кереметтері;
6 – Құлақ және естудің жауапкершілігі мен кереметтері;
7 – Тіл мен сөйлеу мен оған қатысты сырлар;
8 – Қол мен оны қолданудың жауапкершілігі мен сырлары;
9 – Асқазан және тағамға қатысты мәселелер;
10 – Үйленудің негізі және оған қатысты мәселелер;
11 – Аяқ және оған қатысты сырлар;
12 – Жүрек әлемі мен сырлары;
13 – Ағзалардың ахуалы және қадағалануы;
14 – Жамандық үкімдерді орнына қарай қолданылуы;
15 – Тариқат жолында Хақ тағаланың игілігі негізгі мәселе болуы.
ЕКІНШІ НЕГІЗ: Ақиқатқа қауышу жолының негізі.
1 – Қауышуға қатысты жалпы қағида;
2 – Адамның физикалық және рухани кедергілері;
3 – Жалғыздық және қылует (жалғыз қалу) ;
4 – Ашу, Көріну және (өзінен) Кешу;
5 – Мәміле (қарым-қатынас) тақырыптары;
6 – Осы тақырыпты кеңінен түсіндіру;
7 – Ішкі дүниеміздің жалғасуы және тыныштығы;
8 – Қысқа насихат пен өсиеттер.
Біріншісінде сөйтіп мағрифат, яғни Аллаһ туралы мағлұмат, сенім және Аллаһқа жету жолында адамның көкірек көзінің оянып «кәмил инсан» яғни «толық адам» шыңына жету жолдары және осыған мысал ретінде әулиелердің ерекшеліктері туралы сөз болған.
Ал екінші бөлімде тариқат, көркем мінез жайлы мағлұматтар берілген. Онда жаратылыстың ең абзалы – адамның танылуы, оның тәрбиесі, инсанның Аллаһқа жетуінің жолдары мен негізгі қағидалары сөз етілген. Осы арқау етілген дүниенің қажеттілігіне қатысты мәселелер және басқару жүйелері туралы айтылған.
Автордың әдебиетті де терең білгені, шайыр екендігі де байқалады.
Ол ақырғы сөздерін «шейхыңа мойынсұнып, оның айтқанын екі етпеуің қажет. Оның ризалығы Хақтың ризлығына жетелейді. Шейх не айтса да жөн. Өйткені оның нәпсісі тазарып, менмендігі жоқ. Ол Аллаһ Тағаладан Оның ризалығынан басқа еш нәрсені және жеке мүддесінде ойламайды. Міне осылай оның айтқанын істеп, міндетін орындап, Аллаға зікір етіп, құлшылық қылсаң әсте-әсте Хаққа жетерсің»[33] деп аяқтайды.
Әбу Абдалла әл-Жендидің еңбектері жайлы мағлұматтарды толықтыра кетелік:
Әл-Жендидің еңбектері:
1-«Шарх фусус әл-хикам» – «Кемеңгерлік меруерті».
Әл-Жендидің сопылық, ғылым, ғибадат т.б., туралы парсы тілдерінде жазылған бірнеше еңбектерінің ішіндегі ең танымалы –шейх Мұхий ад-дин бин әл-Арабидің «Фусус әл-хикам» – «Кемеңгерлік меруерті» атты еңбегіне әл-Жендидің жазған түсіндірмесі. Өзінің айтуына қарағанда бұл еңбектің кіріспе бөлімін Садр ад-дин Кунияуидің тікелей өзі түсіндірмесін жасатқан. Сондай-ақ, осы еңбектің түсіндірмесін жазу барысында өзіне аят келіп, еңбекті толық түсінген. Шейх Садр ад-дин Кунияуиден рұхсат алып «Фусустың» түсіндірмесін жазуға кіріскен. Осылайша Жендидің бұл түсіндірмесі сол заманнан бері «Фусустың» алғашқы түсіндірмесі деп саналады. Бірақ, Осман Йахия «Китабшини ибн әл-Араби (ибн әл-Араби еңбектерінің библиографиясы)» атты еңбегінде бұл пікірге қарсы шығып, «Фусус әл-хикамның» – «Кемеңгерлік меруертінің» түсіндірмесін алғаш Афифуддин Тилимсани жазған[34] дейді.
Әл-Женди жазған түсіндірме – таптырмас мұра. Абд ар-Рахман әл-Жами «Нақдун нусусты» жазу барысында әл-Жендидің осы түсіндірмесін пайдаланған[35].
Абд ар-Рахман әл-Жами «Нафахат» атты еңбегінде: «Әл-Женди, шейх Мұхий ад-диннің кейбір еңбектеріне («Фусус әл-хикам» сияқты) түсіндірме жазған» – дейді. Сөйтіп оның бұл еңбекте терең зерттеулер жасап (сопылық бойынша) кемелділік деңгейге жеткендігін көреміз.
Әл-Жендидің «Фусусының» түсіндірмесінің бір нұсқасы Теһран университетінің орталық кітапханасында 343 номерімен сақтаулы. Ол – аталмыш Саиид Жалал ад-дин Аштияи және доктор Ибраһим Динаридің бірігіп жасаған жұмыстарының нәтижесі.
2-«Шарх Мауақи-и нужум» – «Жұлдыздар мекені».
Жендидің танымал еңбектерінің бірі шейх Мұхий ад-дин әл-Арабидің араб тіліндегі «Мауақи-и нужум» – «Жұлдыздар мекені» және «Маталиу ахиллатил асрари уа-н нужум» атты трактатына жазған түсіндірме. Ибн әл-Араби бұл еңбекті Мурсияда (Андалусияда) туындатқан. Бұл еңбекте ғибадаттың түрлі дәрежелері мен дін әдептері қамтылған. Шығарма Каирде басылған. Әл-Женди «Нафхату-р рух» – «Рух лебі» атты трактатына «Мауақиу-н нужумға» – «Жұлдыздар мекеніне» Бағдадта шарх жасағанын айтады. Сондай-ақ, осы кезде өзіне «пір» және «шейх» мақамына жеткендігін баяндайды.
3-«Хуласату-л Иршад» – «Таңдаулы нұсқаулар» (тәсілдер) және «Иршадул Хуласа» – «Тәлімдер «нұсқаулар) таңдамалысы».
Әл-Жендидің сөзіне сүйенсек, бұл еңбек парсы тілінде жазылған. Даниш Пежве тек осы еңбекті екі кітап «Хуласатул Иршад» және «Иршадул Хуласа» дейді. Біздің ойымызша бұл екеуі де бір еңбектің аты болуы мүмкін.
4-«Иксирул камалат» – «Кемелділік эликсирі».
Бұл еңбек те парсы тілінде жазылған. Әл-Жендидің бұл туындысы жайлы мағлұмат жоқ.
5-«Рисала-и улуми Ахади уа Мағрифи Сармади» – «Алланың ғылымы және Сармади танымы».
Жендидің сөзіне сүйенсек еңбек ғылымның сыныпталуына арналып, араб тілінде жазылған.
6-«Азуак-и хатмайн» «Құранды түгелдей оқып шығуға бейімділік».
Бұл араб тіліндегі еңбекте суфизмге арналған.
7-«Китабул Асма».
Әл-Женди бұл еңбекте Алла тағаланың көркем есімдерін («Асмау-л хусна») түсіндіреді.
8-«Дурар әл-ғалият фи шархи әл-хуруфи-с алият» – «Биік әріптермен жазылған шығармаға түсіндірме жайлы жұпар иісті жауһарлар»
Бұл еңбек әл-Жендидің өз нәпсісіне қарсы жазған «қасида-и Ламиясы».
9-«Рисала фи қазаи уа-л қадар» – «Заңдылық және тағдыр жайлы трактат».
Теһрандық Ақа Бузург әл-Жендидің бұл еңбегін «Мактабатул һидиуияда» (Каирде) көргендігін айтады. Еңбек «Жамии Махамиди намутенахи» деген сөздермен басталған.
Енді Әбу Абдалла әл-Жендидің «Нафхату-р рух және тухфату-л футухынан» үзінді келтірейік:
«Бұл шығармамызды ұлы патша, әлемнің ханым әпендісі, патшалардың патшасы, ұлықтық пен бақыттардың жемісі, ханым сұлтандардың абыройы, ғасырдың өзі, заманымыздың Рабиясы*, дәулет пен әдеміліктердің жиынтығы, ұлық патшалар әулетінің мақтан тұтар бұлағы, дін мен дүниенің зейнеті, Исламның және мұсылмандардың тірегіне арнадық. Алла Тағала оны әрқандай жақсылық пен игілікте жетістікке жеткізсін! Және қашан да өз панасы мен қол астында болуды жазсын! Биік тұлғасын шынайы бақыттарға, әртүрлі сүйініштер мен берекелерге жеткізсін. Жақсылық пен құрметтерге бөлесін! – деп тарту етіп жібердім. Осылайша мұны зерделеп және бұған амал ете отырып, кемел әуленің дәреже мен мақамдарының арта түсуін тіледім. Себебі оның киелі табиғатында, мінез-құлқында және жаратылысында саф таза бір сенім бар. Адамзат кемелдігінің бәріне қабілеті бар. Раббани фауади-л** және фадаи-л*** иесі.
Осылайша қасиет иелері мен тариқат жолаушылары Ханымәпендінің әркімге тигізген жақсылықтары мен дүниелік қызығының жолдарын тапты. Оның әр түрлі мейірімі, көңіл иесі және қамқорлығынабөленді. Адамдар әр тараптан ағылып келіп, оның айнала төңірегіне шоғырланды. Кейбір мадақ өлеңдерімізде Ханым Сұлтан хазіреті туралы қаламымыздан мына бәйіттер туған болатын.
Сенің ішкі дүниең, ахлақың неткен сұлу, мейірім мен көңіл иесісің,
Сыртқы әлеміңде де қашанда игіліктер шашу амалындасың.
Құрметті кісілігінің сипаттары мейірім мен жомарттық,
Кемел тұлғаның ерекшеліктері; ұят пен жүрек ояулығы.
Ол мақамдағы билік сенің тазалық сарайың,
Онда адамға дүние ойы қиын келер.
Күннен артық жарық және ашықсың,
Сенің асылың мен тегіңнен сөз қозғау жарамас.
Билік ханымының ең қадірлі ханымысың һәм тағы әлемнің таңдаулысы,
Жомарт, патшалық пен жаһан билігі сенің болмысыңда бар.
Ұлықтық дариясының басын кесіп мойнына асыл тас секілді таққансың,
Заманның парқының кеңдігі сенің тәжіңе жарасар,
Сол үшін де сені екінші Рабия* деп қайталайын.
Сен Зубайданың** ұғымына иесің және таңдалғансың
Унс*** бақшаларына барыңыз да, ол жерге өмір суы келсін
Бір рет қарауыңызбен топырақтан су атқылар.
Сенің ашытқың, суың һәм топырағың хош иістен,
Нәзік тәнің тек өзіңдей мәнді екен еш күмәнсіз.
Сұлулар мәжілісінде сен бір тақырып ерекше,
Секілді шекер өзі үстіне бал қатқандайсың!
Бұл жүзден әркім сенің есігіңнен үмітті,
Себебі сенің көңіл жүзің Хақтың есігінде мыңдарға қажет.
Сондықтан да мәңгілің ізет пен құрмет іздейсің,
Өз ұранын Хақтың құзырына сая жасадың.
Ей, игі дәуірдің көңлі қырық болғандардың зорламасы, жарық ет!
Құтылар жол кішіпейілдік, тәкаппарлық пен зорлық емес,
Тілейсің біреуден көңілің қырық болмасын,
Һәм өмір бойы біреудің көңілін ренжітесің,
Зұлымдықтың қараңғылығы жер бетіне қаптаған бұл дәуір,
Жасаған жақсылықтарыңның нұрыменен жарқырады.
Еккен игілік пен жақсылық тұқымдары себебімен,
Бұл заман мен жер анаға «Жәннат» атын қойды.
Сен әр адамды мұратына жеткізесің,
Екі әлемде мұратың асыл болсын!
Оның ұлықтығының даңқын, әдемі жасауын және мінез-құлқын, адамдарды қорғауын, көңіл ашықтығын есітіп, әр адамның ол туралы жақсы сөз айтқанын түйіп, естігендерімді өзім көрмей тұрып ұзақ уақыт пайымдайтын едім. Енді Мұхаммадияға Синоп қаласы Рибатына келдім, сол нәрселерді тағы да мың рет естідім. Өзімен кездескенімде бұл жағдайлардың куәсі болдым. Осылайша, ол туралы естіген хабарлар, анығында оның қасында өте аз болып көрінді. Өзіне лайық бір тарту болатын, діни пайдаларды қамтыған, анық көрсетіп берген қажетті мағлұматтарды көтерген бұл шығармадан артық дүниені көрмедім. Себебі оған берілетін әрбір тарту, теңізге інжу лақтыру һәм жақсылық иелеріне сарқыншақ ұсыну секілді болатын. Қабылдауға лайық болатын және өзінде мейлінше бар болмаған нәрсенің не екенін түсіндім. Оның текті затының хақиқат ілімдеріне және тариқат сырларына ынтық екенін түсінген соң, Хақ Тағаланың бұл әлсіз құлға нәсіп еткен тажаллийат*, және ғайыптық шабыт пен ашық көріністермен негізделген мәліметтер негізінде және басқаларға бүгінге дейін берілмеген мәліметтерді қамтыған осы шығарманы жіберуді армандадым.
Осылайша өзіне қажет болған мәліметтерді алып, пайдалануын қаладым. Бұл шығарманың жазылуына себеп болуы себебімен де, қасиетті дұғаларының артуына себепкер болуын қаладым. Осылайша ол қияметке дейін ізгілік пен жақсылыққа алынып, шексіз сауаптарға кенеледі. Өзі зерделеп, пайдалы діни мәліметтерді алады. Соның арқасында өзі үшін анық дәрежесінде ілгерілеу мүмкін болады.
Бұл шығарма екі тараудан тұрады; бірінші тарауда, іс жүзінде адам рухын кемелдендірген, нәпсінің нұқсаны мен кемшіліктерін кетірген қажетті мәлімет пен мағрифаттар орын алған.
Екінші тарауда дене, мінез-құлық, құлшылық, насихат пен өсиеттерді қамтитын мағлұматтар бар және екі тарау да біріккен (қосымша). Бұл екі тараудың әрбір бөлімдері, бөлімшелері, қосымша, толықтыру және қорытынды бөлімдерге бөлінген. Расында, әрбір орнында көріледі. Табысқа жеткізген және тура жол берген – жалғыз Алла Тағала.
Ей, Муаййад, әлемге үстем боламын деп неге қызбаланасың?
Әлемге үстемдік Аллаға тән ғой, білмеймісің?
Сондай бір көңіл жалындай отырып дүние базарында менмендігінен бас тартса,
Жүрекке тән хилует** сарайынан бұл дүниеге орын берудің дұрыс еместігін түсінеді.
Жүрегің масиуәдан*** тазарса, Хақтың назарына бөленеді,
Нәпсінің нақыштарына алданушы болма, әуестерінен аулақ бол!
Қанағатшылдық аяғының шаңын көзіңе сүрме деп жақ,
Өстіп, нәпсіқұмарлығыңнан, асқазаныңды толырудан құтыласың.
Мына, залым дүниенің бәрінен аулақ бол, аулақ бол,
Өйткені оның ұзақ көрінген мезгілі тез таусылады.
Мына қиянатшыл, қор, құнсыз дүниеден бас тарт, әсте оған берілме,
Өйкені ол жол сияқты, өтіп кет, сонда қалып қойма.
Шамаң неге жетсе, соны жаса, сонда Хақтың нұры боларсың,
Бірақ, мына дүниенің қараңғылығына берілме, оны арқалама.
Анау таза рухыңды тәніңнің қызметіне берме,
Өйткені раушангүлдің міндеті әсте тікенекке жараспайды.
Сенің тәнің – денеңнің, рухыңның көлігі, сен оның айдаушысы,
Уақытты өзің билейсің, мына есектен не күтесің, жүгін неге тартасың?
Әсте, еш күмәнің болмасын, өлімнен кейін
Сен үнемі Хақтың нұрымен мәңгі жасайсың.
Егер, мына сурет пен бейне дүниесінің қараңғы түнегінен өтіп,
Одан бас тартсаң, нұрға бөленесің.
Мына жалған суреттер бейнесінен арылып, құтыл,
Сонда рухың сырлар сарайына бара білсін.
Егер сен бұл рухани мәртебенің талабын орындамасаң,
Болар-болмас кез келген нәрсенің басыңа түсуі хақ.
Өйткені сенің уақытың мен өміріңді заман зая кетіреді,
Табысыңды жоғалтып, қайырсыз, жұмыссыз қаларсың.
Кез келгенге неге бұлай қам жейсің?
Аллаһ махаббатымен тынышталсаң, саған қам жараспайды.
Үнемі Хақтың нығметтеріне бөленгенсің, меңшігіңде еш нәрсе жоқ,
Өзіңде мәңгі қалатыны –Хақтың сыйлығы.
Әсте өз еркіңе берілуші болма, Хақтың ерік-қалауын таңда,
Міне, сол ерік-қалаудың арқасында барлық нәрседен хабардар боласың.
Жәрдемшің, досың мен күш-қуатың – Хақ Тағала, шайтан – дұшпаның,
Сен құнды да күшті бол, шайтан зарласын.
Кейде Наср-и Сайяри* сияқты тариқатта алға жылжисың,
Кейде ұшқан рух секілді ақиқаттың биік шыңына көтерілесің.
Кейде солтүстік-шығысқа, кейде оңтүстік-батысқа барасың,
Бірақ жер жүзінде бір жерде қысылып қалмайсың.
Кейде барлық нәрсенің өзегінде, жер бетінде боласың,
Кейде барлықты қамтып, қоршаған көк аспан (тағдыр) сияқты боласың.
Кейде сүйіктінің есігінің шаңы сияқты обулхаят** боласың,
Кейде оның ғашықтығымен бастан-аяқ от сияқты боласың.
Досыңды есіңе алсаң, Одан басқасын ұмытарсың,
Негізінде барлық іс тек Онан ғана, Онымен ғана.
Қам да жеме, қарсы келушілердің қарсылықтарын да естіме,
Иман иелерінің мойындауымен де қуанба.
Егер әлі де анаған-мынаған ілтипат етсең,
Демек, сен әлі кейбір хал мен ұстанымдардың құлысың.
Бұл мәртебеде егер халің кемелденсе,
Күмәнің болмасын, қам-құсаның бәрінің қуанышқа айналғанын көресің.
Түні күні сүйіктінің келбеті мен шашымен біргесің,
Мына қараңғы түнде мыңдаған тажалли нұры көрініс табады.
Досыңа қауышудан үнемі наурыз мейрамының шаттығындасың,
Түнгі уақытын да бек құнды, сүйіктіні көруден шат-шадымансың.
Тәніңнің бүкіл қозғалысы әтір сияқты иіс аңқытады,
Өйткені, әр тынысың досыңның демі.
Сенің дене деген сарайың Оның иісімен әтір аңқиды,
Оның ғинаяты – айдың туған хиқаясы.
Әріптердің сыры өзіңде, каламның нұры өзіңде,
Өйткені сырлар кітабын өз бойына дарытқан өзіңсің.
Есімдер аспанының орталығы өзіңде,
Өйткені сен өз затыңда нұрлардың өзегін қамтығансың.
Атақ-мансабың туралы айтсаң да, айтпасаң да,
Сенің атың істеген ісің мен мінезің, сені айтады.
Үнсіздік тұрғанда, сөйлеп, түсіндіру қажет емес,
Бастан-аяқ сен Оның сұлулығын көрсетіп тұрсың.
Сендегі достың хабарына байланысты ең көркем нәрсе мынау:
Жеке басыңа сен, Хақ Тағаланың барлығы мен кемелін және жамалын бейнелеп тұрсың.
Тілің, көзің, құлағыңмен әрқашан Оны көрсетіп тұрсың,
Өйткені түні-күні Оны тамашалаудасың.
Табиғатың мен нәпсіқұмарлығыңнан тазарып, арылсаң,
Періштелер арасына кіріп, абрарға* қосыласың.
Егер нәпсіңе беріліп, әуесқой, қанағатсыз болсаң,
Хайуанаттың жақсылығының оннан бірі сенікінен жоғары болғаны.
Істеген күнәң өз нәпсіңнің жүгі, оны махшар** майданына алып барма,
Өйткені әркімнің күнәсі мен зұлымдығы өз басына төнеді.
Шайтанмен жолдас, дос болсаң, оған қандай сайқалдық істейсің?
Сен де қызқаншақ, әдепсіз, надан, ақымақ болып шығасың.
Егер көлігің болған нәпсіңді Перғауын мінезінен болған үш нәрсеге тапсырсаң,
Шайтандар сенің әскерің, сен олардың басшысы боласың.
Егер бұлардан тыс қалсаң, адамгершілік сипаттардың
Барлығы өзіңе дариды да, адам саналасың.
Осы халіңмен бірге Хақта фәни болып, өзіңнен өтсең,
Әр ісің мен әр халің Хақпен болады, Хақпен дос боласың.
Хақ разы болған істерді орындасаң,
Өз кезіңнің ең кемелі, дін жолының ері боласың.
Ақыңды сұраудан, ұрыс-керістен, келіспеушіліктен және көзге көрсетушіліктен құтыласың, азат боласың.
Алланың бірегей құлы деген мәртебенің сарбазы боласың.
Сонда сен неге сол кезең Құтбының* әмірлігі мен билігін қаламайсың,
Не онан да жоғары бір мәртебеге талаптанбайсың.
Бұларға қарап, өз шегің мен деңгейіңді жақсы біл,
Өйткені әр ақиқаттың өлшемі мен көрсеткіші бар.
Ғылыммен сен әлемнің биі, әлемнің ғалымы боласың,
Ілтипатшыл, нәзік, жан-жақтан хабардар, асқан өнерпаз боласың.
Ей, азат жан! Барлық мансаптардың құлдығынан құтылдың,
Ла мақам** мәртебесіндесің, шеккен рухани сапарлар нәтижесінде.
Ол сүйіктіңнің қасына, басқа біреуді қойма араларыңа,
Өйткені бұл күллі істен тыс, бірақ Оның құзырында.
Әсте, өз өзегіңнен басқа нәрсеге көңіл аударма,
Өйткені нүкте және оны қоршап тұрған шеңбер өзіңде.
Сен болмай, ешкім болмайды, не болса да сенде бар,
Әрі жер, әрі жердегілер һәм жердің иесі сенде.
Әр құдіреттің арғы жағы да құдірет, жақсы білгін,
Саған қандай обал, егер қадірің мен қабілетіңді білмесең!
5. Мұхаммед ибн Аййуб ибн Хасан ибн Насыр әл-Женди. Өз аты – Мұхаммед. Әкесі – Аййуб. Бабасы – Хасан. Арғы атасы – Насыр.Ол туралы мәліметті көрнекті шығыстанушы Әшірбек Момынов жазбаларынан алдық.Ә. Момынов оны «шәууал және зу-л хиджжа айлары ішінде [һижраның] 704 (1305 сәуір-шілдесінде) жылы Садр аш-шаһид ([һижраның] 536 ж. (1141 ж.) қайтыс болған) деген атпен белгілі Умар ибн Абд әл-Азиз әл-Бұхаридің Әбу Хафс ан-Насафи ([һижраның] 537 жылы 1142 қ.б.) жинаған екі фәтуа кітабын – «Умдат әл-Фатуа» және Ата ибн Хамза ас-Суғдидің «Фатауасын» Қырым және Сулхат қалаларында көшіріп шыққан»[36] деп жазады.
Қолжазба Түркияның Сүлеймания кітапханасында тұр.[37]
6. Ала ад-дин ибн Хасан әл-Женди. Өз аты – Ала ад-дин. Әкесі – Хасан әл-Жендиол жайлы деректерді де Ә.Момынов тапқан. шығыстанушы, тарихшы ғалым: «Ала ад-динді «[һижраның] 758 жылы (1356-1357 ж.) Махмұд ибн Мұхаммед ибн Дауд әл-Луълуъй әл-Бұхари әл-Афшанджидің «Әл-Хақаиқ фи шарх әл-манзума фи-л-хилафийат ли-н Насафи» атты еңбегін көшіріп шықты» деп жазады.
Қолжазба Татарстанның Г.Ибраимов атындағы Қолжазба, тіл әдебиет және тарих институтының қолжазбалар қорында сақтаулы, №39.[38]
7. Фахр ад-дин Әбу-л Фадл Һибатуллаһ ибн Махмұд ибн Мұхаммед ибн Ахмед әл-Женди әл-Адиб әл-Аллама. Оны – «Мауараннаһрдің сол кездегі атақты ғалымдарының бірі» деп жазады ибн әл-Фуати. Көп саяхат шекті. Барған елдерінде ғалымдығымен, адабты терең білетіндігімен аты шықты. Шығармашылық тұлғасын үнемі кемелдендіріп отырды, көп жетістіктерге қолы жетті, ас-Саққақидің «Мифтах әл-улум» – «Ғылымдар кілтін» жаттап алды. Сұлтан Ғазан ибн Арғынның қабылдауына қатысты. Мен оны көрдім, қызметінде болдым. Ол аса тәрбиелі кемел адам еді. Мен оның өлеңдерін жазып алдым. Ол маған одан естігеннің бәрін таратуға рұқсат («иджаза) берді. Табризде [һижраның] 698 жылы рамадан айында (1299 ж. маусым-шілде) қайтыс болды. Мен оның өлеңдерін «Назм ад-дурар ан-насиа фи шуғара әл-миға ас-сабиға» атты кітапта келтірдім», – дейді.[39] Басқа мағлұмат жоқ.
Ибн Фуатидің оны «әл-адиб әл-аллама» (әдебиетші ғұлама) дегеніне қарағанда ол шынында да аса білімпаз, парасатты жан болса керек.
8. Қамар ад-дин Хасс-бек ибн Махмұд ибн Темірташ әл-Женди. Өз аты – Қамар ад-дин Хасс-бек. Әкесі – Махмұд. Бабасы – Теміртас. «Кағанның елшісі. Қаған ибн Шыңғыс мемлекетінде әмірлікке қол жеткізгендер қатарында болды. Ол өте абыройлы еді. Өзі қызметінде болғандар назарында болды»[40] – дейді ибн әл-Фуати. Соған қарағанда ол моңғол шыпқыншылығынан кейін өмір сүрген және Шыңғыс хан ұрпақтарына қатысы болған сияқты.
9. Баба Камал әл-Женди. Ол туралы жазбаларды Махмұт ибн Сулеймен әл-Кафауидің (?-1283) белгілі еңбегінен ұшыраттық. Ол: «Аш-шейх Баба Камал әл-Женди, Алла тағаланың оған кешірімі болсын, – Наджм ад-дин әл-Кубра ізбасарларының бірі еді. Оның тәрбиесінің арқасында ол биік жетістіктерге жетті. Ол оның рұқсатымен (иршад) жетекші (муршид) орнын алды, оның қолынан киім киді де осы киімді Түркістан елдерінің мүфтиі, Ахмед Маулана деген атпен таныс әл-Маула Шамс ад-диннің ұлына кигізуді, оны тәрбиелеп оны муршид етуді өсиет етті. Баба Камал Женди шейх Наджм ад-диннің өсиетін орындау үшін Түркістан елдеріне аттанды. Ол жолда кәмелетке толмаған бір топ балаларды кездестірді, олар ойнап отырды, ал кәмелетке толмаған Ахмед Маулана олардың ортасында отырып, олардың киімдерін қарауылдады да олармен ойнамады. Ахмед Маулана Баба Камалды байқап қалып, орнынан тұрды да сәлем берді. Ол: «Ей, Камал Баба, мен басқалардың киімін қашанға дейін күзетіп отырамын, ал сен менің киімімді қашан күзетесің?», – деді. Ахмед Маулананың бұл сөздерін ести салып, Камал Баба оны құшақтай алды. Содан кейін ол оның ата-анасы әл-Маула Шамс ад-дин мүфтидің үйіне тоқтады. Ол баласын өте жақсы тәрбиелеген-ді. Сол себепті ол ең кемел кісі болды. Ахмед Маулана ибн Маулана Шамс ад-дин әл-мүфти Камал Баба Жендидің ең жақын серіктерінің бірі, мақтан етуге тұрарлық қазына мен керемет таңғажайыптардың иесі болды» дейді де әрі қарай тағы да:
«Ан-Нафахатта» былай делінген: «Онымен сөйлескісі, араласқысы келетіндер көп еді. Олар соның арқасында тәрбие және кемелдікке жетті. Солардың бірі Шейх Баба ад-дин Кубра. Ол бауыры Мұхаммед Данишманд Маулананың тәрбиесімен айналысты. Ол Қожа Әбу-л Уафа Хорезмидің қызметіне кірді. Шейхтерінің тізбегі туралы ол өлең жолдарымен айтқан:
Жомарттық Әлиге Ахмед-и Мұхтардан жетті,
Одан кейін құпиялар қазынасы Әлиден Хасанға кетті,
Хабиб Таиға, Мағрұфке, содан соң Сари, Жұнайдке
Әбу Әли, одан кейін Мағрибиге – керемет басшыға, одан кейін,
Әбу Хайсам (яғни Хасан Басриге), Әбу-л Қасымге, одан кейін Нассаджға
Имам Ахмедке, одан соң Сухрауарди мен Аммарға,
Одан жоғарыда аталған ұлы шейхтерден, шейх Наджм ад-динге,
Ол керемет кісілер басшысы және құпиялар көсемі болған,
Одан Камалға, Ахмедке және қоғам мен діннің жарқылы (Баха),
Одан Мұхаммедке, ал содан соң ұлылар мақтаны – Әбу-л Футухқа жетті.
Бұл тізбек, пәк қайнар көздің, бір құдай қайраткерлері бірінің, қазына иелері мен бақытын тапқандардың қатарында болған Қожа Әбу-л Уафа қызметімен бітеді»[41] деп аяқтайды ол жайлы деректерін.
10. Ахмед ибн Махмұд ибн Умар әл-Женди.(Тадж ад-дин әл-Женди).
Орта ғасырлық араб тілді жәдігерліктерде оның аты-жөні – Тадж ад-дин Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди деп көрсетілген. Тадж ад-дин лақабы деп ойлаймыз. Өз аты – Ахмед. Әкесі – Махмұд. Бабасы – Омар. Женди – оның Сыр бойындағы Женд қаласынан шыққандығын білдіреді. Ол және оның туған жері туралы ибн Хаджар әл-Асқалани, Мұхий ад-дин Әбу Мұхаммед Абд әл-Қадыр әл-Кұраши, Имад ад-дин Әбу-л Фида, ибн Хаукал, Ибн Макула, әл-Бағдади, Әбу-л Фида Зайн ад-дин Қасим бин Құтлұбұға, Хаджи Халифа, Тақи ад-дин бин Абд әл-Қадыр әл-Ғаззи әл-Мысри әл-Ханафи және Еуропа оқымыстыларынан Карл Брокельман азын-аулақ деректер қалдырған.
Әбу-л Фида Зайн ад-дин Құтлұбұға ас-Судуни (1396-1474) «Тадж ат-таражимде – «Өмірбаяндар тәжінде» оны «Ахмед ибн Махмұд әл-Женди»[42] деп жазады да әрі қарай «тілші әл-Мұтарризидің (?– 1213) «Мисбахына» – «Шамына» шарх (түсіндірме) жазған»[43], – дейді.
Тақи ад-дин бин Абд әл-Қадир ат-Тамими ад-Дари әл-Ғаззи әл-Мисри әл-Ханафи «Ат-Табақат ас-саннийа фи тараджим әл-ханафийасында» «Ахмед бин Махмұд бин Умар әл-Женди тілші имам Бұрһан ад-дин әл-Мұтарризидің «әл-Мисбахына» жазылған шархтың авторы»[44] деп Құтлұбұға мәліметтерін қайталаған.
Мұхий ад-дин Әбу Мұхаммед Абд әл-Қадыр әл-Құраши[45] мен әл-Маула Ала ал-дин Әли бин Амралла әл-Хумайди әл-мағруф би-ибн Ханнаи уа Қинали Заде[46] де осы жолдарға жаңа ештеңе қоса қоймаған.
Исмаил паша әл-Бағдади Хаджи Халифаның «Кашф аз-зунуніне» жазған «һадйату-л арифиин асма әл-муаллафин уа асар әл-мусаннафиин мин «Кашф аз-зунун» атты қосымшасында Женд ғалымына бірнеше жол арнаған. «Әл-Хұджанди. Тадж ад-дин Ахмед бин Махмұд бин Умар әл-Хұджанди. Соңыра әл-Макки әл-Ханафи [һижраның] 700/1300 жылдар аралығында дүниеден өткен. «Әл-Иқлидті», «Аз-Замахшаридің «әл-Мұфассалына» түсіндірме (шархты)» жазды. Оның бір нұсқасы (көшірмесі) Түркиядағы Бруссада «Дар әл-кутубте» – «Кітаптар үйінде» тұр. Сондай-ақ ол әл-Мұтарразидің «әл-Мисбахына» шарх жазды. Сондай-ақ «Уқуд әл-джауаһир фи илм тасриф» атты еңбек (те соның қаламынан туған)[47], – дейді.
Умар Рида әл-Каххала «Мұғжам әл-муаллафиинінде» оның аты-жөнін «Ахмед бин Махмұд бин Омар әл-Хұджанди (Тадж ад-дин) тілші, сарф (синтаксис) маманы»[48] дей келіп, еңбектерін де атаған. Соның ішінде «Шарх әл-Мұфассал ли-з Замахшари саммаһу «әл-Иқлид» – «Аз-Замахшаридің «әл-Мұфассалына» түсіндірме – «әл-Иқлид» деп аталады. «Шарх «әл-Мисбах» ли-л Мұтарризи уа саммаһу «ад-Дуь» – «Әл-Мұтарризидің» әл-Мисбахына түсіндірме– «Жарық» деп аталады. Осы екі шығарма да тіл мәселелеріне арналған. Олар жіктеу (септеу) ғылымының жауһары»[49], – деп жазады.
Омар Рида мен Исмаил паша әл-Бағдадилердің оның есім тізбегіне Ходженди деген атауды қосқандармен келіспейтіндер де бар. «Меніңше,–деп жазады Египет ғалымы Махмұд Ахмед Абукта ад-Дарауиш,– дұрысы әл-Женди. Оның дәл осы есімі Оксфордтың Бодлян кітапханасындағы қолжазбасынан алынған. Онда Ходжени деген сөз жоқ. Ғалымның аты-жөні барлық қолжазбаларының мұқабаларында сақталған. Ол дүниелер соңында да Ходжени деген атау кездеспейді. Осы пікірді аз-Заһаби (Әбу Абдалла Мұхаммед бин Ахмед аз-Заһаби (?–848/1447) де қолдайды. «Әл–Джауаһир әл-мудийа фи табақат әл-ханафийаның» авторы әл-Құраши (Мухий ад-дин Әбу Мұхаммед Абд әл-Қадыр) де оны Ахмед ибн Махмұд Омар әл-Женди деп жазған»[50], – дейді.
Ахмед әл-Женди XIII ғасырда Моңғол шапқыншылығынан кейін өмір сүрген. Деректерде оның 1301 жылы дүниеден өткені айтылады. Әйтсе де Женд перзенті жайлы қалам тербегендердің ешқайсысының жазбаларынан жерлесіміздің туылған жылы хақындағы мәліметті кездестірмедік. Бірақ Женд туралы бірер жолдық мағлұматтар жоқ емес.
Әбу-л Фида атты Имад ад-дин Исмаил бин Мухаммед бин Омар орта ғасырлық тарихшы ибн Хауқалға сілтей отырып «Женд кішкентай қала «булайда» және «әл-Лубабқа» [Изз ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Мұхаммед бин Абд әл-Карим Ибн әл-Асир әл-Джазри). Әл-Лубаб фи тахзиб әл-ансаб. Бейрут – 2000, 2 том 1-том, 201-бет] сүйеніп «Женд түркілер шекарасы Сайхун тарапындағы қала (балда мин худуд ат-Турк). Одан бірқатар зиялылыр шыққан»[51] – дейді
Ахмед әл-Женди сүннизмнің Ханафи мазһабын ұстанған. Ол туралы Махмұд Ахмед Әли Абукта ад-Дарауиш «Ол өте тақуа, діндар кісі болса керек. Өйткені «әл-Иқлидтің» кіріспесінде «Алла тағаланың кәламын тәпсірлеуде қателесетіндерге қасырет болсын деген»[52],-дейді.
Неміс шығыстанушысы К.Брокельман «Ахмед әл-Женди өз еңбегін [һижраның] 751 (1351) жылы жазған»[53] деген уәж айтқан. Бірақ меніңше бұл қате. Өйткені Ахмед әл-Женди һижраның 700 (1300) жылы қайтыс болып кеткен.
Енді әуелі Ахмед әл-Женди түсіндірме жазған әл-Мұтарризиге тоқталайық.
Әбу-л Фатх (Әбу-л Мұзаффар) Насыр ибн Абу ас-Саид ибн Әли ал-Мұтарриз ал-Мұтарризи танымал тіл, әдебиет және фиқһ ғалымы. Хорезмнің Жүржан (Үргенч) қаласында туылған. Әкесі және аз-Замахшаридің шәкірті ал-Мұаффак Ахмед ибн Мұхаммедтен дәріс алған. Туған жерінде қайтыс болғандығы үшін «Халифату-з Замахшари» – «аз-Замахшаридің орынбасары» деп аталған. Бірақ кейбір зерттеушілердің Мұтарриз Замахшариден дәріс алған дегені дұрыс емес. Сенімде Мұғтазиланы, амалда Ханафи мазһабын ұстанған әл-Мұтарризи [һижраның] 610 (29-қыркүйек 1213) жылы 11-жумада әл-әууал айында Хорезмде дүниеден өткен.
Еңбектері:
1- «ал-Мисбах».
2- «ал-Муғриб фи тартибил Муғриб».
3- «Ал-Идах».
4- «Шарх Мақамат әл-Харири».
5- «Ал-Иқна».
6- «Мұхтасару ислах әл-мантық»[54].
Сөйтіп әл-Мұтарризидің осындай трактаттарының ішінен Ахмед әл-Женди «әл-Мисбахқа» түсіндірме жазған.
«Әл-Мисбах» бірнеше бөлімдерден тұрады. Біріншісі грамматикалық терминдерге, екіншісі «әл-Ауамил әл-лафзийа әл-қиасиа», үшіншісі «әл-Ауамил әл-мағнауийа ас-самағийа», төртіншісі «Әл-Ауамил әл-мағнауйа» деп аталады. Бірақ Хорезмдік әл-Мұттаризидің әл-Мисбахы» менің қолыма түспеді.
Ал аз-Замахшари ше?
Әбу-л Қасым Махмұд ибн Омар ибн Ахмед аз-Замахшари ал-Хорезми (1075-1144) атақты тәпсірші, кәлам, хадис және тіл білімі саласының ғалымы. Хорезмнің Замахшар кентінде дүниеге келген. Әбу-л Қасым алғашқы ілімді әкесінен және мұғтазила ғалымы Махмұд ибн Жарир ад-Даббиден оқыған. Соңғысынан тіл, әдебиет және ақида бойынша дәрістер алған. Кейіннен Хорасанға, Исфаһанға барған. Әбу-л Хасан Әли ибн Мұзаффар ан-Нисабури, Әбу Насыр ал-Исфаһани, Мұхаммед ибн Абдуллаһ ад-Дамағани және Ибн аш-Шажари секілді ғалымдардан түрлі салада ілім үйренген. Һижраның 512 (1118) жылы Меккеге барғанда, ондағы түрлі араб тайпаларының тілін, әдебиетін, әдет-ғұрпын зерделеген.
Аз-Замахшари көпке дейін Меккеде тұрғандықтан «Жарулла» деп аталып кеткен. Сөйткен ойпаз [һижраның] 533 (1138) жылы Бағдад арқылы Хорезмге оралады.
Оның Танымал шәкірттері Әбу-л Амр ас-Саммар, Әбу-л Махасин әл-Баззази, Әбу Саид Ахмед аш-Шаши, ал-Муаффак ибн Ахмед әл-Макки және Әбу-л Фазл ал-Баккал[55].
Аз-Замахшари трактатында: «Мұсылмандар араб тілін білгісі келеді. Сол себепті олар осы тілдің ұңғыл-шұңғылын ұқсын деп синтаксисті сөз ететін кітап жаздым. Онда грамматиканың барлық саласын қамтыдым»[56], – дейді.
Шынында аз-Замахшариден кейінірек өмір сүрген ғалымдар: «Егер түркі текті аз-Замахшари болмағанда, арабтар өз тілдерінің қыр-сырын білмей кететін еді» деген жолдар да бар.
Аз-Замахшари шархын жазуда Әбу Әли әл-Фарисидің еңбегін өзіне үлгі еткен. Осы ғалымның «әл-Идахындағыдай» аз-Замахшари де «әл-Мұфассалды» –«Толық мазмұндаманы» төрт тарауға бөлген. Кіріспесінде ол: «Бұл еңбекті мен төрт тарауға бөлдім: Біріншісі «Есімдер», екіншісі «етістіктер», үшіншісі «көмекші сөздер», төртіншісі «олардың өзара байланысына арналған». Әрбір бөлімді мұқият жүйеледім. Әрбір грамматикалық категорияларды тәптіштей түсіндірдім»[57],-дейді.
Аз-Замахшари де сенімде мұғтазилашыл болғанымен, амалда Ханафи мазһабын ұстанған. Артында көптеген еңбектер қалдырған.
Аз-Замахшаридің трактатына өз заманының көптеген ғұламалары атбасын бұрған. Әсіресе оны Хаджи Халифа «Бұл – үлкен тағдырлы кітап. Егер діни жағы болмаса, оны мен муғжиза дер едім. Қай жерін оқысаңыз да ондағы сөздер жауһарлар сияқты ғажайып. «Әл-Мұфассалға» 40-қа жуық ғалымдар түсіндірме жасаған. Солардың ішінде Ибн әл-Хаджиб, әл-Акбари, әл-Хорезми, ас-Сахауи, әл-Андалуси, Ибн Йа’иш, әл-Мұстауфи, ас-Сағани және басқалардың аттары аталады. Ал әл-Хадижбтің араб тілінің грамматикасына арналған «әл-Кафиясы» «ал-Мұфассалдың» ықшамдалған түрі. Әл-Хаджиб «әл-Кафияны» есімдер, етістіктер, қосымшалар мен олардың ара-қатынасын сөз етуде, яғни тарауларға бөлу, жүйелеуде аз-Замахшаридің ізімен жүрген»[58] деп жазады.
Аз-Замахшаридің «әл-Мұфассалы» мәні мен маңызы бойынша араб тілі грамматикасына арналған ас-Сибауайх (?-769) кітабынан кейін екінші орында тұратын дүние.
Сыр бойынан шыққан даңқты ғалым Хұсам ад-дин ас-Сығнақи де Ислам діні және араб тілі грамматикасына арналған трактаттарын жазу үстінде әл-Жендидің еңбектерін қолынан тастамаған. Сығнақтық дарын «Әл-Мұфассалының» жазған шарықының алғысөзінде «екі тамаша имамның» (ғалымның) өз түсіндірмелерін жазуда әсері болғанын айтқан. «Біріншісі – «әл-Иқлид. Ол үлкен ғалым, усул шариғатқа, проза мен поэзияға, баяндау мен жүйелеуге (жетік), абзал, кәміл имам (Шараф ад-дин) Ахмед бин Махмұд бин Умар бин әл-Жендидікі, оған Алланың рахымы болсын, жаннаттың сауабы (жазылсын)» дей келе, одан әрі «екінші шархтың авторы – әл-Фахр ад-дин әл-Асфандари, екеуімен де көзі тірісінде кездестім»[59],–дейді.
«Әл-Иқлидтің» алғысөзінде Ахмед әл-Женди: «әл-Мұфассалды мен тұтас етіп бір жерге жинақтадым да оны «әл-Иқлид» деп атап, құпия қыр-сырын және түйінін шештім»[60] деп жазады.
«Әл-Иқлид» төрт том болып Бейрутте 2002 жылы 4 том болып жарық көрді[61].
«Әл-Иқлидтің» – «Кілттің» соңғы тарауында ол «Бұл шығарманы жазған – Ахмед ибн Махмұд ибн Омар әл-Женди. Алла оны және оның ата-аналарын кешірсін және жарылқасын. Бұдан бұрын мен осы шығарманың құлпын және пердемен құпияланғанның сырын ашуға уәде беріп едім»[62] – дейді.
Ахмед әл-Женди «әл-Иқлидтің» бастапқы бөлімдерін Бұхарада, жұмада айының басында бітірген. Қалғандарын да осы шаһарда аяқтаған. Ол «Мен Бұхарада жұмысымды бітірдім. Алла Бұхараны барлық бәлелерден және шабуылдардан сақтасын. Бұл туындыны мен осындай еңбекке мұқтаждар үшін жаздым»[63], – дейді.
Моңғолдардың жантүршігерлік шабуылдары мен қиратуларынан кейін де Бұхарадан білік, білім ошағы өшпеген. Әсіресе ол Селжұқ сұлтаны Малик шаһ (1072-1092) пен оның түркі текті уәзірі «Саясат наменің» авторы Низам әл-Мүлік (?-1092) кезінде байқалған. Бұхара жұртының исламды қабылдауына орай ондағы интеллектуалдық өмір мен ғылыми өмір гүл жарды. Бұхара халқы шариғатты, араб тілін білуге тырысты.
Ахмед әл-Жендиді 40-қа жуық ғалымдар аз еңбектерінде атап өткен.
«Әл-Иқлидті» жазудағы мақсат – өзі айтқандай «әл-Мұфассал» секілді күрделі шығарманы білуге құштарлар үшін еңбектің түсініксіз жерлерінің сырын ашып түсіндіру. Трактаттың әдеби жұмбақтарға толы тұстарының пердесін сырып, оны түсінуді жеңілдету. Сол себепті де автор өз туындысын «Иқлид» – «Кілт» деп атаған. Онда сан түрлі тілдік және грамматикалық деректер келтірген. Ол үшін ол қасиетті Құран, хадистер, мақал, мәтелдер және өлеңдерден де үзінділер берген. «Иқлидтің» басқа түсіндірмелерден де артықшылығы осында. Сол себепті де кейінірек өмір сүрген филолог ғалымдардың көпшілігі Ахмед әл-Женди түсіндірмесіне жиірек жүгінген.
Ахмед әл-Женди «әл-Мұфассалға» түсіндірме жасауда ас-Сибауйх (?-796), Ахмад әл-Фарахиди, Йүнис ибн Хабиб, Иса ибн Омар, әл-Ахфаш секілді ғұламалар еңбегіне сүйенген. Мысалы ол ас-Сибауайх трактатын пайдаланғандығы туралы әл-Иқлидте» 120 рет айтқан. Ас-Сибауайхтың пікіріне ол түрлі грамматикалық проблемаларды шешуде, грамматикалық ой-пікірді қорытуда, тұжырымдама жасауда жүгінген. Сөйте тұра ол өз пікірін қорғауға да барынша күш салған.
Ахмед әл-Женди түсіндірмесін жазуда Отырарлық Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари әл-Фарабидің «ас-Сихахы» мен Исхақ әл-Фарабидің «Диуан әл-адабына» да мойын бұрған.
Әл–Жауһари «Сихахында»: «Иқлидтің көпше түрі – «Ақалид». Ал «Мақалид» деген сөзге келсек, оның көпше түрі «миқлад». Ол да – кілт. Бірақ ол орақ деген мағынаны білдіреді»[64],-дейді. Әл-Женди әл-Мұтаразидің «әл-Мисбахына» жазған түсіндірмесін «әл-Мақалид» деп атаған.
Женди Отырарлық әл-Жауһаридің «Сихахына» сондай кейбір сөздерге түсіндірме беруде жүгінген. Кейде оның «ас-Сихахтан» мысал алғанымен әл-Жауһаридің есімін атамай да кеткен жерлері жоқ емес. Ал Отырарлық Исхақ әл-Фарабидің «Диуан әл-адабына» жүгіну барысында, керісінше одан пайдаланған тұстарының бәріне де сілтеме беріп отырған[65].
«Әл-Мұфассалға» – «Толық мазмұндамаға» басқалар да түсіндірме жазған. Солардың ішінде Ахмед әл-Жендидің түсіндірмесі араб тілі грамматикасы бойынша абыройлы бұлақ көзі және ол анықталық саналады. «Әл-Иқлиді» одан кейін өмір сүрген Абд әл-Каһир әл-Бағдади «Хизанату-л адаб» – «Әдебиет қазынасы» және «Шафиғидің шауаһид шархіне түсіндірмесінде» де пайдаланған.
«Әл-Иқлидті» Баба қажы ат-Туси «Миат камила фи шарх миат амила» – «Жүз себепті түсіндірудегі жүз кемелділік» атты еңбегінің біраз жерінде атап кеткен.
Махмұд Ахмед Әли Абукта ад-Дарауиш Исмаил паша әл-Бағдадиге сүйеніп Ахмед әл-Жендидің тағы бір шығармасы бар екенін айтқан.
Ол «Уқуд әл-джауһир фи-л илм ас-сарф» – «Морфология» жайлы жауһар жинақ». Тақырыбына қарағанда оны араб тілі грамматикасына арналған деуге болады. Женд перзентінің бұл еңбегін Осман тарихшысы Хаджи Халифа да пайдаланған. Ол «Кашф аз-зунунде» «әл-Иқлидты» бірнеше жерде атап кеткен[66].
Жендидің бұл дүниесі поэзиялық еңбек сияқты. Ол қасыдалардан тұрады. Шығарманы автор 15 бөлімге бөлген. Түсінікті болсын деп әр бөлімнен кейін қарасөз жалғасып отырады. Бұл туындылар неміс шығыстанушысы К.Брокельман[67] мен Исмаил паша әл-Бағдади[68] кітаптарында да көрсетілген.
«Әл-Иқлидті» оқи отырып, Ахмед әл-Жендидің білімі мен дүниетанымының байлығын, парасаттылығын, ойшылдығын, тіл байлығын байқаймыз.
«Әл-Иқлидте» өте маңызды түсіндірмелер, соны пікірлер, тың ойлар да жеткілікті.
Ахмед Махмұд әл-Жендидің «әл-Мисбахқа» және «әл-Мұфассалға» жазған өте құнды түсіндірмелері мен өз қаламынан туған еңбектеріне жеке зерттеу арнаған жөн.
11. МҰХАММЕД ӘЛ-ЖЕНДИ.
Түркістан мен Отырар, Тараз бен Баласағұндық ғалымдардың оқу, білім іздеп сонау Таяу және Орта Шығыс елдеріне барғаны сияқты кейбір жерлестеріміз бір кездері Рум атанған Кіші Азияға (қазіргі Түркия) да жолай тоқтап, кейде тұрақтапты да. Олардың арасында өзінің алғашқы шығармаларын сонда туындатқандары да жоқ емес. Солардың бірі Женд қаласынан шыққан тағы бір ғалым – Мұхаммед әл-Женди. Ол Жендте ХІІІ ғасырдың басында дүниеге келген сияқты. Бірақ оның Түркияға сапар шеккені моңғол шапқыншылығына дейін бе, әлде кейін бе, ол арасы белгісіз. Тек қайда жүрсе де, ол арман қуған жерлестері секілді ілім, білімге іш тарта қарапты. Әсіресе ол мүбарак Құран мен тафсир, хадис пен суннаға көп көңіл қойған.
Осы ретте айта кетер жайт – моңғол дүрбелеңінің екпінен сескенген ортаазиялық көпестердің бірқатары басқыншылар зобалаңы қарсаңында-ақ Иран мен араб елдері, немесе жоғарыда айтылғандай Рум елі атанған Түркияға да қоныс аудара бастаған. Мұхаммедтің ата-анасы да солай істеуге мәжбүр болды ма? Әлі-әзір ол жағын білмейміз.
Сонымен Женд перзентінің өз аты – Мұхаммед. Әкесінің ныспысы – Махмұд. Бабасының есімі де – Мұхаммед. Әл-Женди деген сөз, әдеттегідей оның Женд қаласынан шыққанын білдіреді. Жендтік ғалым түркиялық тұстасы Садр ад-дин Мұхаммед бин Исхақ әл-Кунауидің (1273 ж.қ.б.) «Иғджаз әл-байан фи шарх бағд асрар умм әл-Қуран» («Құранның беташар өзегінің кейбір құпия тұстастарына жасалған түсіндірмеге өзіндік мазмұндама») атты еңбегін 1269 жылы автордың көзі тірісінде-ақ көшірген. Соған қарағанда, жерлесіміз жазуының көркемдігіне көз сүрінген үлкен хаттат болған сияқты. Қазақ топырағының перзенті аталмыш дүниені Садр ад-диннің өз өтініші бойынша хаттаған. Тек ол көзі тірісінде-ақ шығармасы көшіріле бастаған бұл тұңғыш автор екенін айтқан жоқ. Әдетте көшірушілер (хаттаттар) бұрынырақ өмір сүріп, шығармаларына сұраныс көбейген қаламгерлер туындыларын көшіретін. Соған қарағанда Жендтік хұснихатшы Садр ад-дин әл-Кунауимен оның көзі тірі кезіне дос, пікірлес, сұхбаттас болған секілді. Мұхаммед хаттаған Садр ад-дин рисаласын Қожа Мұхаммед Парса атанған Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Хафизи әл-Бұхари (1420 ж.қ.б.) деген ортаазиялық зиялы Меккеге қажылыққа бара жатқан жолда Түркияға соғып, ала кеткен көрінеді. Жүрген, болған жерлерінде кітап, қолжазбалар жинай жүру әдетінен танбаған Мұхаммед Парсаның өзі де қасиетті Құранға түсіндірмелер жазумен айналысқан ойшыл еді. Сол себепті де оның Женди секілді Сыр бойының азаматы көшірген дүниені отанына ала кетуді жөн көргендігінде дау жоқ.
Қасиетті Құранға дін Ислам пайда болғаннан бастап, күні бүгінге дейін том-том тафсирлер жазылып келеді. Ал жерлесіміз көшірген дүние Құранның, бірінші, беташар сүресіне ғана арналған Садр ад-дин әл-Кунауи тафсирі ойының айқындылығы, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Осы бір киелі де қасиетті кітаптағы шағын болғанымен айтылар ойдың басым көпшілігін бойына жинап кейде «Умм әл-Қуран» («Құран анасы») деп те аталатын «әл-Фатиха» («Беташар») сүресіне бұдан басқа да, талай-талай түсіндірмелер жазылған. Садр ад-дин тафсирі сөйлемдерінің ықшамдылығымен, дәйектемелерінің дәлдігімен есте қалады. Садр ад-диннің жерлесіміз көшірген трактаты қазір Ташкенттің Қолжазба институтының қорында тұр[69].
12. МОЛЛА АХМЕД ӘЛ-ЖЕНДИ.
Біздіңше, ол XV ғасырда өмір сүрген. Өз аты – Ахмед. Молла деген лақабына қарағанда араб тілі мен әдебиетінің, Құран мен тәпсірдің, хадис пен суннаның білгірі болған. Әкесінің ныспысы – Омар. Әл-Женди деген сөз әдеттегідей оның Жендтік екенін білдіреді.
Ахмедтің XV ғасырда Жендте дүниеге келгеніне қарағанда Женд аталған ғасырда да қала дәрежесінде болған. Бірақ одан кейінгі ғасырлардағы жазба әдебиеттерінде оның аты сирек аталады. Женд Сыр бойындағы суармалы жерге орналасқандықтан да, айналасында 50–60 шақырым жерге дейін жиі қоныстанған үлкенді-кішілі қоныстар көп болған. Егіншілікпен айналысқан жамағат өзін-өзі еркін асыраған. Сол себепті де Сыр бойындағы қалаларда рухани, экономикалық өмір жалғаса берген.
Молла Ахмед дін ғылымы, әсіресе хадистерді шұқшия зерттеген ортаазиялық тамаша ғалым Әбу Хафс Наджм ад-дин ан-Насафидің (1069-1142) шығармаларын оқып, оның ойы мен парасатты пікірлері, тұшымды тұжырымдарына көп көңіл бөлген. Жерлесіміз оның «Әл-Ақаид» («жекешесі «Ақида – сенім», «көзқарас») атты ислам дінінің қыр-сырын сөз ететін трактатына жазылған түсіндірмелерге көңілі толмай, оны жалпы жамағаттың тереңірек пайымдап қабылдауын жеңілдету мақсатымен «Хашийа ала шарх» әл-Ақаид ан-Насафйа («Ан-Насафидің «Әл-Ақаидының түсіндірмесіне түсінік») атты еңбек жазған[70].
«Ақида» – ислам дінінің хұқылық жүйесі қалыптаса бастаған кезде пайда болған діни әдебиеттің түрі. Ол дінімізді жүйелей түсінідіретін мектептер мен ағымдардың ашылуына орай Х–ХІ ғасырларда Мұсылман Шығысы мен Батысында кең өріс алған. Ақиданың қанат жаюына салт-жора, хұқ, этикалық ережелер жазылған заңдар жинағының кең тарауы да себеп болған.
Женд ғалымының еңбегі қолжазба күйінде Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорында тұр[71]. Санкт-Петербургтағы қолжазбада Молла Ахмед қаламынан туған ол дүниенің 1594–1596 жылы көшірілгендігі айтылады.
Ат-Тафтазани (1322-1390) орта ғасырларда Орта Азияның қоғамдық ғылымдарын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол философия мен логика тілімен әдебиеттің сан қырын сөз ететін «Шарх ат-тасриф әл-араби» («Араб тілінің септеуліктеріне түсіндірме»), «әл-Иршад» («Тағлимат»), «Таһзиб әл-мантиқ» («Тәрбие логикасы»), «Мақасид» («Мақсаттар»), «Мифтах» («Кілт») іспетті терең ой, парасатты пайымдаулардан тұратын шығармалар жазған. Осындай үлкен ғұламаның ан-Насафи еңбегіне жасаған түсіндірмесін місе тұтпай, оған қосымша түсіндірме жазуына қарағанда жерлесіміз – Женд ғалымы да осал болмаған секілді.
Молла Ахмед ат-Тафтазанидің өзі ғана емес, сонымен қатар оның Адуд ад-дин Алау ад-дин Абд ар-Рахман бин Ахмед әл-Иджи (1281–1355) атты ұстазының да трактаттарына түсіндірме жасапты. Мысалы, ол әл-Иджидің «Әдаб әл-бахс» («Пікірталас өнері») шығармасына «Шарх ала әдаб әл-бахс» («Пікірталас өнеріне» түсіндірме») делінген жеке трактат жазған. Осы дүниенің біздің заманымызға 1567–1568 жылдары көшірілген нұсқасы ғана жеткен[72]. Араға біраз жылдар салып Женд ғалымы енді Шамс ад-дин Мухамиад ибн Ашраф ибн әл-Хусейн ас-Самарқанди (1204 ж.қ.б.) атты оқымыстының «Рисала фи адаб әл-бахс» («Пікірталас өнері» жайлы трактат»), кейде бірақ «Әдаб әл-Самарқанди» деп аталатын шығармасына да арнаулы түсіндірме жазған.[73]
Түсіндірме жазу үшін әрине сол пән, сол ғылымның білгірі болу керек екендігі белгілі. Оның үстіне ондай шығармаларға деген ділгірлік те болу қажет. Сол себепті болу керек, Молла Ахмед енді өзінен бұрынырақ ғұмыр кешкен ғалымдар ғана емес, сонымен қатар өз замандастарының да шығармашылығына жиі үңілген. Мысалы, ол ХІІ ғасырдың екінші, ХІІІ ғасырдың басында өмір сүріп, «Шамсия» атты шығарма қалдырған Фахр ад-дин ар-Рази (1210 ж.қ.б.) атты ғалым еңбегіне өз замандасы ас-Саид аш-Шариф әл-Журжани (1340–1413) жазған түсіндірмеге қайта түсіндірме жазыпты. Ол «Хашийа ала шарх ар-Рази ала шамсийа» («Журжанидің ар-Разидің ала хашийа әл-Журжани «Шамсиясына» жасаған түсіндірмеге түсіндірме») деп аталады. Жерлесіміздің ол дүниесі де қазір Санкт-Петербургте Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорында тұр.[74] Қолжазбалардан олардың көпшілігінің ХVІ ғасырда көшірілгендігін байқаймыз. Оны көшіргендер де араб, парсы дүниесі емес, Орта Азияның өз перзенттері.
Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорында сондай-ақ Женд ғалымының қаламынан туған «Шарх рисала фи-т таухид» («Таухид жайлы трактатка түсіндірме») атты тағы бір шығармасы бар.[75] Мұнда ғалымның әкесі ретінде Мұхаммед деген есім көрсетілген. Сөйтіп енді оның аты-жөні Молла Ахмед бин Мұхаммед бин Умар әл-Женди болып шығады. Сыр саңлағының бұл шығармасының көлемі шағын – 34 бет қана. Мұнда ол бізге белгісіз автордың ислам дінінің мәселелеріне арналған трактатына түсіндірме жасапты.
13. ФАХР АД-ДИН ӘЛИ ӘЛ-ЖЕНДИ.
Жоғарыда біз Женд қаласының Сыр бойындағы рухани орталық ретінде түркі халқының мәдени өмірінде рөлі болғанын, одан түрлі ақындар мен сөз зергерлері шыққанын айттық. Сөйтсек, Женд тек өнер дүлдүлдері ғана емес, сонымен қатар мемлекет қайраткерлері де шыққан қасиетті мекен екен. Сол себепті оны тағы бір қырынан сөз ете келе, одан шыққан Хорезм мемлекетінің бас уәзірі қаңлы текті бір майталман жайлы да айта кеткеннің артықтығы жоқ сияқты.
Сонымен Хорезм мемлекетінің тізгіні Ануштегін әулетіне тигеннен кейін, жоғарыда айтылғандай, әдебиет пен мәдениет дами бастады. Өйткені олар оған үнемі қамқорлық жасады. Хорезм шаһтары өз иелігіне қараған Сыр бойындағы Отырар, Сүткент, Сауран, Асанас, Сығанақ, Аркөк, Үзкент, Женд, Шаһрикент, Баршынкент қалаларының мәдени, рухани өміріне ғана емес, сондай-ақ саяси өміріне де үлкен мән берген. Сол себепті де бұл шаһарларға ең жақын, ең сенімді адамдарын ғана уәзір немесе әкім етіп тағайындап отырған.
Тарихшы, академик З.М.Буниятов жазбаларына қарағанда Хорезм әміршісі Әбу-л Фатх Ер-Арыслан (1156–1172 ж. билік құрған) Женд қаласына әкім етіп туған ұлы Әла ад-дин Текешті (1193–1200) ғана бекітсе, ол да өз кезегінде әке дәстүрін бұзбай, Женд қаласының билеушісі лауазымын сүйікті ұлы Насыр ад-дин Малик шаһқа (1197 ж.қ.б.) ғана берген. Бұның өзі Сыр қалаларының Хорезм шаһтары үшін шынында да орны бөлек болғанын білдірсе керек.
З.М.Буниятов Текеш үкіметі кеңесінің бас хатшысы Баһа ад-дин Мұхаммед әл-Бағдадидің шаһ атынан шығарған жарлығында Хоремз мемлекетіндегі Жендтің мән-маңызы әдемі сипатталғанына тоқтала келе «Женд – ислам діні тараған жерлердің маңызды бөлігі және мемлекеттің үлкен аймақтарының бірі, Женд – жеңімпаз мемлекетіміздің негізі және шекарасының басы» деген жолдарын келтіреді. Хорезм шаһы үшін сөйтіп Хорезм секілді Жендтің де алар орны өзгеше еді. Жарлықта сондай-ақ Женд халқы ислам сұлтандығы шекарасының қорғаушысы ретіндегі рөлінің ерекше екендігі атап көрсетіле отырып, әскери қызметке «кәпірлердің» кез келген шабуылына тойтарыс бере алатын тәжірибелі де үздік сарбаздарды ғана тарту қажеттігі міндеттелген.[76]
Әйткенмен Жендтің мән-маңызы оның сауда жолының үстінде жатқандығында да еді. Сол себепті де жарлықта алыс және жақын жердегі көпестер мен түркілер һәм жатжерліктердің де бәріне бірдей әділ қарау қажеттігі, олардың саудасына кедергі келтірмей, жолдардың қауіпсіз болуын қадағалап, сауда адамдарының тауарлары мен өздерін де түрлі ашкөздерден қорғау керектігі жайлы шегелей айтылған.
Мұндай жарлық тек Женд үшін ғана шығарылған көрінеді. Өйткені Хорезм шаһтары осы аймақтың саяси, рухани ғана емес, сондай-ақ экономикалық жағдайына, оны адам ресурстарымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Осы істе де басқаларға қарағанда Текеш Жендке көп қамқорлық жасаған.[77]
Хорезм шаһтарының Сыр бойындағы тағы бір тірегі – Баршынкент қаласы еді. Оны да өз иелігіне қосу үшін Текеш қолынан келгенінің бәрін де істеген. Біздің заманымызға Баршынкенттің әміршісі етіп өз ұлы Тадж ад-дин Әли шаһты тағайындайтындығы жайлы Текештің жарлығы жеткен. Онда Баршынкент пен осы өлкенің тағы бір елді мекені Рабат Тоғанның Хорезмге қосып алынғаны жайлы ескертіле келе жергілікті тыңшыларды шығысқа, алысыраққа жіберіп, жаудың қапы қалдырмау жағын қадағалау мәселесі тәптіштей тапсырылыпты.[78]
Текештің баласы Әла ад-дин Мұхаммед Хорезм шаһ пен оның баласы Жалал ад-дин Манкбурнның (Меңмұрындының) тұсында да Сыр бойындағы аталған шаһарлар сөйтіп назардан тыс қалмаған. Мысалы ол Отырарға Сафи ад-дин әл-Акраны, Жендке әуелде Наджиб ад-дин аш-Шаһразури мен оның ұлы Баһа әл-Мүлк Хаджиді әкім етіп белгілесе, кейінірек ондай лаузазымға жергілікті тұрғандардан шыққан азаматтарды да тағайындап отырған. Солардың бірі – Фахр ад-дин ибн Әбу-л-Қасым әл-Женди еді[79].
Оның Женди деген туған жерін білдіретін лақабына қарағанда ол Жендтік жергілікті қаңлы тайпасынан шыққан және де ол әуелде Әла ад-дин Мұхаммедтің уәзірі болған. Соған қарағанда ол ХІІ ғасырдың екінші жартысы, яғни шамамен 1170 жылдары дүниеге келген.
Женд зиялысының өз аты жоғарыда айтылғандай – Фахр ад-дин. Әкесінің ныспысы – Әбу-л Қасым. Ол да – Тұрхан хатын шыққан қаңлылардың белгілі бектерінің бірі еді. Фахр ад-дин шамамен 1210 жылдары өзі туып-өскен Жендте Хорезм шаһтың уәзірі болып тағайындалады. Содан ол қызметін 1220 жылдарға дейін, яғни әміршісі Ала ад-дин Мұхаммед 1220 жылы ауырып қайтыс болғанға дейін жалғастыра берген. Әла ад-дин дүниеден өткен соң әке тағы сұлтан Жалал ад-дин Манкбурнға тиген кезде жерлесіміз тіпті жоғарылатылған. Ол Жендтен шақырып алынып уақытша болса да мемлекеттің бас уәзірі болып тағайындалыпты.
Жалал ад-диннің хатшысы болған тарихшы Шиһаб ад-дин Мұхаммед ибн Ахмед ан-Насауи (?–1249) ол жайлы: «Тағдыр оған қайырымдылық жасап көмектесті. Ол үкімет басында қала отырып, шонжарлар мен үлкен лауазым иелерінің де қолы жетпеген биікке көтерілді. Мұндай мансапқа Хорасан мен Ирактың белгілі бектері мойындағандар мен атағы алысқа кеткендердің бірен-сараны ғана болмаса, басқалар ие бола алмап еді»[80] деп жазады.
1219 жылдың күзі мен 1220 жылдың басында Отырарды ойрандаған моңғол шапқыншылығы Хорезм мемлекеті мен оның иелігіндегі жерлерге де қауіп төндірмей қойған жоқ. Дос сыналар қысылтаяң кез басталды. Жалал ад-дин сарайындағы дос саналып жүргендер сыр бере бастады. Бірін-бірі жамандап, бақай есеп ажырасқысы келгендер байқалмай қалмады. Осындай пендешіліктің құрығынан Фахр ад-дин де құтыла алмады. Жалал ад-диннің өзі де сергелдеңге түсіп, апшысы қуырылып жүрген күндердің бірінде өсекші, жарамсақтардың «сізді сатып кетті» деген жаласына сенген сұлтан оны ақыры өлімге қиып тынды.
Сөйткен Жендтің зиялысы шамамен 1225 жылдары Шиһаб ад-дин Мұхаммед ан-Насауи жазғандай «хат түзе алмайтын, әдептілігінің де кемшілігі болды, есеп-қисап жағынан да білікті болмады, сөйтіп ол уәзірлер білуге тиіс нәрселердің бәрінен де мақұрым болатын»[81] іспетті жала мен өсектің, іштарлық пен күңкілдің құрбаны боп кете берді.
14. ЙАҒҚУБ ӘЛ-ЖЕНДИ.
Йақұт әл-Хамауи ар-Руми «Мұғжам әл-булданда» Жендтің сондай-ақ, ойшыл ғұламалар мен кемеңгерлер, даналар мекені екенін де баса айтқан. «Бұл қаладан, – дейді ол, қазы, белгілі әдебиетші (әл-әдиб әл-алим), көркем ойлы ақын (аш-шаир әл-мунши), тілші (ан-нахуи) Йағқуб бин Ширин әл-Женди шыққан. Әбу-л Қасым аз-Замахшариді оқып, оны сыйлап, оған қадір-құрметпен қарағандар һәм Хорезм тұрғындары. Сонда ғұмыр кешкендер, әуелі оның грамматика мәселелеріне арналған кітаптарын еске алатын»[82].
Йақұт ар-Руми деректеріне қарағанда жерлесіміз Жендті моңғолдардан қиратқанға дейін өмір сүрген, бірақ бір өкініштісі Йақұт жазбаларында оның туылған және қайтыс болған жылдары көрсетілмеген. Өмірі мен шығармашылығы жайлы да жоғарыдағы жолдардан басқа мағлұмат жоқ десек те оның белгілі ақын, машһүр әдебиетші, тіл білімі ғылымына байланысты көптеген кітаптардың авторы екендігі күмәнсіз.
Оның өз аты – Йағуб. Әкесінің есімі –Шырын. Әл-Женди деген сөз әдеттегідей оның Жендтік екенін білдіреді. Осындай атақ-даңққа бөленгеніне қарағанда, ол шынында да терең білімді, өз кезеңінің үлкен данышпаны, парасат иесі болған. әрине өзге де жерлестері секілді ол өз шығармаларын сол кездегі өнер мен білім, ғылым тілі – араб тілінде туындатқан.
Йақұт тағы бір «Китаб әл-мүштарик уағдан уа-л муфтариқ сұққан» атты еңбегінде Йақұб ибн Ширан әл-Женди туралы тағы да бір жолдық берек айтқан. Ол – «әл қади Йақұб ибн Ширан әл-Женди әл-адиб әл-Фадил Әбу-л Қасым аз-Замахшаридің ең жақын ізбасарларының (ағиан ал-асхаб) бірі. Ол Хорезмнен 10 күндік (ашара аййам) жерде орналасқан түркілер аумағындағы үлкен қала Жендтен шыққан» деп жазған. Басқа дерек келтірмеген.
Йағқуб сөйтіп Жендтік жерлесімізді Хорезмдік Әбу-л Қасым аз-Замахшаридің замандасы дейді. «Хорезм мақтанышы» («Фахр әл-Хауаризм») деген атақ алған Әбу-л Қасым Махмұд бин Умар ибн Мұхаммед әл-Хорезми аз-Замахшари (1075–1144) – өлмес, өшпес, тамаша трактаттар жазған хорезмдік үлкен ғұлама болғандығы жоғарыда айттық. Оның көптеген шығармалары жоғалдыға саналғанымен, «Рабиғ әл-Абрар», («Тақуалар көктемі»), «Әл-Қашшаф ан дақаиқ ат-танзил» («Тылсымның ақиқатын түсіндіретін кітап»)[83] атты басқа да еңбектері біздің заманымызға жеткен. Олардың бірқатары қазір Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институты мен Ташкент Қолжазба институтының қолжазба қорында тұр. Бірнешеуі жарияланып, баспа бетін көрді.
Аз-Замахшари дегеннен шығады, 1993 жылдың жазында мен Жапонияның халықаралық университетінің шақыруы бойынша Токиода болдым. Университет ғалымдары мен ұстаздарына қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті, тілі мен тарихы туралы араб тілінде бірнеше лекция оқыдым.
Оны сонда докторантурада оқып жүрген судандық Мұхаммед Йасин деген жігіт қолма-қол ағылшын тіліне аударып тұрды. Дәріс бітіп, сұрақ-жауап, пікір алысу кезінде өзін Мацумото деп таныстырған профессор:
– Сіз хорезмдік Жаралланы білесіз бе? – деп сұрап қалды.
– Иә… иә, Жаралла дегеніңіз Әбу-л Қасым аз-Замахшари ғой!
– Дұрыс айтасыз. Жаралла аз-Замахшаридің лақап аты. Мен сол ғалым шығармашылығын зерттеп жүр едім.
– Араб тілін қайдан білесіз?
– Ирандағы Мешһед университетін бітірдім. Өзім парсы тілі мен әдебиетінің маманымын. Ал ондай мамандық иелеріне араб тілін білу міндетті екені өзіңізге де мәлім ғой. Мені орта ғасырлардағы Хорезм мәдениеті қатты қызықтырады. Мешһед, Теһран кітапханаларынан Жаралла Замахшари еңбектерінің қолжазбаларын көп ұшыраттым. Қазір ол туралы кітап жазып жүрмін. Инша Алла, шықса, сізге біреуін жіберуге уәде етем, – деді сөзінің соңында.
Жаралла демекші, Хорезм әдебиеті мен мәдениеті тарихында қазақ халқының да өзіндік орны бар. Өйткені Хорезм өркениетін жасау ісіне халқымыздың қаңлы, қыпшақ және т.б. тайпалары мен олардың өкілдері де қолқабыс еткен. Өкінішке орай, осы мәселе ғалымдар назарынан тыс қалып келеді. Егер реті келсе, кітабыңыздың бір тарауын осы мәселеге арнасаңыз екен, – дедім мен профессор Мацумотоға.
Дүниенің қиыр шеті деп есептелетін Жапония зиялысының Орта Азия мен Қазақстанның «оқыдым, білдім, толдым» дейтін ғалымдарының өзі де біле бермейтін Жаралла Замахшариді зерттесем деген ниеті, оған деген ынта-ықыласы мені ризашылық сезімге бөледі.
Аз-Замахшари туындылары ұрпақтарына жетіп қауышқанымен, Женд ойшылының еңбектері әлі күнге дейін қолымызға түспей келеді. Мүмкін ол моңғолдардың жойқын шабуылына ұшырап қираған қалаларымыз секілді құм астында қалды ма? Әйтсе де оның жинақтары мен әдеби зерттеулерін, грамматикалық қағидалары мен тұжырымдары топталған трактаттарын іздей берген жөн. Ғалым шығармаларының Иран мен Ауғанстан, Түркия мен Сирия. Ирак пен Египет кітапханаларының қолжазба қорында жатуы да әбден мүмкін.
15. МАХМҰД БИН УСМАН ӘЛ-ЖЕНДИ. Өз есімі – Махмұд. Әкесі – Усман әл-Женди. Оның «Мақалат ала-л мисбах» – ««Шамшырақ» (кітабына) қатысты мақалалар» атты дүниесі Түркияның Афийон Гедик, Ахмед Паша кітапханасында сақтаулы. Автор жайлы дерек жоқ.
16. АХМЕД БИН УМАР БИН УСМАН ШАРАФ АД-ДИН ӘЛ-ЖЕНДИ. Өз аты– Ахмет. Әкесі – Умар (Омар). Бабасы – Усман Шараф ад-дин әл-Женди. Оның «Шарху-н наждийат» атты еңбегі бар. Қолжазбасы Түркияның Баязит мемлекеттік кітапханасында сақтаулы. Авторы жайлы деректер жоқ.
17. БАЯНИЙ СИНАБИ ӘЛ-ЖЕНДИ. Оның еңбегі«Китаб шарх Дервиш» – «Дәруиш түсіндірме кітабы». Ол Түркияның Измир Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Автор жайлы дерек жоқ.
18. ТАДЖ деген атпен белгілі АЙЙУБ ИБН ТАҺИР ИБН УЗАЙР ИБН ҺАРУН ӘЛ-ЖЕНДИ (?-?). Өз аты Аййуб. Әкесі – Таһир. Бабасы – Узайр. Арғы атасы – Һарун әл-Женди.
«Тадж ад-дин» деген атпен белгілі Аййуб ибн Таһир ибн Узайр ибн Һарун әл-Женди [һижраның] 596 жылы 5 рабиғ әл-аууалда//22 желтоқсан 1199 жылы өзінің пайдалануы үшін[һижраның] 536/1141 ж. өлтірілген Садр аш-Шаһид[84] деген атпен белгілі Хұсам ад-дин Умар бин Абд әл-Азиз ибн Маза әл-Бұхаридің «Шарх адаб әл-қади ли-л Хассаф»[85] – «Хассаф үшін қазының әдабына түсіндірме» атты шығармасын көшіріп шыққан. Ол қазір Стамбұлда Сүлеймания кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы.
Бұл еңбек әл-Джандидің диплом жұмысы еді. Ол бойынша Бұхараның мұхтасибы[86]* Захир ад-дин Әбу Бакр Мұхаммед ибн Ахмед ибн Умар әл-Бұхаридің (?-1222) Әбу Ханифа мазһабы бойынша хұқықпен айналысуына иджаза беруге хақысы болды. Ол туралы Захир ад-дин әл-Бұхаридің өз қолымен кітап мұқабасыың ішіне жазған иджазасының мәтіні куәлік етеді. Кітап мұқабасының ішкі бетінде Захир ад-дин әл-Бұхаридің осы кітапты үш бағыт бойынша, яғни:
– Әкесі, қазы, ұстаз Бади ад-дин Ахмед ибн Умар әл-Хафизден, ал кітап авторының өзінен (Садр аш-шаһидтен);
– Шараф ад-дин Умар ибн Мұхаммед ибн Умар әл-Ақили әл-Ансариден, ал ол шығарма авторының өзінен;
– Тадж ад-дин Умар ибн Масғудтан, ал ол қазы Джалал ад-дин Әбу-л Махамид Хамид ибн Мұхаммед ибн Ахмедтен, ал ол еңбек авторынан риуаят етуге хақысы барлығы айтылған.
Сонымен Женд орта ғасырларда жиырмаға жуық ойпаздарды өмірге келтірген.
[1] Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-бұлдан. Бейрут 1995, 2-том, 168-бет.
[2] Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы 1974, 4-том, 380-бет
[3] Хафиз-и Таныш Бұхари. Шараф-нама-ий шахи. М., 1983, 1-том, 59-бет.
[4] Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-бұлдан. Бейрут, 1995, 2 том, 168 бет.
[5]«Алаш айнасы», №217, 11 желтоқсан, 2010.
[6] Изз ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Мұхаммед бин Абд әл-Карим ибн әл-Асир әл-Джазари. Әл-Лубаб фи тахзиб әл-ансаб. Бейрут 2000, 2 том; 1-том, 201-202-беттер.
[7] Ислам на территории бывшей Российской империи. Энциклопедический словарь. М., 2006, 388-389-беттер.
[8] Абд әл-Карим ас-Самъани. Әл-Ансаб. Бейрут 1998, 6 том; 2-том, 124-бет.
Сондай-ақ «Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-бұлдан. Бейрут 1995, 7 том; 2-том, 168-бетті де қараңыз.
[9] Камал ад-дин Әбу-л Фадл Абд ар-Раззақ бин Ахмед әл-мағруф би-ибн әл-Фуати аш-Шайбани. Маджмағ әл-адаб фи муғжам әл-алқаб. Теһран 1415/1374=1995, 6 том; 2-том, 452-бет.
[10] Умар Рида Каххала. Мұғжам әл-муаллафиин. Бейрут [ж. көрсетілмеген], 15 том; 13-том, 54-55-беттер.
[11] Маула Мұстафа бин Абдалла әл-Қустантини ар-Руми әл-Ханафи аш-шаһир би-Мулла Катиб әл-Челеби уа-л мағруф би-Хаджи Халифа. Кашф аз-зунун. Бейрут, 1992, 2-том, 1540-бет.
[12] Исмайыл Паша әл-Бағдади. Һадиату-л арифиин асма әл-муаллифиин уа асар әл-мусаннафиин мин «Кашф аз-зунун». Бейрут, 1993, 6 том; 2-том, 484-бет.
[13] Carl Brocelmann. Geschichte der Arabischen Litteratur. Erster Supplementband. Leiden – 1937, t. IV, 810-бет. [Бұл еңбек араб тіліне тәржімаланған. Қараңыз: Карл Брокельман. Тарих әл-адаб әл-араби [басылған және шыққан жері көрсетілмеген], 15 том; Неміс тілінен араб тіліне аударғандар: доктор, профессор Абд әл-Алим ан-Нажжар; доктор, профессор ас-Саиид Йағқуб Бакр; доктор, профессор Рамадан Абд ат-Тауаб. Редакциясын басқарған доктор, профессор Махмұд Фаһми Хиджази], 7-8-томдар, 437-бет.
[14] Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жами. Нафхату-л унс мин хазрат әл-қудс. Теһран, 1382//2003, 552-553-беттер.
[15] Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жами. Нафхату-л унс мин хазрат әл-қудс, Теһран, 1382//2003, 552-бет.
[16] Исмайыл Паша әл-Бағдади. Һадйату-л арифиин асма әл-муаллифиин уа асар әл-мусаннафиин мин «Кашф аз-зунун». Бейрут 1992, 6-том; [2-том], 484-бет.
[17] Müeyyedüddin el-Cendi. Vuslat yolu. Nefhatu’z-Ruh ve Tuhfetü’l-Futuh Türkcesi Hayreddin Yilmaz. Istanbul 1996, 11-12 беттер.
[18] Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди (Хақ жолындағылар тарихы). [Алғысөзін жазып, жалпы редакциясын басқарған Әбсаттар Дербісәлі]. Алматы, 2003, 219, 550-беттер.
[19] Müeyyedüddin el-Cendi Vuslat Yolu. Nefhatu’r-Ruh ve Tuhfetü-l Fütuh. Türkcesi Hayreddin Yilmaz. Istanbul 1966.
[20] Сонда, 23-32-беттер.
[21] Құран карим. «Бақара» сүресі, 30-аят
[22]Құран карим. «Бақара» сүресі, 33-аят
[23] Құран карим. «Мұхаммед» сүресі, 19-аят
[24] Құран карим. «Бақара» сүресі, 251-аят
[25] Құран карим. «Нәміл» сүресі, 16-аят
[26] Müeyyedüddin el-Cendi. Vuslat Yolu. Nefhatu’z-Ruh ve Tuhfetü-l Fütuh. Türkcesi Hayreddin Yilmaz. Istanbul 1966, 23-30-беттер.
[27] Сонда, 7-бет.
[28] Müeyyedüddin el-Cendi. Vuslat Yolu. Nefhatu’r-Ruh ve Tuhfetü-l Fütuh. Türkcesi Hayreddin Yilmaz. Istanbul 1966, 8-бет.
* Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жами. Нафхату-л унс мин хазрат әл-қудс. Теһран 1382//2003, 556-557-беттер; Әл-Маулай Мұстафа бин Абдалла әл-Қустантини ар-Руми әл-Ханафи аш-Шаһир би-Мулла Катиб әл-Челеби уа-л мағруф би-Хаджи Халифа. Кашф аз-зунун. Бейрут 1992, 2, 1540-бет; Исмайыл Паша әл-Бағдади. Хадияту-л арифийн, асма әл-муаллафиин уа асар әл-мусаннафиин мин «Кашф аз-зунун». Бейрут 1993, 2-том, 484-бет. Умар Рида Каххала. Мұғжам әл-муаллифиин, Бейрут [жылы көрсетілмеген], 15 том; 13-том, 84-бет. Саийд Хайдар Амули сынды кейбір ғалымдар авторды «Худжанди» деп те жазған, ол дұрыс емес.
[29] Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Джами. Нафхату-л унс мин хазрат әл-қудс. Теһран, 1382//2003, 552-553-беттер.
* Синоп – Түркиядағы кент.
[30] Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Джами. Нафхат әл-унс мин хазрат әл-қудс. Теһран, 1382//2003, 556-557-беттер.
[31] Müeyyedüddin el-Cendi. Vuslat Yolu. Nefhatu’r-Ruh ve Tuhfetü-l Fütuh. Türkcesi Hayreddin Yilmaz. Istanbul 1966, 16-26-беттер.
[32] Сонда.
[33] Нұр ад-дин Абд ар-Рахман Жами. Нафахату-л унс мин хазрат әл-қудс. Теһран 1382//2003 557-бет.
[34] Доктор Ибраһим Динари: «Фусустың» алғашқы түсіндірмесін әл-Женди жазған. Ал Осман Йахияның «алғашқы түсіндірмені Тиламсани жазған» деген пікірінің негізі жоқ», – дейді.
[35] Müeyyedüddin el-Cendi. Vuslat Yolu. Nefhatu’r-Ruh ve Tuhfetü-l Fütuh… 18-бет.
* Рабия – ?
** фауади-л – жоғары қасиет
*** фадаи-л – ізгі ниетті, ізгілік иесі
* Рабия – ?
** Зүбайда – ?
*** Унс – қуаныш, жақындық, достық
* Тажаллият – Алланың нұры
** Хилует – оңашалану, оңашаланатын бөлме.
*** Масиул – Алладан басқа күллі нәрсе
* Наср-и Сияри – ?
** Обу-л хаят – өмір суы (парсыша)
* Абрар – тақуа шыншыл.
** Машхар – қиямет қайым күні.
* Құтб – рухани ұстаздар басшысы.
** Ла мақам –атақ, мансапсыз; орын, мекенсіз.
[36] Ислам энциклопедиясы. Стамбұл 1993, VII-том, 361-362-беттер.
[37] История Казахстана в арабских источниках. ІІІ том. Извлечения из сочинений ХІІ-XVI веков. «Дайк-Пресс» 2006, 190-бет.
[38] Сонда, 195-бет.
[39] Камал ад-дин Әбу-л Фадл Абд ар-Раззақ бин Ахмед әл-мағруф би-ибн әл-Фуати аш-Шайбани. Маджмағ әл-адаб фи мұғджам әл-алқаб. Теһран 1415//1374=1995, 6 том; 3-том, 224-бет.
[40] Сонда, 3-том, 461-бет.
[41] Махмұд ибн Сүлейман әл-Кафауи. Катаиб ағлам әл-ахиар мин фукаһа мазһаб ан-Нуғман әл-Мұхтар. Сүлеймания кітапханасы, Раисул куттаб, №690(Қолжазба). Сондай-ақ: «История Казахстана в арабских источниках» ІІІ том. Извлечения из сочинений ХІІ-XVI веков. Алматы, «Дайк-пресс». № 2006, 156-157 беттер.
[42]Әбу-л Фида Зайн ад-дин Құтлубұға. Тадж ат-тараджим. Дамаск 1992, 125–бет.
[43]Сонда,125–бет.
[44]Тақи ад-дин Абд әл-Қадир ат-Тамими ад-Дарри әл-Ғаззи әл-Мисри әл-ханафи. Ат-Табақат ас-саннийа фи тараджими әл-ханафийа. Рияд 1983, 4 том; 2-том, 103-бет
[45]Мухий ад-дин Әбу Мұхаммед Абд әл-Қадир әл-Құраши. Әл-Джауаһир әл-мурийа фи табақат әл-ханафийа. Рияд 1988, 5 том; 1- том 329-бет
[46] Әл-Маула Ала ад-дин Әли бин Амралла әл-Хумайди әл-мағруф би-ибн әл-Ханнаи уа Қинали заде. Табақат әл-ханафийа. Дирасат уа тахқиқ ад-дуктур Мухий һилал ас-Сирхан. Бағдад 2005, 180-бет.
[47] Исмаил паша әл-Бағдади. Һадйату-л арифиин асма әл-муаллифин уа асар әл-мусаннафин мин «Кашф аз-зунун». Бейрут 1992, 5-том, 102-бет.
[48]Умар Рида Каххала. Муғжам әл-муаллафиин. Бейрут (шыққан жылы көрсетілмеген), 15 том; 1-том 172–бет.
[49]Сонда, 2-том, 172-бет.
[50] Ахмед идн Махмуд ибн Омар әл-Женди. Әл-Иқлид. Шарх әл-Мұфассал. Бейрут 2002, 4 том.
[51] Имад ад-дин Исмаил бин Мұхаммед бин Умар әл-мағруф Әбу-л Фида. Тақуим әл-булдан. Бейрут 1840, 489-бет; Изз ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Абд әл-Карим ибн әл-Асир әл-Джазри. Әл-Лубаб фи таһзиб әл-ансаб. Бейрут 2000, 2 том; 1-том 201-бет.
[52] Ахмед ибн Махмуд ибн Омар әл-Женди. Әл-Иқлид шарх әл-Мұфассал. Бейрут 2002, 4-том; 1-том, 23-бет.
[53]Brockelmann Carl. Geschichez dez arabischen Litteratur. Leiden
[54] Ahmet Ozel. Hanefi fikh alimleri. Ankara 2006, 61-бет.
[55] Сонда, 46-бет.
[56] Тадж ад-дин Ахмед бин Махмуд бин Омар әл-Дженди. Әл-Иқлид шарх әл-Мұфассал. Бейрут 2002, 4 том; 1-том 29-бет.
[57] Сонда.
[58]Ахмед әл-Женди. Әл-Иқлид. Шарх әл-Муфассал. Бейрут 2002, 4 том, 1-том, 27-бет.
[59] Сонда.
[60] Сонда.
[61] Ахмед әл-Женди. Әл-Иқлид. Шарх әл-Муфассал. Бейрут 2002, 4 том. 1-том 544 бет; 2-том 1105 бет; 3-том 1665 бет; 4 том 2320 бет. Зерттеп, басуға дайындаған доктор Махмуд Ахмед Әли Абукта ад-Дарауиш.
[62] Сонда.
[63] Сонда.
[64] Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари. Ас-Сихах. Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийа. Бейрут 1990, 6 том;
[65] Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби. Диуан әл-адаб. Муғжам луғауи тураси. Реттеп, басуға дайындаған Адл Абд әл-Жаббар аш-Шатий. Бейрут 2003, 1 том, 791 бет.
[66] Әл-Маула Мұстафа бин Абд Алла әл-Құстани ар-Руми әл-ханафи аш-шаһир би-мулла Катиб әл-Челеби уа-л мағруф би хаджи Халифа. Бейрут 1992, 1708-1709-беттер.
[67] Brockelmann Carl. Geschiste der Arabischen Literatur.
[68] Исмаил паша әл-Бағдади. Һадиату-л арифиин асма әл-муаллафин уа асар әл-мусаннафин мин «Кашф аз-зунун». Бейрут 1992, 5-том, 102-бет.
[69] Садр ад-дин Мұхаммед бин Исхақ әл-Кунауи. Иғджаз әл-байан фи шарх бағд асрар умм әл-Қуран. (Ташкент Қолжазба институтының қоры.)
[70] Молла Ахмед әл-Женди. Хашийа ала шарх әл-Ақаид ан-Насафйа (Ташкент Қолжазба институтының қоры.)
[71] Молла Ахмед әл-Женди. Хашийа ала шарх әл-Ақаид ан-Насафйа (Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қоры).
[72]Молла Ахмед әл-Женди. Шарх ала адаб әл-бахс. (Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қоры).
[73] Молла Ахмед әл-Женди. Шарх ала адаб әл-бахс. (Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қоры).
[74] Сонда.
[75] Молла Ахмед бин Мұхаммед әл-Женди. Шарх рисала фи-т таухид. (Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қоры).
[76] Буниятов З.М. Государство хорезмшахов – ануштегинидов (1097–1231). М., 1986, 45-бет.
[77] Буниятов З.М. Государство хорезмшахов – ануштегинидов (1097–1231). М., 1986, 45-46-беттер.
[78] Сонда
[79] Сонда … 96-бет.
[80] Буниятов З.М. Государство хорезмшахов – ануштегинидов (1097–1231). М., 1986, 97-98-беттер.
[81] Сонда,98-бет.
Сондай-ақ ол туралы: Мұхаммед ан-Насауи. Жизнеописание султана Жалал ад-дина Манкбурны (Пер. с араб. З.М. Буниятова. Баку 1973) атты кітаптан да оқуға болады.
[82] Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-бұлдан. Бейрут 1995, 2-том, 168-бет.
[83] Әбу-л Қасым аз-Замахшари. Рабиғ әл-абрар. (Ташкент Қолжазба институтының қоры.); Соныкі: Рабиғ әл-абрар фима иасир әл-хауа тир уа-л факар. (Ташкент Қолжазба институтының қоры.); Соныкі: Әл-Қашшаф ан-дақаиқ ат-танзил. (Ташкент Қолжазба институтының қоры)
[84] Brokelman C. Geschihte der Arabischen Litteratur. 1-band, Weimar 1898, 374-бет.
[85]Brokelman C. Geschihte der Arabischen Litteratur. 1-band, Weimar 1898, 173-бет.
[86] Brokelman C. Geschihte der Arabischen Litteratur. 1-band,Weimar1898, 380-бет.
Тадж ад-дин әл-Женди туралы мағлұматтар: История Казахстана в арабских источниках. ІІІ том. Извлечения из сочинений ХІІ-XVI веков. Алматы «Дайк-Пресс» 2006, 188-189-беттер бойынша берілді.
*Мұхтасиб – инспектор (базардағы таразыны бақылаушылар).
«Исламтану және араб филологиясы» атты конференция материалдарының IX томында жарияланған
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
ҚР Білім және ғылым министрлігі Р.Б. Сүлейменов
атындағы Шығыстану институтының директоры,
филология ғылымдарының, докторы, профессор