Сыртқы Істер Министрі Ержан Қазыханов: ЕҚЫҰ-дағы тәжірибе ИКҰ-да көмектеседі
Еліміз жиырма жылдық тәуелсіздік тарихындағы тағы бір асуды алғалы отыр. Ол асу – Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі. Мұсылман елдерінің бірлігін күшейту, бірін-бірі қолдауын қамтамасыз ету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, мәдени, өнер-білім салаларында ынтымақтастықты дамыту мақсаттарын көздейтін, 1969 жылы Марокконың Рабат қаласында өткен ислам әлемі саяси қайраткерлерінің І Ислам мәслихатында құрылған бұл ұйымның әлемдік саясатта, экономикада алар орны үлкен.
«Біз Батыс пен Ислам әлемі үнқатысуын нығайту бойынша бастама көтердік. ИКҰ-ға төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс», деп атап көрсетті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында.
Осы төрағалық қалай жүзеге асырылмақшы? Төрағалық барысында Қазақстан қандай ұстанымдарды басшылыққа алмақшы? Дүние дидарындағы мұсылман мемлекеттерінің басын қосатын ұйымға жетекшілік жасаудың ерекшеліктері неде? «ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз табысты болғанын бәріміз көрдік. Енді ИКҰ-ға төрағалығымызға қалай дайындалып жатқанымызды жазбайсыздар ма?» деуші оқырмандарымыз да аз емес.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың жаңа да жауапты жұмысқа кіріскелі бергі баспасөзге берген алғашқы сұхбатында осы жайлар әңгіме етіледі.
– Құрметті Ержан Хозеұлы! Кәсіби дипломат болғандықтан сіз көптеген жылдар бойы елден жырақта жүрдіңіз. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Австриядағы елші, еліміздің Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметтерін атқардыңыз. Елдегі баспасөз бетінде, телеарналар экрандарында көп көріне қойған жоқсыз. 2005 жылы Нью-Йоркте, 2009, 2010 жылдары Венада жолығысқанымыз, аз-кем сөйлескеніміз болмаса, өзіңізден сұхбат алуға келіп отырған мен де сізді жақын білемін дей алмаймын. Газет оқырмандарының да өзіңіздің өмірбаяныңызбен жақынырақ танысқысы келуі заңды. Сіз шығыстанушы-тарихшы мамандығын қалай таңдап едіңіз?
– Менің мамандық таңдауыма Шығыс елдерінің таң-тамаша қалдырарлық тарихы, бүгінгі заманғы сипатының бірегейлігі, сондай-ақ тіл білуге құмарлық шешуші әсер етті деп ойлаймын. Мен дипломатияға да шығыстанушы-тарихшы болғандықтан келдім. Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне біздің отбасымызда негізінен дәл ғылымдармен шұғылдану дәстүрлі түрде қуатталатынына қарамай түскен болатынмын.
– Ата-анаңыздың мамандығы қандай еді?– Әкем Мәскеудің Бауман атындағы Жоғары техникалық училищесін бітірген. Анам геометрия пәнінің мұғалімі еді.
– Президенттің сізді министр етіп тағайындау туралы Жарлығы шыққанда біраз адам әкеңіздің атына назар аударды деп ойлаймын. Хозе – қазақ есімінің өзгертіліп жазылып кетуі ме, әлде…
– Папам 1937 жылы туған. Ол кезде Испанияда азамат соғысы жүріп жатқан ғой. Хосе Диас деген революционер Коминтерн Атқару комитетінің мүшесі болған. Испан компартиясын басқарған. Атам ұлының атын сол кісінің құрметіне қойған екен.
– Шығыстану сізді несімен қызықтырды?– Бұл ғылым Шығыс елдерінің тарихын, экономикасын, әдебиетін, тілдерін, діндерін, өнерін, философиясын, этнографиясын, материалдық және рухани мәдениет жәдігерліктерін зерттейтін пәндердің тұтас жиынтығы ғана емес. Шығыстану – ойлаудың өзіндік жүйесі, ол өркениеттердің өзара баюына септесетін жайларды тауып, қолданбалы міндеттерді шешу жолдарын іздестіруді қарастырады. Оның үстіне шығыстану салыстырмалы түрде алғанда жас ғылым, әлемнің анағұрлым дамыған елдерінің сыртқы саяси мүдделері тұрғысында қалыптасқан ғылым, мен бұл мамандыққа осы жағынан да қызықтым.
Осы заманғы дипломатқа қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың барлық салаларынан білімді болу қажет. Тек біліп қана қою жеткіліксіз, сол білімді басқа да тетіктермен қоса нақты істе пайдалана білу де керек.
Көптеген шетелдік іссапарлар кезінде, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Венадағы елші қызметінде Ленинград университетінің мектебі маған дипломатиялық, қоғамдық-саяси, іскерлік және академиялық ортада, әсіресе, араб елдері өкілдерінің арасында байланыс орнатып, тілектестер, достар табуға көмектесті. Ағылшын, араб тілдерін меңгергенім батыс және шығыс әдебиетін түпнұсқадан оқуға, басқа елдердің тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін тереңірек тануға мүмкіндік берді. Мамандық таңдауда да, сол мамандықты оқытатын оқу орнын таңдауда да қателескен жоқпын деп ойлаймын.
– Сіз көптеген жылдар бойы Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілі болдыңыз. Біздің еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы алар орны жөнінде не айтар едіңіз?– Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ашық әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп келеді, БҰҰ-ға мүше болғалы еліміз ұлттардың жаһандық қоғамдастығына ойдағыдай кірігіп қана қойған жоқ, сол ортадан лайықты әрі елеулі орын да ала білді. Қазақстан бүгінде осы заманның көкейкесті мәселелерін шешуде халықаралық қоғамдастықтың толыққанды әріптесі, біз қаруды таратпау режімінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейінгі көптеген бастамаларға белсене қатысудамыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Қазақстан ұсынған халықаралық бастамалардың арасынан мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізу, Орталық Азия бітімгершілік батальонын (Центразбат) құру, БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін Арнаулы бағдарламасын (СПЕКА) белгілеу, Арал мен Семей полигонының экологиялық апат аймағын сауықтыру жөніндегі халықаралық бағдарламаға қозғау салу, 29 тамызды – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылған күнді – Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттің халықаралық күні деп жариялау сияқты шараларды бөле атар едім.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және біздің еліміздің жаһандық ядролық қарусыздануға қосқан үлесі аса ауқымды. Қазақстанның таратпау және қарусыздану саласындағы көшбасшылығы баршаға белгілі. Елбасымыздың Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ бейбітсүйгіш саясатты көрегендікпен ұстануы бізді осындайлық абыройға бөлеп отыр.
Ішкі және сыртқы саясатын сарабдалдықпен жүргізудің арқасында Қазақстан өз дамуында қомақты табыстарға қол жеткізді. Біздің еліміз транзиттік мемлекеттер арасындағы дамудың табысты моделі деп танылды. Экономикадағы жарқын жетістіктеріміз саяси әлеуетімізді нығайтып, өзіміздің өңірде ғана емес, халықаралық аренада да барған сайын белсенді, дербес рөл атқаруға алып келіп отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуі, талайдан шақырылмаған Саммитті өткізуге, онда тарихи Астана декларациясын қабылдауға қол жеткізуі осының айғағы.
– Сіз мамандығыңыз бойынша арабтанушысыз. Министр ретінде таныстыруға келгенінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз өткен жылы еуропалық мәселелер бойынша жақсы жұмыс істедік. Қазір араб мәселесімен айналысуға тура келеді. Ол ислам әлеміндегі Қазақстанның беделін нығайтуға өзінің үлесін қосады деп сенемін», деген болатын. Әрине, министр қызметіне мамандығыңызға байланысты тағайындалмағаныңыз белгілі ғой, сонда да бұл тағайындау еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтарда жекелеген өзгерістер болады деп шамалауға мүмкіндік беретін шығар. Бұған не дер едіңіз?– Бірден-ақ мына жайдың басын ашып айтайын: Қазақстан алдағы кезде де өзінің сыртқы саяси бағытын көп векторлы етіп жүргізуді жалғастыратын болады. Сонымен бірге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында сыртқы саясаттағы азиялық вектордың күшейтілетінін атап айтқанына да назар аудару қажет. Мұның өзі әбден орынды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардағы төрағалығы, әсіресе, әлемдегі, оның ішінде Таяу Шығыс елдеріндегі кейінгі кезде орын алған оқиғаларды есепке алғанда, еліміздің алдына өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ өзіміздің халықаралық аренадағы рөлімізді күшейту ісінде жаңа міндеттер қояды. Бұл орайда Мемлекет басшысының Ислам әлемі мен Батысты жақындату жөніндегі бастамасы ерекше маңызды.
Президенттің жоғары сенім көрсетуі маған Мемлекет басшысының сыртқы саяси бағытын алға жылжыту жөнінде үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен басқаратын ведомство Қазақстанның шетелдермен екіжақты, сондай-ақ көпжақты халықаралық қатынастарына тың тыныс беру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасайтын болады.
– Оқырмандарымыз үшін Ислам Конференциясы Ұйымының мәнін, Қазақстанның оған төрағалығы қалай атқарылатынын түсіндіре айтып берсеңіз.– Ислам Конференциясы Ұйымы мүше елдерінің саны жөнінен БҰҰ-дан кейінгі екінші ұйым. Оған 57 ел мүше. ИКҰ-ның қызметі сан қырлы. Оның құрылымында 26 орган мен институт бар. Ұйымның негізгі мақсаттары мен міндеттері оның түбірлі құжатында – Жарғысында тиянақталған. Ұйым бүгінде шамамен 1,6 миллиард адамның басын біріктіріп отырған мұсылман әлемінің ортақ мүдделерін халықаралық аренада қорғауға, қолдауға, Умманың алдынан шығып отырған жаңа қатерлерді еңсеру үшін сол мемлекеттердің күш-жігерлерін үйлестіріп, бір ізге салып отыруға тиісті. ИКҰ, мүше елдерді діни біртектілігіне байланысты біріктіргенімен, діни құрылым болып табылмайтынын басын аша айтқым келеді. Бұл жайында ИКҰ-ның іс басындағы Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу да бірнеше рет мәлімдеген.
Президент Назарбаевтың талай рет айтқанындай, мұсылман елдерімен көпқырлы ынтымақтастықты дамыту біздің еліміздің стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Біз – зайырлы мемлекетпіз, сонымен бірге біз мұсылман Уммасының ажырағысыз бөлігіміз. Сондықтан да Қазақстан ислам әлемінде болып жатқан саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық үдерістерге белсенді атсалысу үшін 1995 жылы ИКҰ-ға мүшелікке өтті. Осы 16 жылдың ішінде Астана Ұйым институттарымен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізе алды. ИКҰ-дағы біздің позицияларымызды одан әрі нығайта түсу үшін Мемлекет басшысы ИКҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында Қазақстанның төрағалық етуге кандидатурасын ұсынды, ол ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлемінде де аса беделді басшы екендігінің тағы бір дәлелі.
– ИКҰ-ға біздің төрағалығымыз нақты қашан басталады? Төрағалық неден танылады?– Төрағалық ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің сессиясын өткізуден басталып, шамамен он екі айға, біз өз өкілеттігімізді ізбасарымызға бергенше созылады. Төраға ел өз аумағында Сыртқы істер министрлері кеңесінің сессиясын өткізеді, ИКҰ-ның осы және басқа да кеңесшілдік құрылымдары қызметін үйлестіреді, мүше мемлекеттер арасындағы пікірталастарда модераторлық функция атқарады, Ұйым қызметін түсіндіру жөнінде жұмыс жүргізеді, мүше мемлекеттердің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы түрліше көпжақты іс-шаралар өткізуіне бастамашы болып, оларды жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгінгі таңда біздің дипломаттарымыз төрағалығымыздың бағдарламасын нақты жүзеге асыруға дайындық жұмысын жүргізуде, ол ИКҰ тарихындағы ең қанық бағдарламалардың бірі болады деп ойлаймыз.
– Қазақстан дипломатиясының алдында ИКҰ-ға төрағалық барысында қандай түбегейлі міндеттер тұр?– Қазақстанның халықаралық байланыстары мен еліміздің еуропалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі жаһандық ауқымда да, мұсылман әлемінде де жақсы белгілі. Біз оларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қазақстан төрағалығы өзінің күш-жігерін халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге септесуге, өркениетаралық үнқатысуды жылжытуға, ислам әлемі мен Батыс арасындағы сындарлы іс-қимылды қамтамасыз етуге, исламофобияға қарсы тұруға, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін күшейтуге баса назар аударатын болады. ИКҰ-ның халықаралық беделін арттыруға, Ұйым іс-қимылының 2005 жылы қасиетті Меккеде қабылданған 10 жылдық жоспарының қағидаларын жүзеге асыруға, мүше елдердің осы заманғы қатерлер мен қыр көрсетулерге тиімді қарсы тұруын ұйымдастыруға күш салмақпыз.
Ислам Конференциясы Ұйымы бұған дейін Қазақстан Президентінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру, 2010 жылды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы деп, ал 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттің халықаралық күні деп жариялау жөніндегі бастамаларын қолдау туралы қарарлар қабылдаған болатын. Біз осы маңызды жұмысты жалғастырмақ ниетіндеміз.
Қазақстан ИКҰ-ны бүкіл мұсылман әлемінің ортақ мүдделерін таныта алатын жалғыз әмбебап халықаралық құрылым деп біледі. Біздің еліміздің төрағалығы тұсында ИКҰ-ға мүше елдердің бірқатарында елеулі саяси дағдарыстар орын алып жатқанын атап айту шарт. Бұл орайда сол оқиғалардың әсер-ықпалына қоса, ислам Уммасы үшін дінді әшкерелей сынау (диффамация) мәселелері мен исламофобиямен күрес көкейкесті күйде қала береді. Араб-Израиль қақтығысы бойынша келіссөз үдерісі жандана түседі. Біз исламофобияға қарсы тұру бойынша үйлестірілген саясат жүргізуді жақтаймыз. Осы мақсатпен ИКҰ-ның исламофобиямен күрес жөніндегі комитетін құруды ұсынып отырмыз.
– Ержан Хозеұлы, ИКҰ-ға төрағалықтың бағдарламасында белгіленген негізгі іс-шаралар қандай?– Сыртқы саясат ведомствосы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығының 2011-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен бағдарламасын жасады. Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесіне қоса, басқа да бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана ИКҰ-ға мүше мемлекеттер денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші конференциясын, мұсылман әлеміндегі әйелдердің құқын қорғау жөнінде кеңесті, су мәселелерімен айналысатын мамандардың кездесуін, Ислам ғылым академиясының көшпелі мәжілісін, «ТМД елдеріндегі ислам» тақырыбында халықаралық ғылыми конференцияны, басқа да іс-шараларды өткізеді.
– Елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі Астанада ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісі өтуі болғалы отыр. Қандай мәселелер талқыламақсыздар? Мәжілістен қандай нәтиже күтесіздер? – Алдағы алқалы жиынның басты назарында мұсылман әлеміндегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың неғұрлым көкейкесті мәселелері тұратыны талассыз. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кеңесте бүгінгі таңда ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің, алдымен Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы елдердің тынышын алып тұрған белсенді ішкі саяси үдерістерге орай, ынтымақтаса әрекет ету жөнінде бәтуалық көзқарастар іздестіретін болады. Оның сыртында, ИКҰ-ға мүше елдер министрлері, делегация басшылары мен Ұйым институттары жетекшілеріне қоса, біз Астанада халықаралық ұйымдардың, байқаушы елдердің, көрнекті қоғам қайраткерлерінің үлкен тобын күтіп отырмыз. Министрлер кездесуінің аясында интерактивті сессия, сондай-ақ ИКҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жоспарын талқылауға арналған жоғары деңгейде кездесу өткізіледі.
– Жалпы, кеңеске қанша адам қатыспақшы? – 57 елден шамамен 700-800 адам келеді деп отырмыз.
– Қандай шешімдер қабылданады деп ойлайсыздар?– Министрлер кеңесінің аясында 90-нан астам қарар қабылдау жоспарлануда. Олардың 40 шақтысы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, 40 шақтысы саяси мәселелерге арналады. Әр төраға ел мұндайда қарарлардың жобаларын ұйымға мүше барлық елдермен алдын ала келісе дайындайды. Осы күндерде (министрмен сұхбатымыз дүйсенбіде, 16 мамырда болып еді – С.А.) Жиддада, ИКҰ Хатшылығында Қазақстанның төрағалығымен жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің отырысы өтуде, сол отырыста болашақ құжаттар талқылануда.
Ең бастысы – кездесу қорытындысы бойынша негізгі құжат – Астана декларациясы қабылдануы. Ол құжат елдердің бірлігін нақтылап, ИКҰ мемлекеттерінің даму жолында ынтымақтасуға әзірлігін қуаттауға тиіс.
– Төрағалық тізгіні бізге тиген тұста біраз мұсылман елдерінде дағдарыс орын алып отыр ғой. Шартты түрде «араб революциялары» делініп жүрген ол оқиғалар Қазақстанның Ұйымға төрағалығы барысына қандай ықпал жасайды деп ойлайсыз?– Сіз айтқан «араб революциялары» өңірдің саяси келбетін елеулі түрде өзгертетінін және Таяу Шығыстағы реттеу проблемаларының бірқатар қырларына жаңаша қарауды талап ететінін анық ұғыну шарт. Ол өңірдегі қақтығыстардың реттелмеуі геосаяси жағдай өзгерген тұста әлемнің осынау стратегиялық тұрғыдан маңызды бөлігіндегі онсыз да ушығып тұрған жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан өңірдегі мемлекеттердің де, халықаралық қоғамдастықтың да саяси тұрғыдағы басымдығы ең алдымен әскери-саяси жағдайдың одан әрі дамуының болжауға келетіндігі, сондай-ақ өңірде тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болуға тиіс. Өңірдегі жағдайды қалыпқа түсіруде ИКҰ маңызды рөл атқаруы керек. Әрине, араб әлемінде орын алып отырған оқиғалар біздің төрағалығымыздың күн тәртібіне өзіндік түзетулерін енгізбей қоймайды.
– Осы жайды қадап сұрағалы отыр едім. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағдай дәл қазір асқынып тұр. Төрағалықтың күн тәртібіне сонда қандай түзетулер енгізілуі мүмкін?– Біздің ИКҰ-ға төрағалығымыздың тұжырымдамасы өткен жылдың желтоқсанында-ақ іс жүзінде дайын болып қалған еді. Алайда, одан кейін жаңа сіз айтып отырған оқиғалар орын алды да, біз оған бірқатар өзгерістер енгіздік. Ендігі басты назар экономикалық және әлеуметтік мәселелерге аударылып отыр. Неге десеңіз, араб елдеріндегі толқулардың негізгі себебі халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі екендігі анық. ИКҰ-ға мүше 57 елдің шамамен 30 пайыздайы неғұрлым нашар дамыған елдер санатына қосылады, олардың арасында теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдер де баршылық. Ұйымға мүше 57 елдің төрт құрлықта шашырай орналасуы да ортақ проблемаларға ортақ көзқарастар қалыптастыруға біраз кедергі келтіріп отыр. Ұйым аясындағы бірнеше субөңірлердің әрқайсысы өзін мазалайтын нәрселерді алдыңғы қатарға шығарғылары келіп тұрады. Сондықтан да біз төрағалығымыздың барысында негізгі назарды экономикалық мәселелерге аударып, елдердің айқындамалары мен мүдделерін жақындастыруға тырыспақпыз. ИКҰ аясында дәстүрлі түрде қарарларда көрініс табатын бірқатар мәселелер бар. Олар Иерусалимнің мәртебесі, Израиль-Палестина қарым-қатынастары, Таяу Шығыстағы реттеу, Джамма мен Кашмир, Солтүстік Кипр, тағы басқалары. Араб елдерінің өзі ара-дара.
Азия мен Африкадағы елдердің біразына аштық қаупі төнуі мүмкін екенін де жасырып-жабудың жөні жоқ. 7-9 маусымда Астанада 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы өтеді. Оның бір мәжілісі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналады.
– Сұхбатқа кірісердің алдында қысқаша әңгімелесіп қалғанымызда сарапшылардың пікіріне қарағанда, дағдарыстың келесі толқыны 2012 жылы қайталануы мүмкін, ол бәрінен бұрын азық-түлік саласында көрінеді деген болжамдар бар дедіңіз ғой.– Әлемдегі астық өндіруші қуатты мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстан бұл орайда да маңызды рөл атқара алады. Біз бүгінгі таңда Американың ЮСАИД агенттігі үлгісімен KazAID – Халықаралық көмектің қазақстандық агенттігін құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Айналасы кедей ел бай бола алмайды. Ол анық нәрсе. Табысының деңгейі орташа елдердің «қақпаны» деген ұғым бар ғой.
– Соның мәнін түсіндіріңізші?– «Қақпан» ұғымының мәні дамудың белгілі бір деңгейіне жеткен елдердің одан әрі биікке көтерілуге шамасы келмей, сол аядан шыға алмай қалатынында. Мұның көп себептерінің бірі сол елдердің өңірлік айналасына байланысты. Нақты мысал ретінде Малайзияны алайық. Малайзия міне 10 жылдан бері жан басына шаққандағы 15 мың долларлық ішкі жалпы өнім деңгейінде тұрып қалды. Одан әрі өсе алмай жатыр. Латын Америкасындағы біраз елдің жағдайы да сондай. Жан басына шаққанда ІЖӨ-сі 9 мың долларды құрайтын Қазақстан қазір әлемдегі табыс деңгейі орташа 45 елдің тобына қосылды. Сондықтан да біз даму деңгейімізді арттыру жөніндегі міндеттердің ауқымдылығын жақсы түсінеміз. Өңірлік тұрақты дамуды қамтамасыз етпей болмайды.
Көршілес елдерге көмектесудің маңызын ескере келіп, Қазақстан оларға қазірдің өзінде елеулі жәрдем жасап отыр, алайда бұл істі бір жүйеге келтіру керек, әсіресе, өңірдегі мемлекеттерге қарасудың қамын жеріне жеткізе ойластыру жөн.
ИКҰ аясында кәсіптік-техникалық білім берудің өңірлік орталықтарын құру, мамандар дайындау мәселесін пысықтап жатырмыз. Ислам инвестициясын дамыту, «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ынтымақтастық мәселелері қарастырылуда. Инвестиция атаулының бәрін Батыстан күте беру жөнсіз. Бұл орайда «Мұсылман әлемі – Батыс» желісі бойынша үнқатысу мен өзара түсіністікті дамытудың мәні үлкен.
Біз ИКҰ-ның Орталық Азия өңіріне назарын күшейте түспекшіміз. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жылында сол ұйымның осы өңірге көңіл бөлуі артқаны белгілі.
Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіндегі алар бөлекше орнына байланысты біз бұл іске басымдық бермекпіз. Өзіміздің қарусыздану жөніндегі тәжірибемізге назар аудартып, ИКҰ-ға мүше елдерді ядролық қаруға ие болу ниеттерінен бас тартуға шақырмақпыз. Қазақстанның қазіргі қарышты дамуы бұл істе нақты мысал болады.
– ИКҰ-дағы төрағалығымыз бізге мұсылман елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында не бере алады?– Бұл ынтымақтастық бірқатар факторларға байланысты өте маңызды. Ұйымдағы экономикалық жағынан дамыған елдердің көпшілігі Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестері болып табылады. Парсы шығанағындағы араб елдері Астана құрылысына белсене қатысқанын атап айту шарт. Олардың басқа да ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалысқаны тағы белгілі.
Қазақстан әлемдегі ең ірі қаржы институттарының бірі болып табылатын Ислам даму банкімен өзара іс-қимылдың биік деңгейіне шықты. Біздің елімізге бөлінген ИДБ қаржысының көлемі шамамен 700 миллион АҚШ доллары. Оның сыртында ИДБ Қазақстандағы ислам банкингін дамытуға кеңесшілікпен көп көмек көрсетуде.
Төрағалық барысында мұсылман елдерімен сауда-экономикалық өзара іс-қимылды жандандыруға, ИДБ-мен, ИКҰ-ның басқа да экономикалық институттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Ислам әлемінің ол мүмкіндігін Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына пайдалану өте маңызды.
Еліміздің жылдан-жылға арта түсіп келе жатқан экономикалық әлеуетін ескеріп, Ұйым басшылығы Қазақстанға өз кандидатурасын ИКҰ-ның экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі Тұрақты комитетінің Бас ассамблеясының бюро мүшелігіне ұсыну жөнінде ой тастады. Қазақстан осы құрылымдағы төрағаның орынбасары болып сайланды. Ыстамбұлда 2010 жылдың 5-8 қазан күндері өткен КОМСЕК конференциясында ислам елдері біздің мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік дамудағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
– Қазақстанның ИКҰ-дағы төрағалығынан мәдени-гуманитарлық салада не күтуге болар еді?– Ислам әлемімен біздің тарих, дін, дәстүр, мәдениет ортақтығымызға байланысты бұл саладағы ынтымақтастыққа да көп үміт артамыз. Мұсылман дүниесінде де ЮНЕСКО сияқты ұйым бар. Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ИСЕСКО) деп аталады. Қазақстан мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идеяларын қолдайтын көпэтносты, көпконфессиялы мемлекет ретінде алдағы кезде бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу ниетінде. ИКҰ әлеуетін біз этностық және діни төзімсіздікті, нәсілшілдік пен исламофобияны еңсеру үшін барынша тиімді пайдалануға тырысатын боламыз.
ИСЕСКО Алматыны 2015 жылы «Азиядағы ислам мәдениетінің астанасы» деп жариялады. Біздің төрағалығымыздың тұсында Дамаскідегі Әл-Фараби бабамыздың тарихи-мәдени орталығы мен мавзолейінің құрылысы аяқталуға тиіс, бұл кешеннің салтанатты ашылуын ұйымдастыруды да ойлап отырмыз.
– Біздің еліміздің ИКҰ-дағы төрағалығы өзіміз үшін, Ұйым үшін қандай із қалдырса екен деп тілер едіңіз?– Қазақстан төрағалығы осы Ұйымға кіретін елдер үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды тарихи кезеңге тұстас келді. Мұсылман әлемі жаһандық деңгейдегі дара саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің елімізде атқарылып жатқан жасампаздық жұмысты да, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына тамаша төрағалықты да, Астана Саммитінің табысын да көріп-біліп, жоғары бағалап, Қазақстан төрағалығына үлкен үміт артып отыр. Біз де ЕҚЫҰ-да жинақталған тәжірибе ИКҰ-да жақсы көмектеседі, бұл төрағалық еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайта түседі, Астана Ислам Конференциясы Ұйымын да жаңа рухпен толықтырады деп сенеміз.
– ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде Қазақстан өз тұғырнамасын төрт Т-мен (Траст. Толеранс. Традишн. Транспаренси – Сенім. Төзімділік. Дәстүр. Ашықтық) түйіндеген болатын. ИКҰ-ға төрағалықтың тұғырнамасы қандай?– Бұл жолы біз «Бейбітшілік, Ынтымақтастық, Даму» деген ұғымдарды ұранымыз етіп ұстанбақпыз. Ислам әлемінде Бейбітшілік болса, Ынтымақтастық нығайса, елдеріміздің бәрі Даму жолына түссе дейміз.
– Тілегімізге жетейік. Мазмұнды жауаптарыңыз үшін алғыс айтамын.– Жауапты жұмысымыз жөніндегі ақпаратты оқырманға жеткізуге мүмкіндік жасағаныңыз үшін сізге де рахмет.
Сұхбаттасқан Сауытбек Абдрахманов
“Егемен Қазақстан” Республикалық газеті
20 мамыр 2011 жыл.